Жаңалықтар

“БАЛДӘУРЕН” БИIКТЕН КӨРIНДI

ашық дереккөзі

“БАЛДӘУРЕН” БИIКТЕН КӨРIНДI

Өткен аптада үш күн бойы Алматыдағы "Қазақконцертте" VII республикалық "Ақ көгершiн" байқауы өттi. 16 облыстан келген 750-ге жуық дарынды бала өнер додасында бақтарын сынады. "Ақ көгершiн" фестивалi кiшкентай жұлдыздарымыздың үлкен сахнада өнер көрсетiп, олардың кәсiби деңгейге көтерiлуiне мұрындық болды.

Аталмыш фестивальде "Хореография" байқауы бойынша Түркiстан қаласынан келген "Балдәурен" би тобы I орынды иелендi. Топ мүшелерiн 6 және 9 жас аралығындағы жеткiншектер құрайды. Би тобында 16 бала би өнерiнiң қыр-сырын меңгеруде. "Балдәурен" би тобы I кезеңде "Қаражорғамен" көрерменнiң ыстық ықыласына бөлендi. "Қаражорғаны" ерекше қолтаңбаларын қалдыра отырып, шебер орындады. II кезеңдегi "Папури" биi де өте сәттi шықты. Бұл би халықтар достығын бейнелейдi. Әртүрлi халықтар биiн талғаммен таңдап, мазмұнды қойылым дайындаған. Би үйiрмесiнiң жетекшiсi Жанар Исламқызының да балалармен бiрге сынға түскендей күй кешiп жүргенiне куә болдық.

Жеткiншектер Түркiстан қаласындағы тiлiнде кемiстiгi бар балаларға арналған облыстық мектеп-интернатында бiлiм мен өнердi қос қанатындай көрiп, қатар алып келедi екен. 2003 жылы құрылған би тобының жетiстiктерi ауыз толтырып айтарлықтай. Мүмкiндiгi шектеулi балалар арасындағы аудандық, облыстық, қалалық фестивальдерде жеңiмпаз атанған. Астана қаласында өткен VI халықаралық "Ақ көгершiн" фестивалiнде II орынға қол жеткiзген. Өнерлiнi қолдауға әрқашан дайын мектеп ұжымы би өнерiне ғана көңiл бөлмей, ән, қолөнер, домбыра үйiрмелерiн де ұйымдастырып келедi.

"Балдәурен" тобына жетекшiлiк етiп жүрген Гүлмира Рысбекова: "Балалардың байқауға қатысып, бiлiктiлiктерiн арттыруына, жаңа достар табуына көмектескенiмдi қуаныш санаймын. Дүниеде бала бақыты мен күлкiсiнен артық ештеңе жоқ", – деп ағынан жарылды. Биiкке ұмтылған балалар талабына Түркiстан қалалық мәслихат депутаты Махмудова Тасгүл, мектеп директоры Тiлепова Айгүл, сондай-ақ бас есепшi Қуанышбаева Әсем, оқу iсiнiң меңгерушiсi Омарова Мадина демеу көрсетiп келедi. "Балдәуреннiң" жұлдыздарының жануына балалардың ата-аналарының қосқан үлесi де ұшан-теңiз.

"Балдәуреннiң" жанашыры Жанар Омарова: "Менiң аналық жүрегiм балаларды мүмкiндiгi шектеулi деп санап, олардың айналадағы қызықтан құр-алақан қалуына жол бере алмайды. Бойымдағы бiлiм мен тәрбиемдi оларға бере алсам, мен үшiн өлшенбес бақыт сол дер едiм", – дейдi. Өнерлiнiң өрiсiн кеңейте түсуге көмектесетiн мұндай фестивальдер жиi болып тұрса, балалар таланты тұманда қалып қоймайды. "Балдәуреннiң" айы оңынан туып, "асығы алшасынан" түсетiн сәттерi аз болмайды деп сенемiз.

Гүлнәз Сәниева