Жаңалықтар

ЖАПОНИЯ ЕЛШIЛIГI ИМПЕРАТОРДЫҢ ТУҒАН КҮНIН АТАП ӨТТI

ашық дереккөзі

ЖАПОНИЯ ЕЛШIЛIГI ИМПЕРАТОРДЫҢ ТУҒАН КҮНIН АТАП ӨТТI

Жапония мемлекетi аса жоғары мәртебелi император Акихитоның дүниеге келген күнiн ұлттық мереке ретiнде атап өтедi. Күн шығыс елiнiң 125-шi императоры Акихито әкесi Хирохито өмiрден озғаннан кейiн, яғни, 1989 жылдың қаңтарында таққа отырды. Осы күннен берi жапондықтардың Хэйсэй деп аталатын жаңа жыл санау кезеңi басталды.

Жиырма жылдан астам уақыт ел басқарып келе жатқан император Акихитоның туған күнi – 23 желтоқсан. Бүгiнде Жапония мемлекетi аса мәртебелi императордың 77 жасқа толу мерекесiне қызу дайындық үстiнде. Ал, айтулы мереке қарсаңында Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және өкiлеттi елшiсi Юдзо Харада мырза өзiнiң әрiптестерi мен Қазақстанның белгiлi тұлғаларын дастарқан басына шақырып, қонақ етiп, құрмет көрсеттi.

Салтанатты кештi ресми сөзiмен ашқан елшi Юдзо Харада мырза Қазақстан мен Жапония арасындағы экономикалық, мәдени-рухани байланыстың жылдан-жылға артып келе жатқандығына тоқталып, Қазақстанды Орта Азия елдерi арасында көшбасшы әрi Шығыс пен Батысты етене жақындастырып тұрған мемлекет ретiнде атап өттi. "Бүгiнде Жапония үкiметi Қазақстан парламентiмен ерекше байланыс орнатқан. Ал, уран өндiрiсi жағынан қазақ елiнiң "Қазатомөнеркәсiп" ҰАК мен жапонның "Тошиба" компаниясы өзара әрiптестiк орнатып, бiрлесiп жұмыс iстеуде. Қазақстан экономикасының дамуына айтарлықтай үлес қосып жатқан Жапония мемлекетi инвестиция құю жөнiнде де алдыңға қатарда келедi. Болашақта сирек материалдарды өндiру ғана емес, ядролық энергетика, инфраструктура жағына да көңiл бөлiнедi" деп екiжақты байланыстың баяндылығына тоқталды.

Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және өкiлеттi елшiсi Юдзо Харада Қазақстан халқын Тәуелсiздiк күнiмен құттықтауды да ұмытпады. "Қазақстан 19 жыл iшiнде көп жетiстiкке қол жеткiздi. Қазақстанның егемендiгiн алғаш мойындаған елдiң бiрi – Жапония. Бүгiнде Қазақ елiн, қазақ халқын әлем бiле бастады. Жақында ғана өткен ЕҚЫҰ Саммитi Қазақстанды жаңа қырынан көрсете бiлдi", – дедi елшi мырза.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ