Жаңалықтар

ОТАНДЫҚ НАРЫҚҚА АЛАҢ БАР

ашық дереккөзі

ОТАНДЫҚ НАРЫҚҚА АЛАҢ БАР

Қазақстан тұтынушыларының нарықтағы тауарға сұранысы өте жоғары десек, дәл бүгiнгi таңда аздап қателескен болар едiк. Себебi, кейбiр жайттарға көңiл аудара отырып, тұтынушы нарығының бәсеңдеп қалғанын байқауға болады. Жуырда елiмiздегi тұрмыстық техника сататын "Сулпак" желiсi ресейлiк "Эльдорадо" компаниясына жұтылып кеттi. Нақтырақ айтар болсақ, тұрмыстық техника және электроника сатумен айналысатын "Эльдорадо" былтырдан берi табысы анағұрлым азайған "Сулпакты" сатып алды.

Бұл ресейлiктердiң қанжығасында кетiп бара жатқан жалғыз компания емес. Бұдан сәл бұрын "Қазақголд" компаниясының да 50 пайыздық еншiсi "Полюс-Золото" компаниясына өтiп кеткен болатын. Ал бөлшек саудамен айналысатын "Сулпакты" алу үшiн "Эльдорадо" "Халық банктен" 25 пайызын өз капиталы құрайтын 20 миллион долларлық жедел несие алып отыр.

Сонымен, тұрмыстық техника саудасы тоқырап тұрғалы бiраз уақыт өттi. Сiрә, дағдарыс дауылы ұсақ-түйек техникасыз да күн көруге баулыса керек. Осының әсерiнен "Сулпактың" 2009 жылғы таза шығыны 26 миллион доллар болған. Ал биыл 2 миллион таза пайда түсiремiз деп отыр жаңа басшылар. Екi алпауыт арасындағы келiссөздер 2006 жылы басталған көрiнедi. Ресей мен Қазақстан нарығында оңтайлы әрiптестiк қалыптастыру мақсаты алға қойылып, ол 2008-2009 жылдарға жоспарланған едi. Алайда "Эльдорадо" компаниясы Ресей нарығында үлкен сәтсiздiкке тап болады. 2008 жылдың басында аталмыш компанияның төленбеген салығы 13,5 миллиард рубльге дейiн барған. "Мен "Сулпакты" сатып алуға қайтадан 2010 жылдың басында оралдым. Қаңтарда "Арена" атты жаңа компания құрдық. Осыған "Сулпактың" бүкiл дүкендерi кiрдi. Олардың қазiргi таңдағы жалпы саны – 37. Осылайша 51 пайыздық меншiкке ие болдым", – дедi "Эльдорадо" басшысы И.Яковлев "Коммерсантъ" газетiне.

Аталмыш компанияның негiзiн салушы Яковлев мырзаның Украина нарығында да iрi дүкендерi бар. Бiрақ Қазақстандағы техника және электроника 2010 жылы 1,2 миллиард доллар табыс әкелуi мүмкiн дейдi ресейлiк сарапшылар. Әйткенмен де бұл сома Ресей және Украина нарығымен салыстырғанда анағұрлым аз. Мәселен, Ресейден 27 миллиард күтiлсе, Украинадан 6 миллиард доллар таза табыс пайда түседi екен. Бұл нарықтардың бiздiң елiмiзге қарағанда тұтынушы аясы кең екенi бiрден байқалады.

Айтқандай, қазақстандық "Сулпактың" жаңа басшылары да анықталып қойды. Ол мырзалар Ресейден келедi. Елiмiздегi техника саудасын көтеру мақсатында ашылған компания жуық арада табыс көзiн қалай да ұлғайтпақшы. Мәселен, 2009 жылы – 139 миллион доллар түссе, осы уақытта нарықтың екiншi алпауыты "Технодомда" – 120-125 миллион доллар ғана болған деседi. Ресей кәсiпкерлерiнiң бiртiндеп елiмiздiң тұтынушы нарығын жаулап алуы дендеп келедi. Ал iрi кәсiпкерлердiң негiзгi мақсаты ТМД нарығын уысына салу, сондықтан отандық кәсiпкерлiктiң жай-күйiне алаң бар.

Ақниет ОСПАНБАЙ