Жаңалықтар

Астана саммитiнiң күн тәртiбiнде: АУҒАНСТАН

ашық дереккөзі

Астана саммитiнiң күн тәртiбiнде: АУҒАНСТАН

Астана Саммитiнде Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары талқыға салар тақырыптың бiрi — Ауғанстан. Бұл тақырыпты жыл басында Қазақстан төрағалығының тұсауы кесiлген тұста Президент Нұрсұлтан Назарбаев белгiлеп берген едi.

Елбасы ЕҚЫҰ-ға мүше елдердiң сыртқы iстер министрлерiнiң бейресми кездесуiн ашу рәсiмiнде сөйлеген сөзiнде де Ауғанстаннан бастау алатын есiрткi тасымалының кесiрiнен халықаралық қауымдастықтың қауiпсiздiгiне төнген қатерге баса назар аударды. "Халықаралық қоғамдастықтың маңызды бiр қам-қарекетi Ауғанстанда есiрткiнiң өндiрiлуiмен және оның трафигiмен күрес болып қалып отыр. Мұнда бұған дейiн қолданылғандарынан басқа өте тиiмдi әдiс — елдiң ауыл шаруашылығы үшiн мамандандырылған бағдарламалар әзiрлеу және iске асыру болар едi, олар апиындық көкнәр егiстiктерiн өңiрден шығаруды ынталандырар едi. Нақты ұсыныстар мен бiрлескен iс-қимыл жоспарларын әзiрлеу Ауғанстан проблемасын кеңiнен ой сарабынан өткiзудi талап етедi. Сондықтан да Ауғанстан тақырыбы трансұлттық қатерлер тұрғысынан алдағы Саммитте талқылауға лайық", — дедi Президент. Қазақстан Президентi Ауғанстаннан бастау алатын есiрткi тасымалын тыю үшiн елдiң ауылшаруашылығын реформалау керек деп санайды. Осы бағытта нақты ұсыныстар бiлдiрiп, арнайы бағдарламалар әзiрлеу үшiн де бұл мәселе алқалы орта талқысына салынуы тиiс. Қазақстан Ауғанстандағы саяси-экономикалық жағдайдың ғаламдық және аймақтық қауiпсiздiкке тигiзетiн әсерiн ескере отырып, халықаралық қауымдастықтың назарын осы елде кешендi бағдарламалар жасау қажеттiгiне аудармақ. Палермода өткен ЕҚЫҰ Парламенттiк ассамблеясының күзгi сессиясында сөйлеген сөзiнде мемлекеттiк хатшы — сыртқы iстер министрi Қанат Саудабаев та Ауғанстанның трансұлттық қауiп тудырарлық ролiне назар аударды. "Ауғанстан әлi де бұрынғысынша бiздiң елдерiмiзге iрi көлемдегi есiрткi жеткiзушi мемлекет болып қалып отыр, осылайша бұл ел ұйымдасқан қылмыстың дамуына және аймақта тұрақсыздықтың белең алуына себепкер болуда. Сондықтан да Ауғанстанға көмек көрсету Қазақстанның сыртқы саясатындағы негiзгi бағыттардың бiрi және төрағалығымыз тұсында да бұл мәселе басты назарға алынды" дедi Қ.Саудабаев. Қазақстан ЕҚЫҰ төрағасы ретiнде осы ұйым Ауғанстанды қалпына келтiрудегi халықаралық қауымдастықтың ролiн арттыруға ықпал ету керек деп санайды. Нұрсұлтан Назарбаев "ЕҚЫҰ-ның Ауғанстанға қатысты жаңа стратегиясының қажет екендiгiне еш күмән жоқ" деген пiкiр бiлдiрдi. Осы орайда, Қазақстан ЕҚЫҰ төрағасы ретiнде халықаралық жиындар мен конференцияларда Ауғанстан мәселесiн ұдайы көтерiп жүр. 8-9 шiлдеде Вена қаласында Астананың мұрындық болуымен Есiрткi бизнесiне қарсы тұру жөнiнде халықаралық конференция өткiзiлдi. Ауғанстандағы қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жауапкершiлiгiн жергiлiктi билiкке кезең-кезеңмен арттыруды көздейтiн бастама Лондондағы халықаралық конференцияда қолдауға ие болды. Ауғанстаннан келетiн есiрткi жолын кесу мәселелерiне байланысты 14-15 қазанда Астанада Терроризмнiң алдын алу жөнiнде конференция өткiзiлдi. Ауғанстаннан бастау алған есiрткi тасымалы мен ұйымдасқан қылмысқа төтеп беру үшiн Қазақстан Ресей мен АҚШ-тың қаржылық барлау мен құқық қорғау органдарын неғұрлым күшейту жөнiндегi бастамасын қолдайды. Қазақстан ұйым төрағасы ретiнде өзi де бiрқатар жобаларға бастамашы болды. Ең ауқымды шаралардың бiрi — Ауған экономикасын алға жылжытатын ұлттық кадрлер дайындауға байланысты iрi жобаның жасалуы. Осы жоба аясында ауған елiнiң шекара, полиция және кеден қызметкерлерi ЕҚЫҰ Тәжiкстандағы Шекаралық колледжiнде және Қырғызстандағы Кеден оқыту орталығында бiлiм жетiлдiретiн болды. Ауған полиция нұсқаушылары Қазақстанның Iшкi iстер академиясында дәрiс алады. Жалпы алғанда, биылдан бастап 2018 жылға дейiн 1000 ауғандық студент қазақстандық жоғарғы оқу орындарында бiлiм алмақ. Кабулден аттанған студенттердiң алғашқы легi Қазақ елiне келiп те үлгердi. Бұл жобаға ҚР Үкiметiнiң жалпы көлемi 50 млн. АҚШ долларын бөлгенiн айта кету керек. Бiшкектегi ЕҚЫҰ Академиясында да Орталық Азия мемлекеттерiнен, сондай-ақ Ауғанстаннан келген студенттерге университеттен кейiнгi бiлiм берiледi. Қазiргi таңда осы бiлiм ордасында ортаазиялық мемлекеттерде болашақта мемлекеттiк қызметтерде жұмыс iстейтiн мамандар дайындалып жатыр. Заман талабына сай сапалы бiлiм алған азаматтар болашақта Ауғанстанды саяси-экономикалық дағдарыстан алып шығып, аймақты тұрақтандыруға үлес қосады деген үмiт бар. Бұдан басқа Қазақстан Ауғанстанда медициналық және бiлiм беру мекемелерiн салуға, жол салуға көмек берiп келедi. Бұл елге Қазақ Елiнiң атынан жiберiлетiн гуманитарлық жүктер легi толастаған емес. ЕҚЫҰ қазiргi төрағасы, мемлекеттiк хатшы — сыртқы iстер министрi Қанат Саудабаевтың айтуынша, Еуропадағы қауiпсiздiк пен ынтымақтастық жөнiндегi ұйым еуроатлантикалық және еуразиялық кеңiстiктегi қауiпсiздiктi пен ынтымақтастықтың маңызды мәселелерiн шешудегi басты фактор болып қала бермек. Ол 17 шiлдеде Алматыда өткен ЕҚЫҰ мүше-мемлекеттерi сыртқы iстер министрлерiнiң бейресми басқосуында Астана саммитiнде көтерiлетiн қауiпсiздiк мәселелерi туралы былай дедi: "Бiз ЕҚЫҰ төрағасы ретiнде әу бастан-ақ ерiк-жiгерiмiздi қауiпсiздiк кеңiстiгi емес, қауiпсiздiк қауымдастығын құруға бағыттадық, бұл қауымдастық бөлiну сызықтарынан ада, тұтас аумағында қауiпсiздiк деңгейi бiрдей, оның аясында күш қолдану мүмкiн емес, ал ең бастысы, мүдде ортақтастығына баса назар аударылады" дедi. Қанат Саудабаев "Сондай-ақ бiз үшiн "кикiлжiң циклына" қатысты — оның алдын алу мен салдарларын жоюға дейiнгi мәселелерде ЕҚЫҰ-ны күшейту, құзыретiн арттыру маңызды. ЕҚЫҰ кеңiстiгi аясындағы ұзаққа созылған кикiлжiңдердi шешу — күнделiктi тыңғылықты жұмысты талап ететiн жұмыс. Бiр жағдай екiншiсiн қайталамайды, әрбiр кикiлжiңдi шешуде келiссөздердiң формасы да өзгерiп отырады. Бiздiң мақсат — қазiргi кикiлжiңдердi түйiнiн тарқатып, ЕҚЫҰ-на мүше 56 мемлекеттiң жаңа қауымдастығы аясында жаңа кикiлжiңдердiң алдын алу" дедi. Сондықтан да Ауғанстанда бейбiт тiрлiктiң орнауын болашақтағы кикiлжiңдердiң алдын алуға жасалған қам деп ұғу керек. Жетiншi Саммитте Ауғанстан тақырыбынан басқа қару-жарақты бақылауда ұстау, сенiм шараларын нығайту, трансұлттық қауiптердiң алдын алу мәселелерi талқыланбақ. Қаржы-экономикалық дағдарыс пен экологиялық апаттардың салдарын жою тақырыбы бөлек қарастырылмақ. Осы Саммит қорытындысы ретiнде ЕҚЫҰ Жалпыға ортақ саяси декларациясы қабылдануы керек. Бұл құжат еуроатлантикалық және еуразиялық кеңiстiктегi ортақ қағидалар мен мiндеттемелерге сүйенген қауiпсiздiк қауымдастығын құруға негiз болмақ. Орталық Азиядағы тыныштықтың тұнығын есiрткi мен терроризм лайламаса екен. Жетiншi Саммит делегаттары осыған жол нұсқаса, қанекей?

Гүлбиғаш Омарова