Жаңалықтар

МЕТРОНЫ "ОЛМАЗОР" ДЕП АТАУ ОЙЫНЫ

ашық дереккөзі

МЕТРОНЫ "ОЛМАЗОР" ДЕП АТАУ ОЙЫНЫ

Өзбектер Сабыр Рақымовты өз генералдары деп санамайды

Құдай қосқан көршiмiз, "ала тақиялы" ағайындармен қазақты ортақтастыратын дүние көп. Басқаны былай қойғанда, ең ақыры, Алпамыс сияқты батырымыз ортақ. Бiрақ, әкесi қазақ, шешесi өзбек, Оңтүстiк Қазақстан облысының Қазығұрт ауданында туған, алайда тағдырдың жазуымен Ташкентте өскен генерал-майор, Кеңес Одағының Батыры Сабыр Рақымов қазақ пен өзбекке ортақ тұлға бола алмайтын сияқты. Өткен қарашада көршiлерiмiз Ташкенттегi Сабыр Рақымовтың атымен аталатын метрополитен станциясының атын "Олмазор" (Алма бағы) деген атаумен алмастырған болатын. Ендi, мiне, жуырда Өзбекстан Сенаты Ташкенттегi Сабыр Рақымов ауданының атын да "Олмазор" деген атаумен қайта атау туралы шешiм шығарды. Ресми Ташкент "Мұндай шешiм жергiлiктi халықтың өтiнiшi бойынша жүзеге асырылды" деп жақауратқанымен, гәп басқада сияқты.

Осылайша өзағамдар осы уақытқа дейiн өзбектен шыққан тұңғыш генерал деп әспеттеп келген Сабыр Рақымовты қазақтарға бiржолата меншiктеп бердi. Ұзақ уақыттан берi жасырылып келген тарихи шындықты мойындады.

Сабыр Рақымов Ұлы Отан соғысын майор шенiнде, Белоруссия жерiнен бастаған. Майдан даласында бiрнеше рет ауыр жараланса да саптан шықпаған қайсар қазаққа генерал шенi 1943 жылы берiлiп 1945 жылы 37-шi гвардиялық дивизияның жетекшiсi ретiнде Сабыр Рақымов Польшаны азат етуде ерен ерлiк көрсеткен. Даңқты батыр Жеңiске санаулы уақыт қалғанда, 1945 жылдың 26 наурызында поляк даласында ауыр жараланып, қайтыс болған едi. Кезiнде Сталиннiң өзi "Темiр генерал" деп атаған батырдың сүйегi Ташкентте жерлендi. Оған Кеңес Одағының Батыры атағы 1965 жылы берiлдi. Сонымен бiрге ол Ленин, Қызыл Ту, II дәрежелi Суворов, II дәрежелi Кутузов, Қызыл Жұлдыз ордендерiнiң және басқа да көптеген медальдардың иегерi атанған.

Сабыр батырдың ұлты қазақ екендiгi кешегi кеңес заманында-ақ белгiлi болғанымен ол туралы көп нәрсе ашық айтыла бермейтiн. Тәуелсiздiк алғаннан кейiн Сабырдың қазақ екендiгiн өзбек халқы да мойындады. Оны даусыз дәлелдеген батырдың жары Құралай апай едi…

Жалпы, бiзге ұлттың ұлы тұлғаларымен мақтануға келгенде көршiлерден үлгi алар тұсымыз көп екен. Олар "өзбектен шыққан тұңғыш генералға" осы уақытқа дейiн аса зор құрмет көрсетiп келгенi белгiлi. Оған Ташкент пен Самарқан қалаларында ескерткiш орнатып, атын Ташкенттегi бiр ауданға, көшеге, мектепке, Ұлттық университеттiң жанындағы академиялық лицейге, метрополитен станциясына, кинотеатрға, кеңшарға, елдi мекенге берiп, 1967 жылы ол туралы көркем фильм түсiрген, сахналық қойылым қойған. Кейбiр ақпарат құралдарының жазуына қарағанда, ерте ме, кеш пе Сабыр Рақымовтың атын иеленген нысандардың барлығының аты ауыстырылып, оған қойылған ескерткiш орнынан алынатынға ұқсайды. Өзбекстан билiгi мұндай шешiмдi әлдеқашан қабылдап қойған көрiнедi.

Не түлен түрткенiн кiм бiлсiн, әйтеуiр өзбек билiгi кейiнгi жылдары өздерiнiң тарихын аяусыз өшiрiп жатыр. 2008 жылдың сәуiрiнде президент Ислам Каримовтың өкiмiмен Ташкентте Ұлы Отан соғысы жылдарында әртүрлi ұлттың 15 баласын асырап алған Шаахмед Шамахмудов пен оның әйелi Бахри Акрамоваға қойылған ескерткiш орнынан алынып, жұрт көзiнен таса жерге көшiрiлдi. Ол осы уақытқа дейiн Өзбекстанда халықтар достығын паш етiп тұрған Ташкенттегi еңселi ескерткiштердiң бiрi болатын. Ал осы ескерткiштiң артында тұрған Халықтар Достығы сарайы "Тәуелсiздiк" атауымен, ал Халықтар Достығы даңғылы "Бунедкор" деген атауымен алмастырылды. Ал, былтыр Ташкенттегi кеңес жауынгерiнiң ескерткiшi алынып тасталды. Жақында Өзбекстан астанасында Ұлы Отан соғысында жанқиярлық ерлiк көрсетiп, 22 жасында Кеңес Одағының Батыры атағын алған ташкенттiк Георгий Ивлевтiң атындағы көшенiң де аты өзгертiлдi. Г.Ивлевтiң ұлты кiм болғанын қайдам, бiрақ өзбек еместiгi көзге ұрып тұр емес пе? Көршi елде өзбекстандық деген ұғым жоқ. Онда өзбек деген ұғым ғана бар. Бұл науқанға өзбек зиялы қауымының қалай қарап отырғанын кiм бiлсiн, бiрақ, кейбiр сарапшылар мұндай "идеологиялық қуғын-сүргiндi" Өзбекстан президентi Ислам Каримовтың жүргiзiп отырған саясатымен байланыстырады.

Қазiр Шымкентте республикалық әскери мектеп-интернаты генерал Сабыр Рақымовтың атын иеленген. Бiз сол мектептiң бастығы, полковник Ұлықпан Бәшенге хабарласқан едiк.

– 2000 жылдарға дейiн бұл оқу орнын көпшiлiк Суворов мектебi деп атап келген болатын. Бiрақ бұл тек ауызша ғана айтылып келген екен. Ал құжат жүзiнде оқу орнына ешқандай тұлғаның аты берiлмеген болып шықты. Қазақстанда қазiр осындай бiрнеше әскери мектеп бар. Олардың барлығы да қазақтан шыққан атақты әскери тұлғалардың есiмiмен аталады. Мәселен, Алматыдағы әскери мектеп Бауыржан Момышұлының, Қарағандыдағы мектеп екi мәрте Кеңес Одағының батыры Талғат Билгелдиновтың есiмiмен аталады, ал Астанадағы "Жас ұлан" мектебi Халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың есiмiн еншiлеген. Сондықтан бiз мектебiмiзге әрi батыр, әрi жоғары шенi бар әскери адамның атын берудi жөн көрдiк. Ондай тұлғаның мүмкiндiгiнше жергiлiктi жерден шыққаны жақсы емес пе? Құдайға шүкiр, бiздiң облыста Кеңес Одағының Батыры атағын алғандар жетерлiк. Бiр ғана Арыстағы балалар үйiнен бес бiрдей Кеңес Одағының Батыры шыққан. Бiрақ олардың барлығының әскери шенi жоғары емес. Ары барғанда аға лейтенант. "Генерал болуды армандамаған солдат солдат емес" деген сөз бар емес пе? Сол айтпақшы, бiзге тәрбиеленушiлерге тұлға боларлық генерал қажет болды. Ақырында мектепке генерал Сабыр Рақымовтың атын берудi құп көрдiк.

Мен С.Рақымовтың қазақ екенiн бұрыннан бiлетiнмiн. Кеңес Одағы кезiнде шекарадағы Келес ауданындағы комсомол комитетiнiң бiрiншi хатшысы болып iстегенiм бар. Сол кезде Ташкенттегi Сабыр Рақымовтың мұражайына арнайы екi мәрте барғанмын. Батырдың өмiр тарихына да сол кезде қаныққан едiм.

Сабыр Рақымов 1902 жылы қазiргi Қазығұрт ауданының Көкiбел деген ауылында туған. Рақым оның әкесi де, атасы да емес, нағашысы. Сабырдың әкесiнiң есiмi Омарқұл. Ол Сабырдың алты жасында қайтыс болып кетедi. Содан шешесi ұлын ертiп, Ташкенттегi ағасы Рақымның қолына барады. Ұзамай анасынан айырылған Сабыр осы нағашысы Рақымның қолында өседi. Тiптi мектепке барған кезде Рақымов деген фамилиямен жазылып кеткен, – дедi Ұлықпан Мүсiнұлы. – Сабыр Рақымовтың есiмiн осы мектепке 2003 жылы бердiк. Осыдан кейiн көршiерiмiздiң Сабырдың қазақ екендiгiн мойындаудан басқа амалдары қалмалды. Оның алғаш болып ашық түрде мойындаған Каримовтың өзi едi. Көргендер айтады, бiрде И.Каримов iшкi iстер басқармасының бастығы қызметiн атқарып жүрген өзбекстандық қазақ азаматына генерал атағын берiп тұрып, "Сен Өзбекстанда генерал шенiн алған екiншi қазақсың" дептi. Яғни, осы сөзi арқылы өзбек президентi Өзбекстандағы бiрiншi қазақ генералының кiм екенiн аңғартып тұр емес пе?! Менiң ойымша, өзбектерге С.Рақымовтың өзi емес, оның атағы қажет болды. Не үшiн дейсiз бе? Орта Азия және Қазақстан аумағынан шыққан тұңғыш генералдың өзбекстандық әрi өзбек екендiгiн көрсету үшiн.

– Өзбекстан Сабыр Рақымовтың есiмiн елдi мекендерге, көшелерге, мектептерге, лицейге, метрополитен станциясына, ауданға, кинотеатрға берiп, бiрнеше ескерткiш орнатқан екен. Ал, өз елiмiзде батырға қандай құрмет көрсетiлiп келедi?

– Бiздiң мектептен бөлек, батырдың туған жерi Көкiбелдегi тоғыз жылдық мектепке және Сайрам ауданындағы тағы бiр мектепке Сабыр Рақымовтың есiмi берiлген. Шымкентте оның құрметiне жыл сайын еркiн күрестен турнир өтiп тұрады. Үш мектеп, бiр турнир. Басқаны бiлмедiм.

Бақытжан ӘБДIРАШҰЛЫ,

Оңтүстiк Қазақстан облысы.