Жаңалықтар

ИКҰ-2011: ТӨРАҒАЛЫҚ ҚАЗАҚСТАНҒА НЕ БЕРЕР?

ашық дереккөзі

ИКҰ-2011: ТӨРАҒАЛЫҚ ҚАЗАҚСТАНҒА НЕ БЕРЕР?

Қазақстан 2011 жылы Ислам конференциясы ұйымына төрағалық етедi. ЕҚЫҰ-ның тiзгiнiн Литваға еншiлеп берген Қазақ елi ендi мұсылмандар әлемiнiң беделдi ұйымына төрағалық жасайды. Яғни, төрағалықтан төрағалықтың тағына отырады. Аталмыш ұйым Бiрiккен Ұлттар Ұйымынан кейiнгi орынды еншiлейдi. Кешегi Еуропалық Одақтың жайы басқа, ал Ислам әлемiне басшылық жасаудың қиындығы – бiр төбе…

Асыл тектi хандарымыздың бiрi Өзбек хан (1312-1342) исламды мемлекеттiк дiн етiп жариялап, Хақтың назарын Дештi Қыпшақ даласына түсiрген болатын. Ендi, мiне, араға сан ғасыр салып, әлемнiң назарын аударатын мiндет Н.Назарбаевтың басшылығындағы тәуелсiз Қазақ елiнiң еншiсiне тиiп отыр. Өзбек ханның жарлығынан берi қарайғы кезеңдерде, Ислам дiнi қазақтың салт-дәстүрiмен етене байланысып, ұлттық мәдениетiмен мәндесiп, ата дiнiмiзге айналған-ды. Сондықтан да, Аллаға құл, Мұхаммедке (с.ғ.с.) үмбет болған мұсылман елдерiнiң басын қосқан ұйымға төрағалық етуге "қазақтың қақысы бар".(Ә.Бөкейханов).

Ислам әлемiнiң болашағына пайдасын тигiзетiнiне үмiт артамыз

Махмұд Фаһми ХИЖАЗИ,Нұр-Мүбарак Египет ислам

мәдениетi университетiнiң ректоры:

– Қазақстанның Ислам конференциясына төрағалығы дегенiмiз – Мұсылман әлемiндегi барлық мемлекеттердiң Қазақстан Республикасы мен оның Президентi Н.Назарбаевты бағалап жатқанын көрсетедi. Қазақстандағы барлық салалардың дамып өркендеп жатқанына, халықтың тұрмыс деңгейiнiң жақсарғанына және өмiр сүру сапасының көтерiлiп келе жатқанына бүкiл әлем куә болып отыр. Осының бәрi қоғамдық келiсiм, ұлтаралық татулық және мәдениеттер мен дiндер арасындағы сұхбат арқылы жүзеге асты. Сондықтан болашаққа мынадай айқын көрiнiс арқылы алға қойған мақсаттарына қол жеткiзу жолында аянбай еңбек етiп жатқан, Орта Азияның жетекшi мемлекетi Қазақ жұртын бүкiл әлем құрметтеп бағалайды. Ислам конференциясы ұйымының бас хатшысы профессор Акмал Ихсан Оғлы – бүкiл Ислам әлемiндегi ең iрi ойшылдарының бiрi.

Қазақстан Республикасының Ислам конференциясы ұйымына мүше елдермен ынтымақтастық орнатып, төрағалық етуi арқылы өзге де мүше мемлекеттерге пайдасын тигiзiп, жақсы басшылық көрсететiнiне айқын сенiмдемiз.

Ислам конференциясы ұйымының және оның жанындағы бiлiм, ғылым, мәдениет салалары бойынша жұмыс iстейтiн ISESCO ұйымы сонымен қатар, көбiнесе экономикалық мәселелерiмен айналысатын Ислам даму банкi сияқты арнайы органдар мен құрылымдар арқылы бiрталай шешiмдер қабылданып, бiрқатар шаралар атқарылды. Бiз Ислам конференциясы ұйымының қабылдаған шешiмдерi, сондай-ақ, саясат, экономика, бiлiм беру, мәдениет және дiнаралық сұхбат салалары бойынша жұмыс атқаратын өзге ұйымдардың қабылдаған шешiмдерi өз мақсатына жетiп, Ислам әлемiнiң болашағына өз пайдасын тигiзетiнiне үмiт артамыз. Жоғары бiлiм мен ғылымды қолдау, болашақты жоспарлау, қоршаған ортаны қорғауға, индустрияны күшейтуге және жастарды қорғауға бағытталған iрi жобаларды құру – жарқын болашаққа ұмтылған әр мемлекеттiң аса маңызды талаптарына жатады. Аталған жобалардың барлығы жоспарлауды, iске асыруды сол сияқты қаржыландыру, пiкiр қосу және жүзеге асыру мәселелерiнде мықты ынтымақтастықтың болуын қажет етедi. (Аударған Олжас Мырзаханұлы)

Әлi көп iзденiс қажет

Айдос САРЫМ, саясаттанушы:

– Менiңше, бiз ЕҚЫҰ-ға төрағалық етудi PR-ға айналдырып жiберген сияқтымыз. Аталмыш ұйымға төрағалықтан өзiмiзге тиiмдi ештеңе алып шыға алмадық. Оны мойындауымыз керек. Ал, ендi Ислам конференциясына төрағалық ету дегенiңiз тiптi қиын нәрсе. Ислам елдерiнiң мәселесiн шеше алмаймыз. Бұл – дiннiң iсi. Ислам мемлекеттерiнде қалыптасқан қайшылықтарды бiр жылда шешiп бiту мүмкiн емес. Оны бiз өзiмiз айқын түсiнуiмiз керек. Сондықтан Қазақстан осы ұйымға төрағалығын пайдалана отырып, "Ортаазиялық одақ", "Түркi елдерi бiрлiгi" деген идеяларды көтере беруi керек. Осы арадағы мемлекеттердiң бәрi осы ұйымға мүше. Сондықтан, жиындардың арасында түркi мемлекеттерiн бөлек жинап, "түркiлiк ислам" деген мәселенi көтеруiмiз қажет.

Бүгiнгi күнi әлемде "Ислам қандай болу керек?" деген дау жүрiп жатыр. Бiздi Ислам елдерi бөтен көрмейдi. Бiрақ, олардан айырмашылығымыз – басқа мәдениеттермен, басқа дiни кеңiстiктермен көршiлес отырғанымызда. Мысалы, орыс деген Ауғанстан үшiн жат, түсiнiксiз нәрсе болса, бiз үшiн түсiнiктi. Ал, орыстар үшiн Өзбекстандағы Ислам түсiнiксiз дүние болса, бiздер үшiн түсiнiктi, өзiмiздiң дiнiмiз. Осыдан бiздiң елде ертеңгi күнi "Мен алдымен қазақпын ба, әлде мұсылманмын ба?" деген дау шығады. Осы жауапты әрбiр адам iздейдi.

Қазiрдiң өзiнде iзденiстер көбейiп келедi. Осыны бастаған кезiндегi Ресей империясының құрамында тұрған түркi халықтары болатын. Қырым татарларынан, өзбектерден, қазақтан шыққан оқымыстылар жадидтiк деген жаңа iлiм iздедi. Өкiнiшке қарай, сталиндiк жаңа диктатура келдi де, iзденiстердiң бәрiн қиратып тастады. Бiрақ, сол кезден қалған тәжiрибе бар. Сол кездегi жадидтердiң мықтылығы сол кездегi Жапониядан, басқадан үлгi ала отырып, дәстүрлi елмен, батыстың инновациясын бiрiктiруге болады деген тұжырымға келiп, сол тұрғыда жұмыс жасады. Жап-жақсы жетiстiктерге жетiп отырды. Медреселерде оған дейiн тек қана дiни пәндер оқытылса, кейiннен, жаратылыстану ғылымдары оқытылды. Мысалға, сол кездегi саяси элита деймiз ғой, Әлихандар, Ахаңдар кез келген батыстың философ, профессорларына пара-пар едi. Олармен сөйлесе алатын, көп тiлдi бiлген, көзi ашық адамдар болды.

Қазiргi таңда, Түркияда жақсы iзденiстер жүрiп жатыр. Либералды Ислам концепциясы жасалуда. Германияда жүрген түрiктер, Францияда жүрген мұсылмандар осы Исламның жаңа үлгiлерiн iздеп жатыр. Бiз осы мәселенi көтеруiмiз керек сияқты. Бұл – Ислам елдерi үшiн жаңалық. Мысалға, менiң мұсылмандығым, өз мемлекетiмдi сатып кету, басқа мұсылмандық ұйымдарға қосылып кету, арабтанып немесе малайланып кету т.б болмауы керек. Ол шарт емес болуы қажет. Мен қандай жағдайда да өз ұлтымды, өз нақышымды, болмысымды сақтап отыруым керек. Сол сияқты әңгiмелердi әр елде бiр конференция өткiзсе, ғалымдарды шақырып талқыласа, бiз көптеген нәрсенi түсiнер едiк. Демек, Ислам дегенде мұсылмандықтың бәрi бiрдей емес, Сауд Арабиясындағы ислам мен көршiлес Кувеиттегi ислам екеуi екi басқа. Малайзиядағы ислам бiр басқа да, Түркиядағы, Египеттегi ислам бiр бөлек. Әрине, барлығының кiтабы "Құран" бiрдей болғанымен, адамдары басқа-басқа. Жергiлiктi, адами, психикалық ерекшелiктерi бар. Бiреуi түсiнiп оқиды, бiреуi түсiнбей оқып жатыр. Құран адамнан робот жасайтын құрал емес, iшкi жан дүниесiн байытатын, иманын көтеретiн iлiм.

Бiз зайырлы мемлекеттiк принциптерiн сақтай отырып, дiни мәселелердi жоғарғы деңгейде ұстап отыратын, дiни арнасы, газеттерi, тағы басқалары бар ел болуымыз керек. Бұл арада мемлекет дiн iсiне, дiн мемлекет iсiне арласпайды деген бекер сөз. Қазiр, қазақтың болмысына қайшы, тарихымызды жоққа шығаратын, дәстүрiмiзге қайшы ұғымдарды насихаттап жүр деген әңгiме бар. "Аруаққа табыну", киiм киюге қатысты түрлi даулар қаптап кеттi. Хиджабқа қатысты дау туған кезде, Бiлiм министрлiгi де, Әдiлет министрлiгi де мардымсыз жауап айтты. Екi тарап бiр-бiрiне сенiкi дұрыс, сенiкi дұрыс екен дегендей деңгейде қалды. Сондықтан, мемлекеттiк органдар, заңнамаларымызға сүйене отырып дұрыс шешiм шығаруы керек.

Мықты-мықты Ислам ғалымдарын Астанаға ма, әлде елiмiздiң бiр қаласына шақырып жиналыстар өткiзуiмiз керек. Менiңше, алдағы жылы келе жатқан, Ислам конференциясына төрағалық мәселесiн, алдымен өзiмiздiң мәселелерiмiздi шешуге пайдалансақ дұрыс болар едi. Осы ұйымға мүше кейбiр елдердiң iшкi жағдайын бiлмеймiз. Сондықтан, осы елдердiң мәдениетiнен, дiни iсiнен хабар беретiн 37 ел туралы 37 кiтап шығарса, бiздiң ұйымға төрағалығымыз дұрыс және оңды нәтиже бередi деп айта аламыз.

Қазақстанның келешегi – Ислам

Жетпiсбай БЕКБОЛАТҰЛЫ, экономист, журналист:

– Қазiргi заманда, жаңа саяси экономикалық ақиқат пайда болды. Ол ақиқат – Ислам әлемi деп аталады. Ислам әлемiн әр тұрғыдан қарастыруға болады. Соның iшiнде исламның экономикалық моделiн алатын болсақ, әлем жұртшылығының үлкен ықыласына ие болып отыр. Оның бiрнеше себептерi бар.

Соңғы 10-15 жылдың көлемiнде екi iрi әлемдiк экономикалық дағдарыс орын алды. Атап айтқанда, 1998 жылғы "қаржы дефолты" әлемнiң алпауыт елдерiн шайқалтып өттi. Сол бiр қиын сәттерде әлемнiң алпауыт банктерi қаржы дағдарысы кезiнде, күзгi жапырақтай дiрiлдеп тұрғанда, ислам мемлекеттерiндегi шариғат принциптерi бойынша жұмыс iстейтiн банктер мiз баққан жоқ. Тiптi, өркендеу, даму үстiнде болды. Атап айтқанда, Малайзияның банктерi, Иран банктерi өздерiнiң өмiршең екендiктерiн көрсете бiлдi. Түркияға ислам принципi бойынша жұмыс iстейтiн банктердiң келе бастағаны осы дағдарыстан кейiнгi кезеңге сәйкес келедi.

Бұл үрдiс Қазақстанға 2003 жылдан бастап келе бастады. Сол кездегi қаржы министрi Болат Жәмiшовтың осы мәселенi көтергенi, өз қызметкерлерiне тапсырма бергенiн өз құлағыммен естiп, сол бiр жаңалыққа куә болған едiм. Кейiн осы Қазақстандағы ислам банкингiнiң қалыптасу процесi көз алдымнан өттi. Осы ислам банкингiн, жалпы ислам экономикасын жақтаушылардың, оны жалпыластырғысы келген азғантай топтың қажырлы әрекеттерiнiң нәтижесi.

Өткен жылдың соңына таман елiмiзде Әл-Хилал банкiнiң алғашқы бөлiмшесi құрылды. Малайзияның iрi банктерi Қазақ жұртында өз бөлiмшелерiн аша бастады. 2008 жылғы дағдарыс әлем экономистерiнiң, бiлiктi қаржыгерлерiнiң ислам экономикасына деген оң көзқарасын одан әрi нығайта түстi. Бұған ислам банкингiнiң Еуропа елдерiнде кең қанат жаюы дәлел бола алады. Бiр қызығы, ислам банкингiнiң ең бiр өрiс жайған өлкесi – Ұлыбританиядағы Лондон қаласы. Ал Рим папасы арнайы үндеу таратып, ислам экономикалық моделiн болашақ экономикалық дамудың бiрден-бiр үлгiсi ретiнде атап көрсеттi.

Алдағы уақытта Қазақ елiн күтiп тұрған ұлы оқиға – Ислам конференциясы ұйымына төрағалық етуi. Әлем елдерiнде ислам жамағатының саны күннен-күнге көбейе түсуде. Қазiргi күнде Ресейдiң де орыс жұртшылығы арасында мұсылман дiнi кең қанат жайып келедi. Орыс мұсылман жамағатының басылымы, интернет-сайттары бар. Осы орыс мұсылман жамағаты бiздiң үмбемiздiң ең бiр белсендi, әрi әрекетшiл бөлiгi бола алады деп есептеймiн. Себебi, бүгiнгi таңда Ресейде қарқын алап бара жатқан зорлық-зомбылық, бетiмен кетушiлiк және моральдiк азғындалудың бет алып тұрған шағында, орыстың көптеген бiлiктi әлеуметтанушылары "Ресейдiң болашағы – Ислам дiнiнде" деп есептеп отыр. Мен бұл пiкiрдi толықтай қуаттаймын. Расында да, Ресейдiң ғана емес Қазақстанның келешегi де – Ислам дiнiнде. Сондықтан да, алдағы тұрған конференция хақ дiнiмiздiң елiмiзде де, әлемде де кең таралуына, беделдi бола түсуiне үлес қосуы шарт.

Менiңше, ИКҰ-ның төрағалық тiзгiнi қолына тие салысымен, Қазақстан әлем елдерiнде ислам экономикасының моделiн дамытуға, таратуға күш салуы керек. Исламның экономикалық принциптерiн дамыту бұл экономиканы әдiлеттi түрде жүргiзуге, сондай-ақ, әлемде әдiл экономикалық және адами қатынастарды орнатуға жол ашатын бiрден-бiр құрал. ИКҰ-ға мүше елдердiң арасында кедей мемлекеттер де бар. Қазақстан оларға қаржылай емес, технологиялық тұрғыдан көмек көрсетуi керек деп ойлаймын. Әдiстемелiк көмек және ислам экономикалық моделiн тарату осы елдердiң қайыршылықтан, бай-бақуатты тұрмысқа апарар жолындағы бiрден-бiр баспалдақ болады. Қазақстан үшiн ислам экономикалық моделiн насихаттау халық арасында, адамгершiлiктi, бауырмалдықты, әдiлдiктi және гуманизм құндылықтарын енгiзудiң бiр жолы болып табылады.

Төрағалық ету барысында қол жететiн тетiктер, менiңше, бiр елдiң ауқымында емес, бүкiл әлемдiк деңгейде iске қосылады. Сондықтан да, бiздiң төрағалық етуiмiз Қазақстанға қандай да бiр өзгерiс әкеледi деп ойламаймын және бұл төрағалықтан пайда күтудiң өзi әбестiк болар едi.

ИКҰ-ға төрағалықтың экономикалық жақтан пайдасы болмаса да, айқын бiр нәрсе, ол Қазақстанның ислам елдерi алдындағы имиджiнiң қалыптасуына, өсуi мен нығаюына оң әсерiн тигiзедi.

P.S. Ресми мәлiметтерге қарағанда, елiмiзде 40-тан астам конфессияны құрайтын 3 992 дiни бiрлестiк бар екен. Оның 2 334-i мұсылман. Бiздiң жұрттың өзiнде төрт бiрдей мәзхабты (Абу Ханифа, Хамбали, Малики, Шәфи) ұстанған жамағат бар.

ЕҚЫҰ-ның Астанадағы саммитi құрлықтың арғы жағындағы, батыстық "дөкейлердiң" дөң айбатын сыртына салған, бiреумен ымыраға келе бермейтiн, асау мiнездiлердiң жиналысы болды. Ертең құрамына 37 ел кiретiн ИКҰ-ны бiр бұйдамен жетектеп, көш басында жүру, талай асау атанды мұрындақтаған қазекеңе оңай түспесi анық…

Әзiрлеген Жәнiбек ҒАЛЫМ