СЕНАТТАҒЫ КЕЗДЕСУЛЕР
СЕНАТТАҒЫ КЕЗДЕСУЛЕР
"Тойдың болғанынан боладысы қызық" демекшi, ұйқысыз өткiзген саммит күндерi де артта қалды. Желтоқсанның ашулы аязды күндерiне қарамастан, әлемнiң азулы саясаткерлерi Астанада бас қосқан ЕҚЫҰ саммитi туралы айтылар әңгiме де, аңыз да көп. Саммит аясында түрлi кездесулер өтiп, "толғауы қиын" келелi мәселелердiң түйiнi шешiлген сәттер болды.
Аталмыш саммиттiң аясында Қазақстан Парламентi Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев ЕҚЫҰ саммитi аясында Ватикан Мемлекеттiк хатшысы, кардинал Тарчизио Бертонемен кездестi. Кездесу барысында халықтар арасындағы бейбiтшiлiк пен келiсiмдi қолдау жөнiндегi маңызды құралдардың бiрi, дiнаралық үнқатысуды дамыту жөнiндегi Қазақстан мен Ватиканның өзара iс-қимылы талқыланды.
Төраға Әлемдiк және дәстүрлi дiндер лидерлерiнiң Съездерiн өткiзуде жәрдемдескенi үшiн Киелi тақтың Мемлекеттiк хатшысына алғыс айтты және 2012 жылы Астанада өткiзу жоспарланып отырған дiни лидерлердiң 4 конгресiне қазiргi кезде жұмыс тобы аясында әзiрлiк жұмыстары жүрiп жатқанын да тiлге тиек еттi.
"Бiздiң елiмiз дiнаралық үнқатысу мен келiсiм тақырыбына ерекше маңыз бередi", – деген Сенат басшысы толеранттық саясаты мен дiнге сыйластық бiздiң ортақ стратегиямыздың тұрақты сипаты болып отырғандығына да баса назар аударды.
2011 жылы Қазақстан Ислам Конференциясы Ұйымына жетекшiлiк етедi. "Қазақстан бұл лауазымда исламның өркениеттi идеяларын iлгерiлетуге ниеттенуде және түрлi дiндер арасында көпiрлер салуды жалғастыра беретiн болады", – дедi төраға.
Т.Бертоне дiнаралық үнқатысуды дамытудағы Қазақстан бастамаларын жоғары бағалады және "Бейбiтшiлiк пен келiсiм жолы арқылы бiз тығыз ынтымақтастық пен бауырластық қатынастарға жете аламыз", – деп атап көрсеттi.
Сондай-ақ, саммит күндерi Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы ЕҚЫҰ саммитi жұмысына қатысып жатқан Моңғолия Ұлы Мемлекеттiк Хұралы Төрағасының орынбасары Гаваа Батхууды қабылдады.
Кездесу барысында екiжақты қатынастарды, оның iшiнде парламентаралық деңгейдегi ынтымақтастықты одан әрi нығайту мәселелерi талқыланды.
Қазақстан мен Моңғолия арасындағы ынтымақтастықтың табысты сипатын атап өте келiп, төраға моңғол парламентшiлерiмен өзара iс-қимылды одан әрi белсендiлендiру жайында да мәселе қозғады.
"Бiз парламентаралық байланыстарды нығайта түсуге мүдделiмiз, Парламент Сенатында Моңғолия Ұлы Мемлекеттiк Хұралымен ынтымақтастық жөнiндегi топ қызмет етедi, екi мемлекеттiң жоғары заң шығарушы органдарының Аппараттары арасында пайдалы байланыстар қалыптасты", – дедi Қ.Тоқаев.
Моңғолия Ұлы Мемлекеттiк Хұралының Төрағасы Дамдингийн Дэмбэрэлге iзгi тiлектестiгiн жеткiзе отырып, Төраға әрiптесiн оған қолайлы мезгiлде Қазақстанға келуге шақырды.
Қазақстанның халықаралық бастамаларына қолдау бiлдiргенi және Әлемдiк және дәстүрлi дiндер лидерлерiнiң Съезi мен Азиядағы өзара iс-қимыл және сенiм шаралары кеңесiнiң жұмысына белсендi түрде қатысқаны үшiн Сенат Төрағасы моңғол жағына ризашылығын жеткiздi.
Гаваа Батхуу өз кезегiнде Қасым-Жомарт Тоқаевқа оның моңғол әрiптесiнiң iзгi тiлектестiгiн жеткiзе отырып, парламентаралық үнқатысуды одан әрi дамытудың маңыздылығын атап өттi. Моңғол депутаты "парламенттiк ынтымақтастық тобының жұмыстары бастамашыл және сындарлы бола түсуi керек", – дедi.
Гаваа Батхуудың пiкiрiнше, жоғары деңгейдегi қол жеткен уағдаластықтар екiжақты қатынастарды дамытудың ауқымды мүмкiндiктерiне жол ашып отыр.
"Сауда-экономикалық ынтымақтастықты өрiстетуде, мәдени және онымен құрамдас бiлiм беру салаларын дамытуда бауырлас халықтардың зор әлеуетi бар", – дейдi моңғол депутаты.
Гүлзина Бектасова