ЕҢ АРЗАН БАҒА – ТАЛДЫҚОРҒАНДА
ЕҢ АРЗАН БАҒА – ТАЛДЫҚОРҒАНДА
"ҚазАгроМаркетинг" мәлiметтерiне қарағанда, әлеуметтiк маңызды тауарлардың бағасы жағынан Талдықорған ең арзан қала саналады. Осындай мәлiмет ҚР Экономикалық даму министрлiгi тарапынан да айтылды.
Бұл ауасы таза, суы мол Жетiсудың тұрмысқа қолайлылығымен қатар бағасының бақылауда екенiн аңғартады. Және тауар бағасының тiзгiнiн тарту қиынға соққан нарық кезеңiнде ырыздығын жерден терiп, өздерi өсiрген өнiмдi өтiмдi бағада нарыққа шығарып отырған шаруа қауымның да еңбегiн атап өту керек. Елбасының Алматы маңында азық-түлiк белдеуiн құру тапсырмасына сәйкес, әр сенбi сайын Алматы қаласында, сонымен қатар облыс, аудан орталықтарында өткiзiлiп жүрген жәрмеңкенiң де жәрдемi көп болып тұр. Әкiмдiктiң жергiлiктi тұрақтандыру қорларымен бiрiгiп атқарған жұмыстары да өз нәтижесiн берiп отыр.
Оразбай Бекенов, "ҚазАгроМаркетинг" АҚ Алматы облыстық филиалының директоры:
– Әр аптаның сейсенбiсi күнi бағаны тұрақтандыру жөнiндегi жұмысшы топ қала дүкендерi мен базарларын аралайды. Әлеуметтiк маңызды тауарлардың бекiтiлген тiзiмiне сәйкес 28 түрiнiң, оған қосымша тағы 25 түрлi азық-түлiктiң бағасын бақылаймыз. Жұмысшы топ құрамында "ҚазАгроМаркетинг" мамандары, облыстық кәсiпкерлiк және өнеркәсiп басқармасының қызметкерлерi, ауыл шаруашылығы басқармасы, қалалық әкiмдiк өкiлдерi бар. "ҚазАгроМаркетингтiң" әрбiр ауданда отырған кеңесшi мамандары да апта сайын жергiлiктi жердегi баға ахуалы туралы мәлiметтер жинақтайды. Барлық ақпаратты сараптап, қорыта келгенде Жетiсуда әлеуметтiк маңызды саналатын тауарлар бағасының төмен екенi анықталып отыр.
Махаббат Әдiлханқызы