АЛЫПТАР ҰЙҚЫСЫНАН ОЯНЫП ЖАТЫР
АЛЫПТАР ҰЙҚЫСЫНАН ОЯНЫП ЖАТЫР
Шымкентте тағы бiр өндiрiстiк аймақ құрылуы мүмкiн
Кешегi өндiрiстiк тоқырау жылдарында Шымкентте талай алып кәсiпорындар өз жұмысын тоқтатты. Солардың бiрi – одақ кезiнде атағы алысқа кеткен Шымкент шина зауыты болатын. Мамандардың пiкiрiнше, кәсiпорын қанша талпынғанымен, жаңа нарыққа бейiмделе алмады. Дәлiрегi бәсекелестiкке шыдас бермедi. Зауытты қайта iске қосу жұмыстары бiрнеше рет қолға алынғанымен, ол нәтиже берген жоқ. Отандық шина өндiрiсiн дамытуды қолға алған Үкiмет алғашқыда бұған Шымкент шина зауытының базасын лайық көргенiмен, жоба кейiннен Астана қаласына ауыстырылды. Ал зауыт күнi бүгiнге дейiн, өлi тыныштықты бастан кешiрiп келдi.
Биылдан бастап облыс басшылығы алып кәсiпорынның жаңа тынысын ашуға бел буып отыр. Кәсiпорынды бұрынғысынша қайта қалпына келтiруге ешкiм құштар болып отырған жоқ. Өйткенi, дәл бүгiнгi күнi шина өндiрiсi тиiмсiз кәсiптiң түрiне айналып тұр. Әкiмдiктiң көздегенi-– шина зауытының базасында жүздеген шағын кәсiпорындарды ашу. Яғни, бұрынғы фосфор зауытының орнынан өндiрiстiк аймақ құру тәжiрибесiн шина зауытына да енгiзу. Себебi, бұл бүгiнгi нарықтың талабы. Жуырда Оңтүстiкке ресми сапармен келген Елбасының өзi де "Бiзге алып кәсiпорындардан гөрi шағын өндiрiс орындары тиiмдi" деп, жергiлiктi әкiмдiкке осы бағытта жұмыс iстеудi тапсырған болатын.
Бұрынғы гигант кәсiпорындардың базасынан жүздеген шағын зауыт ашудан ұтар тұсымыз көп. Мәселен, 143 гектар аумақты алып жатқан шина зауытында шағын өндiрiстi дөңгелентуге лайықты ғимарат және дайын инфрақұрылымы бар. Тақыр жерден зауыт салуға осының өзi-ақ қыруар шығынды қажет етедi емес пе?
Облыс басшылығының бұл жаңа жобасын Үкiмет те мақұлдап отыр. Жуырда облысқа ат басын тiреген вице-премьер Әсет Исекешев бұл жобаны қолдап қана қоймай, "Өндiрiстiк-инновациялық даму" мемлекеттiк бағдарламасы аясында қол ұшын созуға уәде еттi. Ендiгiсi – тек iске кiрiсу. Алдымен облыс басшылығы бұл жобаны жүзеге асыру үшiн бiрқатар келiсiм жасауы тиiс.
Шина зауытының қазiргi иесi – "Ордабасы" корпорациясы. Бұл жерде атап өтер бiр жайт, кәсiпорын базасында қазiрдiң өзiнде бiр өндiрiстiк жобаның құрылысы жүрiп жатыр. Оны жүзеге асырушы "Алтын тас" ЖШС. Ол қара, түрлi түстi және сирек кездесетiн метал өндiретiн зауытты 2012 жылдың бiрiншi жартыжылдығында iске қоспақ. Жобаның құны 39,5 миллион АҚШ долларын құрайды. Оның жартысы "Қазақстан Даму банкi" арқылы қаржыландырылады. Толық iске қосылған кезде зауыт жылына 15 мың тонна қара металл және 25 мың тонна анодтық мыс өндiретiн болады. Ал шикiзат көзi-металл қалдықтары.
Ақпарат көздерiне қарағанда, "Ордабасы" корпорациясының басшылығы әкiмдiкпен әрiптестiк жасауға кетәрi емес көрiнедi. Алайда, олар жобаға өндiрiстiк аймақтарды құруда тәжiрибе жинақтаған шетелдiк инвесторларды тартуды ойластырып отыр. Корпорацияның арқа сүйеген қолдаушыларының бiрi – Түркияның "Ostim" компаниясы.
Жоғарыда атап өткенiмiздей, Шымкент қалалық әкiмдiгi биылдан бастап бұрынғы фосфор зауытының базасынан өндiрiстiк аймақ құрып, бiрқатар жобаларды жүзеге асырып жатыр. Бұл идея Үкiмет тарапынан қолдау тауып, аймақтың инфрақұрылымын дамытуға республикалық бюджеттен 4,8 миллиард теңге бөлу жоспарланған. Қазiр аймақ қалдықтардан тазартылып жатыр. Облыстық өнеркәсiп және кәсiпкерлiк басқармасының берген мәлiметтерiне қарағанда, бұрынғы Фосфор зауытының аумағында 67 меншiк иесi тiркелген екен. Олардың көпшiлiгi қазiр өндiрiстiк аймақтағы бизнестiк жобаларға тартылып отыр. Ал 13 меншiк иесi өндiрiстiң аумағын тиiстi мақсатта пайдаланбағаны үшiн жер иелену құқығынан айырылған.
Жаңа өндiрiстiк аймақта жүзеге асыруға лайықты жобаларды қазiр Шымкент қалалық әкiмдiгi мен өнеркәсiп және кәсiпкерлiк басқармасының мамандарынан құрылған арнайы кеңес iрiктейдi. Бүгiнгi күнi олардың қарауына түскен жобалардың 18-i өндiрiске жолдама алды. Мамандардың пiкiрiнше, бұл жобалар iске асқан кезде 1300 жаңа жұмыс орны ашылатын болады.
Өндiрiстiк аймаққа қызығушылық танытқан кәсiпкерлер көп. Олардың арасында шетел инвесторлары да бар. Бiрақ кәсiпкерлерге қойылатын талап та жоқ емес. Аталған аймақтың жетекшiсi Нұрғали Камардиновтың айтуынша, аймақта негiзiнен бәсекеге төзiмдi деген мұнай өнiмдерi, битум, минералды тыңайтқыштар, шина, қағаз, картон, целлюлоздық мақта, құрылыс материалдары өндiрiлуi тиiс. Қазiр аймақта түрiк инвесторы орауыш материалдарын шығаратын зауыттың құрылысын жүргiзiп жатыр. Олар алдағы уақытта жаңа заманға лайықты тағы үш зауыт салмақ.
Шина зауыты аталған өндiрiстiк аймақтың iргесiнде жатқан кәсiпорын. Егер бұл кәсiпорын да "ұйқысынан" оянар болса, Шымкенттiң өнеркәсiбiн жаңа белеске көтерерi айдан анық.
Бақытжан ДӘУIТ,
Оңтүстiк Қазақстан облысы