Жаңалықтар

"ЭЙР АСТАНА" ТМД ЕЛДЕРIНЕ ЖОЛАУШЫ ТАСЫМАЛДАЙДЫ

ашық дереккөзі

"ЭЙР АСТАНА" ТМД ЕЛДЕРIНЕ ЖОЛАУШЫ ТАСЫМАЛДАЙДЫ

"Бiз Орта Азия мен Ресей бағыттарын кеңейту арқылы аймақтық нарықтағы көшбасшыға айналдық", – дедi "Эйр Астана" АҚ президентi Питер Фостер сәрсенбiде өткен баспасөз конференциясыда. Желтоқсан айынан бастап Алматы, Астана, Атырау қалаларынан Ресейге, Тәжiкстанға, Өзбекстан мен Түркияға жаңа бағыттар ашылады.

Келесi аптадан бастап "Эйр Астана" әуе компаниясының ұшағы Душанбе әуежайына жолаушы тасымалдайды. Елiмiзден Душанбеге бет алған жолаушылар әдетте басқа қала арқылы немесе Ресей арқылы ұшырылған болатын. Сонымен қатар Ақтау-Ыстамбұл бағытында аптасына бiр рет қатынайтын болады. Бұған дейiн Ыстамбұлға Алматы, Астана және Атырау қаласынан ұшырылып отырған.

Ал Ташкент бағытына "Эйрбас-А320" ұшағы қатынайтын болады. Өзбекстан Республикасы Қазақстандағы елшiлiгiнiң кеңесшiсi У.Абдуяминовтың айтуынша, Ташкентке қатынайтын жолаушылар тасымалы бұған дейiн тек өзбек авиалиниясы арқылы жүзеге асырылып келген.

"Бiз әлемдiк стандарттарға сай қызмет көрсетуге және бағыттар желiсiн кеңейтуге ұмтыламыз. Жаңа бағыттар жолаушыларымызға саяхаттауға еркiндiк берумен қоса, уақытын үнемдей алады. Жаңа рейстер ашылуымен әуекомпания жолаушылары Қазақстанның торапты әуежайлары арқылы азиялық және еуропалық бағыттарына көбiрек транзиттiк ұшырулар жасауға мүмкiндiгi болады", — дедi Питер Фостер. Жаңадан қосылған әуе бағыттардың бастысы Ресеймен арада жүзеге асырылады. Атап айтар болсақ, Санкт-Петербор қаласымен Алматыны тоғыстыратын рейс аптасына 2 рет қатынайтын болады. Ал әзiрге "Эйр Астана" Ресей қалаларынан Мәскеу мен Новороссиск қаласына ғана тасымалдап отыр. Қазақстандағы Ресей консулы Ильдус Тарханов: "Жаңа бағыттардың ашылуы екi жаққа тиiмдi. Бұл екi ел арасындағы мәдени байланыстар мен экономикалық қарым-қатынастарды нығайта түспек. Қазақстанмен жолаушы тасымалдары басқа қалалар бойынша да қарастырылуда", – дедi. Аталмыш компанияның Ресей бағытында жұмыс iстеп келе жатқанына 7 жылдан асыпты.

Әуе тасымалдаушы компания ТМД кеңiстiгiнде және рейстердi ашу арқылы аймақтық бағыттағы желiнi дамыту бойынша алда келедi. Мәселен, былтыр Бакуге, Бiшкекке және Үрiмшiге жаңа бағыттар ашылған болатын.

The Skytrax 2010 World Airline Awards халықаралық марапаттауында Шығыс Еуропадағы ең үздiк әуекомпаниялардың бiрi деп табылды. Әуетасымалдаушы компанияның үздiк атануында ұшқыштардың да еңбегi бар дейдi "Эйр Астана" президентi Питер Фостер. Оның айтуынша, әлем ұшқыштарын дайындайтын Лондон, Ыстамбұл, Стокгольм қалаларындағы халықаралық оқу орындарында оқытылады.

"Эйр Астана" компаниясы алдағы уақытта жаңа әуе кемелерiнiң сатып алынатындығын айтты. 2013 жылға дейiн компанияның барлық әуе кемелерi еуростандарттарға сәйкес құрастырылған жаңа ұшақтармен алмастырылады. Осылайша әлемнiң кез келген нүктесiне Қазақстан азаматтары тiкелей бару мүмкiндiгiне ие болып отыр. "ТМД мемлекеттерiн толығымен қамтып отырмыз. Осы орайда бiзге Кеден одағы жаңа мүмкiндiктер ашып отыр", – дедi П.Фостер.