Жаңалықтар

ӘДЕБИЕТ ӘЛЕМI ЕЛЕСКЕ АЙНАЛДЫ МА?

ашық дереккөзі

ӘДЕБИЕТ ӘЛЕМI ЕЛЕСКЕ АЙНАЛДЫ МА?

Әдебиет – тереңнен басталған тарихтың аманатын арқалаушы. Тек ақиқатты арқау еткен тарихтың жақтаушысы, қостаушысы, қатқан тоңын ашып, қайқы қылыштың жүзiндей шындықты ұрпаққа жеткiзушi. Рас, посткеңестiк дәуiрдiң әдеби қауымы әдеби процестiң екшеуiнен өтiп, толықтай осы кезең әдебиетiнiң iзiн сала алмады. Ұлтымыз егемендiгiн алған соң бұғаудан босаған Прометейше жасарып бақса да, елмен бiрге ақын-жазушылардың да бiраз бойкүйез күйге түскенi анық. Кеңестiк идеологияның (қатаң цензурасы болса да) кезiнде арнайы тақырыптарға жазылатын шығармалардың үлкен сұранысқа ие болғанына дау жоқ. Үкiметтiң қолдауы бойынша том-том кiтаптар жарыққа шығып, оқырмандарына жол тартты. Ал азаттық алған елдiң жаңаша әдеби үдерiске бiрден аяқ баса алмауы нелiктен? Заман өзгерсе де, оқырман қауым сол, әдеби орта да сол емес пе едi? Ендеше мән-жайға кеңiрек тоқталайық.

Өткен ғасырдың 60-90 жылдар аралығында М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсiрепов тудырған әдеби жүйе әбден кемелiне келген, көпшiлiк қолдауын тапқан жүйе болды. Бұл жүйе – оқырманмен тiкелей кездесу, шығармаларды сарапқа салу, ақылдасу, пiкiр таластыру мен ой бөлiсу, әдеби кештердi жиi ұйымдастыру болып табылатын. Әсiресе студенттермен. Сәбит Мұқановтың "Адасқандар" романының тақырыбына орай өзiнiң сүйiктi оқырмандары хат жазып, "Мөлдiр махаббат" деген атқа лайық деген баға берiп едi. Кейiнгi ретте шыққан аталған кiтабының аты көрермендердiң сұранысына қайшы келмей, "Мөлдiр махаббат" деп аталды! "Әуезов келiп дәрiс оқитын болыпты" деген сөздердi естiгенде, Алматы қаласының әдебиетсүйер қауымының барлығы дерлiк аудиторияға жаппай жиналатын дәстүрдi де естимiз. Әйтсе де, қазiргi ұлт әдебиетiнiң тiрегiне айналған ақын-жазушыларымыздың көңiлi бiзге, студенттерге түсе ме деп алаңдап отырғанымыз. Қазiрде оқу орындарда жаңа кiтаптың тұсау кесерiнде немесе конференцияларында ара-тұра бой көрсетiп қалатын ақын-жазушылардың бiз үшiн аңыз кейiпкерлерiне ұқсап кеткенi де шын. Кезiнде I. Есенберлиннiң кiм екенiн бiлмеген бiр мектеп оқушысы "Ол кiсi тiрi ме?" деп сұрағанындай, ендi мектептi қойып, жоғарғы оқу орындарындағы студенттер жазушылардың қайсысы өмiрден өткен, ал қайсысы тiрi екенiн бiлмеуiнде бiр гәп болуға керек. Бiлмеуiнiң жарты кiнәсi сауатсыз студенттiң еншiсiнде болса, жартысы осы ақын-жазушылардың өзiнде екендiгiнде дау жоқ. Түлек құстың iзiндей бiр-екi кiтап шығарып қана қанағат ететiндер туралы жыр басқа әңгiменiң дауы. "Мағұрыптағы машырықтағыға бұйырады" деген осы болды-ау!"

Әрине, бұл "сүзгiмiзден" тысқары, жазушы атағына лайықты, орта болсын, мейлi жаңа буын өкiлi болсын, кiтаптарын iздеп жүрiп оқитын қаламгерлерiмiз де баршылық.

Ең басты мақсат, ақын-жазушыларымыздың студент қауымымен көбiрек кездесу өткiзiп, көкейiнде жүрген тақырыптарға лекция оқыса, менiңше, ешқандай оқу орны қарсы болмайды. Қазақтың прозашылары кейде ешқандай қоғаммен, ұйыммен қатысы жоқ, шығармашылығы жеке басына ғана қатысты мәселе болып, тың деректердi өзiнше тауып, жаңаша жазуды iздеп, партизандық өмiрге ауысқан сыңайлы. Кiм қандай жаңалық ашса, соның сойылын соғатын әдеттi оқырмандарымыз да тауып алғаны шындық.

Мұғдарында, ұлт әдебиетiнiң тiрегi болып отырған аға жазушыларымыз бiздiң әлдеқандай сансыраған, бейдауа күйiмiздi бiлмейтiн болып шықты ма деген күмәнiз бар. Осыдан туып отырған бұл жай көпшiлiктiң алдында талқылануы керек шығар деп ойлаймын. Исраил Сапарбай, Қуандық Түменбай, Болат Үсенбаев ағаларымыздың пiкiрiне кезек берейiк…

Пiкiрлер:

Исраил Сапарбай, ақын, драматург:

Ол әркiмнiң өз шаруасы деп ойлаймын. Әркiмнiң өзiндiк ұстанымы. Маған капиталистiк бола ма немесе партизандық жүйе бола ма, бәрiбiр. Қоғам ұнамаса даттаймын, ұнаса жақтаймын. Ақын-жазушылардың өздерi кiтап жазып, оны өз қалтасының шығынына шығарып, оны өзi сататындай жүйеге бiз үйрене алмаймыз. Кеңес өкiметi кезiнде кiтаптар ең аз дегенде 10 мың данамен шығатын. Қазiр ше? Мысалы, менiң үйiмде 500-1000-нан кiтаптарым бар. Оларды мен сатпаймын, сыйлаймын. Егер бiреудiң тойы немесе мереке болып жатса шапан жабудың орнына соны беремiн. Себебi, мен үшiн кiтабым ең қымбат дүние. Қазiр сатамын десең де алушылар жоқ, ешкiм кiтап оқымайды. Ондай "капиталистiк" жүйеге бiздiң дiлiмiз, психологиямыз жат.

Болат Үсенбаев, ақын:

Жалпы бiз капиталистiк жүйеге көштiк. Амалсыз ба, әлде қасақана ма, әркiмнiң өз ойы. Қаламгер болашаққа үмiтпен қарайды. Олар өз шығармаларымен ұлттың болашаққа деген үмiтiн оятады, алға жетелейдi. Капиталистiк дүниеге көшкенiмiзбен, капиталистiк коғамның қыр-сырын меңгере алмай келе жатырмыз. Кiтап саудасы атымен жоқ. Ондай қоғамның өзi сауда, ал бiз оған икем емеспiз. Жастар болмаса бiздiң жастағылар оған үйрене алмайды да. Сондықтан, осындай жағдайда мемлекет көмекке келуi керек. Жазушыға қамқорлық жасау, әдебиеттi насихаттау керек. Мысалы көтерiлiстiң алғашқы жылдарында жаппай сауат ашу, кiтап шығару мемлекеттiң ойында болды. Елдi жаппай оқытты. Соның нәтижесiнде бiз бүгiнгi дәрежеге жеттiк. Әдебиет деген идеология, оны қоғамнан бөлуге болмайды. Миллионер жазушы көргенiм жоқ, болмайтын да шығар. Кiтап шығару мәселесiне келетiн болсақ, әдебиет деген – дерт. Бойында таланты бар адам жазбай тұра алмайды. Оның кiтап болып шығу-шықпауы екiншi мәселе. Ал жаппай кiтап жазғыштар, соңғы кездегi кiтапсымақтарды ағайындарына, туыс-туғандарына "мен де кiтап жазамын, кiтабым бар" деген қазақы мақтану үшiн ғана шығарып жүр. Олардың көпшiлiгiн, белгiлi я белгiсiз журналистер мен қаламгерлер тиын табу үшiн жазып бередi. Оны әдебиет деп санау ұят! Қазiр әдеби сын тоқырап тұр, жақсы шығармалардың жүйелi насихаты жоқ. "Қазақ әдебиетi" газетiнде әдеби сынды күшейтетiн кезең жеттi. Көркемдiк дегеннiң не екенiн, нағыз қаламгер мен халтурщиктiң ара-жiгiн ашып, көрсетiп отырса, оқырманның эстетикалық талғамы өсер едi. Ал нашар кiтаптардың шығуы баспаларда маман редакторлардың жоқтығынан. Ненi шимайласа, соны шығара бередi. Бұл әдебиетiмiздi құлдыратады.

Қуандық ТҮМЕНБАЙ, жазушы:

"Партизандар секiлдi,

Сiңiп кеткен орманға,

Таптырмайды тамаша ой,

Табам деп мен арманда" деген Қадыр Мырза-Әлiнiң өлеңi санамызда сақталып қалған. 85 жастағы Юрий Бондаревтiң: "Жазушылар ортасы – тең орта емес. Қызғанышты орта. Мейiрiмсiз орта" дегенi бар. Күннiң шуағы секiлдi мейiрiмдi аңсап жүрген де жөн сияқты. Нағыз жазушының қаламы қолында, қара қазаны – әдеби қор. Әдеби қор iстесе жазушының өңi кiрiп қалар едi. Сол қара қазанның астына от тұтатуды ойлауымыз керек.

"Кiтабымды сатып бер" деп ешкiмге айта алмаймын. "Жаманға жүзiң салма сағың сынар" дейдi. Жақсылыққа жақсылық жасау әркiмнiң қолынан келе бермейдi. "Момыннан асқан жаман жоқ" деп, момын күйiмiзде қолдан келгенше ақ қағаз бен қаламнан әрi кетпесек, агрономдықты тастап, Алматыға келгендегi арманымыз орындалды деп есептеймiз. Алматыда қолынан iс келетiндер көп болмаса да бар. Мысалы, iзiмiздi басып келе жатқан Қонысбек Ботбай "партизан" бола жүрiп, прозаға тұщымды нәрселер бере алады деп ойлаймын. Басқалар игере алмаған заман технологиясын ол игерген, ендi жапандағы жалғыз үй боп, Құдайдың бойға бергенiн қағазға түсiрiп кетуге талаптанып келедi.

Мемлекет есебiнен "Үркер" деген әдеби журнал шығарамын. Жазылуға, сатып алуға жастардың ынтасы зор, бiрақ ақшалары жоқ. Жоғары оқу орнының бiр проректоры: "Мен жастарға жазыл деп айта алмаймын, ол пәленбай бап бойынша қылмыс боп есептеледi" – дейдi. Қоғам тек қылмыстан тұратын секiлдi, бұрын әдебиет пен өнерден тұрушы едi.

Партизандар шабуылды тұтқиылдан бастайды. Тұтқиылдан сәттi шығармалар тууы мүмкiн. Қазiр "Мен жазып жатырмын емес, жазғанымды қалай шығарам" әуенi қалықтап жүр. Бiрақ, қарап отырсаң, шығарушылар да аз емес. Куәлiгi бар санаттағы жазушылардың саны одан да көп. Бiрақ, оқитын кiтап одан да аз. Әдеби қор деген қара қазан қайнаса бәрi бiртiндеп жолға қойылады. Қара қазанның жылуына шын қалам ұстағандар ғана жылына алады. Кезектен көз сүрiнедi. Көбi бейтаныс. Көзтаныстар некен-саяқ. Ол "партизан" боп қара орманында қалам тербеп отыр. Бала күнiмiзде партизан боп "немiстерге" шабуыл жасап ойнаушы едiк.

"Ойыннан от шығады" деген осы.

Ардақ ҚҰЛТАЙ