ОРЫНБОР – АЛАШ АРЫСТАРЫНЫҢ ОРДАБАСЫ

ОРЫНБОР – АЛАШ АРЫСТАРЫНЫҢ ОРДАБАСЫ

ОРЫНБОР – АЛАШ АРЫСТАРЫНЫҢ ОРДАБАСЫ
ашық дереккөзі

2010 жылдың 24 қарашасы – қазақ елi тарихының шежiресiне ұлтымыз үшiн маңызы зор айырықша дата болып қатталды. Бұл күн – Алаш арыстарына ордабасы болған Орынбордағы қазақ қоғамы өмiр сүрген кезеңнiң тарихи ұлықталған күнi. Қазақ зиялыларының рухы қалған тарихи өлкенiң бүгiнгi һәм келешек ұрпақ үшiн жадын жаңғыртар тағылымдық маңызы зор мемориалдық тақтаның қаланған күнi.

Иә, Орынбор қаласының қазақ елi үшiн қашанда орны бөлек. Бұл өлке – қазақ елiнiң ұлттық мемлекеттiлiгiнiң қалыптасуындағы рухын көтерген қасиеттi мекен. Ал сол тұста Алаш арыстары қызмет еткен, тыныс-тiршiлiк еткен көне ғимараттардың күнi бүгiнге дейiн сақталып келгенi көңiл толқытарлық ерекше жайт. Шындығында, өткелдерiмiз бен өткендерiмiздiң тарихына үңiлiп, оны түгендеу бiздiң перзенттiк парызымыз. Осы орайда, Елбасы Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың "Өткенсiз – бүгiн, бүгiнсiз – ертең жоқ" деген қағидасы аясында, қазақ елiнiң қалыптасуына еңбегi сiңген тарихи тұлғалардың мұрасы кеңiнен зерттелiп, насихатталуда. Мұның дәлелi ретiнде елiмiздiң Премьер-министрi Кәрiм Қажымханұлы Мәсiмовтың қолдауымен Орынбор жерiнде "Алаш ардақтылары" ұлықталған игi шараның iс-жүзiне асырылғанын мақтанышпен айтар едiк. Жалпы, адамзаттың даму тарихында ел басында түрлi ахуалдар болып жатады. Осындай әлеуметтiк кезеңдердiң орнығуы барысында Орынбор өңiрi – ежелгi көршiмiз Ресейдiң еншiсiне тиiп, оның қарамағына өттi. Қазақстан мен Ресей – бұрыннан ынтымағы жарасқан, қалыптасу тарихындағы кейбiр мәдени мұралары ортақ елдер. Мәселен, әдебиет пен өнер саласындағы үндестiктер, бұл күнi тарихи маңызы зор сәулет-ескерткiштерге айналған көне ғимараттардағы мәдени рухани өрiсiмiз – қос елдi қашанда бiрiктiрiп тұр. Сондай тарихи маңызы зор мұраның бiрi – осы Орынбор өлкесiндегi қазақ зиялылары жұмыс жасаған ғибраты мол ғимараттар. Ал, бұл үйде ХХ ғасыр басында Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Мiржақып Дулатұлы бастамасымен тұңғыш төте жазу – қазақ әрпiмен "Қазақ" газетi шығарылып, сол тұстағы қазақ қоғамының қажетiн өтедi. Бүгiнгi күнi бұл үнпарақтың – қазақ жұртының ұлттық төл басылымдарына негiз болғанын бүгiнгi тәуелсiздiк кезеңнiң ғалымдары (тiлшi, әдебиетшi, тарихшы т.б.) мақтанышпен жарыса айтып жүр. Десек те, көршiлес елдiң еншiсiне тиiсiлi осы "Тарихи маңызы зор ғимараттардың тағдыры не болмақ?" деген өзектi сауал қазақ зиялыларының қай-қайсысында толғандырып келген толғақты мәселе болғаны жасырын емес. Дегенмен бұл толғақты мәселенiң келелi шешiмi тек үкiмет деңгейiндегi лауазымды мекеме құзырында екенiн бiлген жұртшылық әлiптiң артын баққаны да рас. Өйткенi, дүйiм жұртты елең еткiзген "Алашорда" деректi фильмiндегi көрiнiстерден соң бұл мәселенiң шешуi ұзаққа созылмас деген үкiлi үмiтке иек артқан қалың елдiң сенiмi болатын. Сол сенiм ақталып, бүгiнгi күнi көңiл сергiдi. Бұл тағылымы зор iске Үкiмет басшысы Кәрiм Мәсiмов араласып, Ресей елiнiң басшысы Владимир Путинге хат жолдап, кешегi Қазақ елiнiң мемлекет болып қалыптасуындағы орны ерекше Орынбордағы тарихи тұлғалар жұмыс жасаған ғимараттардың бүгiнгi ахуалы мен бұл тарихи сәулет-ескерткiштердi келешек ұрпақ жадына мәңгi жазу үшiн "тағылымды шара" өткiзудi қолға алу қажеттiлiгiн көтерген ұсынысы болатын. Үкiмет басшылары араласқан жұмыс қосшысын тауып, екi ел арасында келешек ұрпақ тәрбиесiнде тәлiмi зор алқалы шара өтiп, соңы дөңгелек үстел басындағы мәжiлiске ұласты. Шындығында, ел мен елдiң арасындағы достық ынтамақтастың жарасымы, экономикалық қарым-қатынастардың нығаюы – сол елдi басқарып отырған үкiмет басшыларының сындарлы саясатының нәтижесi екендiгiн қарапайым бұқара бiледi. Әрi ел басшыларының бейбiт өмiр үшiн ұстанған қағидаларын құрмет тұтады. Сонау ХХ ғасыр басында да ел бiрлiгiн ойлап, өз ұлтын өзгелермен терезесiн тең ету үшiн қоғамдық-саяси әлеуметтiк iргелi қадамдарға ұйытқы болған қазақ зиялылары: Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Мiржақып Дулатұлының ерен iстерiнiң iргетасы Орынбордан бастау алғандығын тәуелсiз елi ұрпақ жадында жаңғырту үшiн алқалы жиын өткiзсе, бұл да уақыт талабынан туындаған зәру iстiң бiрi деп қабылдаған жөн. Орынбор облысы губернаторының бiрiншi орынбасары Валерий Рагожкин қабылдаған алқалы шарада Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкiлеттi елшiсi Зауытбек Тұрысбеков Алаш ардақтыларына арналған мемориалдық тақтаның ашылу салтанатында сөз сөйледi. Ал Қазақстаннан барған делегацияны ҚР Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаты, академик Кенжеғали Сағадиев, философия ғылымдарының докторы Аманкелдi Айталы әдебиеттанушы Айгүл Iсмақова, тiлтанушы Мырзакелдi Малбақов, тарихшы Айжан Қапаева, ресейлiктер ғалымдар және БАҚ өкiлдерi толықтырды. Сол күнi Пушкин көшесi 39-үйдегi "№1-шi қалалық стоматологиялық емхана" мекемесiне: "1917 жылы бұл үйде Қазақстанның ұлттық мемлекеттiлiгiнiң қалыптасу тарихында маңызды орын алған бiрiншi және екiншi жалпықазақ съездерi өткiзiлдi" және Чичирина көшесi 75-үйдегi қалалық тұрғынүй ғимаратына iлiнген: "Бұл үйде 1913-1918 жылдары қазақтың көрнектi ағартушы-ғалымы Ахмет Байтұрсынов тұрған" деген қос тақтаның – қазақ жұрты үшiн жылдар бойы аңсаған iзгi армандарының iске асуы едi. Бұл күннiң боладысынан да "болғанының" қаншалықты маңызды екендiгiнiң бүгiнгi қазақ оқығандары, оның iшiнде алаштанушылар пайымдай жатар. Орынбордың алынбастай көрiнген қамалдарының қабырғасына қойылған бұл белгi – өткенiмiз бен бүгiнiмiз һәм келешегiмiздi жалғастырар алтын көпiр екендiгiн, әрi аталар аманатына перзенттiк адалдығымыз деп қабылдаған жөн. Алқалы жиын Орынбор төрiнде "Кеңестер үйiнде" өткен "Ресей – Қазақстан қатынасы: тарих және қазiргi кезең" атты дөңгелек үстелге жалғасып, келелi мәселелер көтерiлдi. Дөңгелек үстелдiң тақырыбы өткен ғасырдың шежiрелi тарихи беттерiн қамтуымен қатар, бүгiнгi таңдағы өркениеттi елдердiң өзектi сауалдарын үндестiкте мәселе етiп көтеруi де жарасымын тауып жатты. Елiмiздiң ғалымдары орынборлықтармен өз ойларымен бөлiстi. Жиын соңында Орынбор облыстық Қоғам және сыртқы байланыстар мәдениет министрi Виктор Шориков мәжiлiсте қаралған баяндамалар мен ұсыныс-пiкiрлердiң жинақ болып шығатынын хабарлады. Шаһардың орталығынан келешекте Алаш арыстарына арнап, "Достық" атты саябақ ашылатыны айтылды. Әлбетте, мұндай игi iстер қос елдiң арасындағы ынтымағын нығайтып, ұрпақ тәрбиесiне оң ықпалын тигiзерi сөзсiз. Алқалы жиыннан алған әсерiмiздi ҚР-ның Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың Алаш ардақтылары туралы айтқан айшығымен қорытқымыз келедi. "Алаштың" басты мақсаты қазақ қоғамын бiрте-бiрте өзгертiп, заманға бейiмдеу едi. Бұл бiздiң қазiргi жедел жаңғыру, яғни модернизация бағытымызға да сай келедi… Алаштың асыл аманаты бiзге тарихи-мәдени бiрегейлiгiмiздi, қарапайым тiлмен айтсақ, қазақы қалпымызды қасиеттеп сақтауға мiндеттейдi". Шындығында, жаһандану заманында мемлекеттiң болашағы үшiн жасайтын және жасалатын қандай да игi iстерде ұлттық болмысымыздың қайнар бұлағы – ата-баба дәстүрiндегi негiзгi ұстанымдарды ұмытпағанымыз абзал.
Имаханбетова Райхан САХЫБЕКҚЫЗЫ, Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйiнiң директоры
Алматы – Астана – Орал – Орынбор – Алматы