Жаңалықтар

ЖАҢА ЖЫЛДА ЖҮЗДЕСЕЙIК

ашық дереккөзі

ЖАҢА ЖЫЛДА ЖҮЗДЕСЕЙIК

Бiр жақтарға асығып, бiр жақтардан кешiгiп, бiр жақтарға үлгерiп, бiр жақтардан құр қалып жүрген шақта желтоқсан да келiп қалыпты-ау. Бұл өзi жылдың соңғы, ал қыстың алғашқы айы ғой.

Бiр сәтке тоқтап, ойланайықшы, қымбатты оқырман. Есiңiзге не түстi? Әрине, көп нәрсе, көп нәрсе!.. Бiрақ, бiз бүгiн бiр-ақ нәрсенi еске салғымыз келедi.

Келер жылдың баспасөзiне жазылудың биылғы науқаны бiраз күннен кейiн аяқталады. Сондықтан да, ертең, бүрсiгүнi поштаға қарай асығуға тура келетiн шығар. Биылғы жылы оқырман қауымның ыстық ықыласына бөленген басылымдардың бiрi – "Ақ желкен" журналы.

Таяуда тағы да қуанышты хабар жеттi редакциямыға. Әуелi "Ақ желкеннiң" бетiнде, ал содан соң Abai.kz ақпараттық порталында жарияланған тiлшiмiз Қарлыға Айсанқызының "Агент, менi үйге жiбершi!" атты мақаласы қараша айында ең көп оқырман жинаған мақала болып табылыпты. Олардың басым көпшiлiгi: "Жастардың тiлiне жаны ашыған автордың көтерген мәселесi өте орынды! Ойланайық, ойнамайық, достар!" деген оқырманның пiкiрiне толық қосылады.

Сонымен бiрге, журналымыздың жаңа ғана қолдарыңызға тиген қараша айындағы санында жарияланған "Қазақ өзгердi ме?", "Назарбаев университетi не оқытады, КИМЕП ше?", "Қазақ қаламгерлерiнiң балалары, "мәңгүрт" деген не сөз?", "Қыздардан жiгiттер артық! Ендеше оң жақта отырып қалған қыздар неге көп?", "Жұрты iздеген журналистер", "Болашақты бөлшектеуге бола ма?", "Алқызыл апорт пен алау қызғалдақтың мұңы бiр секiлдi" атты т.б өткiр, қызықты мақалалар мен сұхбаттар, өзекжарды өткiр ойлар оқырман қауымды бей-жай қалдырмайтынына сенiмдiмiз.

"Ақ желкеннiң" негiзгi бағыты жасөспiрiмдер әлемi болғандықтан, жыл он екi ай бойы үздiксiз назарларыңызда болатын айдарымыз – "Мен сүйетiн мамандық" деп аталады. Мұнда әлемдегi ең сирек кездесетiн мамандық иелерiнен бастап, күнделiктi өзiмiз көрiп жүретiн, жиi ұшырасатын мамандық иелерiне дейiн барынша қызықты, тартымды, пайдалы әңгiмелер айтып, ақыл-кеңес берiп отырады. Әрбiр мамандықтың өзiне тән құпиясы мен қызығы, биiгi мен тереңi болатыны анық, әрине!

Бүгiнгi айтайын дегенiмiз, бiз үшiн сiздердiң жаңа жылды жақсы көңiл-күймен қарсы алып, сүйiктi журналдарыңыздағы жаңа мақала, сұхбат, өлең, әңгiме, хикаяттар секiлдi көркем дүниелердi оқып, пiкiр айтып, өз көзқарастарыңызды бiлдiрiп отырғандарыңыз зор ғанибет.

Нұрғали ОРАЗ, "Ақ желкен" журналының бас редакторы