Жаңалықтар

ҰЛТТЫҚ САНАҚТЫҢ КҮМӘНДI ТҰСТАРЫ

ашық дереккөзі

ҰЛТТЫҚ САНАҚТЫҢ КҮМӘНДI ТҰСТАРЫ

Былтырғы жылдың 25-ақпан мен 6-наурыз аралығында өткен жалпыұлттық халық санағаның нәтижесiн ұзақ уақыт саралаған Статистика агенттiгi соңғы қорытындыны таяуда ғана жария еттi. Ресми мекеме басшысы Әлихан Смайылов келтiрген мәлiметке қарағанда, елiмiзде халық саны 16 миллион 9 мың 600 адамға жеткен. 1999 жылдан берi бұл көрсеткiш 6,9 пайызға артып, қазақстандықтардың саны 1 миллион 28 мың адамға көбейген.

2009 жылғы санақтың қорытындысы бойынша, қазақтардың үлесi 63,1 пайызды құраса, одан бергi бiр жылға таяған уақытта бұл өсiм 63,9 пайызға жетiп отыр. Естерiңiзде болса, санақ өткеннен кейiн алдын ала бейресми қорытындысын мәлiмдеген сол кездегi Статистика агенттiгiнiң басшылары: "Қазақтардың үлесi 67 пайызға жеттi" деген болатын. Бұл көрсеткiштi ести сала бөркiн аспанға атқан демограф-ғалымдар да әртүрлi болжам жасап, әлекке түсiп едi. Тiптi, бұл қуанышты жаңалық Премьер-министр Кәрiм Мәсiмовтiң аузымен айтылғанда бөркiн аспанға атпаған жан қалмады. Ол өз сөзiнде "Қазақстанның негiзгi халқы – қазақтың саны 67 пайыздан асқандықтан, бiз ендi бәрiмiз мемлекеттiк тiлде сөйлеуiмiз керек болады" деп бұдан былай мүмкiндiгiнше көбiрек қазақша сөйлеуге, Үкiмет отырыстарын да қазақ тiлiнде өткiзуге тырысатынын жеткiзген-тұғын. Ол ол ма, одан кейiн 67 пайызымыз 65 пайызға төмен сырғыса, санақтың соңғы нәтижесiнде 63,9 пайызға кемiп отыр. Мұны қалай түсiнуге болады?

Iле-шала он жылда бiр мәрте өтетiн санақтан да ши шығып, Статистика агенттiгiн уысында ұстаған басшылардың санаққа бөлiнген ақшаны талан-таражға салып, қымқырғаны белгiлi болды. Сөйтiп, санақтың толыққанды нәтижесiн жария етуге қайтадан қаржы қарастырылды. Негiзi былтыр халық санағын өткiзуге мемлекеттен 5 миллиард теңге бөлiнсе, биыл деректер қорын өңдеуге қосымша 59 миллион теңге жұмсалды. Санақ қорытындысын шығару уақытының бұлайша тым ұзаққа созылуына басты себеп – агенттiктiң бұрынғы басшысына қатысты дау емес, санақ нәтижесiн жариялауға тиiстi бағдарламалардың жоқтығы кедергi келтiргенге ұқсайды. "Санақтың қорытындысын шығармай, дерек қорын өңдемей ештеңе айтуға болмайды. Өңдеу жұмысы ендi ғана аяқталды. Қазiргi таңда қазақтың үлесi – 63,9 пайыз. Ал, "67 пайызпыз" деп қате ақпар беру статистика агенттiгiнiң бұрынғы төрайымының кемшiлiгi. Оның үстiне қайта өңдеу кезiнде тiзiмге екi реттен iлiнiп кеткен 300 мыңнан астам адам дерек қордан шығарылған. Әуелгi кезде қазақтың үлесiн 65-67 пайызға жеткiзу сол дубльдiң кесiрiнен болып отыр", – дейдi Статистика агенттiгiнiң төрағасы Әлихан Смайылов.

Дегенмен, былайғы қарапайым халық елдi дүрлiктiрген санақтың шынайы өтпегенiн айтып жүр. Алысқа бармай-ақ, Алматы қаласының iргесiндегi кейбiр елдi мекендерге санақшылардың ат iзiн салмағаны да баспасөз беттерiнде талай жазылды да. Тiптi, қоғамның белсендi мүшесi болып табылатын кәсiпкерлер де, қарапайым мүгедектер де санақтан қалыс қалғанын айтып ашынған едi. "Салық төлеймiн, бiрақ санаққа iлiнбегенiм қалай?" деп iштей наразылығын бiлдiрген азаматтар да редакциямыздың телефонына дамыл бермей, өз күйiнiштерiмен бөлiскен-дi. Әрбiрден соң тұтастай ауылдың санаққа да, санатқа да iлiкпегенiн кiм бiлiп жатыр? Алайда, "ешкiм ескерусiз қалған жоқ" деп сенiмдi түрде айтқан Статистика агенттiгi басшысына бiз сенсек те, санаққа iлiнбеген жұрт сенер ме екен?!

Санақ қорытындысына күдiкпен қарайтындар көбейген сайын, бұл жалпыұлттық шараны қайта өткiзу керек дейтiндер де табылуда. Мәселен, бiр жылдан соң жарияланған санақ нәтижесiне сенiмсiздiк танытқан Сенат депутаты Ғани Қасымов мемлекеттiк комиссия құрып, санақ қорытындысын қайта тексеру керек дегендi алға тартады. "Соңғы қорытындыны мүлдем мойындамай, жаңадан санақ жүргiзу керек деп ойлаймын. Ол нағыз мемлекеттiк айқын, ашық санақ бола алады!" дейдi ол.

Алайда, мемлекеттi шығынға батырған санақты қайта өткiзудiң қисыны жоқ дейдi кейбiреулер. Өйткенi, онсыз да бiр жылға дейiн нәтижесiн сарыла күткен қоғамның санақтан көңiлi әбден қалып қойған. Оған қайтадан ақша шашып, шынайы санақ өткiзем деушiлердiң шашбауын көтеру құр бекершiлiк сияқты.

Айта кету керек, жақында ғана алып көршiлер – Ресей мен Қытайда да халық санағы жүргiзiлдi. Қытайдағы 2000 жылы өткен соңғы санақтың нәтижесi бойынша, тұрғындар саны 1,265 миллиардты құраса, оның 807 миллионы ауылды жерде тұратыны анықталған. Ал, БҰҰ-ның соңғы дерегiнше, Қытай халқы 2010 жылы 1,396 миллиардқа табан тiреуi мүмкiн. Естерiңiзге сала кетсек, Қытайда бұрын бала туу саясатын бұзып, "бiр отбасы – бiр бала" саясатын елемей отырғандар қатаң жазаланатын. Қытайдың Чжэцзян провинциясының демографиялық саясат жөнiндегi комитет басшысы Чжан Вэньбао: "Қытайда кейбiр байлар мен атақты адамдар тиiстi айыппұлдарын төлеп, 2 және одан да көп бала тууға болады деп санайтыны баршаға мәлiм. Бұл тәжiрибе тоқтатылуы керек. Беделдi адамдар қандай айла-тәсiлмен болсын заңды айналып өтудi емес, басқа адамдарға заңды құрметтейтiндерiн көрсетулерi керек", – деп, демография саясатын бұзғандар ең үлкен айыппұл – 130 мыңдай доллар төлейтiнiн баса айтқан едi. Жақында ғана бұл қатаң жаза жеңiлдетiлiп, "бiр отбасы – бiр бала" саясаты алынып тасталды. Бұдан былай халқының саны жағынан басым Қытай мемлекетiнiң тұрғындары 2 миллиардқа жетiп жатса да, таңқалмайтын шығармыз.

Ал, ендiгi бiр көршiмiз Ресей федерациясының мамандары студенттер санының азайып кеткендiгiне байланысты жоғары оқу орындары саны мен бюджеттiк сала қызметкерлерiнiң қысқаратындығын айтып, дабыл қаққан. Бiлiм сапасын бағалау және қадағалау басқармасының бастығы Татьяна Бархатова: "Биыл бюджеттiк орындар саны 10 пайызға қысқарды" десе, Ресей Бiлiм және ғылым министрi Андрей Фурсенко: "2011– 2015 жылдар аралығында шамамен 100 мыңдай оқытушы жұмыссыз қалуы мүмкiн" дегендi тiлге тиек етедi. Себебi, елде демографиялық дағдарыс туындап, өмiр есiгiн ашатын нәрестенiң саны бәсеңсiген. Мектепте жасөспiрiмдер саны күрт төмендеп, жоғары оқу орнына түскiсi келетiн талапкерлер азайып кеткен. Қазiргi кезде бұл тығырықтан шығудың жолын қарастырып жатқан Ресей алдағы уақытта қосымша бағдарламалардың ауадай қажеттiгiне назар аударып отыр. 2002 жылы Ресейде өткен санақ бойынша, халықтың саны 145,2 миллион адамды құраса, "Росстаттың" мәлiмдеуiнше, қазiргi кезде бұл көрсеткiш шамамен 141,9 миллион адамға азайған. Санақтың толық қорытындысы келесi жылдың наурыз-сәуiр айларында белгiлi болмақ. Ресми дерекке сүйенсек, Қытай үкiметi санаққа 700 млн. юань ($103 млн.) бөлсе, ал Ресей 17 миллиард рубль жұмсауды көздептi.

Небәрi бiр жылдың төңiрегiнде санаққа байланысты әртүрлi мәлiмет таратылды. Тiптi, әуелгiде санаққа бөлiнген қаржыны жымқырғандарға байланысты қылмыстық iс қозғалғандығы туралы айтылса да, көп ұзамай бұл әңгiменiң демi басылып та қалды. Ал, Статистика агенттiгiнiң бұрынғы төрайымы Анар Мешiмбаеваның әлi күнге қайда жан сауғалап жүргендiгi де анық емес. Соған қарағанда, бұл санақтың бiз бiлмейтiн құйтырқылары жабулы қазан күйiнде қалып қоятын сияқты.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ