Жаңалықтар

ҚЫРҒЫЗСТАН: ҚҰРАНМЕН АНТ БЕРIЛГЕН КҮН

ашық дереккөзі

ҚЫРҒЫЗСТАН: ҚҰРАНМЕН АНТ БЕРIЛГЕН КҮН

Қазақтың белгiлi ақыны Жұбан Молдағалиев "Мен қазақпын – мың өлiп, мың тiрiлген" деп төгiле жырлағанда, өз жырына "Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама " заманынан берi Желтоқсан күндерiне дейiнгi елдiң басынан кешкен түрлi қиындықтарын арқау етсе керек. Бұл жыр жолдары қырғыздың қазiргi жағдайын дәл бейнелеп тұрғандай.

Соңғы жетi-сегiз жылдың iшiнде-ақ қырғыз халқы "мың өлiп, мың тiрiлдi" деп айтсақ болар. Ақаев тұсында Ош облысының Ақсы деген ауданында көтерiлiске шыққан адамның алтауы атылып, жетiншiсi аштық жариялап, опат болған. Бакиев тұсында, қырғыздар айтқандай, "балтаға сап болатын" бес-алты депутат қылмыскерлердiң оғынан қаза тапты. Биыл сәуiр ереуiлiнде алған жарақаттың салдарынан жүзге жақын, өлкенiң оңтүстiгiнде маусым айында болған қанды қақтығыста үш жүзге жақын адам көз жұмды, одан бөлек қаншамасы хабар-ошарсыз жоғалды. Кешегi Құрбан айт күнi президент Роза Отынбаева бас болған билiк өкiлдерi сәуiр құрбандықтары жерленген Бiшкектiң шетiндегi "Ата Бейiт" мүрдесiне барып, марқұмдарға құран оқытып, тағзым жасады.

Қаншама адам шығынымен дүниеге келген парламенттiк билiк тұңғиыққа тiрелiп тұрған республиканы алға тартып кете ала ма? Қырғызстандықтарды толғантқан сұрау осы. "Тұңғиық" деп айтпасқа амал жоқ. Өлкенiң қаржы министрiнiң орынбасары Мирланбек Байғончақовтың мәлiметiне қарағанда, Ақаевтi Бакиев ауыстырған 2005 жылдың наурызынан, Бакиевтi Отынбаева ауыстырған 2010 жылдын сәуiрiне дейiн Қырғызстанның сыртқы мемлекеттiк қарызы 540 миллион долларға көбейiп, 2 миллиард 440 миллион болса, сәуiрден берi бұл сомаға 180 миллион доллар қосылған.

Кейбiр деректерге сүйенсек, республикалық бюджеттiң дефицитi сәуiр басындағы 13,5 миллиард сомнан өсiп отырып, қазiр 30 миллиард сомға жеткен.

Жақында елдiң құрметтi адамдары (арасында Қырғызстанды кеңес дәуiрiнде ширек ғасыр басқарған Турдакун Усубалиев ақсақал, Шыңғыс Айтматовдың iнiсi Iлгiз Айтматов бар) депутаттарды, ел басшыларын және шенеунiктерге Ленин мен Сталиндi мысалға келтiрiп, қарапайым өмiр сүруге шақырды.

Депутаттардың iшiнен қазiрдiң өзiнде қызметтiк көлiк керек емес дегендер шықты. Бұрын денсаулық сақтау министрi болған депутат Дамира Ниязалиева, "көлiгi жоқ депутаттың бiреуiне мен-ақ машина сатып алып берейiн",– деп жомарттығын танытты. "Ата Мекен" партиясының жастар қанатынан депутат болған Жомарт Сапарбаев және Социал-демократиялық партиядан депутат болған "Патриот" қозғалысының жетекшiсi Данияр Тербишалиев сынды жiгiттер қызметтiк үйден де, көлiктен де бас тартуда.

Басқа депутаттар бұл iзгi бастамаларды қолдай ма, қолдамай ма, оны айту әлi ертерек. Халық қалаулылары атанғандардың мiнез-құлқы, жүрiс-тұрыстары, интеллектуалдық өресi, әлеуметтiк жағдайлары әр түрлi. Ең үлкенi 65 жастағы Ташполот Балтабаев, қолданыстағы заңнамаларға лайық, спикер сайланғанша Жоғарғы Кеңештi уақытша басқаруда. Ең жасы – 24-тегi Нұрзат Осмонова әкесi Құрманбек Осмоновпен бiрге Идеалисттiк демократиялық "Ата Жұрт" саяси партиясынан депутат болып сайланды. Әкесi үлкен қызметтердi басқарған қырғыздың белдi атқамiнерлерiнiң бiрi, бiр жылдары Қырғызстанның Жоғарғы сотын басқарған.

Депутаттардың қызметке кiрiсу және ант беру рәсiмдерiде қызық пен шыжыққа толы болды. Өлкенiң кейбiр саяси күштерi "Ата Жұрт" және "Ар-Намыс" партияларының өкiлдерiнiң парламентке өткенiн ұнатып отырған жоқ. "Айкөл Алатау" және "Мекен шейiттерi" қоғамдық ұйымдарының белсендiлерi парламент жұмысын бастайтын күнi болашақ депутаттарды Парламент үйiне кiргiзбей бiраз әуре-сарсаңға салды. Жиналғандар "арнамысшыл" Тұрсынбай Бәкiрұлының басына шикi жұмыртқа лақтырып, қарсылығын бiлдiрген. Ол болса депутаттардың ант беру уақытында, өз кезегi келiп, мiнберге көтерiлгенде дүйiм жұртты таң қалдырды. Депутаттардың антының мәтiнi бекiтiлуден өтiп, бәрiне ортақ бiрыңғай болатыны белгiлi. Тұрсынбай Бәкiрұлы төс қалтасынан кiшкентай Құранды суырып шығып (бұған ешкiм оншалықты таңдана қойған жоқ едi, өйткенi бұрынғы президенттер ант бергенде қолдарын Конституцияға және Құранға қойып, жұрттың көзiн үйретiп қойған), "Би-исми иллаһи-р-рахман-ир-рахим", деп сөзiн бастап, "Өзгермейтiн Құранмен, әрдайым өзгерiп тұратын Конституциямен ант етемiн",– деп сөзiн аяқтады. Анты қабыл алынды. Алла пен Құранға кiм қарсы тұра алсын?! Сорақының көкесiн "киргиз" депутаттар көрсеттi. Ант мәтiнiндегi "егемендiгiн және тәуелсiздiгiн қорғауға ант беремiн" дегендi "қарғауға ант беремiн" деп өзгертiп алыпты қалды.

"Ата Жұрт" партиясының лидерлерi, депутаттар Қамшыбек Ташиев, Акматбек Келдiбеков, Садыр Жапаров Жоғарғы Кеңештiң отырысына келген жоқ. Бұл олардың өздерiнiң партияласы Динара Исаеваның депутат болғанына қарсылық акциясы. Динара айым Бакиевтiң кезiнде премьер-министр болған Данияр Үсеновтың жұбайы, кәсiпкер. Күйеуiне сәуiр оқиғасына байланысты қылмыстық iсi қозғалып, ол шет өлкелердiң бiрiнде жасырынып жүр. Д. Исаева бакиевтiк "Ақ Жол" партиясынан мұның алдындағы парламентке депутат болған. Партия лидерлерi "ақжолшы" айыммен депутаттық партада қатарласып отыруды өздерiне ар санайды екен. Осы шатақтың барысында Д. Исаеваның партияның сайлау алдындағы үгiт-насихат науқанына 1 миллион 300 мың доллар көлемiнде қаржылай үлес қосқаны мәлiм болды.

Қырғыз парламентi бүгiнгi күндерi iсiн толыққанды жүргiзе алмай жатыр. Үкiмет жасақталған жоқ. Президент Роза Отынбаева бiр апта бұрын Үкiметтi жасақтайтын коалицияны құру мандатын Қыргызстан социал-демократиялық партиясының лидерi Алмазбек Атамбаевге тапсырған. Ендi сегiз күннiң iшiнде КСДП коалиция түзе алмаса, кезек он бес күндiк мерзiммен "Ата Мекен" партиясына өтпекшi.

Назарбек БАЙЖIГIТОВ, "Түркiстанның" Қырғызстандағы меншiктi тiлшiсi