"АЛТЫН ҚАЛАМ" ИЕГЕРЛЕРIН ТАПТЫ
"АЛТЫН ҚАЛАМ" ИЕГЕРЛЕРIН ТАПТЫ
Жас ақындар мен жазушыларды қанаттандырған "Алтын қалам" әдеби байқауы дүйсенбiде өз мәресiне жеттi. GSM Қазақстан/Kcell ұялы байланыс операторының демеушiлiгiмен ұйымдастырылған байқауда 72 автордың 92 шығармасы өзара сынға түстi.
Ағымдағы жылдың 1 маусымы мен 1 қыркүйегi аралығында қазақ әдебиетiне өзiндiк үлесiн қосып жүрген жас ақын-жазушылар өз туындыларын arzy.kz сайтына жiберген. Сайтқа келiп түскен шығармалар үш iрiктеу кезеңiнен өтiп, ақтық сынға ең үздiк туындылар жiберiлдi. Сайтқа түскен әрбiр туындыны алғашында оқырмандар талқыласа, екiншi кезекте ридерлiк топ талқылап, шығармаға қатысты өз пiкiрлерiн бiлдiрген. Осылайша "Алтын қаламнан" дәмелi бiрқатар туындылар қазылар алқасының талқысына түстi. Байқау әдiлеттi өту үшiн қазылар алқасына ұсынылған шығармалардың авторы жарияланбады. Яғни қазылар тек шығармаға баға бердi.
Үш айға созылған әдеби байқаудың жеңiмпаздары бес негiзгi аталым бойынша анықталды. Сонымен "Жылдың үздiк поэзиясы" аталымы бойынша "Сенi сүю" өлеңiмен Ақберен Елгезек жеңiмпаз атанса, "Жылдың үздiк прозасы" аталымында "Көш" атты әфсанасымен Думан Рамазан үздiк деп танылды. Ал "Жылдың үздiк балалар шығармасы" аталымы бойынша ақын Қалқаман Сариннiң "Әдеп" әңгiмесi суырылып алға шықты. Драматургия жанрында Байғали Есенәлиевтiң "Қанды азу" атты туындысы үздiктердiң үздiгi атанды. Өкiнiшке қарай, қазылар алқасы "Жылдың үздiк ғылыми еңбегi" аталымы бойынша үздiктердi анықтай алмады. Жалпы arzy.kz сайтына осы аталымға бес еңбек түскен екен.
Байқаудың ең үлкен сүйiншiсi – 6 томдық "Қылмыс" романының авторы Қажығұмар Шабданұлының "Қазақ әдебиетiне қосқан зор үлесi үшiн" арнайы сыйлықпен марапатталуы. Бұл – саяси қылмыскер атанып, 40 жылдай Қытай елiнде темiр торға тоғытылған жазушының туған елiндегi алғашқы сыйлығы.
"Алтын қалам" – Қуат Домбай, Досым Сатпаев, Расул Жұмалы, Ербол Жұмағұлов, Айдос Сарым және Кенже Жұманұлы сияқты қоғамның әр саласында өзiндiк қолтаңбасын қалдырып жүрген азаматтардың идеясы екен. Әдеби байқаудың негiзгi мақсаты – рухани-мәдени құндылықтарды дамыта отырып, жас таланттарды халыққа кеңiнен таныстыру. Ұйымдастырушылардың мәлiмдеуiнше, "Алтын қалам" әдеби байқауы келер жылы да жалғасын табады. Ал биылғы байқаудың ақтық сынына өткен шығармалар "Алтын қалам" әдеби жүлдесiнiң алғашқы жинағына енгiзiледi. Жинақ Қазақстан Тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығына орай, желтоқсан айында жарық көрмекшi.
Әйгерiм БАҚЫТҚЫЗЫ