АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТУРАЛЫ: АЙТА-АЙТА АУЫЗ ШАРШАДЫ
АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТУРАЛЫ: АЙТА-АЙТА АУЫЗ ШАРШАДЫ
Отандық ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған қыруар қаржының қомақты бөлiгi жемқорлар қалтасында кетiп жатыр. Осының кесiрiнен, ауылдағы ағайынға арналған түрлi деңгейдегi мемлекеттiк бағдарламалар нәтижесiз. Заң бойынша, мемлекетке тиесiлi жердiң 99 пайызы ұзақ жылға жалға берiлуi, шикiзатты өңдейтiн өндiрiс орындары мен кәсiби бiлiктi мамандардың тапшылығы, iшкi нарықтағы делдалдар мен алыпсатарлардың көптiгi мен базарлардағы баға тұрақсыздығы нәпақаларын Жерден тауып отырғандардың берекесiн кетiрдi. Үкiмет мемлекеттiң шаруаларға үздiксiз қолдау жасап отырғанын айтса, ауылдағы ағайын "билiк бiздi құр сөзбен "семiртiп" отыр" дейдi.
"ЖЫЛ САЙЫН 200 МЛРД. ТЕҢГЕ ЖЕЛГЕ ҰШАДЫ"
Агроөнеркәсiп кешенi – кез келген елдiң экономикасын өрге сүйрейтiн маңызды сала. Оны дамытып, толық iске қоспайынша, тасың өрге әсте домаламайды. Өкiнiшке қарай, тәуелсiздiк алғалы берi жыл сайын күн тәртiбiне қойылатын басты проблемалардың қатарындағы ауыл шаруашылығы кешенiн дамыту, оны әлеуметтiк тұрақтылықтың негiзiне және азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн маңызды факторлардың бiрiне айналдыру туралы мәселе Қазақстанда әлi күнге шешiмiн тапқан жоқ. Яғни, отандық ауыл шаруашылығы саласы тұтастай iске қосылған агроөнеркәсiптiк кешен деңгейiне көтерiле алмады. Өйткенi, ауық-ауық мәселе көтеруден шаршамайтын Үкiметтiң бұл саланы дамытуға бағыттаған шаралары тиiмсiз әрi нәтижесiз. Тәжiрибеден гөрi теорияға басымдық берген үкiметтiк стратегиялар, тәсiлдер мен оны жүзеге асырудың тетiктерi осы салада тер төгiп жүрген кәсiпкерлер, фермерлер мен сарапшылардың қатысуымен қайта түзiлуi тиiс. Бұл ұсынысты өткен аптада Саяси шешiмдер институты ұйымдастырған "Агроөнеркәсiп кешенiн дамыту: стратегиялары, тетiктерi, жүзеге асыру жолдары" тақырыбында ұйымдастырылған дөңгелек үстелде мүдделi топ көлденең тартты.
Дөңгелек үстелде "Қазақстанның агробизнесiнiң бүгiнгi ахуалы және оны дамытудың басты қиындықтарын шешу жолдары" тақырыбына баяндама жасаған ҚР Үкiметi жанынан құрылған Ұлттық сараптамалық орталықтың өкiлi Шәмiл Дауранов: "Қазақстандағы ауыл шаруашылығын реформалау негiзiнен шағын жеке шаруа қожалықтарын қалыптастыруға бағытталды. 2009 жылдың соңына қарай олардың үлес салмағы ауыл шаруашылығына қатысты барлық құрылымдардың 97 пайызына тең болды. Ауыл шаруашылығы саласына тиесiлi жалпы өнiмнiң 72 пайызы шағын құрылымдардың өнiмдерiнде. Мысалы, 49 пайызы – жалпы саны 2 млн. бiрлiкке жуық жекеменшiк қосалқы шаруашылықтардың, 22,8 пайызы – шаруашылық қожалықтардың, сондай-ақ, 28 пайызы iрi ауыл шаруашылығы кәсiпорындарының өнiмдерi (бұл негiзiнен астыққа қатысты). Агроөнеркәсiп кешенiн терең зерттеу нәтижесiнде ауыл шаруашылығына қатысты мемлекеттiк саясатты орталықтандырылған салалық жүйе арқылы жүзеге асыру тиiмсiз және ауқымы астықты өндiру мен экспорттаумен шектелетiн тар күйiнде қалып отыр" дедi. Дауранов мырзаның пiкiрiнше, "бүгiнгi таңда ҚР Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң әкiмшiлiк және қаржылық қоры өндiрiстiк қауқары әлсiз болуының кесiрiнен жыл сайын 200 млрд. теңгенi желге ұшыратын территориялық басқару органдарының мүмкiндiктерiнен әлдеқайда жоғары. Осының салдарынан, агробизнестiң көптеген түрлерiн индустриаландыру мен ауылдық жерлердi кешендi түрде дамыту мәселелерi назардан тыс қалады". Қазiргi кезде билiк тарапынан агробизнестi дамытудың барлық бағдарламасы (астық пен бекiре тұқымдас балықтарға қатысты бағдарламалардан басқасы) облыс әкiмдерiнiң құзырына беру қарастырылуда. Дөңгелек үстелде BISAM Central Asia өкiлi Леонид Гуревич iшкi сұраныстағы көкөнiс пен жемiс-жидектiң 70 пайызын халық қамтамасыз етiп отырғандықтан, алдымен экономикалық негiз өзгертiлуi керектiгiн айтты: "Кеңестер одағынан берi келе жатқан бiздiң "бас ауруымыз" – ең тиiмсiзi ауыл шаруашылығына қаржы құю болатын. Бүгiнгi таңда да атқарылып жатқан шаралардың көптiгiне қарамастан, ауыл шаруашылығын мемлекеттiк тұрғыда қолдау – тиiмсiз".
Қазiргi кезде iшкi нарықтағы бағаны реттеу мәселесi де Үкiмет үшiн өте маңызды. Мысалы, көкөнiс пен жемiс-жидек нарығында бағаны төмендету немесе көтеру мақсатында бейресми түрде әкiмшiлiк реттеулер жүргiзiлетiнi ешкiмге жасырын емес. Ортадағы делдалдар мен ашкөз алыпсатарлардың көптiгi де – қарапайым тұтынушының қалтасына сор. Сонда бәсеке көрiгi қызған көкөнiс пен жемiс-жидек нарығындағы бағаны реттеу қандай заңмен жүзеге асырылуы тиiс? Ш.Даурановтың айтуынша, Кедендiк одақ шеңберiнде Қазақстан сырттан ағылатын арзан өнiмнен қорғалады: "Қазақстан тауар өндiру мәселесiнде бәсекелестiкке түсуде Өзбекстан мен Қытайға төтеп бере алмай отыр. Осының кесiрiнен сыртқы нарықтағы өнiм бiздiң нарықтағы жағдайға қатысты реттеледi". Үкiметтегiлер ауыл шаруашылығына жататын секторлардың бытыраңқылығы осы саланы индустриаландыруға мүмкiндiк бермейтiнiн айтады. Осы себептi, билiк шаруашылықтың барлық саласында белгiлi бiр жетiстiктерге қол жеткiзген, агробизнестен хабары бар инвесторларды тауып, жаңа агротехнологияларды енгiзу мен оның нәтижелерiн халыққа үлгi ету мақсатында инвесторларға мемлекет қорындағы жер учаскелерiн бөлiп берген. Келесi кезекте шаруашылық қожалықтарын кооперативтерiн құру арқылы бiртiндеп акционерлiк қоғамдарға тарту жолдары қарастырылып жатқан көрiнедi. Алайда, Қазақстанның фермерлер одағының өкiлi Қанай Жүнiсов адамдардың өз ерiктерiмен кооперативтерге бiрiкпейтiнiн, яғни, қожалықтарындағы жекеменшiк жерлерден ешкiмнiң бас тартпайтындығын айтты.
"НАРЫҚТЫҢ ДА "МАФИЯСЫ" БАР"
Бәсекелестiк мәселесiнде сарапшылар өзге де ақпараттарды көлденең тартты. Мысалы, экономист Юрий Храмцов: "Ресми деректерге сүйенсек, Өзбекстандағы ахуал басқаша. Картоп өндiрiсi 90-жылдармен салыстырғанда, 4 есеге, қауын – 2,5 есеге, көкөнiс – 2,5 есеге, сүт – 1,5 есеге, дәндi-дақыл – 4 есеге, ет 1,7 есеге өскен. Мүмкiн бұл еңбектiң аймақтарға бөлiнуiнiң нәтижесi шығар? Бiз шикiзат экспортына мамандандырылғанбыз, ал кедейлеу елдер ауыл шаруашылығын дамытуға күш салады" дей келе, су мәселесiн қозғады: "Мұндай жағдайда су қорлары атқаратын рөл қандай? Сырдария мен Әмудария кеңестiк кезеңдегi секiлдi емес, осыншама көлемдегi су қорын бере алмайды. Өзбекстан ауыл шаруашылығы өнiмдерiнiң көлемiн барынша арттырды. Демек, бiз не iстеуiмiз керек? Ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өндiрудiң тиiмдi әдiстерiне қайтiп көшкен жөн?". "1999 жылы бiз Өзбекстанға бардық. Өйткенi, израильдiк мамандар үкiметтiң көмегiмен, тамшылап суғару тәсiлiн енгiздi. Қазақстан үшiн аса маңызды бұл тәжiрибенi қолдану үшiн бiзге 20 жылға жуық уақыт керек болды. Қазақстанның ең алдымен үнемдеуi тиiс қоры – су. Тамшылап суғаруды пайдалана отырып, бiз өзендер, сондай-ақ, Қытай мен Қазақстан шектесетiн шекарадағы кәдеге асырылмай жатқан аса үлкен көлемдегi жерасты суларын iске жаратамыз" деген Ш.Дауранов тамшылап суғарудың отандық ауыл шаруашылығы саласында стратегиялық маңызы барлығын көлденең тартты. Ал Қоғамдық проблемаларды сараптау орталығының қызметкерi, белгiлi экономист Қанат Берентаев елiмiздегi минералдық тыңайтқыштар өндiрiсi, мал шаруашылығы мен өсiмдiк шаруашылығына арналған ауыл шаруашылығы өнiмдерi, жолдар, элеваторлардың, арнайы дайындалған мамандардың, яғни, барлық шаруашылық инфрақұрылымдардың жоқтығы себептi, бұл саланы қаражатпен қамтамасыз ету ешқандай нәтиже бермейтiндiгiн айтты: "Мен агроөнеркәсiптiң маңызды бөлiктерi – ауыл шаруашылығы, машина құрылысы, маман дайындау, шикiзат қаперге алынатын шығар дегем. Алайда, қазiр ауыл шаруашылығына аралас салаларды үйлестiру қаперге алынбапты. 1999 жылы жасалған бағдарлама "Ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты салалар" деп аталған едi, бүгiнде бұл да шетте қалған екен". Оның сөзiн құптаған Қанай Жүнiсов: "Мемлекет тарапынан бөлiнiп жатқан қаражат шынымен-ақ қомақты – 10 млрд. доллар. Бiрақ сол қаржының қызығын қанша жылдан берi шаруа қожалықтарымен жұмыс iстеп жүрсем де, өз басым көрген емеспiн" дедi. Шаруаларға берiлетiн лизинг мәселесi де Жердi емген ауылдағы ағайынға кәдiмгiдей кедергi. Өйткенi, алғашқы жарнаны төлеу үшiн қажеттi 10 пайызды (5-7 мың доллар) кез келгеннiң қалтасы көтере бермейдi. Мамандар мемлекет көктемгi науқан кезiнде (наурыз айында) техниканы лизингке берiп, алғашқы жарнаны тамыз айындағы бiрiншi егiннен жинап алса құп дейдi. Өкiнiшке қарай, сыбайлас жемқорлық базарларды да жайлап алған. Жүнiсов мырза: "Нарықтың да өзiне тән "мафиясы" бар. Өндiрген өнiмiңмен, етiңмен т.б. базарға келiп, емiн-еркiн сауда жасай алмайсың. Таңертеңнен кешке дейiн тұрғаннан да пайда жоқ: етiң сасып кететiндiктен, тым арзанға беруге мәжбүрсiң. Оған ұзыннан-ұзақ тiзбектелетiн делдалдарды қосыңыз. Барлығы да шаруаға қарсы, оның жоғын жоқтап, мұңын мұңдайтын бiр де бiр жағымды нәрсе жоқ. Тек мемлекеттiң "ауыл шаруашылығын, шаруаны қолдаймыз" деген мәлiмдемесi ғана бар".
"ЖЕР 49 ЖЫЛҒА ЕМЕС, 10 ЖЫЛҒА ЖАЛҒА БЕРIЛУI ТИIС"
Шаруалардың айтуына қарағанда, қазiргi таңда жердi пайдалануда да қордаланған қиындықтар жетiп-артылатын көрiнедi. Бүгiнде Ата заң мен Жер кодексi бойынша емес, тек серiктестiк туралы келiсiм бойынша ғана жердi жалға беруге рұқсат етiлсе де, жердiң қызығын iрi компаниялар көруде. Себебi, егер иелiгiңдегi жердi ауыл шаруашылығына қатысты iстерге пайдаланбасаң, 3-5 жылдан кейiн мемлекет керi қайтарып алуы тиiс. Жерiнен айырылып қалмау үшiн шаруасы шайқалған кей ағайын амалсыздан iрi компаниялармен келiсiм-шартқа отыруға мәжбүр болады екен. Ауыл шаруашылығына қатысты шикiзатты өңдеу орындарының жоқтығы да агроөнеркәсiптi дамытуға қолбайлау. Мәселен, тәуелсiздiктiң алғашқы жылдары сойған малының терiсiн үйiп қойып, өртейтiндер бертiн келе өте арзан бағаға алыс-жақын шет елдерге, әсiресе, Қытайға сатуға кiрiстi. Жатжұрттықтар Қазақстаннан алған терiден тауар жасап, оны бiрнеше есе қымбатқа бiзге қайта сатады. Осыдан-ақ, кiмнiң ұтылып, кiмнiң ұтып жатқанын бағамдай берiңiз. АӨК экономика және ауыл шаруашылығын дамыту институтының қызметкерi Владимир Григорюк заң жүзiнде Қазақстанға тиесiлi жердiң 1 пайызы ғана – жекеменшiк, қалған 99 пайызы жалға берiлгенiн айта келе, "Барлық бәле Кодекстегi "49 жылға жалға берiледi" деген бапта жатыр. Ол мерзiмдi 10 жылға дейiн қысқарту қажет. Сонда ғана бiртiндеп жерге қатысты проблемаларды реттей бастаймыз. Территориялық мәселелер ауыл шаруашылығы министрлiгiнде аз қаралды, бiрақ республика халқының тең жартысына жуығы ауылды жерде тұрады. Ал оның 4 миллионы – еңбекке жарамды азаматтар. Статистика бойынша, 3,8 миллионы жұмыспен қамтылған, оның 40 пайыздан астамы өзiн өзi асырап отыр. Яғни, бау-бақша, мал өсiретiндер. Бұл жерде ешқандай да еңбек өнiмдiлiгi, ауыл шаруашылығына тиесiлi жоғары көрсеткiштер туралы айту мүмкiн емес. 2003 жылы басталып, биыл аяқталуы тиiс "Ауылды жерлердi дамыту" бағдарламасы жайлы дөңгелек үстелде тiрi жан тiс жармады. Аталған бағдарламаға орай, әлеуметтiк тұрғыда iлгерiлеушiлiктер болды: мектептер, ауруханалар, су құбырлары, инженерлiк инфрақұрылымдар жаңаланды. Бiрақ ауылдар бәрiбiр қиын жағдайда қалған. Бағдарлама жүзеге асырыла бастаған мерзiм iшiнде Қазақстандағы 650 ауылды жерлердегi елдiмекендер жойылып кеткен. Есесiне, келешегi жарқын елдiмекендер саны екi есеге артқан. Бұл жақсы ма, жаман ба? Бiр жағынан жақсы, адамдар өзге қыстақтар мен қалаларға қоныс аударып, әлеуметтiк ахуалын жақсартуға қол жеткiздi; екiншi жағынан алғанда, жаман: мемлекет жердi пайдалану, ауыл шаруашылығына байланысты пайдаланылатын жерлер бақылаудан тыс қалды. Сiрә, бұл мәселеде де тепе-теңдiк сақталуы керек шығар".
Дөңгелек үстелге жиылғандардың барлығы дерлiк жердi тиiмдi пайдалану, шаруаларға мемлекет тарапынан қаржылық қолдау, салықты жеңiлдету, ауылды жерлердегi "бiр терезе қағидасын" жақсарту т.б. отандық агроөнеркәсiп кешенiнiң қордаланып қалған қиындықтарын көрсете отырып, оларды шешудiң жолдарын ұсынды. Ендiгi кезек – мемлекеттiк тұрғыда тиiмдi ұсыныстарды реттеп, оны жүзеге асыруға ықпал ететiн билiктiң еншiсiнде.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ