ҚОНАҚТАР ҚАЗАҚ ЕЛIНЕ ДӘН РИЗА
ҚОНАҚТАР ҚАЗАҚ ЕЛIНЕ ДӘН РИЗА
Бiзге ЕҚЫҰ сияқты әмбебап ұйым қажет
Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымы Парламенттiк Ассамблеясы (ПА) бюросының отырысын Саммит аясында өтiп жатқан шаралардың iшiндегi ең маңыздысы деуге болады. Ұйымға мүше мемлекеттердiң өкiлдерi талқыланар тақырыптарды пысықтаса, ал депутаттар Парламенттiк Ассамблеяның келер жылғы жоспарын түздi.
Айта кету керек, ЕҚЫҰ ПА Қазақ елi төрағалыққа ұсыныс бергеннен кейiн-ақ бұл бастаманы қызу қолдады. Ассамблеяның құрметтi төрағасы Жоао Соарештiң айтуынша, барлық кедергiлерден сүрiнбей өтiп, Саммит ұйымдастырған Қазақстанның еңбегi өте зор. ЕҚЫҰ ПА құрметтi төрағасы Жоао Соареш: "Ұйымға төрағалық туралы әңгiме ендi ғана көтерiлiп жатқан уақыттан бастап бiз Қазақстанды қолдап келемiз. ОБСЕ ПА бұл мәселеге әу бастан оң көзқарас танытқан болатын. Сол кездерi кей елдер бұндай Саммиттiң өтуiне соншалықты мүдделi болмай, оған күдiкпен қараған едi. Алайда, Қазақстан Президентi Н. Назарбаевтың, Сыртқы iстер министрi, ЕҚЫҰ-ның қазiргi төрағасы Қ. Саудабаев пен Сенат төрағасы, әрiптесiмiз Қ. Тоқаевтың стратегиялық ерiк-жiгерi бұл мәселеде үлкен рөл атқарды" деп қадап айтты.
ПА-ның қазiргi төрағасы Петрос Эфтимиудың пiкiрiнше, депутаттар ЕҚЫҰ-ны бүгiнгi күннiң талаптарына толық жауап беретiн ұйым ету үшiн барын салулары тиiс. Себебi, осы күнге дейiн ұзаққа созылған шиеленiстер мен жанжалдар жетерлiк. "Бiзге ЕҚЫҰ сияқты әмбебап ұйым аса қажет" деп мәлiмдесе, Ресейдiң Мемлекеттiк Думасының тiсқаққан депутаты Александр Козловский ұйым саммитiн өткiзбеуге тырысқандар болғанын да айтып қалды. "Ұйым саммитi сөз жоқ, тарихи жиын. Қазақстандық әрiптестер кәсiби бiлiктi мамандар екенiн көрсеттi. Сауатты, бiрнеше тiл меңгерген. Ең бастысы – қызықты идеялар тасталып, бiрнеше салмақты шаруа атқарылды" дедi ЕҚЫҰ Парламенттiк Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Александр Козловский.
Жиында баяндама жасаған Сыртқы iстер министрi, ЕҚЫҰ-ның қазiргi төрағасы Қанат Саудабаев ПА депутаттарына қазақ жерiнде Саммит өткiзу бастамасын қолдағаны үшiн алғыс бiлдiрдi. Төрағалықтың алғашқы күнiнен бастап бiз ПА-ның қолдауымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың нұсқауы бойынша, қарым-қатынас жасай бастадық. Себебi, тек депутаттар ғана халық қалаулылары болғандықтан, ЕҚЫҰ-ның қауiпсiздiкке қатысты ұстанымдары мен бастамаларын қоғамның көкейтестi мәселелерiмен ұштастыра бiледi.
Жиынға ЕҚЫҰ Парламенттiк Ассамблеясы төрағасының орынбасары ретiнде Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысып, биылғы жұмыстарды қорытындылады. ЕҚЫҰ ПА Саяси және қауiпсiздiк мәселелер жөнiндегi жалпы комитет төрағасының орынбасары Канан Калсын ЕҚЫҰ-ның Парламенттiк ассамблеясы – ұйымға Қазақстан төрағалық еткелi берi тиiмдiлiгi арта түстi деп санайды. "Бiз Қырғыз елiнде және Кавказда тұрақтылықтың сақталуын қалаймыз. Бұл мәселе бұған дейiн де талай кездесуде талқыланған болатын, әлi де талқылана бермек. Бiз бұл проблеманың диалог арқылы шешiлгенiн құптаймыз. Осындай текетiрестердiң барлығы бейбiт жолмен шешiледi деп үмiттенемiз" дедi ол өз пiкiрiнде. Отырыс соңында Сыртқы iстер министрi, ЕҚЫҰ-ның қазiргi төрағасы Қанат Саудабаев ЕҚЫҰ-ның жетiншi Саммитiне келген Канада елiнiң ресми делегациясын қабылдап, екi ел арасындағы экономикалық қарым-қатынасты одан әрi дамытудың бағыттары талқыланды. Мемлекеттiк хатшы Канада мен Қазақстан арасындағы сауда-саттықты дамытуға ешбiр саяси, экономикалық кедергiнiң жоқтығын мәлiмдесе, канадалық делегация да Қазақ елi туралы оң пiкiрде екендiгiн ерекше iлтипатпен жеткiздi.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ