Жаңалықтар

ТҰҢҒЫШ ОРТА АЗИЯЛЫҚ КОНВЕНТ

ашық дереккөзі

ТҰҢҒЫШ ОРТА АЗИЯЛЫҚ КОНВЕНТ

"Ынтымақтың түбi – игiлiк", – деген дана ойды негiзге алған мемлекетiмiз әлем сахнасында бiрқатар елмен татулық, достық қарым-қатынаста. Заман iлгерiлеген сайын елiмiз iрi ұйымдарға мүше болып, өз орнын қалап келедi.

ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң Жастар саясаты департаментi Қазақстан жастарының Конгресiмен бiрлесiп, 2010 жылғы 23–24 қарашада Алматы қаласында саясаттанушылар мен әлеуметтанушылардың I Орта Азиялық Конвентi өткен болатын. Бұл да ертеңiмiзден зор үмiт күттiрер игi бастамалардың бiрi. Оған 7 облыстан және Астана мен Алматы қалаларынан 20 ЖОО, ғылыми-зерттеу институты және сараптамалық құрылымдар өкiлдерi қатысты. Конвенттiң жұмысына 104 делегат атсалысты. Iс-шараға елiмiздiң белгiлi саясаттанушылары Е. Қарин, Н. Сейдiн, Ғ.Иренов, Р. Қадыржанов және жоғары оқу орындарының белсендi жастары, сондай-ақ, Қырғыз Республикасы Парламентiнiң депутаты Қ. Иманәлиев қатысып, аймақтағы қазiргi саяси ахуал, отандық саясаттанудың даму мәселелерi және ел болашағы жөнiнде "Қазақстан және Орта Азия: бiр бастау, түрлi жолдар" тақырыбы аясында пленарлық отырысы болды. Бұл отырыстың саясат әлемiнде алар орны мен мазмұны ерекше. Мұнда үш секциядан тұратын бағдарлама жүзiнде елеулi мәселелер талқыланды: Орта Азиядағы саяси процестер, Отандық саясаттанудың даму мәселелерi, Қазақстан Тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығы: Қазақстан брэндi және оның болашағы.

– Өзбекстан мен Түрiкменстан, Тәжiкстанның өзi қазiр бiр-бiрiнен алшақ жағдайда. Орталық Азия елдерi тiлiнiң жақын, дiнiнiң ортақ екенiне қарамастан, бiр-бiрiне бауырмалдық таныта алмай отыр. Саяси бағыттары да бiркелкi емес. Бiз шынын айтқанда, Орталық Азия елдерiн толық түсiне бермеймiз. Бiзде "Жапонтану", "Корейтану", "Қытайтану" секiлдi көптеген орталықтар жұмыс iстейдi. Бiрақ "Өзбектану", "Түрiкментану", "Тәжiктану", "Қырғызтану" атымен жоқ. Тiптi, оларда не болып жатқанын хабарсызбыз. Оларға қарағанда, Ресейдiң саяси бағытын, не ойлап, не iстеп жатқанынан жақынырақ бiлемiз. Телеарналар мен газет-журналдар Ресей туралы көп жазады. Тiптi олардың қандай депутаты бар, олар қандай мәселе көтердi дегенге де әуеспiз. Бiрақ өзiмiздiң Орталық Азия елдерiнен, халықтарынан алыстап бара жатқанымыз жасырын емес,– деп "Нұр Отан" ХДП-нiң Хатшысы Ерлан Қарин сабақтады. Сонымен қатар, шара барысында 2020 жылға Қазақстан даму стратегиясы бойынша сөз қозғалып, "Қазақстан портретi – 2020: болашақ, болжамдар және сценарийлер" интерактивтiк ойыны өткiзiлдi. Отырыс қонақтары Орталық Азия елдерiнiң бүгiнгi даму үрдiсi, мәдени аурасы мен саясаттанушыларының байланысы хақында ой бөлiстi.

Iс-шара нәтижесiнде жас сарапшылар бiрлестiгi және олардың деректер базасы құрылды. Сонымен қатар, мемлекеттiк жастар саясатының iске асу барысын сараптауға саясаттанушылар мен әлеуметтанушылардың қатысуының негiзгi механизмдерi анықталды.

Мөлдiр МОЛДАХМЕТ, әл-Фараби атындағы

ҚазҰУ II-курс студентi