Жаңалықтар

Германияның Қазақстандағы бас консулы Герольд Амелунг: ҚАЗАҚСТАН ЗОР АБЫРОЙҒА ИЕ БОЛДЫ

ашық дереккөзі

Германияның Қазақстандағы бас консулы Герольд Амелунг: ҚАЗАҚСТАН ЗОР АБЫРОЙҒА ИЕ БОЛДЫ

Германияның Қазақстандағы бас консулы Герольд Амелунг Тәуелсiздiк мейрамы қарсаңында "Түркiстан" газетiне арнайы сұхбат берiп, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Саммитi, Қазақстанның тәуелсiздiгi төңiрегiнде ой бөлiскен едi.

МӘСЕЛЕ ЖЕКЕЛЕГЕН ЕЛДЕРДIҢ АМБИЦИЯСЫНДА

– 1999 жылғы Стамбул Саммитiнен кейiн Астанада өтiп отырған ЕҚЫҰ Саммитiнiң ерекшелiгi неде деп ойлайсыз?

– Бұл Саммиттiң ерекшелiгi – 11 жылдан кейiн осындай iрi ауқымды шараның өтiп отырғаны. ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары мұндай iрi басқосуды көптен күткен болатын. Оны Қазақстан ЕҚЫҰ-ға өзiнiң төрағалығы кезiнде ұйымдастыра бiлдi. Биыл жыл басында Қазақстан тарапы ЕҚЫҰ Саммитiн өткiзу жайлы ұсыныс жасағанда, оның қандай деңгейде өтетiнiн ешкiм болжай алмаған едi. Әрi бұл басқосу жүзеге аса ма, жоқ па, ол да беймәлiм болатын. Яғни, Қазақстанның бұл Саммиттi ұйымдастыруының өзi iрi жетiстiк. Бұл Саммитте 1975 жылы Хельсинкиде талқыланған мәселелер қайта күн тәртiбiне шығып, ЕҚЫҰ-ның құндылықтары әлi де өз маңызын жоймағандығы айқын болды. Сондай-ақ, ЕҚЫҰ құрылымы бiзге керек пе, ол ЕҚЫҰ құндылықтарын реттеуде әлi де маңызды рөл атқара ма деген мәселе төңiрегiнде де талқылаулар болды. Саммит бұл ұйымға мүше мемлекеттер аумағында тұрақтылық пен қауiпсiздiктiң маңызды екендiгiн әйгiлеп бердi.

– Осы шара барысында қабылданған Астана декларациясының бұның алдындағы декларациялардан айырмашылығы неде?

– Астана декларациясында ЕҚЫҰ-ның басты құндылықтары көрiнiс тапты. Оның негiзi осында 35 жыл бұрынғы Хельсинки декларациясында салынған болатын. Бұл құндылықтардың маңыздылығы қазiр бұрынғыдан да арта түстi. Құқықтық мәселелер, құқықтық мемлекет, адам құқығы түсiнiктерi бұрынғы түсiнiгiнен бiршама кеңейдi. ЕҚЫҰ-ның iшкi қауiпсiздiгi ұжымдық тұрғыдан қарастырылады.

Астана Саммитiнде Таулы Қарабақ, Приднестровье секiлдi шиеленiстердiң түйiнi шешiледi деп күтiлдi. Өкiнiшке қарай, бұл проблемаларға байланысты ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер бiр пiкiрге келе алған жоқ. Олардың әрайсысы әртүрлi ұстаным ұстанады. Сондықтан да бұл мәселелер ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердiң Сыртқы iстер министрлерi дәрежесiнде қарастырылатын болып шешiлдi. Осылайша, бұл мәселенi шешу жолын ары қарай қарастыру көзделiп отыр.

– Ресей мен Грузия арасындағы шиеленiс жайлы бұл Саммитте қаншалықты әңгiме болды?

– Ресей мен Грузия арасындағы шиеленiстердiң әртүрлi қатпары бар. Саммитке қатысушылардың барлығы бұл шиеленiстердiң шешiлуi қажет екендiгiн айтты. Және оған қос мемлекет те мүдделi болуын әрi бейбiтшiлiк жолмен шешiлуi тиiс екендiгiн ескерттi.

– Ресей президентi Д. Медведев осы Саммит қарсаңында "ЕҚЫҰ-ның саяси құрылымы ескiрген, бүгiнгi таңда қордаланған проблемаларды шешуге қабiлетсiз" деген пiкiр айтты. Сiз бұл пiкiрмен келiсесiз бе?

– Аталған проблемалардың түйiнiн шешу ЕҚЫҰ-ның саяси құрылымына байланысты емес. Бұл проблемалар аталған мемлекеттердiң iшкi мәселесi. ЕҚЫҰ-ның мақсаты – аймақта қауiпсiздiк пен тұрақтылық мәселесiн қамтамасыз ету. Бұл мақсатты жүзеге асыру мақсатында саяси өзгерiстер мен экономикалық реформалар және адам құқығын қатты қадағалайды. Бұл үш бағыттың үшеуi де маңызды, егер саяси ұстаным болмаса, экономикалық реформа жасау да мүмкiн емес, ал экономикалық тұрақтылық болмаса, белгiлi бiр жетiстiкке жету де қиын. Ал, бұл екеуiнсiз адам құқығын қамтамасыз ету де мүмкiн емес. Демек, бұл үш мәселеге ерекше мән беру арқылы ЕҚЫҰ өз ерекшелiгiн айқындап отыр. Ал, мен ЕҚЫҰ-ның саяси құрылымын реформалау керек деген пiкiрдi құптай алмаймын. Мәселе, ЕҚЫҰ құрылымын саяси тұрғыдан реформалауда емес, жекелеген мемлекеттердiң өзара келiсiмге келуiнде.

– Астана декларациясының қабылдануын жұрт өте ұзақ күттi. Түн жарымына дейiн қабылданбады. Бұның сырын айта аласыз ба?

– Мен бұл Саммитке қатыса алған жоқпын. Бiрақ, кез келген мұндай жиындарда шешiм қабылдау аса маңызды. Өйткенi, екi күн деген аса үлкен уақыт емес қой, сондықтан соңғы минуттарға дейiн әркiм өз ұсынысын енгiзуге тырысады.

Әртүрлi талқылауларға жол берiледi. Берiлген уақыт аралығында шапшаң және ауқымды шешiмдер қабылдау қарастырылады. Бұл мұндай халықаралық ауқымды жиындарға тән. Сондықтан, Астана декларациясының кешiгiп қабылдануын заңды құбылыс деп қабылдау керек. Бұл декларацияда, өкiнiшке қарай, қордаланған қайшылықтар бойынша түбегейлi шешiмдер қабылданбады. Дегенмен, онда орын алған мәселелердiң бәрi де аса маңызды.

– Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы қорытындыланатын уақыт жеттi. Осы бiр жылдағы Қазақстанның қызметiн қалай бағалар едiңiз?

– Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы табысты аяқталып жатыр. Жалпы, Германия – Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығын қолдаған алғашқы мемлекеттердiң бiрi. Қазақстан бұл төрағалықты атқару барысында ыждағатты жұмыс атқарды. Әсiресе, бұл төрағалықтың ең үлкен жемiсi – Саммит секiлдi iрi шараны жүзеге асыруы. Бiздi бұл қуантады.

Адам құқы және құқықтық мемлектеке қатысты айтар болсақ, бiр жағынан, алға жылжушылық байқалады. Екiншi жағынан, Германияның көңiлi толмайтын жақтары да бар. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы басталған кезде, Қазақстан журналистердi белгiлi бiр лауазымды тұлғаға жала жапқаны үшiн қудалау мәселесiн қайта қарауға уәде берген едi. Өкiнiшке қарай, Қазақстанның “БАҚ туралы” Заңында жала жапқаны үшiн әкiмшiлiк жауапқа тартылатыны туралы жазылған. ЕҚЫҰ-ға төраға болар алдында заңдағы осы бапты басқаша қарастырып, оны халықаралық талаптарға сай өзгерту көзделген едi. Алайда, бұл ниет өз мақсатына жетпедi. Ал, бұл әзiрге халықаралық стандарттарға сай келмейдi. Әрине, болашақта бұл уәде орындалып, заңға тиiстi өзгерiстер енгiзiледi деп сенемiз. Қазақстан, әрине, жас мемлекет. Демократия, адам құқы мәселелерi ендi ғана қолға алынып жатыр. Қазақстан қылмыстық құқық мәселелерi төңiрегiнде де ыждағатты жұмыстар атқарып келедi. Бұл тұрғыдан Қазақстан мен Германия өзара бiрлескен iс-шаралар атқаруда. Мәселен, Фридрих Эверт атындағы қор биыл осы салада көптеген семинарлар өткiздi. Бұл процесте бiз өте жақсы iлгерлеушiлiктi байқаймыз.

ҚАЗАҚСТАН МЕН ГЕРМАНИЯНЫҢ ОРТАҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ БАР

– Құрметтi Бас консул мырза, бiз сiзбен Қазақстан Республикасының ең басты мейрамы – Тәуелсiздiк мейрамы қарсаңында кездесiп отырмыз. Сiз Қазақстанның 19 жылдық ұлттық демократиялық даму жолын қалай бағалайсыз?

– Демократиялық даму жолы бiр күндiк немесе бiр жылдық процесс емес. Егер, Қазақстанның тәуелсiздiк жолы басталған уақытты еске алсақ, осыдан 19 жыл бұрынғы саяси ахуал аса қиын едi. Осы 19 жыл iшiндегi саяси және экономикалық тұрғыдан қол жеткiзген жетiстiктерi мақтауға тұрарлық. Дегенмен, нағыз саналы демократияға жету үшiн әлi де көп дүние жасау керек. Егер, Батыс демократиясының өлшемiмен қарайтын болсақ, ол ұзақ даму жолын басынан кештi. Бүгiнгi демократияға жету жолында сан ғасырды өткiздi. Сонымен қатар, Батысты керемет демократия жолымен дамып келедi десек те қателесемiз. Әрбiр елдiң өзiндiк қателiктерi жетiп артылады. Мәселен, Германияда журналистер мен iшкi iстер органдары арасында үнемi түсiнiспеушiлiк орын алып келедi. Журналистер өздерiнiң ақпарат көздерi арқылы мақалалар жазса, iшкi iстер ведомствосы оның ақпарат көзiн көрсетудi, министрлiкке айтуды талап етедi. Бұл журналистiк құқық талаптарына қайшы. Iшкi ведомство тұрақтылық пен қауiпсiздiк мәселесiн көлденең тартса, журналистер қауымы сөз бостандығын алға тартады. Демек, әлi күнге дейiн екi тараптың тартысы жүрiп жатыр. Демократия үнемi даму үстiндегi процесс. Ең бастысы, адамдар өз құқын талап етiп үйренуi керек. Демек, Қазақстанның алдында әлi де ұзақ жол жатыр.

Мен Қазақстан халқына жетiстiктер мен табыстар тiлеймiн. Тәуелсiздiк мейрамы қарсаңында барлық қазақстандықтарды құттықтаймын. Бұл тұрғыдан Қазақстан мен Германияның тарихи ұқсастықтары да бар. Қазақстан тәуелсiздiгiн алған қарсаңда, екi Германия бiрiгiп, Берлин қабырғасы құлаған едi. Сондықтан, бұл тарихи сәт бiз үшiн де қымбат.

– Қазақстан биыл Кедендiк одаққа мүше болды, шiлдеден бастап бiртұтас Кедендiк кодекс жұмыс iстейдi. Бұл Германия мен Қазақстанның өзара сауда айналымына керi әсерiн тигiзген жоқ па? Жалпы, Кеден одағы жайлы не айтасыз?

– Германия мен Қазақстан арасындағы сауда айналымы өте жақсы жолға қойылған. Қазақстан Германияға мұнай, газ тасымалдаудан төртiншi орында тұрған мемлекет. Ал, Германия Қазақстанға өз технологияларын, машина зауыттарының өнiмдерiн жеткiзедi. Бұл тұрғыдан Қазақстан да Германия үшiн маңызды әрiптес болып келедi. Демек, екi ел арасындағы сауда-саттық қарқынды даму үстiнде. Германиядағы ең iрi сауда жүйесi "Метро" қазiр Қазақстанның iрi қалаларында ашылып, жаңа Германияның сапалы тауарларын сатуға мүмкiндiк алды. Германия кәсiпорындары Қазақстан экономикасына iрi көлемде инвестиция енгiзiп отыр.

Ал, Кедендiк одаққа келер болсақ, бұл одаққа мүше емес өзге елдермен арадағы қарым-қатынас қиындайтыны сөзсiз. Өздерiңiзге белгiлi, оған мүше үш мемлекеттiң кедендiк баж төлемдерi Ресейдiң кедендiк төлемдерiмен теңестiрiлдi. Бұл төлемдер Қазақстанда да, Белоруссияда да төмен едi. Бұл, әсiресе, алдағы уақытта Германияның ауыр өнеркәсiбi өнiмдерiн Қазақстанға импорттауда қиындық тудыруы мүмкiн. Бұл баж төлемдерiнiң ақырғы салдары қандай болады, ол әлi белгiсiз. Әрi кедендiк баж салығының көлемi әлi айқындалған жоқ. Сондықтан, Германияның кәсiпорындары Қазақстанға тауарын өткiзудiң басқа жолдарын iздейтiн болады. Мәселен, машина зауыттарын Кеден одағына мүше елдерде ашып, бiрлескен кәсiпорындар арқылы Кедендiк одақ елдерiнiң рыногына шығаруды көздейдi. Айталық, бұл елдердегi ең iрi рынок Ресейдiкi болса, Ресейде кәсiпорын ашып, өзге елдерге жеткiзу шешiмдердiң бiр мүмкiндiгi болады. Бiрақ, бұл болашақтың iсi.

– Ал, Қазақстанның Дүниежүзi сауда ұйымына (ДСҰ) ену мүмкiндiгiн қалай бағалайсыз? Сауда және экономикалық даму вице-министрi Тимур Сүлейменов жақында баспасөзде: "2012 жылы бұл ұйымға мүше боламыз" деп мәлiмдедi. Бұған не дейсiз?

– Дүниежүзi сауда ұйымына ену және Кедендiк одаққа мүше болу – Қазақстан үшiн тиiмдi емес. Егер, естерiңiзде болса, Кедендiк одаққа мүше елдер ДСҰ-ға бiрге барамыз деп мәлiмдеген болатын. Ондай жағдайда, бұл Қазақстан үшiн керi кетушiлiк болар едi. Өйткенi, Кедендiк одаққа мүше екi елден гөрi Қазақстанның ДСҰ елдерiмен жүргiзген келiссөздерi бiршама жоғары деңгейде тұр. Ресей де, Белоруссияда да Қазақстанның деңгейiнен әлдеқайда кейiн. Бұл ретте Қазақстан аталған екi елмен бiрге енудi жоспарлайтын болса, бiраз нәрсенi жоғалтады. Бiрақ, жақында Ресей ДСҰ-ға Кедендiк одақ елдерiнiң жеке-жеке енетiндiгiн мәлiм еттi. Егер, жеке баратын болса, Қазақстан ДСҰ-ға 2012 жылы мүше болуы әбден мүмкiн.

– Былтыр Қазақстанның Германиядағы, биыл Германияның Қазақстандағы жылы болып өттi. Бұл шара екi елдiң өзара қарым-қатынасына қаншалықты әсер ете алды деп ойлайсыз?

– Бұл жылдар екi елдiң өзара жақындасуына ерекше әсер еттi. Қазақстанды Еуропа мемлекеттерi аса жақсы тани бермейдi. Еуропаның басқа мемлекеттерiнен гөрi Германия бiршама жақсы бiледi. Өйткенi, Германияда Қазақстаннан қоныс аударған немiстер өте көп. Дегенмен, Германиядағы Қазақстан жылында немiс халқы Қазақстан туралы ақпараттарға қанықты. Олар Қазақстанның қандай ел екенiн саналы түрде түсiне бастады. Әсiресе, қазақтың ұлттық өнерiне немiс көрермендерi ерекше қол соқты. Қазақстанның Германиядағы жылында ұйымдастырылған iс-шаралардың барлығы қызықты өткен едi. Қазақстан өз елiн Еуропаның жүрегiндегi елге таныстыру үшiн көп тер төккендiгi байқалды.

Ал, Германияны қазақстандықтар немiстерден ойлағанда жақсы бiледi екен. Қазақстанға немiс өнерiн паш етуге келген бiздiң өнерпаздар Қазақстанмен танысып, аса қатты таңырқағандықтарын жасыра алмады.

Қорыта айтқанда, екi елдiң де iс-шаралары өте қызықты әрi тартымды өттi. Екi ел арасында бiлiм алмасу, ғылыми-инновациялық жобаларды бiрлесiп атқару жайлы да келiссөздер болды.

– Газет оқырмандарына тiлегiңiз!

– Газет оқырмандарына барлық жақсылықтарды тiлеймiн! Барлықтарыңызды бүгiнгi Тәуелсiздiк күнiмен құттықтаймын! Алда келе жатқан жаңа жыл – жаңа табыстар мен бақыт жылы болсын!

– Рахмет!

Әңгiмелескен Есенгүл КӘПҚЫЗЫ