Жаңалықтар

ТАҒДЫР СУРЕТКЕРI

ашық дереккөзі

ТАҒДЫР СУРЕТКЕРI

(Қаламгер Бақыт Мерекенованың "Адам тағдыры" туындысы жайлы ойлар) 

Қазақ көркем әдебиетi ауылына қоныс тепкен прозашы әйел қаламгердiң көпшiлiгi, күнi кеше қазақтың жалғыз ұлттық университетiнiң журналистика факультетiнде өзiмнен дәрiс алған шәкiрт қыздарым болды. Олар бүгiн үлкен прозадан өз орындарын ойып алған көркемсөз зергерлерi. Солардың сапында қазiр қазаққа танымал прозашылар: Роза Мұқанова, Мағира Қожахметова, Шәрбану Бейсенова, Сара Латиева, Қаршыға Есiмсейiтова, Орынгүл Тәжиевалар бар. Бұл прозашы шәкiрттерiмнiң қай-қайсысының да шығармашылығы жеке-жеке дербес әңгiмелеуге лайық. Бүгiн оны болашақтың үлесiне қалдыра тұрам.

ХХ ғасырдың 80-жылдарында қазақ көркем әдебиетiнiң қыз прозашыларының жасағын толықтырғандардың бiрi – Бақыт Мерекенова. Оның "Адам тағдыры" атты көркем әңгiмелерi, эссе, элегиясы мен бiр хикаясы басылған осы кiтапты оқып бiткенде, мынаған көзiм жеттi: осыдан отыз үш жыл бұрынғы менiң Бақыт Мерекенова шәкiртiм бүгiн адамдар тағдырының шынайы суреткерi болыпты. Ендi осы түсiнiгiмдi, оның "Адам тағдыры" атты көркем шығармалары жинағына енген туындыларының мысалдарына жүгiне дәлелдейiн. Бiрақ, оны мен кәсiби сыншылық тұрғыдан емес, қаламгер-оқырман ретiнде жасамақпын… Кiтапта бүгiнгi заманда ортамызда өмiр сүрiп жатқан адамдардың тағдырлары бейнеленген – Тағдыр дегеннiң өзi не? Тағдыр деген – Жаратушының өзi жан берген әр пенденiң тiршiлiгiнде ненi бастан кешетiнiн алдын-ала айқындап қойғаны: қилы-қилы өмiрi немесе тiрi пенденiң тiршiлiгiнде жасайтын қилы-қилы қарекет-әрекетi, көретiн қилы-қилы қиыншылығы, бiреулерге жасайтын жақсылығы, жамандығы, қиянаты, зорлығы, өктемдiгi. Қолданатын қилы-қилы қулығы, iске асыратын қилы-қилы сұмдығы, зұлымдығы, қанiпезерлiгi, өзгеге жасайтын қилы-қилы рахымы, адамдығы. Бастан өткерер түрлi-түрлi қуаныш, ренiшi, махаббат, сүйiспеншiлiк сезiмдерi, осылардан татар рахаты – ләззаты, қуанышы, зардаптары – күйзелiсi, күңiренiсi тағысын тағылар. Бақыт Мерекенованың сөз етiлiп отырған жинағындағы шығармаларда адамдардың – кейiпкерлердiң нақ осындай жайлары, күйлерi баяндалған, суреттелген, бейнеленген. Аталған жинаққа оның 1982–2006 жылдар аралығында, негiзiнде баспасөз басылымдары ("Жұлдыз", "Жалын" журналдары, "Ақ босаға", "Ана тiлi", "Алматы ақшамы" және басқа газет) беттерiнде жарияланып, қалың жұртшылық оқыған 25 шағын көлемдi шығармалары басылған. Үшеуi – эссе, бiреуi – хикая (повесть), бiреуi – элегия. Бәрi де көркем тiлмен жазылған туындылар. Ал, сол жиырма әңгiменiң алтауы: "ұзақ әңгiмелер" немесе бiздiңше шағын (мөлтек) хикаяттар жүгiн көтерiп тұрған туындылар. Олар: "Ақмарал", "Кешiрiм", "Адам тағдыры", "Түтiнi өшпеген үй", "Кеш оянған махаббат" және "Сұлулық пен зұлымдық" деп аталған әңгiмелер. Бұл әңгiме табиғатында шағын хикаяттық проза жанрына тән әдеби компоненттер: қысқа оқиғалар да, тартымды сюжеттер де, оқыс ситуациялар мен табиғи диалогтар да, әдемi портреттер де, авторлық сипаттаулар да, түйе баяндаулар да бар көрiнедi. Солардың бәрi шығармадағы "адамдар" – кейiпкерлер тағдырына қатысты. "Ақмарал", "Адам тағдыры", "Кешiрiм", "Сұлулық пен зұлымдық" деп аталатын сондай мәндi ұзақ әңгiмелер. Автордың әңгiмелерiне кезiнде халқымыздың белгiлi жазушылары Сафуан Шаймерденов, Оралхан Бөкеев, Әзiлхан Нұршайықовтар және сыншы Сағат Әшiмбаев, Мұхтар Шаханов назар аударған екен. Мәселен, Оралхан Бөкеев 1982 жылы Бақыттың "Жұлдыз" журналында басылған "Ақмарал" әңгiмесiн оқып шыққасын: "Бұл әңгiме – ана рухы, ана ерлiгi бейнеленген туынды" – деп, баға берген де, оның авторының болашағына үлкен үмiт артқан. Ал, Сафуан Шаймерденов 1985 жылы "Жалын" журналында жарияланған "Кешiрiм" әңгiмесiн оқып шыққаннан кейiн: "Бақыт кейiпкерлерiнiң жан дүниесiнiң қатпарларына терең бойлап, психологиялық қазбаларға барады… Мерекенованы қазақ әдебиетiнiң бүгiн болмаса, күнi ертеңгi көз қуанышы деп танымақпын" деп жазды, сол журналдың өз бетiнде. Ал, Әзiлхан ағамыз Б.Мерекенованың "Адам тағдыры" жинағына "Қанат ұшса қатаяды" деген алғысөз жазып, онда ол жас қаламгердiң көргенi мол тәжiрибелi жазушылардай қалам сiлтеуiне қуаныш бiлдiрдi. Автордың "Адам тағдыры" атты әңгiмесiнiң көркемдiгiне нақты мысал келтiрдi. Кейiпкерiнiң iшкi ой-сезiмiне терең бойлайтынын, табиғи теңеулер арқылы пәлсапалық ой түйетiнiн айтты. Ал, жинақта басылған "Таң рауаны" повесiн "Роман жүгiн көтере алатын сүбелi шығарма" деп бағалады. Бiрақ, рас, бұл суреткер Бақыттың "Адам тағдыры" әңгiмесiне повестке теңеген тура анықтау айтқан жоқ. Дегенмен, бiз Әзағаңның ол әңгiмеге қатысты жоғарыдағы пiкiрлерiн негiзге ала отырып, Б.Мерекенованың "Адам тағдыры" әңгiмесiн де повесть жүгiн көтерiп тұрған шығарма деп бағаламақпыз. Ендi өз түйiнiмiздi дәлелдеу үшiн хикаят жүгiн көтерген туындылар деп атаған әңгiмелердiң кейбiрiнiң мәтiндерiнен, олардың сондай туындылар екенiн айғақтайтын шығармадағы әдеби компоненттiк нақты мысалдарды келтiрейiк. Оларда нендей адам тағдырлары қалай алға жайылғандарын және олардың нендей әдеби компоненттерде көрiнiс тапқанын қысқаша айтып өтейiк. "Ақмарал" атты ұзақ әңгiмеде сүйген ғашық жiгiтiне қосыла алмай өмiрi өксумен өткен ару тағдыры алға жайылған. Басты кейiпкер – ауылдың ерке сұлуы Ақмарал қыз. Ол шопыр жiгiт Амантайға ғашық. Тағдыр деген сол, Амантай сүйген қызы Ақмаралға жұмыстан кейiн тезiрек жетем деп, асығып жүрiп, машина апатына ұшырап, өмiрден озды. Ғашықтар махаббаты ойда жоқта үзiлдi. Мұндай тағдырлы жастар бүгiнгi өмiрде аз ба? Бұл әңгiменi хикая мәнiстi етiп тұрған әдеби компонент – оқиға – Амантайдан жүктi Ақмаралдың сол күйi мәжбүр болып, өзi сүймейтiн жiгiт Темкешке тұрмысқа шығуы. Бұл оқиға күрделi, мұңды. "Ақмарал" әңгiмесiн хикаяттыққа "жетелеп тұрған" – ондағы ситуация – Амантайдың оқыстан машина апатынан өлiмге душар етiлуi. Әңгiмеде хикаяттық тартыс та бар. Ол – Ақмарал мен Темкештiң бiр-бiрiмен iштей арпалыстарының, Темкештiң өгей ұлы – Арманды iштей де, сырттай да жеккөруiнен көрiнедi. "Ақмарал" әңгiмесiнде автор өмiрдегi Ақмарал, Темкеш iспеттi жастардың бастан кешкен қайғылы тағдырларынан сабақ алуға мегзейдi. Бұл шығармадағы оқырман назарын аударатын тағдыр – бүгiнгi өмiрде де кезiгетiн дүниеқоңыз пенделердiң тiршiлiк әрекетi. Ол "Адам тағдыры" әңгiмесiнде сырты – сұлу, iшi – мерез Сағымбике бикештiң iс-әрекетiн бейнелеуден көрiнiс тапқан. Әңгiменi хикаяттық мәндi етiп тұрған – оқиға – алыпсатарлықпен айналысып, қаншама жиһаз, мүлiк жиған, патша сарайындай ғимаратқа ие Сағымбикенiң дүниеқоңыздықтан, ақыр соңында, өзiн жастайынан "Сәкiш" деп еркетотай етiп өсiрген туған әкесi – ақкөңiл Жарылқасын қарияны аш-жалаңаш, от жағылмайтын суық сарайға жатқызып, ит өлiмiмен өлтiрген, ақыры оны өз қолымен жерлемеген айуандық iс-қылығы. Оқиға аса қайғылы, тiптi, адам сенбестiк те! Бiрақ, автор оны сенiмдi етiп көрсеткен. Оның үстiне бүгiнде, қарт ата-аналарын далаға лақтырып тастап жатқан безбүйрек жастар да бар ғой. Осы әңгiмеде повестiк прозаға лайық жағымды кейiпкерлер бар. Соның бiрi – жаны жомарт, адамгершiлiгi мол, жапа шеккен Жарылқасын қарияның кiр-қоңын да жуған, тамағын да iстеп берген студент Дәулет және көмусiз қала жаздаған мүсәпiр қарияны өздерi ақ арулап қойған көршi кемпiр-шалдар. Бiз хикаят санатына жатқызған алты әңгiменiң бiрi – Бақыттың "Кешiрiм" атты әңгiмесi. Бұл әңгiменi хикаят iспеттi деуiмiзге себеп, ондағы Қамарды ажырасуға итермелеген қызғаныш ситуациясы, әне оның намыстан елiне қайта оралмай, Кентау қаласына жұмысқа орналасуы, қазақ әйелдерi бара бермейтiн айырылысқан күйеуiне (Сырымға) қайта қосылу оқиғалары, Балжан, Қаражан, Сәлмен, Батима-сынды жағымды, өсекшi Жәмила-сынды жағымсыз кейiпкер болуы сияқты әдеби компоненттерi. Бақыттың "Кешiрiм" әңгiмесiн хикаяттық мәндi деп бағалауымызға негiз болып отырғандар – осылар. Хикаят жүгiн көтерген туындылар деп тұжырымдаған Бақыт Мерекенованың "Түтiнi өшпеген үй", "Кеш оянған махаббат", "Сұлулық пен зұлымдық" атты ұзақ әңгiмелерiнде де әлгiндей әдеби компоненттер баршылық. Сондықтан, бұларға, алда уәде еткендей әрi тоқталып жатпаймын. Ал, "Таң рауаны" атты ұзақ әңгiмеге Әзағаңнан асырып айтарым жоқ. Ендеше Бақыт шәкiртiмнiң "Адам тағдыры" тақырыпты көркем кiтабының басқа құнды жақтары мен автордың өзiнiң шығармашылық табыстарына тоқталайын. Бақыт Мерекенованың қысқа әңгiмелерiнiң қай-қайсысы да бiр деммен оқырлық көркем дүниелер. Әсiресе, "Операция", "Үмiт шырағы", "Жалғасқан өмiр", "Кеш оянған махаббат", "Қызыл iшiк", "Алғашқы махаббат", "Мансапқа қарай құрмет", "Бедеу қатын", "Бойдақ жiгiт" әңгiмелерi. Бұл аталған әңгiмелер, тақырыптарынан аңғарылып тұрғанындай, махаббат, сүйiспеншiлiк жайлы әңгiмелер. Кейiпкерлерi – қыз-келiншектер. Солардың психологиясы. Солардың нәзiк сезiмдерi. Солардың қылық-қаракеттерi, солардың кейiп-келбеттерi немесе әйел болмысы сырлары тамаша бейнеленген туындылар. Жазушы әсiресе, қай кейiпкерiн де сипаттаудың, портреттеудiң шеберi. Және ол осы әдеби тәсiлдердi кейiпкерлерiнiң iшкi жан дүниесiн ашуға, сол арқылы олардың жанды бейнелерiн нанымды сомдауға шебер пайдаланады. Сөйтiп, оның әр әңгiмесiндегi сипаттау, портреттеу – кейiпкердi мiнездеу, тұлғалау болып шығып отырады. Осыны дәлелдеу үшiн "Бойдақ жiгiт" деген бар болғаны 4 беттiк мөлтек әңгiмеден бiр қысқа ғана мысал келтiрейiн: "Есеп-қисап бөлiмiнде төрт әйел және жалғыз еркек, яғни, Бөкен қызмет етедi". (Бұл көркем шығармаға тән әңгiмелеп айту әдiсi. Құрғақ хабарлау емес. – Ә.Ы.). "Әйелдердiң бәрiнiң жас шамасы, Бөкеннен үлкен, орта жастағы, үйлi-баранды адамдар… алғашқы күндерден әйелдердiң ермегi Бөкендi тезарада үйлендiру жайы болды…" "– Бөкентай-ау, қыздар деген хор қызындай сылаңдап, өзiңдей бойдақ жiгiттерге сұқтанып, толып жүргенi анау! Ал, сен солардың бiреуiнiң етегiнен ұстамай, жайбарақат ұйқылы-ояу жүргенiң қалай – деп, Қалипаның сөз бастауы мұң екен, әлекедей жаланған, бiлектерiн сыбанып отырған басқалары осыны күтiп отырғандай, iлiп ала жөнелдi… … – Қатындар, осы баладан түк шықпайды бiлем, әлгi есепшi қыз Фарида қайта-қайта келгiштеп, қылмаңдап көз тiгiп едi, жiгiт басымен бұл… қызарып-бозарып, терiс айналды емес пе? Тұлыпқа мөңiреген сиырдай, қашанғы құр бекер дәмеленсiн, Фарида күдер үзген болар. Ол соңғы кезде келуiн қойды…" Қалипаның бұл сөздерiне: "– Әй, өзiм Бөкендей жiгiт болсам… Уһ, шiркiн-ай, десеңшi! – деп, алақанын сарт еткiзiп, ағы көп алайған қой көзiн төңкерiп Салиха сылқ-сылқ күлдi." "– Салиха бүгiн ентiгiп, кешiгiп келдi. Орнына жайғасар-жайғаспастан, қолына айнасын ұстап, бет-аузын опалап, ернiн қызарта бояп: – Представляете, бүгiн мен аялдамада бiр жiгiттi көрдiм… Просто супер жiгiт!" – дедi. "– Ойпырай, Салиханың көзiнiң қырағысын-ай!.. – деп, әңгiменi Сапура өрбiттi. – Кеше күйеуiмiз екеумiз биылғы жылы бiрiншi рет ерлi-зайыпты болып, қол ұстасып киноға бардық…" "– Е-е, шөптiң басын сындыру керек екен, – деп, Гүлсiм мырс ете түстi". … "Бұдан әрi осындай әзiл-әжуа iздеп, ерiгiп отырған әйелдердiң бiреуi шын, екiншiсi өтiрiк көлгiрсiп, қалжыңдаса күлiстi. Содан әркiм көрген-бiлгендерiн ортаға салып, әңгiме қыза түстi." Төрт әйелдiң ауыздарына салынған төрт диалог, қандай табиғи, қандай сенiмдi! Әр диалог өз сөз иесiнiң мiнезiн аңдатады: "Әй, Бөкентай-ау" деп бастаған диалогынан Қалипаның, былай қалжыңдай сөйлегенiмен, оның сабырлы, салиқалы әйел екенiн сеземiз. "Әй, өзiм… Уһ, шiркiн-ай!"– деген Салиха диалогынан оның жеңiлтектеу келiншек екенi танылады. "Ойпырай" деп басталатын Сапураның диалогынан оның қарабайыр әйел екенi аңғарылады. "Е-е, шөптiң басын сындыру керек екен" деген Гүлсiмнiң диалогынан оның мысқылшыл адам екенiн бiлемiз. Сонан соң, келтiрiлген үзiндiдегi әйелдер ортасының сипатталуы қандай! Одан оларға ортақ психология көрiнiп тұр. Бақыттың қай әңгiмесiнде де осындай кейiпкерлер диалогтарымен-мiнезделуi, психологиялық сипаттаумен – мүсiнделедi, портреттеумен – тұлғаланады. Тек, Бақыттың "Бiр күн, бiр түн", "Үмiт шырағы" тақырыпты әңгiмелерiнде шұбалаңқылық бар. Бұл автордың ол әңгiмелерiн хикая етiп жазбақты ойлағандығынан шығар деп ұқтым. Сөйтiп, жоғарыда баяндағандардың бәрiн қорыта келгенде Бақыт Мерекенова – әйел қаламгерлер әлемiнен шыққан Адам тағдырының суреткерi деп, түймекпiн, ой-толғамымды! Әбiлфайыз Ыдырысов, жазушы, ұстаз