ГАЗЕТ КӨТЕРГЕН МӘСЕЛЕ ШЕШIМIН ТАПТЫ
ГАЗЕТ КӨТЕРГЕН МӘСЕЛЕ ШЕШIМIН ТАПТЫ
"Түркiстан" газетiнiң 13 мамырдағы (№19 2010 жыл) санында "Кентаудағы қиын күрес немесе қазақ инженерлерiнiң астыртын ұйымы" атты мақалада ұлтжанды Әнуархан Әйменов туралы "Ол осыдан 42 жыл бұрын басын қатерге тiгiп, саясатқа қайшы келетiн батыл қадамға барды. Қазақ инженер – мамандарын ұйымдастырып Қонаевқа кiрiп, мәселенi төтесiнен қойған азамат едi. Оның жас қазақ тау-кен инженерлерiне жол ашып берген қаһармандығынан қандай белгi қалды? Бiздiң оған деген алғысымыз қайда?"– делiнген.
"Арым-жанымның садағасы" деп ауыр кезеңде шындық үшiн күрескен Әнуархан Әйменов кейiнiрек белгiсiз жағдайда мерт болды… Бiрақ, сол ердiң атын өмiрмен сақтау бiзге аманат деген Әнуарханның көзiн көрген қазiргi зейнеткерлердiң жан-айқайы жарық көрген едi. Мiне, халықаралық апталық қадiрлi газеттiң осы басылымына орай Кентау қалалық әкiмшiлiгi (әкiм Н.Қалмырзаев мырза мен Кентау қалалық маслихатының (маслихат хатшысы Е.Аширов) бiрлескен шешiмiмен 30 қазан күнi Кентау қаласының Сейфуллин атындағы даңғылының ортасынан Әнуархан Әйменовтiң атына гүлзар ашылды. Гүлзардың басына "Әнуархан Әйменов атындағы гүлзар" деп жазылды. Гүлзардың ашылу салтанатына жүздеген қала тұрғындары, марқұм Әнуарханның балалары, туыстары, Қазақ-түрiк университетiнiң студенттерi, профессор, академиктерi қатысты.
Гүлзарды қала әкiмi Нұржiгiт Қалмырзаев мырза қысқаша сөз сөйлеп ашты. Әкiм өз өзiнде коммунистiк партиясының тоталитарлық-әкiмшiлiк саясатының керi әсерiн тоқтай келiп, Әнуарханның сол кездегi ерлiк жасағандығы кейiнгi ұрпаққа өнеге боларлық жағдай екендiгiн қазiргi елiмiздiң егемендiгiн нығайта түсетiн қадамдар жасау әрбiр азаматтың ұжданы екендiгiн, елiмiзге тыныштық, халықтың бiрлiгiне, отанымыздың гүлденуiне еңбек ету әрбiр азаматқа абыройлы iс болу керек деп сөзiн түйiндедi.
Әнуархан туралы Әбдiхан Бегiмбет, Өскенбай Құлатайұлы, Қазақ-түрiк университетiнiң профессоры Әнуарханның туысы Жамбыл Әйменов, Әнуарханның туған өңiрi Отырардан келген ағайындары естелiктер айтып, Әнуарханның еңбек және өмiр жолынан жиналған халықты хабардар еттi.
Әнуарханның балалары, туыстары марқұмның рухына арнап ас бердi, құран бағышталды.
Елге еңбегi сiңген боздақтардың есiмi ешқашанда ұмытылмақ емес.
Өскенбай Құлатайұлы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесi.