Жаңалықтар

МҮСIН ӨНЕРIН МIСКIН КҮЙГЕ ТҮСIРМЕСЕК...

ашық дереккөзі

МҮСIН ӨНЕРIН МIСКIН КҮЙГЕ ТҮСIРМЕСЕК...

Бүгiнгi мүсiн өнерi туралы әңгiме көп. Тiптi бүгiнгi ғана емес, кешегi кеңестiк дәуiрде де бұл өнер жөнiнде әртүрлi ой қозғағандар болған. Сол ойдың көпшiлiгi бiздiң елдегi мүсiндiк туындылардың әмсе көңiл көншiте бермейтiнiне назар аудартатын-ды. Оған өнертанушылардың уәжi – өнерге саясаттың араласуы болса, ал қазiр қай мүсiншiнiң қолын кiм байлап отыр? Негiзгi кiнәрат неде? Осы сауалдар төңiрегiнде бiз үш адамға бiрнеше сауал қойып, ой-пiкiрлерiн ортаға салуды өтiнген едiк.

ТАЛАНТТЫ ДҮНИЕ ТАПСЫРЫСПЕН ТУМАЙДЫ

Тiлеубердi БИНАШЕВ, мүсiншi:

– Бүгiнгi мүсiн өнерiне не жетiспейдi?

– Табиғи дарын деген қасиет Алладан келедi. Шетелден бiлiм алу дарынсызға дарын қосып бермейдi. Қазiргi мүсiн өнерiнде табиғи дарын жетiспеуде. Санаулы. Ал шынайы таланттарға жағдай жасау керек. Жағдайы болмаған соң, әр тарапқа нәпақа iздеп кетуде. Шеберхана – бiздiң екiншi үйiмiз. Атты да бәйгеге шаптыру үшiн жақсылап баптаймыз ғой. Өнер адамы да тура сол iспеттi. Ал күйi дұрыс болмаса, таланты жайында қалады. Өмiрлiк сыңарына да көп нәрсе байланысты. Кейбiр талантты жiгiттердiң отбасылық жағдайы жақсы болмай, iшкiлiкке салынып кеттi. Өнер деген кiтаптан оқып-бiлетiн нәрсе емес. Ол Алладан, табиғаттан келедi деп айттым ғой. Алып кете алмасаң, жоғалып кетуiң де мүмкiн. Қазiр Өнер академиясында айлық өте аз. Мүсiншi деген – теориялық және практикалық деп 2-ге бөлiнедi. Теориялық тұрғыдағысы оқытуға, сабақ беруге ғана бейiм. Көп мүсiншiлер теориялық бiлiмге бай болғанымен, практикаға келгенде қолы жүрмей қалады. Содан кейiн ой жетiспей жатыр. Аттың да түрiн ажырата бiлу керек қой. Мәселен, жылқының айғыры, соғымға сойылатыны, байлайтыны болады. Қазiр бiздiң хан, баһадүрлерiмiздiң көбiн әбден семiртiп, соғымға соятын аттарға мiнгiзiп қойған. Негiзi батыр тұлпарды жаратуы тиiс. Тұлпарды да дұрыс айыра алмайды. Демек, ой тапшы. Бүгiнде тiлiмен сайрайтындар көп. Iсi аз. Жоқ десек те болады. Не көрме ашпайды. Көшеде тұрған ескерткiштердiң барлығы шығармашылыққа жатпайды. Тапсырыспен жасалған дүниелер. Ал шығармашылық өз жүрегiңнiң қалауымен туады. Шынайы талантпен бiрге халтурщиктер де кездеседi. Халтурада ақша көп болады. Айыра бiлу керек. Бүгiнде көп мүсiншiлер тапсырыспен iстейдi. Бiрақ, оларда шығармашылық жоқ. Сонсоң тұлғалар аттың үстiнде отырғаннан жалықты. Өзге де қаһарман жетерлiк. Алдар көсе, Қожанасырды әспеттеп, неге бейнелемеске?! Жуырда "Мұңлық-Зарлықты" Алматыда қоямыз деген бастама көтерiлiп едi. Қаржы мәселесiмен аяқсыз қалды. Бұл мүсiнде бейнеленген арал, төрт Сырдың толқыны, төрткүл дүниенiң төрт бұрышына мәлiм дегенге меңзейдi. Арғы жағынан қарасаң, қобызбен тұрған Мұңлықты көресiң. Мұңлықтың заманында жазу аз дамығандықтан не нәрсе де қобыз арқылы жеткен. Бергi жағынан қарасаң, әлгi қобыз қылышқа айналады. Ол ел қорғаған батыр болған-ды. Екеуi егiз өмiр сүрген. Сол қалыптарында киiктiң үстiнде отыр. Анасы әлпештеп асыраған. Осындай тәрбиелiк-тәлiмдiк маңызы зор мүсiн қойылуы керек. Қазiргi мүсiндер Қытайда жасалып, мұнда әкелiнiп жатыр. Олардың қазаққа айтары да, берерi де шамалы. Осындайда қазақта өнер, тарих жоқ па деп, қаның басыңа шабады. Бiзде саябақ көп. Жұрт демалатын жерлерге қазақ қызының прототипiн қойса құба-құп. Мысалы, Баян-сұлу, Еңлiк-Кебектерiмiздi. Жастардың "Қозы-Көрпештiң" аллеясында кездесемiз дегенi қандай ғанибет! Осылайша жастардың тарихқа деген қызығушылығы артады. Ұрпаққа мәңгiлiк өшпес мұра болып қалады.

– Жастардың беталысы қандай?

– Жастарды ауызға алмас бұрын, аға буынды сөз етейiкшi. Хакiмжан Наурызбаев деген атақты мүсiншi Алматыдағы Абайдың, М.Әуезовтың, Шоқанның мүсiнiн тұңғыш қойған. Бүгiнде ұмытылып барады. Бiз осы кiсiлермен мақтансақ керек. Марқая жазсақ едi. Ол – қазақ мүсiн өнерiндегi тұңғыш мүсiншi. Жас қайыңдай желкiлдеп өсiп, жастар да жетiлдi. Жусанның, қойдан қиының иiсiн сезбей, қаладағы асфальттың үстiнде өскен. Көретiндерi – шетелдiң киносы. Өз есептерiнде өздерiн тым заманауимыз деп есептейдi. Сонда бiздiң ұлтшылдығымыз, қазақтығымыз қайда қалды? Бойын өз ұлтынан аулақ ұстағысы келетiн жастардың бiзге керегi не? Мұндай жастардың кейбiрi кез келген уақытта Отанын сатуға барады. Ең алдымен, тарихымызды ұмытпасақ игi едi.

– Бүгiнге дейiн қанша көрме өткiздiңiз?

– Есiмде қалмапты. Әсiресе, Кеңес Одағының кезiнде көп өткiздiк қой. Қазiргi уақытта көрме мақсат емес. Барлығын ұйымдастырып, үйлестiретiн, сөйтiп iрiктейтiн көркемдiк кеңес жоқ. Әркiм әртүрлi деңгейде жұмыс iстеуде. Қаражаттан қиналған кей мүсiншiлер түрлi секталардың итаршысы боп кетуде. "Мамбетизм" деген ұғым шыққан ғой. Бiздi менсiнбейдi, кемiтедi деп намыстанатын жiгiттер де бар.

– Сiздiң бiр туындыңыздың жарыққа шығуы үшiн қанша уақыт кетедi?

– Мен уақытпен жұмыс iстемеймiн. Көңiлiң болмаса, түк те шықпайды. Тез арада бiтiру керек деген ниетте iстесең, халтура шығады. Көзбояушылық. Сен оны ұқпауың мүмкiн. Бiрақ, мен iштей түсiнiп тұрам. Сырты жылтырағанымен, iшi әйтеуiр жасалуы мүмкiн. Сенi қоршаған орта жақсы болуы керек. Бiреу төбеңде тұрса, ешнәрсе де өнбейдi. Көп суретшiлер отбасынан ажырасып кеттi…

– Осы күнi тапсырыс жайы қалай? Тапсырыс беретiндер табыла ма?

– Өте аз. Өнерге қызығатындардың саны күрт кемiдi. Пенделер қу дүниенiң соңында жүр. Өнер тасада қалып қойды. Арбатта отыратындардың жұмысы сұлу екен деп ойламаңыз. Түрiңiздi келтiрудi бiледi. Бiрақ, ол жұмысты ешқайда қоя алмайсың. Өйткенi, ешқандай құндылығы жоқ. Сурет өнерiнде мынадай тәмсiлдi естiдiң бе? Сальвадор Дали деген суретшi бүкiл әлемге танылған. Бiр күнi сол мейрамханада демалып отырса керек. Ол өзi өте бай әрi бақуатты кiсi болған деседi. Жаңағы мейрамханаға бiр қыз бен жiгiт кiредi. Жiгiттiң Далидың ас та төк байлығынан жақсы хабары болса керек. Қасындағы қалыңдығына автограф алуды ұсынады. Қымбат сусын жiберетiн шығар деп жориды. Қыз Далидан автограф сұрайды. Ал Далидың қолында не қағазы, не қаламы болмаған соң, қол сүртетiн қағазға бiрнәрсенi сызып бередi. Жiгiтi екеуi келгенiн байқаған ол: "Мынау– сендердiң тойларыңа сыйлығым", – дейдi. Қыз даңқты суретшiге, "соншалықты сараң болар ма едi" деп қапаланады. Бiр жылдан соң, Дали өмiрден озады. Кейiн әлгi айқыш-ұйқыш салынған суреттi бiр ауқатты адам миллион долларға сатып алыпты. Сөйтсе, ол Далидың өмiрiндегi тұңғыш салфеткаға салған суретi екен. Қыз сол кезде оның ұлылығына бас иiптi. Пикассоның жұмыстарын менiң өзiм көбiнесе түсiнбеймiн. Ал бiрақ өте қымбат бағаланады. Оның жұмысы әлi күнге дейiн зерттелуде. Менiң де басымда бiр қызық жәйт болды. Бiр күнi қыздың бейнесiн жасадым. Сол мүсiн өзiме еш ұнамады. Алдым да, жерге лақтырып жiбердiм. Қазiргi түрi ендi экспонатқа ұқсайды. Бабалардан қалған зат iспеттi. Қазып алған сияқтымын. Шедевр. Бәлкiм, бұл Баян сұлу, Қыз Жiбек шығар. Нағыз туындыға айналып шыға келдi. Сондай қызық, буырқанған сәттердi өткеремiз.

– Музейiңiздiң ашылғанына қанша болды?

– Музейiмдi хобби үшiн аштым. Адамдар рухани тәрбие алсын деген мақсатта келушiлерге қызмет көрсетедi.

КӨРКЕМДIК КЕҢЕСТIҢ ҚАДIРI ӨТТI…

Марат ӘЙНЕКОВ, доцент:

– Бүгiнгi мүсiн өнерiнiң насихатталуы қандай?

– Екi астанамызда кейiнгi кездерi көп мүсiндер орнатылуда. Өкiнiшке қарай, көпшiлiгi аяқастынан жарыққа үстiрт шығып жатыр. Iрiктеуден өткенiмен, шындығына келгенде, сапасы сын көтермейдi. Кеңес уақтысында үкiмет қаулы шығаратын. Ол қаулы Суретшiлер одағына берiлiп, арнайы мамандар тартылатын. Жарыстан өткеннен соң да, талай сынға iлiгетiн. Жеке Көркемдiк кеңес жұмыс iстейтiн. Құрамына ғалым, сәулетшi, суретшi, мүсiншiлер жасақталатын. Барды бар, жоқты жоқ дейтiн едi. Көркемдiк кеңестiң сын тезiнен шыққан туындыға сұраныс аса зор болатын-ды. Көрмеге бiр апта қалғанда ғана хабарланамыз. Неге екенiн бiлмеймiн, кей кезде ешқандай да хабар келмейдi. Бала құрсақта тоғыз ай жатуы керек қой. Сол сияқты мүсiннiң де мезгiлi болады. Бұл оңай жұмыс емес. Екiншiден, мұндай күрделi жұмыс тәжiрибелi маманға берiлетiн. Кейiнгi кездерi мүсiндi кез келгенi жасай беретiндi шығарды. Әуесқойлар көбiнесе сапасыз мүсiн жасайды.

– Мүсiн өнерiмен шұғылданып келе жатқаныңызға қанша уақыт болды?

– 1973 жылы Ленинградтағы академияны тәмамдағаннан берi шұғылданып келемiн. Оқуды бiтiрiсiмен Бүкiлодақтық жарыс өттi. Әлияға – батыр қызымызға менiң авторлығымдағы ескерткiш орнатылды. Жамбылдың, Абайдың, Шоқанның, Мағжанның, Сәкен Сейфуллин, Шәкен Айманов, Сәтбаев, Қызылордада Асқар Тоқмағамбетовке, Ұлы Отан соғысының ардагерлерiне арнайы қойылған ескерткiштер менiң шеберханамнан шыққан жұмыстар.

1993 жылы менi 3 айға Түркияға жiберген. Соңынан әлгi үш ай он бiр жылға айналды. Стамбұлда ұлы Абайдың ескерткiшiн, Анкара қаласында Мағжанға, Абайға, Әуезовке, Ататүркке және тағы басқа тұлғаларға бiрнеше ескерткiш жасадым. Содан қайтып келгеннен кейiн балам Саят екеумiз Мәскеуде, Чистопрудный бульварында, 2006 жылы Абайдың ескерткiшiн орнаттық. 2007 жылы Иранның астанасы Тегеранда тағы да дана Абайдың ескерткiшiн жасадық .

– Жеке шеберханаңыз бар ма?

– Бар. Ең өкiнiшiтiсi, қазiргi жастарға өте қиын. Бұрын Кеңес үкiметi жақсы жәрдем беретiн. Қазiр жастарда не шеберхана, не үй жоқ. Шеберхана мәселесi – жастар үшiн күрмеуi қиын мәселе. Суретшiлер одағында шеберхана берiлуде. Алайда, аяқсыз қалып қоюда. Әлi ешкiмге толық ғимарат берiлмедi. Қолдарында құжаттары да жоқ.

– Сiз кiмнiң "шапанынан" шықтыңыз?

– Менiң ұстазым – Журавлев Николай Степанович деген мүсiншi. Қазiр Алматыда Абай атындағы ҚазҰПУ-да дәрiс бередi. Ленинградта Пенчук, Анекошиндардың шеберханасынан шықтым.

СОҢҒЫ ЖИЫРМА ЖЫЛДА ӨНЕР АКАДЕМИЯСЫНА ЕШБIР ӘКIМ БАС СҰҚПАДЫ

Мәлiк ЖҮНIСБАЕВ, профессор:

– Мүсiн өнерiндегi қордаланып қалған мәселелердi шешу үшiн сiздiң қандай ұсынысыңыз бар?

– Қазiр қай жерде қайсыбiр мүсiн ашылып жатқандығынан бейхабармыз. Әркiм өзiнше қимылдауда. Кеңес кезiнде Мәскеуден суретшi, мүсiншi, сәулетшiлер жайлы журналдар оқырманға жол тартатын-ды. Шетелден келетiн басылымдар да баршылық едi. Сол журналдардан жер-жерден хабар-ошар алып отырушы едiк. Суретшiлердiң еңбегi кеңiнен насихатталатын. Қазiр журналға ақша жетпесе де, ең құрығанда республикаға таралатын газет болса деген тiлегiмiз бар. Академия қабырғасындағы қабырға газетi ешкiмге жетпейдi. Өнердiң кино, театр саласы жап-жақсы насихатталып жүр ғой. Ал мүсiн өнерi көлеңкеде қалып қоймаса игi едi. Қарапайым ақпарат алатын баспасөз болса, айымыз оңынан туар едi. Өз көзiңмен көрмеген соң, адам оның қандайлығын қайдан айтсын?! Бiреудiң аузынан естiп, әлдебiр қорытындыға келуге болмайды. Болат Сапарұлы осыдан екi жыл бұрын өзi жасаған мүсiндi ашты. Талайлар таңдай қақты. Ендi бiреулерге ұнамай қалды. Өзiм көрiп, мүсiннiң әп-әдемi екенiн байқадым. Ешқандай кемшiлiк аңғармадым. Өнер академиясына соңғы жиырма жылда ешбiр әкiм басын сұқпады. Биыл аудан әкiмi келiп, студенттердiң жұмыстарын көрiп, өз ойын айтты. Балаларға өз ұсынысын бiлдiрдi. Атқамiнер азаматтардың академияға ат басын бұруы жақсы үрдiс қой.

Өзiмнiң ойымша, ескерткiш те идеологиялық құралдың бiр түрi. Ол керегiне керек. Дегенмен, адам демалып жүргенде көретiн, аялдайтын саябақтарға жәй мүсiндер қойылса. Қайсыбiр мүсiншi жеке шеберханасында ескерткiштен өзге көптеген өз қиялынан туған алуан мүсiндер жасайды.

– Қазiр қандай мүсiн жасаудасыз?

– Абай атындағы ҚазҰПУ-дың алдында тұрған Абайдың ескерткiшiн өзiм iстегенмiн. "I club"-тағы екi мүсiндi жасадым. Торғайда Шақшақ Жәнiбектiкi бар. Өткен жылы Болат Сапарұлы екеумiз Мақаншыда Қабанбай батырды қойдық. Қазiр Үкiлi Ыбыраймен жүрмiн.

– Сiздi жақында шеберханаға қол жеткiздi деп естiдiк. Рас па?

– Сәтбаев көшесiнде бұрын комбинат болған-ды. 50 адамдай iстегенбiз. Шүкiр, шеберхана алдым. Үш жыл бойы күттiм. Бiрақ, әлi iшiне кiруге рұқсат жоқ. Жыл сайын 6 бала осы академияны бiтiредi. Таңсықбаев атындағы училищеден де түлектер бар дегендей, жылда он шақты маман түлеп ұшуда. Бұрын жақсы бағдарламалар бар едi. 80-жылдары өкiмет көп көмектесетiн. Қазiр оның бiрi де жоқ. Жас мүсiншiлер қатты қиналуда.

"Түркiстан" газетiнiң тапсырысымен сұхбатты дайындаған –

Мөлдiр КЕНЖЕБАЕВА