Жаңалықтар

КЕДЕНДIК ОДАҚТЫҢ ҚОСЫМША ҚОРҒАНЫШЫ

ашық дереккөзі

КЕДЕНДIК ОДАҚТЫҢ ҚОСЫМША ҚОРҒАНЫШЫ

Кедендiк одақ шеңберiнде жүргiзiлетiн сауда айналымы мен саяси-экономикалық қарым-қатынастың анық-қанығы талқыланып бiткен жоқ. Қаңтардың бiрiнен бастап бiрқатар келiссөздер күшiне енiп, бiртұтас экономикалық кеңiстiктiң аясын ұлғайта түспекшi. Осыған орай кедендiк үштiк жиi-жиi басқосып, Мәскеу мен Астана арасында дамыл таппай жүр.

Мұның елеулi себептерi де бар. Ресей келесi жылы ДСҰ мүшелiгiне өтетiнiн нық сенiммен айтып отыр. Сондықтан аймақтық экономиканы бiржақты қалыптастырып, ТМД кеңiстiгiнде оңтайлы сауда жасауға еркiн қол жеткiзу үшiн барын салуда. Ресей 15 жылдан берi осы ұйымға өтуге зар боп келедi. "2011 жылдың бiрiншi жартыжылдығында бiз ДСҰ-ға кiремiз. Кедендiк одақта да боламыз, өйткенi бiр одақ екiншiсiне кедергi келтiрмейдi ғой. Мұндай одақтар көп, ал ДСҰ жалғыз", – дедi Д.Медведев Брюссельдегi Ресей-Еуроодақ саммитiнде. Десе де Қазақстан да ДСҰ мүшелегiне бiртабан жақын қалған сияқты. Осы келiссөздер сәттi аяқталса, елiмiз айналасы 1-2 жылда Дүниежүзiлiк ұйымның тең мүшесi атанбақшы. Олай болса мемлекеттiң әл-ауқаты мен сыртқы саяси қатынастары бiр қадам болса да алға басады деген сөз. Бұл әрине, Ресей үшiн де, Қазақстан үшiн де болашақтың еншiсi.

Ал әзiрге Мәскеуде жүргiзiлiп жатқан келiссөздер легiн төрт топтамада қарастыруда. ҚР Экономикалық даму және сауда министрi Жанар Айтжанованың пайымдауынша, ең маңызды деп қаралған түйткiл – көлiк инфрақұрылымы. Атап айтсақ, үштiк кеңiстiгiндегi мұнай және мұнай өнiмдерi мен газдың ортақ нарығы, темiржол қызметiнiң қолжетiмiдiлiгi.

ТЕМIРЖОЛҒА БIРIЗДI ТАРИФТЕР ЕНГIЗIЛЕДI

Қазақстандық кәсiпкерлерге экспортқа тауар шығаруда темiржол тарифтерi аяққа тұсау болып келедi. Себебi өнiмдi өткiзетiн нарық шалғайда орналасқан. Осы тұрғыда Жанар Айтжанова 2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап үштiктiң кез келген бағыты бойынша әмбебап тарифтер енгiзiлетiнiн айтты. Ал бұған дейiн iшкi, импорттық және экспорттық бағыттарда түрлi тарифтер қолданылып келген.

– 2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап қазақстандық жүк жөнелтушiлер өз өнiмдерiн Ресей аумағына немесе оның аумағымен үшiншi елдерге, мысалы, Еуропа бағытында экспорттағанда олар iшкi ортақ тарифтердi қолдана алады. Яғни инфрақұрылым – темiржолды, мұнай құбырын пайдалану шарттары БЭК елдерiнде қызмет ететiн компанияларға қойылатын шарттармен бiрдей болады, – дейдi аталмыш министрлiк төрайымы.

Бұл туралы Көлiк және коммуникация министрi де айтып өттi. Яғни бұдан кейiн Бiрыңғай экономикалық кеңiстiк елдерi арасында транзиттiк тариф болмайды және үшiншi елдерден ары қарай транзиттiк трафик сақталады. "Егер мемлекет тарапынан тауар өндiрушiлерге субсидия ретiнде көмек көрсетiлмейтiн болса, онда Кедендiк одақтың комиссиясы ерекше тариф беруiне болады, – дедi министр, – Бұл өз вагондарымен, жаңа локомотивтерiмен жүктi тасымалдау барысындағы қызмет көрсету нарығының және географиялық шекараны кеңейту мүмкiндiгi болып табылады", – деп түйiндедi.

Әлбетте, ел экономикасы үшiн көлiк тасымалының маңызы зор. Осыған дейiн бұл шаруашылық жүргiзушi субъектiлер және ведомствоаралық келiсiмдер арқылы жүргiзiлiп отырды. Ендi отандық кәсiпкерлер үшiн транзит немесе шетел нарығы, сондай-ақ жол тарифтерi бiрдей болады.

ЭКОНОМИКА 5 ЖЫЛДА 15-16 ПАЙЫЗҒА ӨСЕДI

Өткен аптада "Бiрыңғай экономикалық кеңiстiк: Қазақстан үшiн жаңа мүмкiндiктер" тақырыбында Елордадағы дөңгелек үстел барысында ҚР Үкiмет басшысының бiрiншi орынбасары Өмiрзақ Шөкеев бiрыңғай кеңiстiкке қатысты келiссөздердiң шет-жағасын атап өттi. Сонымен қатар Қазақстан өкiлдерi бекiтуге берiлген келiсiмшарттардың құқықтық-базалық негiздерiн тәптiштеп, бүге-шiгесiне дейiн қадағалап отыр. Себебi ортақ кеңiстiкте елiмiз өз пайдасы мен құқықтарын сақтап қалуға тиiс.

"Кейбiр келiссөздердi бiрiктiру нәтижесiнде бұл база өзiне 17 негiзгi құжатты қосатын болды. Қазiрдiң өзiнде олардың 4-еуiне қол қойылды", – дедi ол. Өмiрзақ Шөкеевтiң айтуынша, БЭК аясындағы басқа да құжаттар топтамасына қол қою жоспарланып отыр: "ЕурАзЭҚ-тың мемлекетаралық кеңесi отырысында мемлекет басшылары деңгейiнде басқа да құжаттар топтамасына, мүмкiн қалған барлық келiсiмдерге қол қою жоспарлануда", – дедi ол.

Жалпы, Кеден одағына кiргеннен бастап елiмiзде үшiншi елден тасымалданатын импорт төмендеген. Бүгiнгi таңда үшiншi елден келетiн импорт көлемi 10,7 пайызға төмендедi деп айтуға болады. "Бұл – бiздiң өндiрушiлер үшiн қосымша қорғаныш", – дедi ол. Ресей мен Белоруссиядан келетiн сауда көлемi ұлғайып, республикадағы тауар айналымы 2 есеге өскен. Өмiрзақ Шөкеев бұл үрдiстi оң бағалап отыр. "Ресей және Беларуспен сыртқы сауда көлемi ұлғайды. 9 айдың қорытындысы бойынша Ресейге экспортталған қазақстандық өнiм көлемi 38 пайызға артты. Республикадағы тауар айналымы экспорттың өсуiнен 47,2 пайызға ұлғайды", – дедi Ө.Шөкеев. Бұл бастама ел экономикасы үшiн тиiмдi-ақ. Алдағы уақытта үрдiстi үзбесек, ашық кеңiстiкте ұтымды сауда-саттықа қол жеткiзерiмiз хақ. Сондай-ақ, сарапшылардың айтуынша, алғашқы 5 жылда кедендiк үштiкте экономикасындағы ЖIӨ 15-16 пайызға ұлғаюы ықтимал.

Ақниет ОСПАНБАЙ