Жаңалықтар

КYНШЫҒЫСТАҒЫ ОҒЫЗ ЖЫРЫ

ашық дереккөзі

КYНШЫҒЫСТАҒЫ ОҒЫЗ ЖЫРЫ

НҰРЫНАН АЙДЫҢ ЖАРАЛҒАН

Ертеде Такэтори деген қария өмiр сүрiптi. Ол күн сайын тауға бамбук кесуге барады екен. Бiрде қария әдеттегiдей ағаш кесiп жатқанда, бiр бамбуктен нұрлы сәуле жарқ ете қалады. "О, тоба!" деп, таңданған Такэтори бамбукты жарып қараса, iшiнде сәби бар екен. Қария шұғылалы сәбидi ағаштың iшiнен шығарып алып, үйiне әкеледi. Шалының ерекше бала тауып алғанына кемпiрi де таңданып, қуанады. Екеуi нұрлы бөбектi мәпелеп бағады. Қариялар сәби сыйлаған қасиеттi бамбуктiң қуысынан күнде жарқ-жұрқ еткен алтын теңгелердi алып тұрады. Сөйтiп қария дәулеттi адамға айналады. Шұғылалы сәби өсiп, бойжетедi. Ай десе аузы, күн десе көзi бар ғажайып бiр сұлу қыз болады. Қариялар оны Кагуяхимэ (Ай нұрынан жаралған қыз – Ш.Ж.) деп атайды. Токиодан 1990 жылы шыққан "Нихонмукашибанаши" кiтабын оқып отырып, қазақтың "Оғыз қаған" жыры есiме түстi: "Күндерде бiр күн Оғыз қаған бiр жерде Тәңiрге жалбарынды. Қараңғылық түстi. Көктен бiр жарық түстi. Күннен аян (жарық), айдан көгiлдiрлеу едi. Оғыз қаған келiп көрдi. Осы жарықтың арасында бiр қыз бар едi, жалғыз отырар едi. Жақсы көрiктi бiр қыз едi. Оның басында оттай жарқыраған бiр меңi бар едi, алтын қазықтай едi. Осы қыз сондай көрiктi: күлсе Көк Тәңiрi күлер едi, жыласа Көк Тәңiрi жылар едi. Оғыз қаған оны көргенде есi қалмады, сүйдi, алды" ("Оғызнаме". Алматы 1986. 27-28 б.) Оғыздың үш ұлы – Күн, Ай, Жұлдызды дүниеге әкелген де осы нұрлы ағаштың iшiнен шыққан ару. Ары қарай жыр не дейдi? "Бiр күнi Оғыз қаған аңға кеттi. Бiр көл ортасында алдынан бiр ағаш көрдi. Бұл ағаштың қауашағында бiр қыз бар едi, жалғыз отырар едi. Жақсы көрiктi бiр қыз едi. Оның көзi Көктен көгiлдiр едi. Оның шашы өзеннiң ағысындай, оның тiсi iнжудей едi. Сондай көрiктi едi. Оны көргенде жер бетiндегi жұрт айтушы едi: ай, ай, ах, ах өлермiз деп, сүттен қымыз боп кететiн. Оғыз қаған оны көрдi де, есi шығып жүрегiне от алды". Сөйтiп Оғыз қаған ағаштың қуысындағы нұрлы қызды алды. Одан Көк, Тау, Теңiз – үш ұл туды. Күншығыс фольклорындағы Ай, Күн, Жұлдыз, Көк, Тау, Теңiзбен байланысты мифтер өте көп. Қазақтың Оғыз жырының фрагменттерi жеке-жеке аңыздарға арқау болғаны өз алдына, "Оғызнаменiң" мазмұны жапонның көне мифтерiнде өз қалпында баяндалған. Қаһарманы Оғыз қаған деп аталмаса да, жырдың желiсi қаз-қалпында сақталуының өзi ежелгi дәуiрдегi бiр рухани бастауға жетелейдi. ТАҢБАМЫЗ – БЕРЕКЕ, ҰРАНЫМЫЗ – КӨК БӨРI "Оғыз қаған әйдiк той жасады, ел-жұртқа жарлық шашып, шақырып кеңестi. Қырық сiре, қырық сәкi шаптырды, түрлi астар, түрлi шараптар, шұбат, қымыз iшiлдi, желiндi. Тойдан соң Оғыз қаған бектерге, ел-жұртқа жарлық бердi: – Мiне, мен сендерге қаған болдым, жақ пен мiне қалқан алыңдар, бiздiң таңбамыз – береке, ұранымыз – Көк Бөрi болсын. Темiр сүңгiлерiмiз орман болсын. Қорықта құлан жортсын, теңiз бен өзен шалқысын, Күн – туымыз болсын, Көк – шатырымыз болсын,– дедi". Жалғыз қолжазбасы Парижде сақтаулы тұрған жырдың нақты авторы белгiсiз болса да, ғасыр бұрын зерттеген ғалымдар дастанды Түркiстан, Сыр, Жетiсу бойындағы бiр ғұлама шығарғандығын топшылаған. "Оғызнаме" – қазақ әдебиетiнiң бастауында тұрған көне замандық құнды мұраның бiрi. Әбiлғазы Баһадүр "Шежiре и түрк" еңбегiнде Оғыз қағанның Самарқан, Бұқар, Иран, Сирия, т.б. жерлердi билегендiгiн жазса, Оғыз өркениетi кезiнде туған (ауызша да тараған) теңiздей телегей рухани мұраның бiразы жапонның көне әдебиетiнде сақталғандығы қолжазбалармен танысу барысында анықталып отыр. Ұранымыз – Көк Бөрi деп өсиет еткен Оғыз бабаның дәуiрiнен жеткен көкжал туралы аңыздар Жапонияның Айчи, Акита, Шикоку сияқты көптеген аймақтарында айтылады. Екi мың жыл бойы екi арада байланыс болмаса да қазақ пен жапонның әдебиетi мен мәдениет тарихындағы ортақ символдар мен ортақ рухани тамыр өзегi ежелгi дүниедегi бабалар мұрасы емес пе? Ежелгi жырдағы фантазия – шындықтың көркем образы. Оғыз қағанның Итил (Едiл) дариядан бастап, Шам, Хинди, Тибет таулары мен жазық даласынан асып, мемлекет құрғанда оны бастап жүрген Көк Бөрi қазақтың бергi кезеңдегi жаумен соғысында да туының киесi болды. Ел жадында ұлық билер, көсемдер, данагөй ғұламалардың өмiрiн Көк Бөрiмен байланыстыра бейнелеген аңыздар қаншама? Халық Бөрiден ұры-қары, әдiлетсiз жамандарды туғызбайды, тектi, әдiл Илсау сияқты билерiн Көк Бөрi асыраған едi дейдi. Бөрi – тектiлiк. Кез келген елдiң танымында бола бермейтiн осындай тектiлiк тәрiздi ұғымдардың қатарында Береке де бар. Әлем тiлдерiнiң сөздiк қорын зерделей қарасақ, Береке ұғымын өз қалпында жеткiзетiн сөздi таппайсыз. Көп, мол, асып төгiлген дегендей, мәнi үйлесiм табатын сөздер бар, әрине. Береке дарыған елде ғана береке ұғымы сақталған. "Таңбамыз береке болсын" деп өсиет еткен Оғыз қаған. Қазақ отбасының қадiр-қасиетi де Берекемен байланысты. Оғыз қағанның өсиетi бойынша Күншығыстағы бiр өлке Тойода, яғни берекелi дала деп аталады. Жапондар жер-су атауларына ешқашан өзгерiс енгiзген ел емес. Бүкiл топоним, гидронимдерi атам заманнан қалған, байырғы таңбасымен сақталған. Тойо иероглифi – береке, да – дала деген сөз. Тойода өлкесiнде Тойота өндiрiстiк қаласы орналасқан, әлемге автомобильдерiмен танымал. Қазақтың дала ұғымы жапон тiлiнде да болып таңбаланса, береке сөзi тойо (екiншi оқылуы хоу) деп бейнеленуi Оғыз бабаның өсиетiн бұлжытпай орындаудың дәлелi емес пе? Қазақтың берекемен астасып жатқан "той" деген дәстүрден ажырамас сөзi бар. Тойо да осы тойға қатысты. Этимологиялық астарға үңiлсек, жапон тiлiнде Береке ұғымының иероглиф түрiнде тойо деп оқылуы бекер болмаса керек. Әрине, той жасаудан қазаққа ешкiм жетпейдi. Жапонның бiрен-саран адамның басын қосатын тойы мен қазақтың ас та төк той жасау дәстүрiн еш теңестiруге болмас. Бiрақ формасы қандай босла да тойдың негiзi бiр. Шет елдiң көшелерiн көлiкке толтырған жапонның "Берекелi даласының" топонимдiк астарының осындай архаикалық мәнi бар. Оғыз қағанның: "Күн – туымыз болсын" деген тағы бiр өсиетiн Күншығыстағы ел бұлжытпай орындады. Қанша ғасыр өтсе де туы өзгерген емес. Ортасында қып-қызыл күн от шашып тұр. Жалпы жапондар атадан қалған қағидаларды бұлжытпай орындайды. Оғыз жырында айтылады емес пе: "Оғыз қағанның жанында ақ сақалды, ақ шашты ақылгөй қарт кiсi бар едi, ақылы түзу бiр ер едi, түскер едi. Оның аты Ұлық Түрк едi. Күндерде бiр күн ол түсiнде бiр алтын жақ көрдi. Үш күмiс оқ көрдi. Осы алтын жақ Күншығыстан Күнбатысқа дейiн жайылып тұр екен. Ұйқыдан оянып, түсте көргенiн Оғыз қағанға бiлдiрдi: – Ей, қағаным! – дедi, сенiң жасың ұзақ болғай! Ей, қағаным, сенiң билiгiң түзу болғай, маған Көк Тәңiрi түсiмде аян бердi. Айтқаны келсiн! Талай жердi ұрпақтарыңа берсiн, – дедi". ДАНАЛЫҚ НҰРЫ "Оғызнаме" – Оғыз заманының тарихи келбетi бейнеленген мифтiк туынды. Оны кiм шығарғаны, кiмдердiң жырлағаны, хатқа қалай түскенi көмескi. Анығы – бұл жыр Оғыз қағанатының әдеби мұрасы. Ал Оғыз қағанатының әдiл биi, ақылшы көсемi әулие Қорқыт болды емес пе? Қорқыт әлемдегi жыраулардың, жыршылық дәстүрдiң арғы атасы, бақсылардың пiрi. Қорқытты философиялық образ, Сыр өңiрiндегi Байаттан шыққан көп данышпанның бiрi ретiнде өмiрiн қобыз тартумен өткiзгендiгiне ғана мән беремiз. Ал шын мәнiнде Қорқыт түркiге ортақ философ қана емес, ол жаһандық тұлға. Ежелгi дәуiрдiң ғұламалары Қорқыт бабаның бүкiл дүниежүзiн кезгендiгiн еңбектерiнде жазған. Кейiнгi ХҮIII ғасырдағы Қазыбек бек Тауасарұлы да шежiрелерге сүйене отырып, "Түп-тұқияннан өзiме шейiн" деген кiтабында Қорқыттың Еуропада болғандығын жазған. Қорқыттың Еуропада болғандығының белгiсi оның бар болмысын көрсететiн Қорқыт Ата кiтабының ХҮ-ХҮI ғасырларға телiнетiн екi қолжазбасы Ватикан мен Дрезден кiтапханаларында сақтаулы екендiгi. Қорқыт бабаның өмiр сүрген кезеңi, Оғыз қағанатының дәуiрлеген тұсы ҮI-ҮII ғасырлармен белгiленсе де, менiң пайымдауымша, бақсылардың атасын да, Оғыз қағанды да одан да терең архаикалық заманмен байланыстырған жөн. Еуропалық ғылыми теория күллi Шығыстың мол тарихын жұтаңдатып, терең танымын таяз еткенi белгiлi бiр саясатпен жүзеге асқаны белгiлi. Ай нұрынан жаралған Кагуя сұлудың әңгiмесiн аяқтайық: Кагуяхимэнiң даңқын естiген сегiз қырлы бес серi "маған қалыңдық болар ма екен?" деп, қарияның үйiне келiптi. Химэ сұлу бес жiгiттiң қайсысы ойындағы затты әкелсе, соған қалыңдық болатындығын айтады. Ол қандай зат? Ишицукуриномико есiмдi жiгiтке Будданың Ишипачи деп аталатын құнды жананын, Курамочиномико деген серiге алтын ағашты, ал Абэ мырзаға от тышқанының терiсiн, Оотомономиюки мырзаға бес түске құбылатын моншақты, Исонокамимаро мырзаға қарлығаштың қауырсынын алып келу тапсырылады. Ишицукуриномико қария айтқан затты таппай қиналды. Будданың жананы жапон елiнде жоқ нәрсе екен. Алыстағы үндi жерiнде бар деседi ел. Сонау алыс елге қалай бармақпын? деп ойлайды ол. Сөйтiп белгiленген мерзiмге дейiн үйiнде жата бередi де, қол астындағыларды жананды iздеуге жiбередi. Олар болса, бiр таудың қойнауында орналасқан храмдағы көне жананды алып келедi. Курамочиномикоға қымбат ағашты табу тапсырылған болатын. Ол ағаш тегiн ағаш емес: бұтақтары алтыннан, жемiстерi аппақ нұрлы болуы керек. Ол Химэнiң үйiне барып: "Мен қазiрден бастап, асыл ағашты iздеймiн", – дейдi де, өзi серiктерiмен кемеге мiнiп, саяхаттауға кетедi. Бiрақ үш күн өтпей қайтып оралады. Сосын Курамочиномико жасанды заттар жасаумен шұғылданатын кiсiлердi жинап: "Бұтақтары алтын, жемiстерi аппақ ағашты жасаңдар" деп тапсырады. Ағаш әп-сәтте дайын болды. Жарқ-жұрқ еткен ағаш бұтақтарының сәулесi аппақ жемiстерiмен шағылысып, айналаны нұрға бөлеп тұр. Әдемiлiгi сонша, бейнебiр жұмақ ағашы дерсiң. Мико ағашты алып, бiрден Кагуя Химэге барады. "Мен бұл ағашты алыс-алыс елдерге сапар шегiп, әрең таптым" дейдi. Бiрақ ағаштың жасанды екендiгi ашылып қалады. "От тышқанының терiсiн қолға қалай түсiрсем екен?" деп ойлайды Абэ. Алыстағы елдiң бiр адамына "от тышқанының терiсiн тауып, маған жiберiңiзшi" деп хат жазады. Содан соң хатпен бiрге көп ақшаны серiгiне бередi де, алыс елге жiбередi. Ақша мен хатты алған кiсi: "от тышқанының терiсi дегендi естуiм бар, бiрақ көрген емеспiн. Дегенмен, iздестiрiп көрейiн", – дейдi. Хатты тапсырған кiсi әлгi адамның сөзiн Абэге жеткiзедi. Олар от тышқанының терiсiн күтiп жата берсiн. Үш жыл өттi. Алыстағы елдiң адамы уәделi затын жiбердi. Министр қуанып, затты ашып көрдi. Терi аспан түстес көгiлдiр әрi жалт-жұлт етiп, шұғылалы сәуле шашып тұр. Министр: "бұл шынымен де баға жетпес зат қой. Кагуяхимэге көрсетiп, қуантайын" деп, терiнi өрнектелген сәндi сандыққа салып қыздың үйiне апарды. "От тышқанының терiсiн әкелдiм, мiне!" деп, сандықты қыздың алдына қойды. "Иә, шынымен де әдемi екен" дейдi, Кагуяхимэ. "Бiрақ бұл нағыз асыл терi ме екен, сынап көрмей сенбеймiн. Нағыз от тышқанының терiсi отқа салса жанбайды. Қане, көрейiк!" деп, қыз терiнi ошаққа тастады. Сол-ақ екен, терi лап етiп отқа оранды да, демде жанып кеттi. Оотомономиюки бес түске құбылатын моншақ табуы керек болатын. Моншақ кiсiде емес, айдаһардың мойнында деседi жұрт. Оотомо серiктерiмен кемеге мiнiп, сапарға шығады. "Айдаһарды садақпен ату керек", – дейдi ол. Кенет айдаһар қозғалысын бiлдiргендей теңiз тулайды. Кеме асау толқынмен бiр көтерiлдi де жағаға бiр-ақ шықты. Сөйтiп, Миюкидiң асыл моншақты iздеуi осымен аяқталды. Исонокамимаро қарлығаштың қауырсынын iздеп, сарайдың шатырындағы ұяға қолын салғаны сол едi, арқан үзiлiп кетiп, жерге құлап түстi. Белi сынып, есiнен танып қалды. Сөйтiп, сұлудың бұл тапсырмасы да орындалмады. Кагуяхимэнiң сұлулығы күн сайын арта түсiп, даңқы бүкiл әлемге шарықтады. Оның көркiн көрмей ғашық болған жiгiттер де көбейдi. Тенши деген мырза жiгiт "Бұл өзi қандай екен, өз көзiммен көрейiншi" деп, Кагуяның елiне қарай бет алды. Сәндi күйме дарбаза алдына тоқтағанын көрген кемпiр мен шал "Бұл кiм болды екен?" деп қараса әйгiлi Тенши мырза екен. Қариялар қонақты құрметпен қарсы алды. Кагуяны көрген Тенши есiнен танып қала жаздады. "Менiң сарайымда тұрғың келе ме?" дедi ол Кагуяға. Қыз оған қалыңдық болудан бас тартты. Кагуяхимэ күнде кеш батқанда мұңайып, аспандағы айға мұңын шаққандай көк жүзiне ұзақ-ұзақ қарайды екен. "Қарағым, шырағым Кагуя, сонша қайғылы күйге түсетiндей не болды?!" деп сұрайды атасы мен әжесi. Бiрақ қыз нелiктен айға мұңая қарайтынын айтпайды. Ай күнтiзбесi бойынша 15-нен 16-на қараған түнi Кагуя көз жасын төгiп, өксiп-өксiп жылайтын болды. Бұның себебi, оның Айға оралатын мерзiмi жеткен едi. "Осы жолғы джюгоя кешiнде Ай елiнiң өкiлi менi алып кетуге келедi. Атам мен әжемнен ажырайтынымды ойлап қайғырамын", – дейдi. Қариялар қыздың бұл сөзiне таңданып: "Бiз Кагуяны титтей кезiнен бағып, тәрбиеледiк. Ол бiздiң туған баламыздай. Ешкiм бiздiң баламызды тартып ала алмайды", – дейдi. Ал Кагуя "Ай елiнiң өкiлiне ешкiм қарсылық көрсете алмайды" деп, көз жасын одан сайын көлдетiп, егiле жылапты. Қария сиынатын орынға барып, перiштелерге: "Осы жолғы джюгоя түнiнде Ай елiнiң өкiлi Кагуяхимэнi алып кетуге келмек. Кагуяны қалай да бермей, алып қалуды сiзден сұраймын" деп, жалбарынып, перiштелерден көмек сұрайды. Перiште басын изеп: "Жарайды, бәрiмiз жабылып, қызды алып қалайық" деп жауап бередi. Джюгоя кешiнде перiштелер қарияның үйiн айнала қоршай бастайды. Кенет Ай жап-жарық боп кеттi де, одан ақ бұлт баяу қалқып төмендедi. Бұлт үстiне қонып алған Ай елiнiң өкiлдерi едi. Перiштелер садақтарын дайындады. Сол сәтте не болды деңiз? Ауыл халқы кенеттен қалшылдап, селкiлдей бастады да, көздерi тұманданып, еш нәрсе көрмей қалды. Ай елiнiң өкiлдерi: "Кагуяхимэ, бiз келдiк", – дедi. Кемпiр Кагуяны құшақтап, жiбергiсi келмесе де, қыз баяу сырғып әжесiнiң құшағынан ажырай бастады. "Ата, әже, менi бағып, тәр-биелегендерiңiз үшiн мың алғыс. Екеуiңiз бақытты өмiр сүрiңiздер" деп, Кагуяхимэ қарияларға қоштасу сөзiн айтты. Ол кимоносын (ұлттық киiм) қалдырды. Өзiн баққан ата-әжесiне арнап шығарған қоштасу жырын әнiмен қосып жазып қойған едi. Ән жазылған хатты да қалдырды. Ай әлемiнен келген өкiлдер Кагуяхимэге әдемi қауырсындардан тiгiлген көйлектi кигiздi. Толықсыған сұлудың шұғыла шашқан күймеге мiнгенi ғана көрiндi. Кагуя мiнген күйме алып бұлтқа оранып, Ай нұрын сепкен аспан елiне көтерiлдi де көрiнбей кеттi". Бұл шығарма Жапонияның барлық аймақтарында аңыз, миф және жыр түрiнде сақталған. Алпамыс батырдың баяны ертегi һәм жыр жанрында сақталғаны сияқты көне заман жауһарларының фольклордың әртүрлi жанрлық формаларында жетуi заңдылық. Жапонның "Аспан қызы" деген мифтiк туындысында да Айдан түскен қыздың қайтадан аспан әлемiне оралуы лирикалық түрде әдемi суреттелген. Окинава аймағының мифiнде Айдың адамға мәңгiлiк өмiр сыйлағысы келгенi айтылса, Шикоку аңызында он үш пен жетi сандарының қасиеттi саналуы Аймен байланысты екендiгi бейнеленген. Тiптi жапон балаларының жақсы көретiн тәттi тоқаштарының да Ай мен қоян туралы ертегiге негiзделген қызықты тарихы бар. Оғыз жырындағы Ай, Күн, Жұлдыз, Көк, Тау, Теңiз жапон дүниетанымындағы алуан-алуан аңыздарға арқау болды. Қорқыт заманынан жеткен мифтердегi Айтолды мен Күнтудының да астрономиялық сыры тереңде. Қорқыт өмiр сүрген Оғыз дәуiрiнде дүниеге келген эпостың бiрi Яматотакэру қаһарманның ерлiктерiн жырлайды. Жапон мифiндегi айрықша тұлғаның образын ежелгi заманғы суретшiлерi де бейнелеген. Кейiнгi Хийоши деген қылқалам иесi де 1894 жылғы гравюрасына хас батырдың болмысын арқау етiптi. Ямато елiнiң қаһарманын жапон жыраулары кешеге дейiн жырлаған. Яматотакэрудiң ерлiктерiн бейнелейтiн жырлар, аңыздар, ертегiлер де ұлт тарихының, ұлт дүниетанымының көрiнiсi. Хэйан дәуiрiнiң мұрасы "Ямато моногатари" де рулардың қатпарлы тарихынан мол мәлiмет берерi анық. "Оғызнаме" жырланған кезеңнiң шежiресiн баяндайтын "Кодзики", "Нихоншйоки", "Исэ моногатари" сияқты жылнамалық дүниелердiң шығыс тарихы үшiн маңызы зор. Аматэрасудан тарайтын императорлар әулетiнiң арғы атасы Дзимму батырдың ел көсемi болған шағынан бастап Күншығыстағы дүрбелеңге тола оқиғалар "Кодзики" эпосында суреттелген. Бұл эпостың тарихы Хиэдано Арэ, Оно Ясумаро тәрiздi жыраулармен байланыстырылады. Олар жырдың авторы емес, бiрақ оны жырлап, қағазға түсiрген, түсiнiктемесiн жазған ежелгi дәуiрдiң ақындары. Бұл шығармалардың "Қорқыт ата" сияқты басты қолжазбасы жетпесе де көшiрмелерi сақталған. Жалпы ежелгi дәуiрдiң әдеби мұраларының ешқайсысының авторлық қолжазбасы жетпеген. Қазiр ҮI-ХҮII ғасырдың қолжазбасы ретiнде танылып жүргенннiң барлығы көшiрмелер. "Кодзики" эпосының бiр нұсқасы Нагоя қаласындағы Симукудзи ғибадатханасында сақталған. Бұл қолжазба үш орамнан тұрады. Осындай көне еңбектердi түпнұсқа тiлден оқығанда бiр сюжеттiң, образдың, суреттiң қазақ жырында да, жапон фольклорында да кездесетiнi байқалады. "Кагуяхимэ" жыры да, "Оғыз қаған" жыры да бiр автордың шығармасы екендiгi анық. Әдеби көркемдiк дегенiмiз, еуропалық лингвистика қағидаларында бекiген "бiр тiлден екiншi тiлге ауысатын" кiрме сөз емес. Бұнда Батыс фольклористерi тұжырымдаған фольклордағы ауысып-алу теориясы, яғни бiр ұлттың әдебиетiндегi образдың басқа халықтың әдебиетiне "өтiп кету" теориясының күшi жоқ. Жапондар жерiн Тойода – Берекелi дала деп, басқа сөз таба алмаған соң атады дейсiз бе? Сол аймақты тоқшылық, молшылық, ырысты өлке деп таңбалауы да тарихи танымды танытады. Сыр бойындағы қазақтардың "бiлсей, тапсай" дегендегi (сай, сей) морфемасы жапонның тiлiнде де сол қалпында қолданылады. Бұл морфема қазақ пен жапоннан басқа әлемнiң ешбiр тiлiнде қолданылмайды. Ал Оғыз қағанатының ордасы Сыр бойында болғандығы белгiлi. Янгикент, Баршынкент сияқты шаһарларымен тарихта аты қалған Оғыз қағанаты туралы, оның мыңдаған жылдар бойы ұрпақтарға азық болар еңбектер жазған ғұламалары мен нар тұлғалы оғландары жайлы әңгiме шежiре боп шертiледi. Оғыз мемлекетi кезiнде салынған шаһарлар мен кенттер кешегi ХҮIII-ХIХ ғасырлардағы жаугершiлiкте қирап, орны да бiлiнбей кеткенiн ұмытуға болмас. Оғыздың Бозоқ пен Үшоқ елi де тарихта болғандығына қазақтың елордасының тереңiнен табылған Бозоқ қаласы дәлел. Оғыздардың ұлылығын ұлықтайтын "Оғызнаме" эпосының бiр ұшқыны Ай нұрынан жаралған сұлудың жыры болып жапон жерiнде жырланса, қағанаттың ұлық жыршысы, кемеңгер Қорқыттың орасан еңбегi Күншығыс елiн де даналық нұрына бөлеп келедi емес пе? Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА, жапонтанушы