Жаңалықтар

АҒАНЫҢ ТӘБӘРIКТЕЙ АМАНАТЫ

ашық дереккөзі

АҒАНЫҢ ТӘБӘРIКТЕЙ АМАНАТЫ

Дәуiрхан Айдаровтың "Туған жердiң тағылымы" кiтабы туралы ой

Адамда адами мейiрiм-шапағат, бауырмалдық болмаса, мына дүниеңiз дөңгелене-дөңгелене барып құрдымға құлар едi. Өзге ұлттар да жерге қарап қалмаған болар, алайда сол мейiрiм-шапағат, бауырмалдық дегенде қазақ халқы бөлек қой. Сырт қарағанда "бола қалған, тола қалған" көрiнетiн осыбiр қарапайым монтаны кiсiнiң азды-кем еңбегi жайлы аз ғана пiкiр бiлдiрмекке ниеттенгенде ойға келген бiрiншi нәрсе — осы. Адамдардың бiр-бiрiне деген мейiрiм-шапағаты…

Әнебiр жылы сәтi келiп ағалы-iнiлi екеумiз сапарлас бола қалалық. Купеде екеумiз ғана. Сонан Дәукеңмен – Айдаров Дәуiрхан Жәлелұлымен жайбарақат отырып әңгiме дүкен құрған шақта жұртқа айтуға "жарамсыз", осы жерде айтпаса тағы болмайды, елеулi бiр-екi жай есте қалыпты.

… Соғыстың соңғы жылдары. Жоқшылық итше ұлиды. Жесiр ана, жетiм бала. Қылқиып өмiрге ендi-ендi араласып келе жатқан талшыбықтай бозым кезi. Соғыс сыпырып кеткен елде адам да тапшы, маман да тапшы. "Өлмес жанға өлi балық жолығады", тiрсегi майысқан бозбаланы жастар ұйымына тартып, пысықтығы, iске жинақылығы болар, күндердiң күнi облысқа шақырсын. Ол жақта күтiп тұрған қолтықтан демерлiк ағайын жоқ. Пәтер екiбастан. Қырқынан да шықпаған емшектегi жас нәресте, жесiр ана. Қопарылып көше жөнелудiң еш ретi жоқ. Қалайын десе бұндай сәт ендi қашан тумақ. Ойлана-толғана келе анасы: "Жолыңнан қалма. Ел iшi ғой, өлмеспiз, екеулерiң бара берiңдер. Балаға өзiм ие боламын" дейдi. Сөйтiп жалтақтай-жалтақтай бейтаныс жаққа кете барады. Ол жақта қарбалас жұмысқа едәуiр байланып елге оралса, отбасының күндерi күн емес, ананың да, баланың да халдерi мүшкiл. Анада табыс жоқ, бала болса сырқат. Амал қане, жаңа ғана ұйымдасып, сан жыртығын жамай алмай жатқан колхоз басқармасына барып, жағдайды айтады. Басқарма санаулы ғана қоғам мүлкiнен бiр лақты ешкiнi жекеменшiкке осы үйге бекiтiп бередi. "Сол ешкi емiп өскен Күнқияш деген қарындасыңыз мынау" дейдi, Қызылордада пойыздан күтiп алған домаланған сары қарындасымызды көрсетiп.

Қоғам мүлкiн жекеменшiкке берiп, басын бәйгеге тiккен сол азамат Дүйсенбай Мақанов Социалистiк Еңбек Ерi атағын алды, жүзге таяп келiп соңғы жылдары дүниеден озды. Ондай жақсылықты ұмытуға бола ма, сiрә!? Қожыраған елдi қатарға қосуға барын салған аса мейiрбан азамат ағаның алдынан Дәукең өле-өлгенше кесiп өткен емес.

Екiншi бiр жайт кәдуiлгi анекдот тәрiздi. Қызмет деген атағы болмаса, жеңгемiз екеуi ұзын барақтың бiр бөлмесiнде тұрады. "Демалыс күнi едi. Атпалдай үш азамат есiк қағып тұр. Танысам бұйырмасын. Қарғатамырлы қазақ, ауылда: "Жәлидiң баласы шырқап облысқа өсiп кеттi" деген дақпырт жер жарған. Тап сол күнi үйде бiр қуырым бидай да жоқ-тұғын. Төбем мұздап қоя бердi. Ендi қайттiм… "Ол үй мына жақта" деп үшеуiн көршi ағамыздың үйiне бастадым. Қонақтарды сол үйге кiргiзiп, төрге жайғастырдым да, дереу жеңгеме жүгiрейiн. Мән-жайды түсiндiрейiн. "Өзiңiз бiр амалын таппасаңыз құрыдық" деп. Бұрыннан қатынасып отырған Сәлима жеңгесi: "Бiр жөнi болар, абыржыма…" дейдi де шаруасына кiрiсе бередi. Кешке қожайын да келедi. Дастарқан басына отырған соң барып шындық айтылады.

"Ешқандай туыстығы жоқ. Мыңболғыр Шаймерденов Мәдiхан ағамыз сондай-сондай талай тығырықтан шығарып едi, – деп күледi Дәукең – осындай Мәдiхан, Сәлима тәрiздi адамдарды төбеңе көтермессiң бе? Жеңгем осында. Алдынан кесе өтпеймiз".

Сөйтiп не түрлi жақсы адамдардың қолдауымен ел қатарына қосылып, бұл күндерi абыз жасына келген ел ағасы сол соқтықпалы-соқпақты алмағайып өмiр жайлы сыр шертедi бұл кiтапта. Тәжiрибесi мол, түйгенi көп, жастар бiле жүрсе екен деген ақыл-кеңесi жеткiлiктi. Көргендерi мен түйгендерiн ерiнбей-жалықпай қағазға түсiрген. "Балағында битi бар бала" ғибрат алып үйренсiн деген игi тiлекпен.

Сырт қарағанда "шайқап iшiп, сапырып төгiп" келген бұл кiсiнiң бар саналы ғұмыры идеология саласы. Кеңестiк дәуiрдiң перзентi. Сол ортада өмiр танып, пiсiп жетiлген.

Әнебiр жылы Ресейге "өз еркiмiзбен" қосылғанымыздың 250 жылдығын дүрiлдетiп атап өттiк емес пе. Сол кезде орталықта қызметте-тұғын.

"Мен Ленинград партия ұйымының делегациясына қызмет жасауға бекiтiлген болатынмын. Мерейтой орыс халқын ұлы ұлт ретiнде ерекше марапаттаумен өттi. Орыс халқын аға халық етiп көрсетуден патша заманындағы отаршылдық саясаттың жалғасы екендiгi байқалып тұрды.

Бiз, "лениндiк ұлт саясатының арқасында ғажайып жұмаққа жетемiз" деп сендiк. Алайда, большевиктер жергiлiктi халықтарды ұлт ретiнде жойып, орыстандыруға белсене кiрiскенiн байқамадық. Өзiмiздiң сол теория мен саясаттың үгiтшi-насихатшысы болғанымызды несiне жасырайын", – деп ағынан жарылады.

"Бодандықтан бостандыққа", "Ұлттық намыс және ұлттық құндылықтар", "Ұлттық менталитет, ұлттық ерекшелiк", "Сана сiлкiнiп, рух оянсын", "Ұлыға – құрмет, талантқа – тағзым" тәрiздi негiзгi арқауларға құрылып, айтары мол, салмақты-салмақты тарауларға жiктелгенмен кiтаптың негiзгi iзгiлiктi бағыт алар жерi – перзент есебiнде туған жерге деген парыз, оның өткенi мен болашағы, келер ұрпаққа берiлер үлгiсi алтын арқау болып қала берген.

"Тiршiлiкке кiм тойған. Адамның ашқарақ көзi топыраққа тояды. Бiреулерде бәрi бар. Бiрақ, иман кемiс. Ең сорлы адам – сол. "Асқанға – тосқан" дейдi қазақ. Толдым деп төгiледi, жеттiм деп жығылады.

Адам өмiрi қиын да күрделi. Алдымен адам дегенiмiз – ұлы құпия. Қысқа ғұмырында адам баласы өзiн тани ала ма? Бұл аса қиын сауал. Өзгенi де, өзiңдi де тануға ұмтылу керек. Әрбiр саналы адам өмiрiнде өзiн iздеп жүру керек".

"Өмiр жан, тән және болмыстың тұтастығынан тұрады. Қалған жағы тағдырыңа байланысты. Тағдыр – жариялығы жоқ, санадан, әрекеттен тыс әсерлi тылсым. Тағдыр кейде заңдылық, кейде кездейсоқтық түрiнде кездеседi. Өмiрдiң қара басыңа байланысты да тұстары жоқ емес. Жаман, жақсы және жас, кәрi деп жатамыз. Бұлар – шартты ұғымдар. Абсолюттi жаман да, жақсы да болмайды. Бәрi салыстырмалы. Менiңше, жас пен кәрi де солай".

"Ұлттық идея дегенде қарапайым қазақы құндылықтарды қадiрлеп, жандандырғанымыз жөн. Байырғы құндылықтарымыз күнделiктi тiршiлiктiң, тұрмыстың бар саласынан кездеседi. Оларды елемей, мән бермей, басқаларға елiктей берсек ұлттық құндылықтарымыздың құны төмендейдi. Берекесi кетедi, ұлттық идеяны ауызға алу бос сөзге айналады. әңгiме құндылықтарды (тiл, дiн, салт-дәстүр, ұлттық менталитет және т.б.) бағалай бiлуде, бүгiнгi өмiр талаптарына бейiмдеп, жетiлдiре беруде".

"Жаһандану уақытында ұлттық құндылықтарды жоғалтып алмай, дәрiптеу бiздiң ұлтымызға сын. Дiндi, тiлдi, дiлдi, дәстүрдi сақтап қалу – адами борышымыз. Бәрi де санаға, иманға, сенiмге байланысты. Бар қиыншылықтан бiздi хақ жол – ислам ғана алып шыға алады. Мысалы, Сауд Арабиясында қылмыс жоқ, түрме жоқ. Бәрi де құқық қорғау органдарының күшiмен емес, сенiммен қалыптасқан. Сондықтан алдымен санаға төңкерiс керек. Өйткенi отар болған елмiз. Оның бәрi санада өз таңбасын қалдырды. Дiнiмiз берiк болса, сенiмiмiз берiк болса, ұлттық идеологиямыздың түпқазығы бекем деген сөз".

"Халық, ұлт, қоғам – адам қауымы. Адам – өмiр. Өмiр – адам баласының тiршiлiк ету, өсу, даму, жетiлу процесi. Өмiрдi дүниеге адам әкелдi. Адамсыз өмiр тұл, ол жойылады. Өмiр – керуен көш, адам – жолаушы. Адамның басқа тiршiлiк иелерiнен ерекшелiгi, артықшылығы – ақыл. Бұл – Алла Тағаланың ең жоғары сыйы. Одан кейiнгi адам бойындағы адамгершiлiк қасиеттерi. Адам ретiнде қазақ балажан халық, өсiмтал халық, "балалы үй – базар" дейдi. Қазақтың табиғи өсiмiн тежемеу керек, бүгiнгi демографиялық тоқырауды тоқтату қажет. Бұл таза ұлттығымызды, тұтас елдiгiмiздi, отаншылдық рухымызды биiкке көтеретiн негiзгi фактордан саналады".

Тарих, саясат әр кезеңдегi еларалық қатынастар мен тарихи тұлғалардың өрелi ойларын шола отырып, өзiндiк пiкiр түйiндейдi. Қай мәселенi қарастырмасын, автордың азаматтық көзқарасы "менмұңдалап" тұр.

Кiтап заманның оқиғаларына тiкелей араласқан, көп көрген, көп түйген қарияның болашақ ұрпаққа деген жүрегiнен шыққан аманатындай тәбәрiгi бар аға өсиетi болып өрiлген. Ойлы жасқа берерi мол, бiрегей ғибрат.

Молдахмет ҚАНАЗ