Жаңалықтар

МҰРАҒАТТАРДАҒЫ МОЛ ҚАЗЫНА

ашық дереккөзі

МҰРАҒАТТАРДАҒЫ МОЛ ҚАЗЫНА

Қазақ тiлiнiң түсiндiрме сөздiгiнде мұрағат жөнiнде: 1.Ескiрген құжаттарды, жазба мұраларды сақтайтын мекеме. 2. Жеке адамдарда сақталған қолжазбалар, жадығаттар, хат-хабарлар жиынтығы делiнген. Кең көлемде пайымдасақ, мұрағатта құжаттар сонау жазба мәдениетi басталғалы қалыптасып, бүгiнге жетiп отырғанын айтуымыз орынды.

Қазақтың кең даласында мұрағаттық деректер, қолжазбалар 18 ғасыр басында жинала бастаған-ды. Бұған дейiн жеке адамдар сақтаған құнды кiтаптар мен қолжазбалар және жәдiгерлер ұрпақтан ұрпаққа ауысып жетiп отырған.

1731 жылдан бастап кең көлемде орыс-қазақ арасында қатынастар жиiлеп, жазба байланыстар орнатылды. Соның нәтижесiнде Қазақ елiне қатысты деректер Санкт-Петербор, Мәскеу, Омбы, Чкалов, Орынбор, Ташкент, Алматы қалаларында орналасқан мұрағаттар қорында сақталған.

Мұрағатқа бiр кiрсеңiз және оның деректерiне қаныға түссеңiз, қайта барғыңыз келiп тұрады. Сондай киелi шаңырақтардың бiрi – ҚР Орталық мемлекеттiк мұрағатында оқырман болғаныма 45 жылдан асты. Орталық мемлекеттiк мұрағаттағы барлық жаңалықтар мен өзгерiстер көз алдымнан өттi десем де болады. Мұрағаттағы қорлар жаңаша толыға түстi. Өйткенi, Мәскеу, Санк-Петербург, Орынбор, Ташкент, Омбыдағы мұрағаттардан бiртiндеп құнды деректердiң көшiрмесiн алдыруға қол жеттi. Тiптi, шетел мұрағаттарындағы қоғам және мемлекет қайраткерi Мұстафа Шоқайдың құжаттары көп iзденiспен Қазақ елiне алынды. Бұдан бiраз жылдар бұрын Ақтөбе облысының мұрағатшылары Орынбор мұрағатынан, Оңтүстiк Қазақстан, Қызылорда облысының мұрағат қызметкерлерi Өзбекстанның орталық мұрағатынан қазақ елiне қатысты құжаттардың көшiрмелерiн ала бастады. Бұл — қуанарлық жайт. Негiзгi әңгiмемiз ҚР Орталық мемлекеттiк мұрағаты болғандықтан, оның iшкi құрылымы, ондағы атқарылған, атқарылар iстерге аздап тоқталып өтпекпiн. Орталық мұрағатта 1000-нан астам қор жасақталған. Әсiресе, Торғай, Семей облыстарының Дала генерал-губернаторлығына қарасты құжаттар Түркiстан генерал-губернаторлығының құжаттарына қарағанда көбiрек. Сырдария облысына қараған бүгiнгi Қызылорда, Оңтүстiк Қазақстан, Жамбыл облыстарына қатынасты мұрағат құжаттарының (1867-1917 жж.) басым көпшiлiгi — Өзбекстан мұрағатында.

Мұрағатта оқырман болу кезiнде мұрағатшы қызметкерлердiң жұмысының өте ауыр екенiн және олардың өздерiнiң қызметтерiне барынша жауапкершiлiкпен қарайтынына сан рет куә болдым. Бiр ғана Қазақстанның орталық тарихи мұрағатындағы Орынбор Шекара Комиссиясының №4 қорының мазмұнының өзi 804 беттен тұрады. 804 бетке орналасқан iсте бiрнеше жазбаларға тiркелген мыңға жуық құжат сақталынған. Оны тауып алудың, iздегендердi дөп басу — қиынның қиыны. Жер-су атаулары және сол кезеңдердiң тарихынан хабардар болғанда ғана мұрағатшылардың көмегiмен iздегенiңiздi табасыз.

Орталық мұрағаттарға iрi қорлардың қатарына №4, и-689-карталар қоры, №135 қор – iрi байларды тәркiлеуге, №25 қор – Торғай облысы басқармасының, №383 Сырдария желiсi басқармасының, №384 Қазалы уезi басқармасының, №385 Түркiстан облысы халқы басқаратын басқарманың канцеляры, №267 Қазасы уезi бастығының құжаты (қоры), 232 қор Перовскi уездiк басқарманың, №390 Қостанай уездiк басқарма қорларымен қатар тағы басқа да жүздеген қорлар жинақталған. Орталық мемлекеттiк мұрағаттардағы құжаттар мазмұны, мәнiне қарай сан тараулы болып келедi. Билер мен батырлардың қолтаңбалары мен мөрлерi, қол қойған таңбалары, Ресей патшалығының билеу рәсiмдерi, ат пошта бекеттерiнiң және мұсылмандық, орысша-қазақша мектептерiнiң ашылуы, олардағы оқушылар туралы деректер, азаттық үшiн күрескен қайраткерлерге қарсы қозғалған iстер, сұлтандар мен дистанция, түтiн пұл жинаушы т.б. қазақ шенеунiктерiнiң қызмет iсi, оларды тергеп, тексерген құжаттар, тағы басқа мәселелер қамтылған.

Орталық мұрағатта әртүрлi саладағы бөлiмдер құрылымы жұмыс iстеуде. Солардың iшiнде оқырмандарға етене жақыны — Мұрағат қорларын жариялау және пайдалану қызметi бөлiмi. Мұндағы қызметкерлер — өз iстерiне жетiк мамандар. Алдының еңбек өтiлi он жылдан асқан. Осы бөлiмнiң жетекшiсi Марзия Жылысбаева басқарған шағын ұжым мүшелерi оқырмандармен жиi кездеседi. Өйткенi, оқу залы да осы бөлiмге қарайды. Мұрағат қорларын жариялау және пайдалану қызметi бөлiмiнiң жұмыстары нәтижесiнде баспасөздермен кеңiнен байланыс орнатылып, бiрсырыпа құнды деректер республикалық басылымдар мен кiтаптарда жарияланып жүр. Мемлекеттiк Мәдени мұра бағдарламасы бойынша "История Казахстана в русских источниках ХVI-XX веков", осы сериямен араб, парсы тiлдерiндегi құнды деректер қамтылған сериялы көп томдық шығарылды. Осынау iстiң басы-қасында көптеген ғалым, қайраткерлермен қатар, ҚР Орталық мемлекеттiк мұрағаттың бұрынғы директоры Б.Жанаев болған-ды. Мұрағаттық деректер негiзiнде шығарылған кiтаптар мен түрлi журнал-газеттер оқу залының оқшау жерiне қойылған.

Көзге көрiнбейтiн жұмыстарының қорытындысы ұзақ уақыт алатын кiтапханашылар сияқты, мұрағат қызметкерлерiнiң жұмыстары өте ауыр да жауапты. Оны олармен жиi араласып тұрғандықтан, сезiне түсесiз.

Әсiлi, мұрағаттарда жатқан мол қазынаны аршып, терең саралай отырып, бүгiнгi ұрпақтарға жеткiзуiмiз қажет. Оған бүгiнде мұрағатта толық мүмкiншiлiк бар. Мұрағат үйi жөнделiп, мұрағатқа қажеттi техникалық құралдар көмекке келуде. Бүгiнгi жастарымыз мұрағаттан мол мұра ала алады. Тек сарғайған қағаздарды терең сөйлете бiлген жөн.

Тынышбек ДАЙРАБАЙ, зерттеушi, этнограф.