Жаңалықтар

АУЫРМАЙТЫН ЖОЛ IЗДЕ...

ашық дереккөзі

АУЫРМАЙТЫН ЖОЛ IЗДЕ...

Қытымыр қыстың таяп қалғанына қарамастан,ем алушылардың легi көп. "Жаңақорған" шипажайы туралы естiгенiмiз болмаса, табан тiреуiмiз – алғаш рет. Былтырғы жылға дейiн жылдың жылы маусымдарында ғана ем-шара жүргiзiлетiн сауықтыру орнына ендi қай мезгiлде болса да келушiлерге есiк ашық екен. Емдiк қасиетi молең жоғары градустағы лайы мен минералды-тұзды ваннасы, шын мәнiнде, дертке – дауа, жанға – шипа дерсiң.

"Жаңақорған" шипажайының директоры Бақытжан Абдоллаев мырза бiздiң халық аяғы саябырсыған мезгiлде келгенiмiздi айтса, директордың емдеу iсi жөнiндегi орынбасары ҒабитИсинбаев:

–500-ге тарта ем алушылардың 25-30 пайызы– өрiмдей жастар. Бұған қарап түрлi аурулардың тым жасарып кеткенiне қынжылсақ та, халқымыздың денсаулыққа дер кезiнде, сырқаттың күш алып кетпей тұрғанында көңiл бөле бастағаны қуантады, – дейдi. – Әсiресе, ұрпағымыздың келешегi саналар жастардың арасында белең алған белсiздiк, буын аурулары, көтенiшек, әйел мен еркектiң жыныс аурулары емдiк қасиетке байыстық лайдан шипа тауып, емделушiлер әжептәуiр күш жинап қайтып жатады. Дегенмен, арасын үзiп алмай, үш-төрт жыл қатарынан қабылдаған ем анық шипалы болмақ.

Дәрiгердiң сөзiнiң жаны бар, ем алушылардың арасынан елiмiзге белгiлi азаматтармен бiрге,үлбiреген келiншектер мен жiгiттерге қарап, "ауырып ем iздегенше, ауырмайтын жол iздеудi" айтқан қазақтың өз денсаулығына бет бұра бастағанын ұқтық.

– Биыл – алтыншы жыл, алғашқы жылдары балдақпен келiп едiм, бiрте-бiрте екi аяғыма көштiм. Тiптi, өз ағзаңның еркiңнен тысаңсап тұратыны сонша, жылдың осы мезгiлi жақындаған сайын тағатым таусылып, аңсарым ауады, – дейдi кентаулық Тұрсынай апай ағынан жарылып.

Халқымыздың амандығы, сергектiгi елiмiздiң мықты тiрегiн қалыптастыратынын ескерсек, бұл шипажайдың емдiк қасиетi, тарихы жайлы әлi талай әңгiме етуге болар…

– Газеттерiңiздiң iргетасын қалаған Қалағаң, (марқұм Қалтай Мұхамеджанов) сыйлас ағаларымыздың бiрi болды. Сондықтан да, әрбiр нөмiрiн оқып, зерделеп отырамыз. Оның үстiне, газет ақсақалдарының бiрi Тынышбек Дайрабай ақсақал күз басталар-басталмастан күн сайын демей-ақ қояйын, апталап хабарласып жатады. Қам жемеңiздер, қолдан келгенше биылғы газетке жазылу маусымына да атсалысамыз, – дедi аудан әкiмi БекмырзаЕламанов мырза. – Ал, шипажайдың жағдайын демалушылар мен ем алушылар жақсы айтады.

Иә, қайда, қалай демалыпжүрсең де көңiлiңнен шықпайтын бiр мақсат, әсiресе, қолына қалам ұстаған халықтың өкiлi ретiнде бiр бүйрегiнде баспасөзге жазылу деген ой тұратыны ақиқат. Осы бiр ой жетелеп аудан әкiмiнiң қабылдауына кiрiпшыққанымызда, әлгiндей пiкiр естiп, марқайып қалғанымыз да рас.

Таңсұлу Алдабергенқызы