Жаңалықтар

САММИТ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

ашық дереккөзі

САММИТ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

ШОЛУ КОНФЕРЕНЦИЯЛАРЫ ЖЕМIСТI ӨТТI

Астана Саммитiнен екi ай бұрын басталған Шолу конференциялары оған 3 күн қалғанда аяқталды.

ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттерi үшiн Шолу конференциялары – ағымдағы жұмыстарды електен өткiзiп, қорытындылаудың, Саммит қарсаңында әрiптестiк бойынша iс-әрекеттер жөнiнде кеңесудiң жақсы мүмкiндiгi.

Бiрiншi конференция Варшавада 30 қыркүйек пен 8 қазан аралығында өткiзiлдi. Мұнда адамзаттық өлшемдер саласындағы өзектi мәселелер қамтылды. Сондай-ақ, мүше мемлекеттердiң ұйым аясында өз мойнына алған мiндеттерiн орындау барысы да сөз болды.

Варшавада үшiншi себет мәселелерiне көбiрек назар аударылған: 56 мемлекет өкiлдерi ЕҚЫҰ мүше мемлекеттерiндегi демократиялық құндылықтардың даму қарқыны, адам құқықтары мен бостандықтарының сақталуы, төзiмдiлiк қағидаларын тарату мәселелерi жөнiнде пiкiр алысты.

Екiншi конференция Вена қаласында 18-26 қазан аралығында өттi. Бұл жиын әскери-саяси және экономика-экологиялық мәселелерге арналды. Сондай-ақ, осы жиында ЕҚЫҰ құрылымы, оның құзыреттерi, басқа ұйымдармен әрiптестiк мәселелерi, құқықтық базасы талқыланды. ЕҚЫҰ болашағы да осы конференцияда сөз болды.

Ал соңғысы, үшiншi конференция Астанада 26-28 қарашада өткiзiлдi. Бұл Шолу конференциясының басты жаңалығы – ЕҚЫҰ-на мүше мемлекеттер өз мойнына алған мiндеттердi толық орындауға шешiм қабылдады.

ЕҚЫҰ Бас хатшысы Бришамбо мырза Астана Саммитi қарсаңындағы Шолу конференцияларының жұмысына "өте сәттi әрi табысты өттi" деп баға бердi.

АҚОРДА ҚҰШАҒЫН АЙҚАРА ЖАЙДЫ…

Елбасы Астана Саммитiнен бiр күн бұрын келген шетел президенттерiн Ақордада күтiп алып, кезек-кезек қабылдады.

30 қараша күнi Нұрсұлтан Назарбаев Астанаға ат басын тiреген БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Муннан бастап, Қырғызстан президентi Роза Отынбаевамен, бұрынғы Югослав Республикасы Македония Президентi Георге Ивановпен, Қасиеттi тақ (Ватикан) Мемлекеттiк хатшысы Тарчизио Бертонемен кездесiп, Саммит алдындағы көңiл-күймен, ой-пiкiрлерiмен бөлiстi.

БҰҰ Бас хатшысы Қазақстанның Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымына төрағалығына жоғары баға бердi. Пан Ги Мун Қазақстанның және Нұрсұлтан Назарбаевтың Қырғызстандағы ахуалды тұрақтандыруға, Ауғанстандағы тұрақтылық пен қауiпсiздiктiң сақталуына қосқан үлесiн ерекше атап өттi.

"Бұл Саммит 11 жылдан кейiн алғаш рет өтiп отыр. Бұл тек қана Қазақстанның көшбасшылығын мойындау емес, бұл Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың және оның бастамасының халықаралық мойындалуы" дедi БҰҰ Бас хатшысы

Бұрынғы Югослав Республикасы Македония Президентi Георге Иванов Саммиттiң табысты өтетiнiне сенiм бiлдiрдi.

Қырғыз Республикасының өтпелi кезеңдегi президентi Роза Отынбаева Астана Саммитi тек Қазақстанның ғана емес, ЕҚЫҰ-ның да табысы деп мәлiмдедi.

"Мен Қазақстанға өз ризашылығымды бiлдiремiн. Өйткенi Қазақстан барлық Орталық Азия республикаларын әлемдiк саясаттың алдыңғы қатарына алып шықты, Азияны Еуропамен жақындастыра түстi. Бiз Қазақстан өз елiнiң туын халықаралық аренаға абыроймен алып шыққанын мақтаныш етемiз. Биылғы жылы Қазақстан Қырғызстандағы ахуалды реттеуде маңызды рөл атқарды. Қазақстан ЕҚЫҰ-ның төрағасы ретiнде көп iстер атқарды, бұл үдерiсте көш бастады, бiз бүгiнде Қырғызстандағы ахуал тұрақтанғанына алғысымызды айтамыз. Бүгiнде бiзде Парламентте көпшiлiк дауысқа ие коалиция құрылды, көпшiлiктiң қолдауына ие болған бұл коалиция үкiметтi жасақтайтын болады. Мен бiздiң жаңа үкiметiмiз екi жақты қарым-қатынастардың дамуының жаңа серпiн алуы үшiн келiссөздер жүргiзетiнiне сенемiн" дедi Роза Отынбаева.

Ал Елбасының Қасиеттi тақ (Ватикан) мемлекеттiк хатшысы Тарчизио Бертонемен әңгiмесi барысында ислам және христиан арасындағы дiнаралық диалог тақырыбы сөз болған. Сондай-ақ, мемлекеттiк хатшы Рим папасының Қазақстанға дұғай сәлемiн жеткiздi.

САММИТТIҢ ӨЗ ТЕЛЕАРНАСЫ МЕН БАСПАСӨЗI БАР

Астана Саммитiнiң жұмысын насихаттау үшiн арнайы газет пен телеарна iске қосылды.

Осы күндерi тұсауын кескен "Саммит ТВ" телеарнасы Caspionet арнасы негiзiнде хабар таратуда. Мұнда тiкелей желiдегi хабарлармен қоса, Қазақстан жөнiнде тарихи, этномәдени, танымдық хабарлар көрсетiледi.

Оған қоса тек ағылшын тiлiнде шығатын "Астана Таймс" газетi жарық көрдi.

"Саммит ТВ" ЕҚЫҰ бас жиынынан мәртебелi қонақтармен сұхбаттар ұйымдастырса, "Астана Таймс" газетi олар үшiн негiзгi ақпарат көзi болуды дiттейдi.

Астана Саммитi қарсаңында арнайы "ЕҚЫҰ журналы" да шығарылды.

АСТАНА АСПАНЫН ӘУЕЛЕТКЕН ӘН

Жетiншi Саммиттiң құрметiне Қазақстанның өнер шеберлерi Астанадағы "Қазақстан" орталық концерт залында арнайы концерт ұйымдастырды.

Өнер кешiн Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаев, бұрынғы Югославия Республикасы Македония Президентi Георге Иванов, Қырғыз Республикасының өтпелi кезеңдегi Президентi Роза Отынбаева, Тәжiкстан Республикасының Президентi Эмомали Рахмон, БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун, ЕҚЫҰ Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо, Лихтенштейн Корольдiгiнiң Премьер-министрi Клаус Чючер, Қасиеттi тақ мемлекеттiк хатшысы (Ватикан) Тарчизио Бертоне, сондай-ақ Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов, ЕҚЫҰ қазiргi төрағасы, ҚР Мемлекеттiк хатшысы – Сыртқы iстер министрi Қанат Саудабаев, ЕҚЫҰ мүше-мемлекеттердiң үкiмет мүшелерi, халықаралық ұйымдардың өкiлдерi тамашалады.

Саммит делегаттары алдында Қазақтың мемлекеттiк Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптар оркестрi, Күләш Байсейiтова атындағы ұлттық опера және балет театры, Абай атындағы мемлекеттiк академиялық опера және балет театры, Б. Байқадамов атындағы Қазақ академиялық хор капелласы, "Серпер" домбырашылар хор ансамблi және Бекболат Тiлеуханов, Әлiбек Дiнiшев, Айгүл Қосановалар өнер көрсеттi.

ЖАҢА КӨЛIКТЕР САПАЛЫ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТТI

Астана ерекше нұрға бөленiптi. Әсiресе, мұнтаздай тап-таза көшелерi мен жарқыраған шамдары Елордада айтулы әрi маңызды оқиғаның болып жатқандығын хабарлап тұрғандай. Арқаның ызғарлы желi де бетiмiзден жылы өбетiн тәрiздi. Себебi, бiз он бiр жылда алғаш рет жалғасын тауып отырған ЕҚЫҰ Саммитiнiң көзайымы болып отырмыз.

Астана – ондаған мемлекет және үкiмет басшыларының басын тоғыстырып отырған тарихи қалаға айналып отыр. Әрине, алқалы жиынды өткiзу қала әкiмшiлiгi үшiн де оңай болмағаны белгiлi. Қаланың тазалығына жауап беру, мәртебелi қонақтарды күтiп алу, қызмет көрсету шаралары алдын ала жан-жақты дайындықтан өткен. Тiптi, анадайдан көзге түсетiн арнайы таксилерi де судай жаңа. Барар жерiңе әп-сәтте жеткiзiп салатын жаңа көлiктер ЕҚЫҰ Саммитiне арнайы келген қонақтар мен қатысушыларға сапалы қызмет көрсетiп, зырылдап жүр.

Астана қаласының әкiмi Иманғали Тасмағамбетовтiң бастамасымен 90 – Toyota "Сorolla", 5 – Toyota "Camry" және 5 – Toyota "Hiace" көлiктерi сатып алынған. Бұл көлiктер тәулiк бойы жұмыс iстейдi. "Бизнестiң жол картасы – 2020" мемлекеттiк бағдарламасы шеңберiнде құрылған "Сарыарқа Taxi" таксо-моторлық компаниясы алдағы уақытта тағы 200 көлiк сатып алуды жоспарлап отыр. Оның 100-iн VII Қысқы Азия ойындары қарсаңында сатып алмақ. Компанияның директоры Александр Васильевтiң айтуынша, көлiктер мен жаңа жабдықтарды сатып алуға "Даму" кәсiпкерлiктi дамыту қоры" АҚ-ы 328 млн. теңге несие бөлген. Бiр айта кетерлiгi, жүргiзушiлер, техникалық қызметкерлер мен диспетчерлер қатаң iрiктеуден өтiптi. Яғни, мәдениеттi түрде тiл қататын көлiк жүргiзушi қонақтардың да көңiлiнiң дұрыс болуына септiгiн тигiзетiнi айтпаса да түсiнiктi. Сондай-ақ, компания басшысы жаңа таксидiң жолкiрiсi қазiргi тарифтермен салыстырғанда әлдеқайда тиiмдi екенiн атап өттi. "Мысалға, егер жолаушылар қаланың орталық ауданынан әуежайға дейiн 2000 теңге төлеп келсе, ендi 1500 теңге жұмсайтын болады. Қызметтер үшiн "Visa" төлем кәртiшкелерiмен де есеп айырысуға болады" дейдi.

САММИТХАН АТТЫ СӘБИ ӨМIРГЕ КЕЛДI

Расында да, Қазақстан – Орта Азия мемлекеттерi iшiнде еңсесiн көтерiп, бойын тiктеген мемлекеттiң бiрi. Өзiнiң тәуелсiздiк алған он тоғыз жылында Қазақ елiнiң мәртебелi ұйымға төрағалық етуi – елiмiздiң әрбiр азаматы үшiн абыройлы сәт.

Елiмiздiң тұрғындары бұл қуанышын әртүрлi жолмен бiлдiрiп жатқанға ұқсайды. Елордада өтiп жатқан алқалы жиын қарсаңында астаналық Исматовтар отбасы керемет шаттыққа кенелiп, дүниеге келген тұла бойы тұңғышына Саммитхан деп ат қойыпты. Немересiне ат қойған атасы Өмiрзақ: "Тәуелсiз Қазақстанның тарихында мәңгi сақталатын Саммит бiздiң әулет үшiн де өшпес шежiре болсын" деп ырымдапты.

"Саммит деген – үлкен құрылтай. Бұл қазақ елiнiң үлкен мақтанышы. Оған бүкiл 56 мемлекеттiң хандары қатысады. Сосын "хан" деген жалғау қосып, "Саммитхан" деп қойдым" дейдi, немересiне азан шақырып ат қойған Өмiрзақ аға.

Әлемге әйгiлi саяси тұлғалардың басын Сарыарқаның төсiне жинаған салиқалы Саммит қарсаңында алқалы жиынмен аттас ұлдың туылғанын естiген жұрт жақсы ырымға балауда. Бiр айта кетерлiгi, Саммит қарсаңында Елордада жүздеген перзент дүние есiгiн ашып жатыр. Ал, айтулы күндерi Оңтүстiк Қазақстан облысында бiрдемде екi отбасы өмiрге үшем әкелдi. Тарихи маңызы жоғары жиынмен тұспа-тұс дүние есiгiн шырылдап ашқан нәрестелер тектен-тек туылмаса керек. Бәлкiм, олар елiмiздiң болашағын өз қолдарына алатын сарабдал саясаткер болатын шығар, кiм бiлсiн?!

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ