Хиллари КЛИНТОН: “...СIЗ БАҚЫТТЫ ЕКЕНСIЗ”
Хиллари КЛИНТОН: “...СIЗ БАҚЫТТЫ ЕКЕНСIЗ”
Елорданың төрiнде өтiп жатқан ЕҚЫҰ Саммитiне ағылған аса беделдi меймандардың iшiнде АҚШ-тың Мемлекеттiк хатшысы Хиллари Клинтон де бар. Қарашаның 30-ы күнi кешкiсiн Астанаға атбасын бұрған Мемлекеттiк хатшы 200-дей делегатымен Сарыарқаның төсiне келiп жеттi. Ол сол күнi-ақ Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетiнде БАҚ өкiлдерi, студенттер және Саммитке қатысушылармен жылы жүздесу өткiзiп, бiрқатар сауалдарға жауап бердi.
Жиын басында сөз сөйлеген университет ректоры Бақытжан Әбдiрайымов АҚШ Мемлекеттiк хатшысы Клинтон ханымға жүрекжарды iлтипатын бiлдiрдi. "Аса құрметтi, Хиллари ханым! Сiздiң саясат сахнасындағы қызметiңiз бен өзiндiк орныңыз әрбiр азамат үшiн үлкен үлгi. Сол себептен де, он бiр жылдан кейiн өтiп жатқан айтулы оқиғаға қатысуға келiп отырғаныңыз Қазақстан үшiн биiк мәртебе" деп жиналған қауымды бiр серпiлтiп тастады.
Бұдан кейiнгi әңгiме сұрақ-жауап түрiнде өрбiдi. АҚШ Мемлекеттiк хатшысы Хиллари Клинтонның күнi бүгiнге дейiн адам құқығы, мүмкiндiгi шектеулi жандар мәселесiн жиi қаузап келгенi баршаға мәлiм. Алысқа бармай-ақ, жаздың шiлiңгiр ыстығында Гаитиде болған зiлзала кезiнде Хиллари ханым сол елге арнайы сапар шегiп, жергiлiктi тұрғындардың, әсiресе, балалардың жағдайына жанашырлық бiлдiрiп, барынша көмек ұсынғаны жұрт есiнде. АҚШ тарапынан қолдан келетiн жәрдемдi аямайтындығын жеткiзген Мемлекеттiк хатшы бауыр етi – бала мәселесiне келгенде терiс айналмайтындығын осы сәтте де дәлелдеген-тұғын. Өзiн тағатсыздана күтiп отырған қауым алдында ә дегеннен-ақ, балалар және әйелдер құқығы, мүгедек және мүмкiндiгi шектеулi жандар мәселесiн алға тартқан Хиллари Клинтон азаматтық қоғамның ертеңгi болашағына көңiл бөлу керектiгiн қайта-қайта айтумен болды.
ХХI ҒАСЫР – ӘЙЕЛДI БАҚЫТТЫ ЕТЕТIН ДӘУIР
– Мұнда көптеген ұйым басшылары отыр. Олар әркез өз қоғамының жақсаруын көздеп келедi. Өйткенi олар, адам құқығын қорғау және адамды саудалауға қарсы тұруда көптеген шаруалар атқарып жүр. АҚШ-та сенатор болып жүргенiмде, әуелгiде Адам құқығы жөнiндегi комитетте жұмыс iстедiм. Сол кезде көптеген ұйымдар мен азаматтардың жағдайымен етене жақын таныстым, үкiметтiк емес ұйымдардың көтерген мәселесiн жоғары бағалап, өзiндiк үн қостым. Осы бағытта Алматыдағы Хельсинки комитетi дамылсыз жұмыс iстеп келедi. Азаматтық қоғам мен төзiмдiлiктiң орын алуына үлес қосқан Қазақстандағы адам құқығы жөнiндегi бюроны да ерекше айта кеткен жөн. Бұл мекемелер адам саудасына қарсы тұрып, құқық қорғау органдарымен тығыз қарым-қатынаста әрекет етуде. Бiле бiлсек, адам сату – қазiргi заманның құлдығына жатады. Әйел құқығы жөнiнде Қазақстанда тынбай еңбек етiп жүрген әйелдерге ерекше алғыс бiлдiргiм келедi, – деп бұл iстiң қазақ елiнде оң жолға қойылып келетiндiгiне ризашылығын жасырып қалмады.
Хиллари Клинтон ханымға бағытталған сауалдың көпшiлiк дерлiгi – үкiметтiк емес ұйым (ҮЕҰ) басшылары мен өкiлдерiнен қойылды. Әрине, бүгiнде ҮЕҰ-ның негiзгi көтерiп отырған мәселесi жоғарыда айтылған әйел құқығы мен бала құқығын қорғау, адам саудасы болғандықтан, бұл басқосуға гендерлiк саясатты мейлiнше дамытуға атсалысып жүрген әйел-азаматшалар қатысты. Мәселен, Орта Азия бойынша әйел құқығын қорғау мәселелерiн жан-жақты зерттеп жүрген ҮЕҰ өкiлi қазiргi таңда Орта Азия елдерi бойынша әйел қауымы жағдайының жыларман күйде екендiгiн жеткiздi. Ол: "Көптеген әйелдер мұндай шараға қатыса алмайды. Солардың атынан бiр жайтты айта кетейiн. Бүгiнгi таңда Түркiменстанда, Өзбекстанда әйел құқығы қорғалмайды. Тiптi, аяққа тапталып жатыр десе болғандай", – деп елдегi нәзiкжандылардың мұңын ашып айтты.
Бұл мәселеге бар ынты-шынтысымен жауап берген АҚШ-тың мемлекеттiк хатшысы Хиллари Клинтон: "Өте маңызды әрi жанды ауыртатын мәселе. Алайда, жуық арада Түркiменстанға iссапар жоспарлап отырғаным жоқ. Соған қарамастан, бүгiнгi күннiң тәртiбiне алынған жайт туралы Түркiменстан басшыларымен жан-жақты сөйлесуге тырысамын. Ал, Өзбекстанға ЕҚЫҰ Саммитiнен кейiн арнайы барып, ел президентiмен бiрқатар мәселелер бойынша әңгiме қозғау ойымда бар" деп атап өттi.
МҮМКIНДIГI ШЕКТЕУЛI ЖАНДАР – ҚОҒАМНЫҢ ӨЗ МҮШЕСI
Ол сондай-ақ, әйел және бала құқығын қорғау жөнiнде АҚШ-та бiршама iлгерушiлiк бар екенiне тоқталды. "Осы мақсатта ең бiрiншi қолға алған жұмысым – Балаларды қорғау мақсатында қорды ашу. Арнайы сауалнама ұйымдастырып, әр үйге өзiм кiрiп жүрiп: "Сiздiң балаларыңыз қайда? Олар немен айналысады?" деген сұрақ қойдым. Ондағы ойымыз – қанша баланың мектеп табалдырығын аттағанын-аттамағанын анықтау едi. Сонда кейбiр балалардың мектептен безiп жүргендiгiнiң себебiн сұрағанымызда, олар күнкөрiс үшiн жеңiл-желпi жұмыстарды iстейтiн болып шықты. Бiрақ олар денi сау балалар емес, мүмкiндiгi шектеулi және мүгедек балалар. Бiр өкiнiштiсi, сол кезде осындай жарымжан балаларға арналған мектепте арнайы бөлмелер де болмаған. Мүгедектiң орындығына таңылған балалар өздерiне жасалған арнайы жолдың жоқтығынан мектепке бара алмайтын жағдайға жеткенiн айтып, налыды. Бiз осы өзектi мәселенi назарда ұстап, мүгедек жандардың құқығын қорғау туралы бағдарлама жасауды қолға алдық. Себебi, мүгедек жандар да бiлiм алғысы келедi, жұмыс iстеуге ұмтылады. Олар өздерiн қоғамның керексiз мүшесi ретiнде сезiнбеуi үшiн, барынша көмек көрсету қажет.
Кез келген гүлденiп, дамып келетiн мемлекеттер өз азаматының құқығын құрметтейдi. Мұны АҚШ президентi Барак Обама да, өзiм де жақсы түсiнемiн. Неге десеңiз, билiктегi қызметiмдi Адам құқығы жөнiндегi қордан бастадым. Әрине, азаматтық қоғамда орын алатын өзгерiстердiң оңай болмағаны анық. Көп уақыт бойы бар терiмiздi төгiп, жұмыс iстеуге тура келдi. Бiз мұны адам құлдығын жою кезiнде және әйел құқығын кеңейту барысында жақсы түсiндiк, бiлдiк десек болады.
Алайда, Қазақстанда әлi де адам құқығы жөнiнде көптеген мәселелердi шешу керек. Тепе-теңдiктi сақтау керек. Соған қарамастан, адам құқығы, сөз бостандығы, мүгедек жандар мәселесiн көтеру қашан да маңызды. Қазақстан мемлекетi өссiн, дамысын десеңiздер, адам құқығын қорғап, сақтауға көңiл бөлiңiздер.
ҚАЗАҚСТАН – ОРТА АЗИЯ ЕЛДЕРI АРАСЫНДА КӨШБАСШЫ
– Маған бұл кездесу жақсы әсер қалдырды. Қазақстанда қателеспесем, соңғы рет 1999 жылы болған екенмiн. Сол кезде осы елге тағы да жолым түссе екен деген едiм. Есiктен кiре сала, қазақы әуенмен қарсы алған өнерпаздардың өнерiне тәнтi болдым. Әрине, он бiр жылда тұңғыш өткiзiлiп отырған ЕҚЫҰ Саммитiне қатысу мен үшiн үлкен мәртебе. Қазақстан Орта Азия елдерi iшiнде маңызды ұйымға төраға болып, алқалы басқосу өткiзудi үлкен дайындықпен қарсы алды. Менiңше, екi күндiк шарада Ауғанстан мәселесi, ядролық қаруға қарсы тұру, Қырғызстанда болған қақтығыстардың алдын алуға байланысты жасалған шаруалар сөз болады. Сөз бостандығы мен ой-пiкiрдiң бостандығы да тыс қалмайды. Жалпы, ЕҚЫҰ мен үшiн де, бiздiң мемлекетiмiз үшiн де басым маңыздық беретiн ұйым болып табылады. 1993 жылы менiң жолдасым АҚШ Президентi болып тұрған кезде ЕҚЫҰ бiздiң халықаралық саясатымыздың маңызды бөлiгi болған едi. Бұл бағытты Б. Обама әкiмшiлiгi де қолдап, мен де ЕҚЫҰ-ға қатысты өз мiндеттемелерiмдi бекiте түсетiн қадамдар жасадым. Сондықтан да, Саммитке шақырылдым.
ЕҚЫҰ бағыты – бұл АҚШ-тың халықаралық саясатының бiр бөлiгi болып табылады. Бiз ЕҚЫҰ секiлдi көпжақты халықаралық ұйымдарға жан-жақты қолдау бiлдiру үшiн барлық жағдайды жасаймыз. Бұнда ең бiрiншi назар аударатын мәселе – ЕҚЫҰ құжатын қолдаған барлық мемлекеттер оны үнемi қолдауға құлықты болуы шарт. Сондықтан да, бiз ЕҚЫҰ-ның бұдан да белсендi болғанын және Ұйым қатарына кiру барысында мiндеттемелердi орындауға уағдаласқан елдердiң өз уәделерiнде тұрғанын қалаймыз. Әрине, ЕҚЫҰ – ерiктi ұйым. Әрбiр мемлекет ерiктi түрде осы ұйымға қосыла алады. Алайда, аяқастынан қандай да бiр құжатты қолдамай шықса, ол мемлекеттiң мұндай ұйымға не үшiн кiргенi түсiнiксiз жағдайда қалады. Сондықтан да, бiз ЕҚЫҰ рөлiн және оған мүше мемлекеттердiң Хельсинки құжатын орындауы қажеттiгiн атап өткiм келедi. ХХI ғасырда жетiстiкке жетуге ұмтылған мемлекет адам құқын қорғаудағы барлық шараларды орындауы қажет.
Бүгiнде Қазақстан экономикалық жағынан прогрестi түрде өстi. Даму қарқыны жаман емес. ЕҚЫҰ тiзгiнiн ұстаған қазақ елi өз алдына тапсырма қойып, сол баспалдақпен өрлеп келедi. Бiр қуаныштысы, Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төраға ретiндегi мойнына алған мiндетiн жемiстi орындады. Әсiресе, көршi мемлекет Қырғызстандағы бей-берекетсiздiктi басуға, елге гуманитарлық көмек беруде маңызды шаралар атқарды. Дер кезiнде халықаралық қауымдастыққа жүгiнiп, ақылдаса келе қырғыз елiнiң әлеуметтiк-экономикалық жағдайының одан әрi ушықпауына барын салды.
Жалпы, қырғыз мәселесiне қатысты үш жағдайды атап өткiм келедi. Бiрiншiден, түсiнiктi болуы үшiн қырғыз халқы өз сөзiн айтқанын қалаймын. Олар демократияға ұмтылады, бiз сол үшiн баршамыз көмек қолын созуымыз керек. Екiншiден, кез келген қоғамдағы секiлдi этникалық, ұлттық топтар арасында шиеленiстер баршылық. Сондықтан жұмыла отырып, Үкiмет пен азаматтық қоғам бiрлесiп жұмыс атқаруы үшiн бұндай шиеленiстердiң алдын алудың шараларын жасауға тиiспiз. Бүгiнгi күнi осы елдiң Үкiметi iс жүзiнде бiрлесе жұмыс атқаратындықтарын, елдi басқара алатындықтарын көрсетулерi қажет. Әрине, қырғыз елiнiң жолы ауыр. АҚШ бұл елге қолдау үшiн барлық шараларды қамтиды. Мен бұл ретте Қазақстан Үкiметiнiң қырғыз елiне жасаған үлкен көмегiн жоғары бағалаймын. Бiз бiрiгiп жұмыс iстеп, Қырғызстанда демократияның орнығуына жағдай жасауымыз керек.
ЖУРНАЛИСТЕРДIҢ ҚОҒАМДАҒЫ РӨЛIН ҰМЫТПАУ КЕРЕК
Айтпақшы, АҚШ мемлекеттiк хатшысы Хиллари Клинтон сөз бостандығы хақында да пiкiр бөлiстi. "Қазiр журналистердi ұрып-соғу, тiптi, өлтiрiп кету мәселесi жиi тiркелуде. Ол аздай түрмеге де тоғытып жатыр. Бұл барлық мемлекетте де бар. Әсiресе, Хелсьинки құжатына қол қойған, ЕҚЫҰ құрамына кiретiн мемлекеттер арасында жиi кездесетiнi жасырын емес. Естерiңiзде болса, жақында Ресейде журналистер құқығы жөнiнде мәлiмдеме жасадым. Бұл мәселенi ресейлiк әрiптестермен бiрiгiп көтердiм. Адам құқығын қорғау мәселесiнiң басында журналистер тұрмаса да, бiз олардың қоғамдағы рөлiн ұмытпауымыз керек. Сондықтан да мемлекет басшыларымен кездескен сәттерде үнемi түрмеге отырғызылған журналистер мәселесiн көтеруге тырысамын", – деп қоғамда сөз бостандығының дамуына екпiн түсiрдi.
Ол сондай-ақ: “ЕҚЫҰ жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың табысын шынайы түрде көрсетуi бойынша Қазақстан бастамасын үлгi ретiнде пайдалануына болады” деп мәлiмдедi.
"Пайдалы қазбалар өндiретiн компаниялардың тазалығы туралы бастама – бұл шын мәнiнде маңызды бастама. Мол пайдалы қазбаларға ие кез келген мемлекет үшiн негiзгi үш мәселе туралы айтуға болады. Бұлар: коммерциялық һәм жеке сектор, бұқаралық сектор және азаматтық қоғам. Бұл үшеуiн орындықтың үш аяғымен салыстыруға болады. Егер оның бiрi осал болса – қауiптi. Сондықтан да, мұндай бастаманың маңызы зор" дегендi қадап айтты.
P.S. АҚШ Мемлекеттiк хатшысы Хиллари Клинтон Астанаға кешқұрым ат iзiн салса да, жиналған қауымның сұрақтарына барынша жауап беруге тырысты. Бiздi елең еткiзгенi, "Болашақ" қауымдастығы кеңесiнiң мүшесi Аспан Дастан атты студенттiң қазақ тiлiнде сұрақ қойғаны болды. Ол өз сауалын мемлекеттiк тiлде бастап келе жатқанымен, әрi қарай ағылшын тiлiнде жалғастыруға мәжбүр болды. "Мен – қазақпын. Мен қазақша сұрақ қойғым келдi. Өзiңiз көрiп тұрғандай, сөзiмдi қазақша бастай берiп едiм, орысша не ағылшынша айтыңыз дейтiндер табыла кеттi. Сiздiң елiңiзде тiл жағдайы қалай?" деп едi, iле-шала Хиллари ханым да: "Сiз бiлесiз бе, бұл өте пiкiрталас тудыратын мәселе. Бұл мәселе кез келген мемлекетте бар. Бiз де Америка мектептерiнде әртүрлi ұлт өкiлдерiнен оқитын студенттерге жағдай жасауға тырысып бағамыз. Әрине, өз тiлiңде сұрақ қоя алмаған өте қиын. Бiрақ үш тiлде сөйлей алатын сiз бақытты екенсiз" дедi.
Айта кету керек, АҚШ Мемлекеттiк хатшысы ЕҚЫҰ Саммитiнен кейiн Қырғыз Республикасына жасайтын сапар барысында Президент Роза Отынбаевамен және елдiң басқа да лауазымды тұлғаларымен кездесуiн жоспарлаған. Ол Қырғызстанда жақында болған тарихи сайлаудан кейiнгi саяси өзгерiстерге шолу жасап, екi жақты да толғандыратын мәселелердi талқылайды. Ал Бахрейнге сапары барысында, Бахрейн Корольдiгiнiң қатысуымен Халықаралық стратегиялық зерттеулер институты жыл сайын өткiзетiн "Манама диалог-2010" форумына қатысып, аймақтық қауiпсiздiктегi АҚШ-тың рөлi тақырыбына баяндама жасауды жоспарлап отыр.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ