Жаңалықтар

АЛМАТЫДАН АТТАНҒАН «ЖЕҢIС ПОЙЫЗЫ»

ашық дереккөзі

АЛМАТЫДАН АТТАНҒАН «ЖЕҢIС ПОЙЫЗЫ»

Сейсенбi күнi асқақ Алатаудың етегiндегi әсем Алматыдан алыстағы Ресейдiң Ржев қаласына "Жеңiс пойызы" аттанды. Жайлы бес вагонның iшiне Екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезiнде Қазақстанда жасақталған 100 және 101-шi атқыштар бригадасында шайқасқан соғыс ардагерлерi жайғасқан.

Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақстанда жасақталған көптеген дивизиялар мен әскери бөлiмдер майдан даласында өшпес ерлiктерiмен даңқы жайылғаны белгiлi. Тiптi, Мәскеу қаласын ерлiкпен қорғауда өлмес даңққа бөленген генерал Панфилов басқарған 8-шi гвардиялық дивизияның бiр өзi неге тұрады?! 1941-43 жылдары Ресейдiң Тверь облысының жерi мен Ржев қаласының маңында өткен қиян-кескi ұрыстар жайлы мұндаға дейiн бiлгенiмiз тым мардымсыз болатын. Тағдыры аса қайғылы 39-шы армия құрамында шайқасқан 100 және 101-шi атқыштар бригадасының жалпы құрамының 75 пайызы осы кезде ерлiкпен қаза тауып, хабарсыз кеткенiн бiреу бiлсе, бiреу бiлмейдi. Майдан даласында қаза тапқандардың денi өрiмдей жас қазақ жiгiттерi едi.

"Ржев туралы шындықты сол кездегi әскерлерге басшылық жасағандар көз жұмғанда ғана ел толық бiлетiн болады" дейдi майдангерлер. Ол рас та. Өйткенi, Ржев түбiндегi ұрыстар адамзат тарихындағы ең қантөгiстi шайқас болған едi. Гитлершiлердiң ең қуатты "Орталық" армиялар тобы әскерлерiнiң үштен екiсi Ржев маңында шоғырланып, Мәскеуге лап қоюға сақадай-сай тұрған. Көптеген деректерге қарағанда, Ржев түбiндегi кеңес әскерлерiнiң адам шығыны 2 миллион жауынгерден асқан, бұл – Сталинград шайқасында қаза тапқандар санынан екi есе көп. Ржев маңындағы ит мұрыны өтпейтiн ну орман мен батпақтарда әйгiлi 29-шы армия түгелдей опат болды. Қаланың өзi бiржола жермен-жексен етiлiп, соғысқа дейiнгi 40 мың тұрғыннан небары 248 адам тiрi қалды. Осы бағытта әрекет еткен Калинин және Батыс майдандарының әскерлерi тереңдiгi 160 шақырым, жалпақтығы 200 шақырым болатын Ржев-Вяземь плацдармын жою үшiн жүргiзiлген, 15 айға созылған күндiз-түнгi ұрыстарда зор шығынға батты. Бұл майдандарға көмектескен Солтүстiк-Батыс және Брянск майдандарының әскерлерi де ми батпақты ормандар, күндiз-түнi толассыз жауған қар мен жаңбырдан әбден мезi болған-ды.

Мәселен, 1942 жылы шiлдеде Ржев-Вяземь операциясы кезiндегi қарсы шабуылда қоршауда қалған кеңес әскерлерi түгелдей жойылып, 50 мыңнан астам адам тұтқындалған.

Сол жылдың шiлде-тамыз айларында Калинин және Батыс майданы әскерлерi тағы да атойлап шабуыл жасап, Ржев-Сычевск шабуыл операциясын бастады. 7-10 тамызда Карманово және Карамзино елдiмекендерiнiң маңында тарихта бұрын-соңды болмаған қантөгiстi шайқас өтiп, екi жақтан 1500 танк ұрысқа араласты. Жиырма күннiң iшiнде кеңес әскерлерi 193 мың адамынан айырылды.

Соғыс тарихында онша айтыла бермейтiн "Марс" операциясы адамдардың зор шығынымен ерекшеленедi. Әсiресе, қан судай аққан ұрыс кезiнiң өзiнде адамдардың үрейiн ерекше ұшыратын, "Өлiм жазығы" аталған жерде қазақстандық 100 және 101-шi атқыштар бригадасы айырықша табандылығы, жаппай ерлiктерiмен көзге түскен болатын. Осы бригадалардың қатарында қазақтың көрнектi жазушысы Әзiлхан Нұршайықов пен Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты, әйгiлi Мұзафар Әлiмбаев ағаларымыз да қар жамылып, мұз жастанды. Жалынды жастық шақтарын соғыс өртi шарпыды.

Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы тапсырмасымен Жеңiстiң 65 жылдығына орай Ржев қаласында мемориалдық кешен бой көтерген едi. Жерлес жауынгерлерiмiзге арналған мемориалдық кешеннiң аясында Алматыдан аттанған "Жеңiс пойызын" шығарып салудың өзi естен кетпес салтанатқа айналған. Шығарып салу рәсiмiнде Алматы гарнизонының жауынгерлерi мен Бауыржан Момышұлы атындағы Алматы әскери мектеп-интернаты оқушыларының қатысуымен шеру өтiп, ардагерлер сөз сөйледi.

"Жеңiс пойызы" 100 және 101-шi атқыштар бригадалары жасақталған Алматы мен Ақтөбе, сондай-ақ облыс орталықтары – Тараз, Шымкент Қызылорда, Орал, Ресей астансы – Мәскеу қаласы арқылы өтiп, Ржев қаласына табан тiрейдi.

Патриоттық жоба болып табылатын "Жеңiс пойызын" 11 желтоқсан күнi таңертең Мәскеу мэриясының ресми өкiлдерi, Қазақстан елшiлiгiнiң қызметкерлерi, диаспора өкiлдерi мен Ресейде оқитын қазақ студенттерi қарсы алып, митинг ұйымдастырмақ. Қазақстандық ардагерлер, "Нұр Отан" Халықтық демократиялық партиясы Төрағасының бiрiншi орынбасары Нұрлан Нығматуллин, Қазақстанның Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкiлеттi елшiсi Зауытбек Тұрысбеков мырзалар Белгiсiз солдат қабiрiне гүл шоқтарын қойып, Бауыржан Момышұлы және Әлия Молдағұлова атындағы мектептердiң шәкiрттерiне патриоттық әңгiме өткiзедi.

Ресей Федерациясындағы Қазақстан елшiлiгi бастамашы болған патриоттық акция "Нұр Отан" Халықтық демократиялық партиясы және "Единая Россия" партияларының қамқорлығымен, "Қазақстан темiр жолы" Ұлттық компаниясы және "Россиская железная дорога" компанияларының қолдауымен өтуде.

Ж.Баққондыұлы