Жаңалықтар

ТYРIКПЕНДЕР СЕРТIНДЕ ТҰРДЫ

ашық дереккөзі

ТYРIКПЕНДЕР СЕРТIНДЕ ТҰРДЫ

Бұл әңгiменi өзiммен бiр курста төрт жыл бiрге оқыған, Маңғыстаудың марқасқа азаматы Қарабалаев Аманқостан естiген едiм. Оның бүгiнде өмiрде бар-жоғынан да мүлдем хабарсызбын. Ал арада қырық жылдай уақыт өтсе де, әңгiмесi есiмде жақсы сақталыпты…

…ХҮII-ХҮIII ғасырлардың қазақ ұлты үшiн зар заман болғаны белгiлi. Маңғыстау бойын жайлаған қалың адай да жер үшiн әлсiн әлi сеңсең бөрiктi түрiкпенмен жағаласып тұрса керек. Содан шығыстан жоңғардың қысымы күшейiп, қалың қазақтың басына "Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаның" күнi туғанда адайдың бүкiл батыры бас қосып, Ұлы жүз, Орта жүзге көмекке аттанған. Ұрымтал тұсты пайдаланып, түрiкпендер Жем бойына сұғына енiп, Маңғыстаудың көп бөлiгiн басып алыпты. Елге қалқан ретiнде қалдырылған саны аз жаужүрек азаматтар соның өзiнде де қатал да күштi жаудан жасқана қоймаса керек. Қиян-кескi шайқастардың бiрiнде адайдың жалаңтөс батыры қапыда жау қолына түседi. – Әй, бәлем, талайымыздың түбiне жетiп едiң?! Ендi қалай болар екен? – дейдi сеңсең бөрiктiлер оған. – Иә, бұл жолы күш сендерде. Бiрақ айтар базынам бар. Соған құлақ шалсаңдар,-дейдi батыр дұшпандарына кiрпiк қақпай қарап тұрып. – Ал айт, айтарыңды, қазақ! Сауға сұрасаң, әуреленбе, ажалың бiзден! Мойныңда жәумiттiң (түрiкпеннiң бiр тайпасы) көп баласының қаны бар, – дейдi қауға сақалды көсемi түрiкпеннiң. – Маған қайда барсам да, бiр өлiм. Ат бауырында құндақталып кетсем, анда барғанда, сендер не басыма қалың етiп тұз себiлген тұлып кигiзесiңдер, не шашымды тықырлап алып тастап, миға тебен ине қағасыңдар. Ондай ит өлiммен жаным шыққанша, туған жердiң самал ауасын жұтып, осы жерде көз жұмайын,-дептi қазақ жiгiтi. – Әй, адай! Айтпағың не сонда? – деп, түрiкпендер аңтарылып, оны қаумалай қалыпты. – Сонау биiк таудың басын көрiп тұрсыңдар ғой. Менiмен бiрге төртеу-бесеуiң ерiп жүрiңдер. Бiреуiң –жебенi, бiреуiң – шитi мылтықты кезенiп тұрыңдар. Егер мен оқыс қимыл жасасам, ата саласыңдар. Олай болмаса, өзiм таудан төмен секiремiн, өлсем, жаным Аллаға аманат. Тiрi қалсам, сендерден сауға сұраймын. Түрiкпендер тұра қалып, ұзақ кеңескеннен кейiн, рұқсатын бередi. Батырды қоршап, бесеуi таудың басына қарай беттесе, құлайтын жердi екi-үшеуi қарауылға алған. Тау басына шыққан азамат сәл кiдiрiп тұрып, көзiн жұмбастан: – Ей, Алла! Ей, аруақ, Бекет Ата! – деп, төмен қарай құлдилай жөнелген. Қарауылдағылар жерге түскен қазақтың жанына келсе, тiрi екен. Бiр аяғы мен бiр қолы сыныпты. Қанша қатал заман болса да, түрiкпендер сөзiне тұрып, батырды көлеңкелеу жерге көтерiп апарып, сынған аяқ-қолын шүберекпен таңып байлап, жанына салқын суы бар екi құмыра және сегiз шелпек қойып, жөндерiне кетiптi. Ажалсызға дауа бар ма? Арада бiр-екi күн өткен соң, оны шолғыншы қазақ жасағы тауып алып, елге жеткiзген. Кейiн жоңғар жорығынан оралған адайдың батырлары жылдар бойы кескiле сiп, Маңғыстауды қазаққа қайтарыпты. 1963 жылы Н. Хрущев түрiкпендерге "сыйға" бере жаздаған, бүгiнде асты мұнай мен газға кiлкулi Маңғыстау сөйтiп, өзiнiң заңды иелерiнiң еншiсiнде қалған екен. Серiк ЫҚСАНҒАЛИ, Орал қаласы