Жаңалықтар

АЛТЫНЕМЕЛДЕГI АЙШЫҚТЫ БЕЛГI

ашық дереккөзі

АЛТЫНЕМЕЛДЕГI АЙШЫҚТЫ БЕЛГI

Өз заманының отауыз, орақтiлдi, қара қылды қақ жарып сөйлейтiн шешенi Бөлтiрiк ел арасындағы жер, су, еңбек, құн және жесiр дауларына талай рет әдiл төрелiк айтқаны тарихтан белгiлi. Алтынемел асуы маңындағы Жоңғар Алатауының бөктерiнде Ұлы жүздiң аға сұлтаны Тезек төремен шешкен жер дауы — сондай айтулы оқиғаның бiрi.

Осы тарихи орын ендiгi жерде ұрпаққа тағылым болмақ. Себебi, Алматы облысы әкiмiнiң ұйғаруымен сол жерге бабаларымызға арнап ескерткiш белгi қойылды.

Белгiтаста Бөлтiрiк шешеннiң:

“Бiлектiң күшiнде кеткенiңдi,

Билiктiң күшiмен қайтардым.

Найзаның ұшында кеткенiңдi,

Тiлдiң ұшымен қайтардым,” — деген даналығы мен Тезек төренiң:

“Көрiңдер Абылайдың Тезек ханын,

Тезектiң бiр жағы — ақын, бiр жағы — әкiм.

Береке-бiрлiк және татулықта,

Бабаның өсиетiн ұстан, халқым!” — дейтiн сөзi қашалып жазылған.

Ескерткiш тастың ашылу салтанатында сөйлеген облыс әкiмi Серiк Үмбетов бұл шараның тек Кербұлақ ауданына ғана емес, күллi қазаққа ортақ салтанат екенiн атап өтiп:

— Бөлтiрiк шешен мен Тезек төре — қазақтың тарихында айшықты iз қалдырған жарқын тұлғалар. Ағайын арасындағы келiспеушiлiктiң салдарынан үлкен даудың туып кетуi оңай кездерде бабаларымыз кемеңгерлiк танытып, дұрыс тарихи таңдау жасай алды. Бөлтiрiк Әлменұлы тек қана шешен емес, сонымен бiрге батыр да болған. Өсiп келе жатқан бүгiнгi ұрпақ, тәуелсiз Қазақстанның құрдастары бұл далада жүздеген жыл бұрын қандай кемеңгер, дарынды адамдардың өмiр сүргенiн және олардың тындырған iсiн бiлуi қажет, — дедi өз сөзiнде.

Сондай-ақ, қоғам қайраткерi Iзбасар Балтағұлов, ғалым Қасқабай Мұқанов, қаламгер Зернебек Шiлдебайұлы сөз сөйлеп, белгiтастың ұрпақ сабақтастығы, ел бiрлiгi, тарихты тану жолында үлкен ұлағат екенiн атап өттi.

Аталған ескерткiштiң бас сәулетшiсi — Қазақстан Республикасының еңбек сiңiрген сәулетшiсi Қазбек Жарылғапов. Жобаның жалпы құны – 12 млн. 300 мың теңге. Күртi гранитiнен қашалып жасалған монумент жалпы алаңы 144 шаршы метр жердi алып жатыр.

Салтанатты шарада Сүйiнбай атындағы облыстық филармония әншiлерi мен "Қобыз сарыны" ансамблi өнерлерiн паш еттi.

Сағыныш Намазшамова,

Алматы облысы