Марғұлан СЕЙСЕМБАЕВ: ӘДIЛ СОТТЫҢ ШЕШIМIН КҮТЕМIН...
Марғұлан СЕЙСЕМБАЕВ: ӘДIЛ СОТТЫҢ ШЕШIМIН КҮТЕМIН...
"Альянс банкi" директорлар кеңесiнiң бұрынғы төрағасы Марғұлан Сейсембаевтың елге оралуы талай жараның бетiн ашып, талайдың ойын сан-саққа жүгiрттi. Өткен жылы аталмыш банктiң топ-менеджерлерi 1,1 миллиард долларды жымқырды деген айыппен қылмыстық iс қозғалған едi. Тура сол кезде өзiне жазғы демалыс жариялаған Марғұлан мырза кезектi еңбек демалысын аяқтап, мiне, елге оралып отыр.
Бұл тұлға елiмiзге тегiс танымал десек қателеспеймiз. Әуелi меценаттар клубының мүшесi болған ол Болат Әбiлов, Райымбек Баталов, Еркiн Қалиев, Нұрлан Смағұлов, Қайрат Сатылғанов сияқты азаматтардың қатарында қазақ өнерiне демеушi ретiнде аты ауызға iлiнгенi бар. Кәсiпкер ретiнде де қолы жүрген Марғұлан Сейсембаев елiмiздегi "Алматықұс" фабрикаларын бiрiктiрiп, "СейМар" концернiн құрды. Өз мүмкiндiктерiн жақын шетелдерде де жасқанбай сынап көрдi. Ресейдiң "STARбанкiнiң" қомақты акциясына иелiк еттi. Айыр қалпақты ағайындарымыздың банк iсiне де араласып көрдi. Ел аумағынан шеткерi жүрген уақытта Сейсембаев мырза қазақ журналистерiне сұхбат беруден тайынған жоқ. Керiсiнше, осындай сұхбаттардың бiрiнде Қырғызстандағы iсiн аяқтап, банктi сатуды көздеп жүргенiн айтқан болатын. Тiптi, 2002 жылы "Кар-тел" Қазақстандағы ұялы байланыс компаниясының түрiк акцияларын сатып алады. Iле-шала 60 пайыздық акцияны Ресейдiң "Вымпелком" компаниясына 350 миллион долларға сатады. Мiне, осы ақшаға "Альянс банк" құрылып, елдегi нарықта өте жылдам дами бастады. Даудың бәрi осыдан кейiн ғана өрбiгенi белгiлi. Соңғы уақытта бiр кездегi құдiреттi "Альянс банк" экс-директорларын Интерпол жар құлағы жастық көрмей iздестiрiп жүргенi баршаға мәлiм.
Тәуекелге бел буып Отанға қайта оралған азамат жуырда Алматыда брифинг өткiзiп, "Альянс банк" акционерлерi мен менеджментiнiң үстiнен қозғалған тергеу амалдарына көмектесу үшiн барын салатынын айтты. Айтқандай, еңбек демалысында "Азаттық" радиосына берген сұхбатында Марғұлан мырза: "Альянс банктiң" клиенттерi де, банктiң акцияларын арзан алған үкiмет те ұтылған жоқ» деп айтқан болатын, яғни шетелдiк кредиторлар қапалы болып қалғанмен, банк акционерлерi мен банк клиенттерi қамықпауына болады деп қалды. Ал 17 миллиард теңге қаржыны өз пайдасына жаратты деген айыпты Қаржы полициясы сырттай жариялауға мәжбүр болған. Себебi, олар бұл уақытта шетел асып кеткен болатын және туған елге қайтып оралмайтындығы жөнiнде де жасырған жоқ-тын. Жасырын ақпарат көздерiнiң айтуынша, банк қаржысы ұрланбаған, банктiң құнды қағаздарына кепiл ретiнде несие түрiндегi оффшорға шығарылған. Қазiр оффшорлық компаниялар бұл қаржыны, яғни банк акцияларын сатып алу арқылы Қазақстанға қайтармақшы.
– Оған несие ретiнде берiлген 1 миллион доллардан астам және 653,5 еуро көлемiндегi қаржыны иеленiп, ысырап еттi деген айып тағылды, – дедi ҚР Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттiгiнiң ресми өкiлi Мұрат Жұманбай. Сонымен қатар оның туған бауыры әрi банк құрылтайшысы Ерлан Сейсембаевқа және банктiң несие беру комитетiн басқарған Әрсен Сапаровқа қатысты да iс қозғалған.
Тiптi, жуық арада кәсiпкерлiктi қоя тұрып, "Прокуратура мен қаржы полициясына күн сайын бару – менiң алдағы алты айдағы басты жұмысым болмақ", – дедi белгiлi банкир. Мұндай мойындаудың басы тамызда басталған едi. Электронды пошта арқылы "Президенттiң салиқалы саясатын қолдай отырып, тергеу амалдарының нәтижесiнде нағыз кiнәлiлер табылады деген сенiммен Қазақстанға қайтуды жөн көрдiм" деген мазмұнды ашық хат жолданған болатын. «Менi қашып кеттi деп арандату жасалды» деген едi бiрде Сейсембаев мырза. Нағыз кiнәлiлердi құрықтау, бизнестi тек Қазақстанда ғана жасау Марғұлан Сейсембаевтың негiзгi мақсаты екенiн хат мазмұнынан-ақ аңғаруға болады. "Мен, Сейсембаев Марғұлан Қалиұлы, құқық қорғау органдарының қатысуымен өз еркiммен елге оралдым. Мақсатым – "Альянс Банкке" қатысты қозғалған қылмыстық iстi тергеуге қатысып, банк акционерлерiнiң iсiндегi қылмыстық құрамға қатысты дәлелдер келтiру. Мен өз болашағымды елiммен тығыз байланыстыра отырып, ел игiлiгi үшiн кәсiпкерлiк жұмыспен шұғылданамын деп үмiттенемiн" делiнген онда.
Ал журналистермен кездесу барысында шетелде тығылып жүргендердiң бәрiн елге оралуға шақырды, әдiл тергеуге мойынсұнуды нағыз азамат iсi деп шештi. Рас, мұндай үлгi елiмiзге тиiмдi не тиiмсiз екенiн ешкiм кесiп айта алмайды. Дегенмен де, қалтасы толғанша ел қаржысын қарпыған кәсiпкерлердiң бiразы қазiр шетелдерде бассауғалап жүр. Елiмiздiң "Бизнестiң жол картасы" бағдарламасын әзiрлеп, арнайы қаражат бөлiп, шағын және орта кәсiпкерлiкке қолдау көрсетiп отырғаны белгiлi. Осы орайда шетелге қашу үрдiсi отандық кәсiпкерлерге деген сенiмсiздiктi одан әрi үстемелейтiндей ме, қалай?! «Табысты ортаның басқа да адамдары ертесiнде шетелге тартып отыра ма?» деген күмән да жоқ емес. Сондықтан елiм деп қайта оралған азаматтарды құшақ жая қарсы алмасақ та, терiс қабақ танытпасақ игi болар ма едi деген ой келедi. Ресми емес ақпарат көздерiне сенсек, бюджет қаражатын қымқырып, шетелге тайып тұрған азаматтардың ұзын саны 200-дi алқымдаса керек. Сейсембаев мырза осы брифингте «Мұхтар Әблязов пен Рахат Әлиевтiң кебiн киген жоқсыз ба?» деген сауалдарға қысқа жауап қайырды.«Менiң есiмiмдi кейбiр басылымдар осы мырзалармен қатар қойды. Менiң оларға ешқандай қатысым жоқ және болған да емес. Еш уақытта олардың саяси iс-әрекеттерiн қолдаған емеспiн», – деп кесiмдi жауабын айтты. Керiсiнше, Елбасы саясатын қашан да қолдап келгенiн айтып, әдiл сот шешiмiне үмiттенетiнiн жасырған жоқ.
Ақниет ОСПАНБАЙ