Жаңалықтар

ҚЫРҒЫЗ ЭЛИТАСЫНА КӨРЕГЕН ТЕМIРДIҢ ӨСИЕТI ЖЕТПЕЙ ТҰР

ашық дереккөзі

ҚЫРҒЫЗ ЭЛИТАСЫНА КӨРЕГЕН ТЕМIРДIҢ ӨСИЕТI ЖЕТПЕЙ ТҰР

Газеттiң өткен санында қырғыз парламентiндегi үш фракция коалиция құрып, Қырғызстанның жоғарғы билiгiне өздерi iштей келiсiп алған үмiткерлерiн депутаттардың жалпы талқысына салғалы жатқанын хабарлаған едiк. Коалиция жетекшiсi Қырғызстан социал-демократиялық партиясының (ҚСДП) лидерi Алмазбек Атамбаев Астанада ЕҚЫҰ-ның Саммитiне қатысып жатқан Президент Роза Отынбаеваға (партияның бұрынғы басшысы) iстiң ойдағыдай басталғанын "сүйiншiлеп" хабарлап та жiберген.

Алайда А. Атамбаев коалицияның түзiлгенiне және өзiнiң премьер-министр болғанына құттықтау айтқан дос-жарандарына, тiлеулестерiне, "асықпай қоя тұрыңдаршы, саясаты құрғыр қиын нәрсе екен, мұнда екiнi екiге қоссаң үш не бес болып қалады екен", – деп әзiл аралас күмәнiн бiлдiрiптi.

Парламенттiң кезектегi отырысы, регламент бойынша, Жоғарғы Кеңештiң төрағасын сайлау процедурасымен басталды. Отырысқа коалицияға кiрмеген екi фракциядан бiр-бiрден екi депутаттың сессияға келмегенi бөгет болған жоқ. Депутаттар төрағаны жасырын дауыспен сайлауға мақұлдасып алып, iске кiрiстi. Олардың өз iшiнен сайланған есептеу комиссиясы дауыс берудiң нәтижесiн жариялағанда, Алмазбек Атамбаевтың күмәнi шындыққа айналды. Таратылған 118 бюллетеннiң бiреуi жарамсыз деп табылып, 58 депутат Өмiрбек Текебаевтың Қырғыз Республикасының Жоғарғы Кеңешiнiң төрағасы болуына "мақұл" деп дауыс берсе, 59-ы "қарсы" болған. Коалицияның басқа талапкердi ұсынуға мүмкiндiгi бар болатын, бiрақ, намыстанса керек, Алмазбек Атамбаев дереу коалиция өз iсiн тоқтататындығы жөнiнде мәлiмдеме жасап жiбердi.

Коалиция құру кезегiн "Ата Мекен" партиясының лидерi алуы керек болатын, мемлекет басшысы А. Атамбаевқа мандат берiп жатып, 15 жұмыс күнiнiң iшiнде тапсырма атқарылмаса, кезек – "Ата Мекендiкi" деп ұйғарған едi. Бiрақ, iстiң бұлай насырға шапқанынан ұялды ма, әлде коалиция құруға дәтi бармады ма, әйтеуiр, Өмiрбек Текебаев Президентке жолығып, кезектi басқа фракцияға берудi өтiнiптi.

Президент Роза Отынбаева ендi депутаттардың көпшiлiгiнiң басын бiрiктiрген коалицияны құруды "Республика" партиясының лидерi Өмiрбек Бабановқа жүктедi. Ө. Бабанов бұл күндерi парламентке кiрген партиялардың басшыларымен келiссөздер жүргiзуде. 7 желтоқсан күнi ол барлық бес партияның лидерлерiн ақылдасуға шақырған. Тұмауратып қалғанына байланысты А. Атамбаев мәслихатқа келген жоқ. Үш аптаға созылатын 15 жұмыс күнiнде Ө. Бабанов коалиция құра алмаса, партиялар өз бастамаларымен тағы да 15 күннiң аралығында коалиция жасақтауға құқықтары бар. Онда да мәселе шешiлмесе, Президент парламенттi тарату туралы жарлық шығаруға мәжбүр болады.

Парламенттегi бұл дағдарыстан кейiн, "туылмай жатып, тұралап қалған коалицияға" кiрген үш партияның екеуiнiң (ҚСДП-ның және "Ата Мекеннiң") белсендiлерi "Бiз 100 пайыз Ө. Текебаев үшiн дауыс бергенбiз" деп елге "рапорт" бердi. "Республика" партиясы 2 адамының Ө. Текебаевқа қарсы дауыс бергенiн мойнына алды.

Тiптi, екi "республикашылдың" бұл шешiмiн коалицияның белсендiлерi "сатқындық" деп есептеуде. Саралаев Алманбет деген бiр автор республикалық тәуелсiз қоғамдық-саяси "Форум" атты газетке мынадай пiкiр жазыпты: "Ендiгi коалицияны құратын Өмiрбек Бабанов өз партиясындағы екi "сатқынның" кiм екенiн елге естiртiп, оларды мандаттарынан ажыратып, содан кейiн барып әрекетiн бастауы керек. Қалған жетi "сатқынның" да аты аталып, олар да жоғарғылардай жазасын алуы қажет! Олай етпейтiн болса, ол да Атамбаевтай алданып қалары сөзсiз. Ел арасында қазiр қандай сөз жүрiп жатыр? "Республика" партиясындағы сегiз депутатты "атажұртшылар" әрбiрiн 100 мың доллардан сатып алыпты" деген әңгiме жүрiп жатыр.

Парламенттiк сайлауда коалицияға кiрген үш партияны қолдаған электорат жағдайдың бұлайша өрiс алғанына ренiштерiн бiлдiрiп жатса, кейбiр саясатшылар мұны демократиялық көрiнiс деп бағалауда.

Қайткен күнде де, бұл – Орта Азияда бiрiншi болып парламенттiк республика құруға қамданып жатқан Қырғызстанның тәй-тәй басқан алғашқы қадамы.

ҚСДП-ның лидерi А. Атамбаев өзi жасақтаған коалицияны таратып жатып: "Мен он бес күннiң iшiнде дұшпаныммен дос болуды үйрендiм" деп қалды. "Жаңаның бәрi бiр кездегi ескiнiң жаңғырығы" деп орыстар тұжырымдағандай, әйгiлi Ақсақ Темiрдiң "Дұшпаныңды райынан қайтарып, дос еткенiң ең күштi қасиет" дегенi кiмге болса да – өсиет. Әсiресе, бiр-бiрiне қырғиқабақ қарап жүрген қазiргi қырғыз элитасына.

Назарбек БАЙЖIГIТОВ, "Түркiстанның" Қырғызстандағы меншiктi тiлшiсi