Жаңалықтар

МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛ – ҰЛТ БIРЛIГIНIҢ ДIҢГЕГI

ашық дереккөзі

МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛ – ҰЛТ БIРЛIГIНIҢ ДIҢГЕГI

Әрбiр ұлт өркениет жолына өзiндiк iзiн қалдыруға ұмтылады. Бұл – табиғи заңдылық. Ал, әр ұлттың өзiндiк мәдениетiнiң мәйегi – ана тiлi. Ана тiлi – рухани құндылықтардың айнасы. Қадыр Мырз Әлi ағамыздың

"Ана тiлiң арың бұл,

Ұятың боп тұр бетте

Өзге тiлдiң бәрiн бiл,

Өз тiлiңдi құрметте!", – деген өлең жолдары қазақ баласының көкiрегiнен бiр сәт кетпес. Десек те, қазақ қоғамында өмiр сүре отырып, қазақ тiлiне қырын қарайтындар да арамызда жетерлiк.

Ата Заңымыздың 7 бабында "Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi – қазақ тiлi" деп тайға таңба басқандай етiп жазылған жолдар мемлекетшiл санасы жоғары тұлғаға түсiнiктi екендiгi сөзсiз. Ал, 1997 жылдың 11 шiлдесiндегi "ҚР Тiл туралы" Заңының 19 бабында "Елдiмекендер, көшелер, алаңдар, сонымен қатар өзге де физикалық және географиялық нысандар тарихи дәстүрлi қалыптасқан қазақша атауларымен аталуы қажет" деп анық жазылған. Өкiнiшке қарай, заңды белiнен бiр-ақ басатын азаматтар өз қатарымызда шаш-етектен екендiгiн күнделiктi өмiрде көрiп жүрмiз. Қала, көше, ғимараттарды ұлттық танымдағы ұғымдармен, яғни мемлекеттiк тiлдегi атаулармен қолдану мәселесiн телеарналар, газет-журналдар, радиотолқындар өрескел бұзып жатыр десек те, қателеспеймiз (мысалы, қай арнаны қосып қарасаңыз да бұл айтқанымыздың туралығына көз жеткiзесiз). Осы бiр "әдет" қоғамдық дертке ұласуы мүмкiн. Дәлел келтiрсек, Тәуелсiздiк сарайын орыс тiлдi жарнамаларда "Дворец Независимости", Өскемен қаласын "Усть-Каменогорск", Орал қаласын "Уральск" деп атау әлi өз жалғасын табуда. Тiптi, Астана қаласының iшiнде де Жеңiс даңғылын "Проспект Победы", Бейбiтшiлiк көшесiн "Улица Мира" және т.б. көшелердi осылайша заңды атауларымен атамау әлi күнге дейiн белең алуда. Осындай жағдайдың елiмiздiң түкпiр-түкпiрлерiндегi қалалар мен елдiмекендерде орын алып отырғандығы белгiлi. Тiптi, "Қазақстан темiр жолы" Ұлттық компаниясының жолаушылар тасымалдайтын пойыз билеттерiн қарасаңыз, орысша атаулар көз сүрiндiртедi. Мәселен, "Алма-Ата 1", "Алма – Ата 2", "Чимкент" және т.с.с. атаулар көздiң жауын алады. Бұл не? Тәуелсiз Қазақ Елiнiң мемлекеттiк тiлiнiң мәртебесiн нелiктен аяқ асты етемiз?! Мемлекетшiл сана қайда? Мұндай бұрмалаушылықтар ана тiлiмiздiң өсiп-өркендеуiне, ұлттық сананы дамытудағы қызметiне тұсау болуда екендiгi шындық.

Қазақстан, Ресей президенттерi қатысқан үстiмiздегi жылы Өскеменде өткен аймақаралық ынтымақтастықты дамытуды көздейтiн 7 форумда Өскемен қаласының атауы қазақша жазылды. Ал, "Усть-Каменогорск" деген атау мүлдем көзге түспедi. Дәлел келтiрсек, "Дала мен қала" газетiнiң 2010 жылғы 13 қыркүйектегi (№36 (365) санында 7 форумның эмблемасы көрсетiлген.

Бiздiң қоғам нелiктен заңды атауларды орнымен қолданбайды? Бiз тәуелсiздiк бақытына орай өз жерiмiзде, өз елiмiзде емiн-еркiн өмiр сүрiп жатқан жоқпыз ба? Егер бiз мемлекеттiк тiлдiң осылайша қор болуына жол берсек, ертеңгi күнi өзге өңiрлерiмiздi, қалаларымызды да ағылшынша, орысша, қытайша және т.б. тiлдерде атайтын кез алыс емес. Өзге тiлдi зор санап, өз тiлiмiздi қор санау – құлдық психологияның көрiнiсi. Етек-жеңiмiздi қымтап, еңсемiздi көтерiп, азаматтық танытатын уақыттың күнi өтiп барады. "Жұмыла көтерген жүк жеңiл" дегендей, мемлекетшiл санамыздың жоғарылауына тiрек болар мемлекеттiк тiлiмiздiң мәртебесiн көтеруге азамат ретiнде бiр кiсiдей жұмылайық!

Астананың бiр топ жастары