АЗАПТЫ ЖЫЛДАР ШЕЖIРЕСI
АЗАПТЫ ЖЫЛДАР ШЕЖIРЕСI
Қолымда мұқабасы мүжiлiп, сырты сарғая бастаған қалың көне дәптер.Осы дәптердi қолыма алып оқыған сайын көзiме ерiксiз жас үйiрiледi. Бұл қапас түрмеде өксiк пен өткен өмiрiжайлы жазылған марқұм әкем Шайман Ахметұлының күнделiктерi. 1937-38 жылдардағы республика, бүкiлел тынысы, кiмнiң ақ, кiмнiң қара екенiн бiлiп болмаған аумалы-төкпелi кезең туралы тарихи естелiк түрiнде жазылған осынау дүниенi, "Әке күнделiгi" деген атпен әзiрлеп, баспаға тапсырған едiм. Ол кiтап көп ұзамай жарық көрмек.
МЕН ҚАЛАЙ "ХАЛЫҚ ЖАУЫ" АТАНДЫМ?
Өмiрдiң бұралаң соқпағы маған жасымнан қорлықты көбiрек көрсеттi. 1932 жылғы аштық нәубетiнен әупiрiммен тiрi қалдым. Екi әкпем үшеуiмiз әкеден жастай айырылып, шеше қолында өстiк. Бiр үзiм нанға зар болған күндерiмiз жиiлей түстi. Аяулы анамыз бiздердi аштық құрсауынан құтқарып, ажалдан алып қалу мақсатында әйелi өлген әкемнiң iнiсiне қосылды. Әке орнындағы ағамның соңынан келген Шалданбай атты менен он шақты жас үлкен балаң жiгiт ол кезде сырт жақта оқуда екен.
Жазда жемiс-жидек терiп жеп, қыста оны-мұны қорек еткен күндер өтiп жатты. Күн көрiс тауқыметiне орай екi әкпем де жастай тұрмысқа шықты. Азапты өмiр әбден қажытқан, аштық түбiне жеткен анам келесi жылдың көктемiнде iсiп-кеуiп кеткен күйiнде дүние салды. Көп ұзамай екiншi әкем де қасiреттi күндермен арпалыста жүрiп, ауыр науқастан о дүниеге аттанды. Егiле еңiреп, жетiмсiреп, жалғыз қалдым.
Әке өлiгiне келген Шалданбай ағам менi оқыту үшiн өзiмен бiрге ала кетуге бекiндi. Содан сол кездегi Талғар ауыл-шаруашылығы механикаландыру техникумына оқуға түстiм. Ашқұрсақ жүрсем де әйтеуiр оқуды бiтiру бар арманым болды. Бiрақ, тартар азабым әлi де алда екен. Диплом қорғау алдындағы аз ғана күндiк демалысымда сол кезде Алматы облысында жауапты қызмет атқарып жүрген ағам Шалданбай Ахметовтың үйiнде едiм. Кешқұрым есiк қоңырауы шылдырлады. Есiктi ашқан ағамның өңi бұзылып кеткенiн бiрден байқадым. Үйiне бiр топ адам сау етiп кiрiп келдi.
– Ахметов Шалданбай қайсыңыз? – дедi шегiр көздi бiреуi.
– Мен, – дедi ағам бiр адым алға жылжып.
– Олай болса сiз бiзбен бiрге жүресiз.
– Бұл не, тұтқындау ма?
– Солай деп есептеңiз. – Ол ағамдытұтқындап, үйiн тiнтуге берiлген ордердi ұстатты.
– Бұларың жазықсыз жандарды тұтқындау әдiсi екен ғой – деген ағама,
– Көп сөйлеген сайын күнәң көбейе бередi, соны ескермейсiң бе одан да. Айтқанымызға көн, әйтпесе жазаң бұдан да ауырлайды – деп зеки сөйледi шегiр көз.
Мұны естiген жеңгем талып қалды. Бәрiмiз жабылып ес жиғыздық. "Мария, қорықпаңыз, күйеуiңiз келедi, – деп қояды әлгiлер. "Алдамаңыздар, мен бiлемiн, ендi сiздер оны маған қайтармайсыздар". Мәриям жеңешем жылап жiбердi, оған қосыла мен де егiлдiм. Көз жасымызға қарасын ба, алды да кеттi.
Беймезгiл қонақтар үйдi тiнтiп, менiң ағаммен бiрге түскен суреттерiмдi, жазған заттарымды да ала кеттi.
Ертеңiне жеңгем жол-қаражат ұстатып, оны-мұныны қол сөмкелерiне салып берiп, тезiрек қайтуымды өтiндi. "Уақыт қиын, тез барып, дипломыңды қорғап ал", – деп өзi жылап қалды.
Жүрегiм қанжылап, көңiлiм алай-дүлей күйде жатақханаға жеттiм. Бөлмеме келсем екi адам чемондандарымды ақтарып, қағаздарымды тiнтiп тексерiп отыр. Аңтарылып қалған маған бiреуi дүрсе қоя бердi.
– "Халық жауы" Шалданбай Ахметовтың iнiсi Шайман Ахметов сен боларсың? Ағаңның ерекше "халық жауы" екендiгiн осы уақытқа дейiн неге жасырып жүрсiң?
– Ол кiсi "халық жауы" емес. Адал азамат.
– Ә, онда тергеп, тексерiп, анық-қанығына жетемiз. Ағаңа сыбайлас болып жүрген сен де "халық жауысың". Жүр, бiзбен бiрге. Ағаңның қасына барасың. "Халық жауының" үрiм-бұтағының бәрi де "халық жауы" саналады.
ТҮРМЕДЕГI АЙУАНДЫҚТАР
Алматы түрмесiнде бiр жыл итке бергiсiз тозақ күндер өттi. Көрдей суық, қараңғы тас камера. Осы уақыт iшiнде бiздi бiрнеше камераға ауыстырды. Бұл жерде сонау 1917-18 жылдардан берi отырған әр ұлттың адамдарымен кездестiм. Оларға көбiне тағылған кiнә – баяғы өзiмiз сияқты, "Қазақстанға қарсы әрекет жасады" деген жала. Олардың көпшiлiгi өте бiлiмдi, зиялы адамдар. Әбден жүдеп, арып-тозған. Бiзге "Бұл жауыздардың айтқан сөзiне сенбеңдер. Бәрi өтiрiк, өзiң ақ болсаң, мойындама" деп ақыл берiп қояды. Бiрақ камерадағылардың бәрi бiрдей оң ниеттегi адамдар емес екен. Органның тыңшылары, кеңесшiлерi де болатынын кейiн бiлдiк. Бiрнеше камераға ауыстыру себебi де осында көрiнедi.
Камерада төсек жоқ. Шешiнбестен үстiмiздегi киiмiмiзбен бiр-бiрiмiзге айқаса жата беремiз. Адам көп, орын тар болғандықтан жатқан адамнан еденнiң саңылауы да көрiнбейдi. Айына бiр рет жуынуға апарады. Сол кезде киiмдi де күкiртке қыздырады. Тәуiр киiмiң болса, күйiп қалды деп орнына ескi-құсқы бередi.Қорегiмiз – күнiне 300 грамм қоспасы көп нан, сасыған балық, қауыз-кебектен қайнатылған сорпа мен екi мезгiл беретiн жылы су. Ыдысымыз жарты литрлiк консервi банкiсi. Орын тар болғандықтан тамақты да тұрып iшемiз.
Таң атысымен тергеуге шақыру басталады. Ұрып-соғып, естен тандырып, есеңгiретiп, бiреумiздi әкелiп, келесiмiздi әкетiп жатады. Ашыққандарға әдейi "өлсең өле бер" деп көңiл бөлмейтiн. Содан-ақ бiз өзiмiздiң еш сұрауы жоқ адамдар екенiмiздi, ендi бiзге ешкiмнiң де ара түсе алмайтыдығын сезiндiк. Камерадағы тыңшылар: "Азаптанбай қол қоя сал, әлi мұндай заңсыздық, әдiлетсiздiктi Сталин бiлмей жатыр. Ол ертең-ақ естидi, оған да жетедi. Содан соң бар қорлықтан құтыласыңдар",– деп азғырып бақты. Осы сөзге сенiп, алданып, талай жiгiттер атылып кеттi. Бiр күнi түнгi ауыр соққыдан әлсiреп жатқанымда: "Ахметовты кiм бiледi?" деп сұрады көршi камерадан бiреу тықылдатып. "Мен бiлемiн" дедiм бойымды бiр үмiт, бiр күдiк билеп. "Телефоншы": "Ахметов" менi бiлетiндер өкпелемесiн, айтқандарына көндiм, уәдесiне сендiм" деген сәлем жолдады" дедi. "Мүмкiн емес" деймiн iштей тiстенiп. Осыдан соң, бiрнеше күн өткенде әлдекiм, ағам Шалданбайдың Сәкен Сейфуллиндермен бiрге атылғанын жеткiздi. Жүрегiм аузыма тығылды. Жер тепкiлеп егiлдiм. Бiрақ, не амал бар?!
1938 жылдың сәуiрiнде қала күндiз-түнi күңiренiп кеттi. Тұтқындарды айдап жатқанын естiдiк. Кiмдi қайда әкетiп жатыр, бiз қашан кетемiз, ештеменi бiлiп болмадық. Сөйтiп жүргенде, 15 сәуiрдiң кешiнде менi де камерадан шығарып, екi солдат дедектетiп сүйреген күйi үстi жабық машинаға тығып салды. Бас көтеруге мұрша жоқ. Қимылдасаң, желкеңнен мылтық дүмiмен перiпқалады. Бұққан күйi ойлап отырмын, "алда тағы нендей тозақ күтiп тұр? Қайда әкетiп барады? Тағы да тергеу, ұру-соғу ма, әлде…" Бiр жағынан осы тозақтан құтылғаныма да шүкiршiлiк етiп келемiн. Бiр жыл үш күн… түрмеде өткен бiр жыл үш күн санамда мәңгi жатталып қалды…
ЗОБАЛАҢ КҮНДЕР ҚАСIРЕТI
Түрмеден шыққаннан бастап шырылдаған, шыңғырған көпшiлiк дауыстан жолдың қос қапталы тола халық екенiн байқаймыз. Оның үстiне өктем шыққан солдаттардың даусы, арс-арс еткен иттер үнi қосылып, ештеңе ұғып болмайды. Осы у-шу, дүрбелең темiржол вокзалына жеткенше үзiлген жоқ. Әкелдi де қызыл вагонға үстi-үстiне итерiп, тұтқындарды толтыра бастады. Аяқ басар жер жоқ. Сығылысып, тағы еденде жаттық. Тамағы баяғы қорек – 300 грамм нан мен жарты литр су.
…Екi аптадан аса жол жүрiп, ақыры Канск (Краснояр өлкесi) дейтiн қалаға алып келiп, атқораға қамады. Сол жерде он жылға сотталғанымды хабарлады.
Тар, лас камера, тымырсық вагон iшiнде өткерген күндерден соңатқорада өзiңдi кең сарайда жатқандай сезiнедi екенсiң. Орын кең, таза ауа, ашық аспан, жарық сәуле. Аздап бойымызға қан жүгiрiп, әр кiре бастағандай болды.
Бiз қоныстанған жерге күнде жаңа тұтқындар әкеп, бiреулерiн жұмысқа айдап әкетiп жатыр. Күнде тiзiм бойынша шақырып, әр жердегi лагерьлерге жiберуде. Жағдайым нашар, бiрнеше күн шақыруына жауап бермей қойдым. Әрi темiржолға жақындау жерге барсам деген ойым да бар едi. Жылпос, жүрдек жiгiттер маңайды шолып, қай лагерьдiң қайда екенiн бiлiп келедi. Солардан сұрап, темiржолға жақын лагерьге шақырғанда шықтым. "Өткен жолдары шақырғанда жауап бермеген" деп бастыққа алып барды. Одан "құлғым ауру едi" деп әрең құтылдым. Содан жарты мыңдай адамды итпен қоршап, жаяу айдады. Тұтқынның басым көпшiлiгi мен сияқты әлсiз. Артта қалғандарды атпен омыраулатып, итпен қорытып, кейде талатып та қоятын. Соған қарамастан аяғын басуға шамалары келмей қалғандар да болды. Ондайларды не iстейтiнiнен бейхабармыз, әйтеуiр бiзге қосқан жоқ. Үш күн сызға түнетiп, Пойма деген өзен жағасындағы шағын ағаш зауытына әкелiп орналастыра бастады. Суретке түсiрiп, аяқ-қолымызға белгi басып, комиссиядан өткiзген соң ауыр жұмысқа салды. Жұмыс тәулiк бойы жүредi. Үзiлiс бар-жоғы 4-5-ақ сағат. Егер жұмыс жоспарын орындасаң, 600 грамм нан бередi, ал межелi мiндеттемеге жете алмадың ба 400,300, тiптi 100 грамға дейiн азаяды. Сасық судан алынған балық пен үсiген, шiрiген картоптан сорпамыз бар. Кейде қарғаларды әкелiп те сорпа қайнатып берiп жүрдi. Жұмысқа бара жатқанда не оңға, не солға бұрылсаң, жұмыс орныңнан сұраусыз бес қадам аттасаң бiрден атады.
Лагерьдегi ауруханада Алматыдан ұсталып барған тұтқын дәрiгерлер – грек Г.Д.Иосифиди мен еврей А.И.Шепелев жұмыс iстедi. Осылармен жақындасып жүрiп, ақыры екеуi менi қастарына ауыстырып алды. Егер сәтi үсiп, ауруханаға орналаспағанымда мұндай қиямет-қайымға шыдамай, мен де өлiп кетер ме едiм, кiм бiлсiн?!
Бұл жерде болып жатқан оқиғаларды айтуға ауыз бармайды. Өлiктер қыста мұз болып қатып жатады. Оны сойып акт жасау үшiнжанып жатқан пешке тақап қыздырады. Дәл сол сәтте өлiкке қарасаң шошынасың, бәрi қып-қызыл сүйектердiң жiк-жiгiне дейiн анық қөрiнiп тұрады, өлгендердi ешқашан аштан кеттi деп жазбайды, әйтеуiр бiр аурудың диагнозын қойып, шанаға тиеп апарып, бiр қолына актiнi байлап жыраға құлата салады.
Әсiресе, сол жылдары адам жаны сұраусыз болып кеттi ғой. Лагерьдегi айуандардың құтырғаны сонша, өздерiне ұнамай жүрген адамның талайына өтiрiк операция жасатып өлтiрдi.
…Сонымен, түрмеде жақсы жұмыс iстегендiгiмдi ескерiп, 9 жылдан соң бостандыққа шықтым. Оңтүстiк Қазақстан облысының Созақ ауданында халық шаруашылығының әртүрлi саласында абыройлы қызметтер атқардым. 1953 жылы толық ақталып, ел-жұрт көзiне тура қарайтын жағдайға келдiк. Көптеген орден, медальдардың иегерi болдық. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырдық. Немере, шөбере сүйдiк. Содан 1974 жылы зейнет демаласына шықтым. Қартайған шақта кәрi сүйектi сықырлатып, ауру-сырқауға қарамай өзiм куәсi болған зобалаң жылдар жайлы көптен жазып жүрген күнделiктерiмдi толы аяқтаған едiм. Неге десең, бұл репрессияны кейiнгi жас ұрпақ бiлуi керек. Кiмге де болса үлкен сабақ. Қоғамдағы бiр құбылыс деп қарамай, мұны "жеке басқа табынудың" зардабы деп қабылдаған жөн.
Болат ШАЙМАНҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегерi