Жаңалықтар

ҚАРАШАДАҒЫ ҚЫМБАТШЫЛЫҚ

ашық дереккөзі

ҚАРАШАДАҒЫ ҚЫМБАТШЫЛЫҚ

Ауа райының қолайсыздығынан туындаған қуаңшылық, нарықтағы белең алған алыпсатарлық, орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың бағаны реттеудегi босбелбеулiгi қарапайым тұтынушының қалтасына тағы да қол салды. Үкiмет қымбатшылықты қолдан жасайтындарға қарсы қылмыстық iс қозғап, қойылатын талаптарды күшейте түскен сайын, нарықты саусағының ұшында ойнатқан делдалдар мен алыпсатарлар "ит қорыған жерге өштiң" керiн келтiруде.

Осыдан бiр айдай уақыт бұрын Үкiметтiк отырыстардың бiрiнде отандық азық-түлiк тауарлары нарығындағы бағаға қатысты ахуалға көңiлi толмайтынын жеткiзген ҚР Бәсекелестiктi қорғау агенттiгiнiң төрағасы Мәжит Есенбаев баға саясатына қатысты талаптарды күшейте түсу керектiгiн айтқан едi. Үкiмет пен жергiлiктi атқарушы органдардың күшiмен, алғашқы тоғыз айда бағаны бiршама ауыздықтауға қол жеткiзiлгенiн көлденең тартқан Есенбаев қыркүйектен бастап, бағаның үздiксiз өскенiн жасырмады. Оған қуаңшылық, тасымалдаудағы маусымдық ерекшелiктер, нарықтағы алыпсатарлық пен орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың бағаны дер кезiнде реттеуге көңiл бөлмеуi себеп болған. Үкiметтiң араласуымен, сол кезде ұн, нан, күнбағыс майын сатуда алыпсатарлыққа жол берген азаматтарға қатысты тiптi, қылмыстық iс қозғалып, тергеу жұмыстары жүргiзiлген. Алғашқы он айдағы 7 пайыздық инфляцияның 5,5 пайызы азық-түлiкке тән болғандықтан, билiк пен тиiстi орган қызметкерлерi алдымен базардағы бағаны ауыздықтауға мүдделi екендiгi белгiлi.

Қараша айының басында бiрқатар отандық көтерме-сауда орталықтарының басшылары елiмiздегi азық-түлiк бағасы қымбаттайтынын мәлiмдеген болатын. Көп ұзамай мұны жоққа шығарған ҚР Ұлттық банкiнiң сарапшылары iшкi нарықтағы баға саясатын тұрақты деп бағалады. Алайда, арада ай өтпей жатып, анығы, желтоқсанның үшiнде ресми деректердi көлденең тартқан ҚР Статистика жөнiндегi агенттiктiң мамандары қарашадағы қымбатшылықты пайыздық көрсеткiштерге шағып көрсеттi. Агенттiктiң хабарлауынша, 2010 жылдың қарашасындағы инфляция 0,8 пайызға тең болған. Өткен айда азық-түлiк бағасы – 1,2 пайызға, тауарлар – 0,6 пайызға, ақылы қызмет көрсету 0,4 пайызға артыпты.

Бағасы шарықтағандар қатарында жармалар (23,8%), қарақұмық (13,8%), маргарин (6%), қант (5,2%), жұмыртқа (5,4%), күнбағыс майы (4,9%), картоп (4%) бар. Одан кейiнгi кезекте 1-3%-ға дейiн құны артқан көкөнiс, сүт, қант, ет өнiмдерi, кофе, шай, балық т.б. тұр. 2011 жылдың 1 қарашасында берiлген деректерге сәйкес, диiрменнен өткiзiлмеген дәндi-дақыл көлемi 13,9 млн. тоннаға тең болған. ҚР ауыл шаруашлыығы министрiнiң жауапты хатшысы Евгений Аман жиылған астықтың iшкi сұранысты толық қамтамасыз етуге қауқарлы екендiгiн, сондай-ақ, экспорттық потенциалды 7-8 млн. тонна көлемiнде сақтап қалуға, ұн мен ұн өнiмдерiне қатысты баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкiндiк барын айтқан. Бiрақ қарашадағы қымбатшылық ұн мен ұн өнiмдерiн айналып өтпептi – 7,1 пайыз.

Сондай-ақ, қарашада қатты отын қарапайым тұтынушының қалтасын 3,3 пайызға "жұқартса", сығымдалған газ бен жер май – 1,3 пайызға, жанар май 0,5 пайызға қымбаттаған. Негiзi базарда бағасы өспеген зат жоқ, кiтаптар мен газеттер, киiм мен аяқ киiм, шыны мен керамикадан жасалған заттар, дәрi-дәрмек, кiр жуатын ұнтақ пен тазартқыш заттар, мейрамханалар мен қонақүйлер қызметi, мәдениет нысандары, денсаулық сақтау саласы, шаштараз т.б.

Мұндайда жалақы мен зейнетақының қомақты бөлiгiн "жұлып түсiретiн" коммуналдық төлемдердiң "жыры" бiр басқа. Мысалы, сумен жабдықтау – 0,9%, тасымалданатын газ бен канализация – 0,8%-ға көтерiлсе, орталық жылыту керiсiнше, 0,1%-ға төмендеген.

Бүгiнгi таңда Қазақстанда 2011 жылдың наурызына дейiн қарақұмықты, күнбағыс майын экспорттауға тыйым салынған.

Статистикалық агенттiктiң мәлiмдеуiнше, 2010 жылдың қарашасындағы жан басына шаққандағы орташа күнкөрiс деңгейi 13 467 теңге болған. Бұл қазан айымен салыстырғанда, 8,7 пайызға кем, ал өткен жылдың қарашасына қарағанда, 12,9 пайызға артық, яғни, жоғары.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ