Дүкен МӘСIМХАНҰЛЫ: ҚЫТАЙ АЖДАҺА ЕМЕС....
Дүкен МӘСIМХАНҰЛЫ: ҚЫТАЙ АЖДАҺА ЕМЕС....
Ақын, аудармашы, шығыстанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ шығыстану кафедрасының профессоры Дүкен Мәсiмханұлы ұлы көршiмiз Қытаймен арадағы қарым-қатынастарымыз жайында сыр шертедi.
САҚТАНҒАНДЫ АЛЛА САҚТАЙДЫ
– Дүкен Мәсiмханұлы, қытайтанушы ғалым ретiнде, Шығыстағы көршiмiздiң елiмiз экономикасына ендей бастауы нелiктен үрей ұялатып отырғаны жайында айтып берсеңiз… Шынтуайтына келетiн болсақ, бiздiң кен орындарында АҚШ-та, Ресей де, Ұлыбритания да, т.б. жұмыс iстеуде, олардың ешқайсысынан да қорықпаймыз да, Қытайдан сескенемiз. Әлде бұл экономикалық мәселелерге ғылыми тұрғыда емес, саяси сипатқа көбiрек ерiк берiп алғанымыздан туындаған ой ма?
– Бұл үрей әсте анау айтқандай, еш негiзсiз немесе Ел болып көрмегендiктiң көрiнiсi емес. Миллиардтар елiмен қарым-қатынаста бiздiң ел секiлдi тәжiрибесiз, жас мемлекеттердi былай қойып, әлемдегi алпауыт державалардың өзi өте байыпты қимылдайды. Қарап отырсақ, анау мұхиттың арғы бетiндегi алып АҚШ-тан бастап, Еуропадағы мүйiзi қарағайдай ежелгi империяларға дейiн, Қытаймен қарым-қатынастың өзге елдерге ұқсамайтын бөлек статусы бар. Мәселен, Германия анау бiр жылдары қытайлықтардың туристiк және жеке сапармен қыдырып келуiне тыйым салатын заң қабылдады. Ал қытайлардан инвестиция тартпау, жастарын оқуға қабылдамау, елге кiргендерiне ықтиярхат, азаматтық бермеу дүниежүзiнiң көптеген елдерiнiң заңдарында ашық жазылған. Бұл әрине, қытай халқының, Қытай елiнiң бiр құбыжықтығынан немесе қандай да бiр жексұрындығынан емес. Керiсiнше бұл сол елдердiң өз тағдырларын, ел болашағын ойлаудан туған сақтық шаралары. Ал түптеп келгенде қай мемлекет те халқының жанбағысына жол ашуға қашан да мүдделi емес пе? Осылайша ресми Бейжiң жар-әлемге шарқ ұрып, есiк-терезесi ашық ел, инвестиция сұрап отырған, экономикалық әрiптес мемлекет iздейдi.
1991 жылы Бейжiңнiң көктен сұрағаны жерден табылды, күнде үрейiн ұшырып, ұйқысын бұзып келген Кеңес Одағы ешкiм "ұрмай-соқпай" күйреп қалды да, жамырап кiлең бiр жас мемлекеттер өмiрге келдi. Жас мемлекет деген де жас бала сияқты ғой. Осы арада соның бiр мысалын айта кетейiн, мен 1993 жылдың наурыз айында елге оралдым. Келсем, Алматы көшелерiнде қытайлар өрiп жүр екен. Алматының бiр жерiнен қонақүй, бiр жерiнен ресторан, тағы бiр жерiнен базар ашқан. Сөйтсем, 1992 жылы Қазақстанның сол кездегi Үкiмет басшысы С.Терещенко Бейжiңге барған бiр сапарында Қазақстан мен Қытай елдерi арасында визасыз барыс-келiс жөнiндегi келiсiмшартқа қол қойып келiптi. Сонымен қолында шетелге шығуға арналған паспорты бар қытайлар "қақпасыз" Қазақстанға ағыла бастаған. Содан не керек, бұл мәселеге сол кездегi Қазақстан Жоғары Кеңесi депутаттары, зиялы қауым да бұл келеңсiздiктi тез байқады. Өткiр қоғамдық пiкiр қалыптасты. Жаңылмасам, 1994 жылы болу керек, Елбасы жарлығымен С.Терещенконың келiсiмшарты күшiн жойды. Ал екi ел арасындағы қарым-қатынас визалы тәртiпке көшкеннен берi қарайғы он бес жылдай уақыттың iшiнде қытай азаматтарының келiп-кетуi шамалы реттелiп қалды. Дегенмен iскерлiк, оқу, жеке сапар, турист т.б. жолдармен келiп, қалып қойып жатқан қытай азаматтарының қатары әлi де азаймай отыр. Ол жағын анықтап, зерттеп көрген адам жоқ. Егер бiз Аспан асты елiнен келетiн ұлты – хань азаматтарға Жапония, Моңғолия, Индия, Непал, Корея секiлдi немесе еуропалық елдердiң заң-тәртiбiн ұстанатын болсақ, онда құда да тыныш, құдағи да тыныш болар едi. Қазiр әрине, ашық қауiп байқалмағанмен, түптiң-түбiнде бұлайша "жауырды жаба тоқу" жақсылыққа апармайды.
– Қазақстандықтар Қытай туралы осы уақытқа дейiн жарытымды ештеңе бiлмейдi деген пiкiр қалыптасқан. Қытайлықтардың өздерiнiң айтуы бойынша – үйлесiмдi әлем орнатуға ұмтылады. Шын мәнiнде солай ма, әлде оның ар жағында бейбiт түрде жаулап алу жатыр ма?
– Жалпы бiздiң елде Қытай туралы тарихи қалыптасқан екi түрлi түсiнiк бар едi, соңғы кезде тағы бiр жаңаша түсiнiк пайда болды. Алдымен, тарихи түсiнiктерге тоқталайын. Оның бiрiншiсi, өз ата-бабаларымыздан келе жатқан "ақырзаман боларда жер бетiне қара қытай қаптайды" дегенге саятын тарихи түсiнiк. Осы түсiнiкке мойынұсынушылар "қара қытайдың қаптауын" заңды, алдын алуға, сақтануға болмайтын жағдай ретiнде қабылдап, шарасыздық танытады. Ал екiншi түсiнiктегiлер болса, кеңестiк кезеңдегi үгiт-насихатты малданып, Қытайды оңай шағылатын жаңғақ сияқты көредi. Ал соңғы он жылдың жүзiнде қалыптасқан үшiншi түсiнiкке келетiн болсақ, бұл жоғарыдағы тарихи көзқарастан мүлде басқа. Олардың пайымдауынша, "Қытай деген – ғажайып, Қытай деген – керемет. Ғылым-бiлiмнiң, өнердiң бәрi Қытайда. Болашақтың кiлтi қытай тiлiн бiлгеннiң қолында" дегенге саятын, табынушылық сипаттағы көзқарас. Ал тарихтан, саясаттан шамалы ғана хабары бар адамға бұл үш түсiнiктiң үшеуi де тым ұшқары, әсiре солақай көзқарас екенi беп-белгiлi. Негiзiнде мәселеге, Қытай туралы осы үш көзқарасты тұтастай алып қарастыратын, үш пiкiрдi бүтiн бiтiм, бiр ұғым ретiнде пайымдайтын, өз елiмiздiң мүмкiндiгi мен мүддесiн тұғыр еткен ғылыми таным керек. Ондай таным бiздiң елде қазiр ендi-ендi қалыптасып келедi. Сөздiң осы тұсында, бұл танымның қалыптасуында тәуелсiздiктен кейiнгi жиырма жылға таяу уақытта дайындалған елiмiздiң жаңа буын қытайтанушы мамандары мен сауатты саясаттанушы ғалымдардың, Қазақстанның түкпiр-түкпiрiнен барып Қытайдан оқып келiп жатқан жастардың үлесi үлкен, ықпалы зор екенiн атап айту парыз. Сөздiң ретi келгенде айта кетейiн, жуырда менiң қолыма Дәурен Омаров деген жас жiгiттiң "Ерте тұратын ел" деген кiтабы түстi. Аспан асты елiне Қазақстаннан барып оқып жатқан жас шәкiрт қытайлардың салт-дәстүрiнен, мiнез-құлқынан, тұрмыс-тiршiлiгiнен байқағанын хатқа түсiрiптi. Өте қызықты әрi тағылымды дүние. Сол елде туып, бiлiм алып, қытайлармен аралас-құралас өмiр сүрiп келген бiздiң өзiмiз байқай бермеген хань халқының көптеген қызықты қырларын Дәурен байқапты. Мiне, осы Дәурен секiлдi жастар ертең елiмiзге Қытаймен қарым-қатынастың қыр-сырын дұрыстап түсiндiретiн болады.
Ал Қытайда соңғы бес-алты жылдың жүзiнде саясаттың басты әуенiне, негiзгi мақамына айналған "үйлесiмдi әлем" немесе "үйлесiмдi қоғам" деген мәселеге келетiн болсақ, оны Қытай билiгi мен саясаткерлерi былайша түсiндiредi, "үйлесiмдi қоғам" деген – мағынасы аса ауқымды әлеуметтiк категория. Оның негiзгi күре тамыры – қоғамдағы өркениет, теңдiк, әдiлет, тыныштық, тәртiп, ынтымақ. Осы негiзде қоғамдағы сан алуан ұлттың, сан алуан мәдениеттiң, барлық адамның үйлесiмдi өмiр сүруiн қамтамасыз ету.
"АЛАШАНЬКОУ" – "АЛАТАУ ҚАҚПАСЫ" ДЕГЕН МАҒЫНАНЫ БЕРЕДI
– Өзiңiз бiлесiз, екi ел арасындағы Достық стансасы мен Алашанькоу қаласының құрылысы бiр мезгiлде қолға алынғанына қарамастан, арғы бетте гүлге оранған қала пайда болды да, бергi беттегi жағдай таз қалпында қалды.
– Қазақ журналистерiне "Алашанькоу" деген сөз туралы қысқаша түсiнiктеме бере кеткiм келiп отыр. Өйткенi, бұл сөздi бiздiң елiмiздегi әр журналист өзiнше бұрмалап қолданып жүр. Тiптi кейбiреулерiнiң "алашаңхай" деп те қолданғанын естiдiм. Ал негiзiнде бұл сөз "Алатау қақпасы" деген мағынаны бiлдiредi. Яғни қытайша "алашань" деген кәдiмгi Iле Алатауы. Бұл арада қытайлар бiздiң "ала" деген сөзiмiздi дыбыстық аудармамен сол қалпы алып отыр да, "тау" деген сөзiмiздiң орнына өздерiнiң "шань" деген сөзiн қолданған. Ал "коу" дегенi – ауыз, қақпа, есiк, кеден деген мағналарды бiлдiретiн қытайша сөз. Сондықтан бiздiң журналист ағайындар өзiмiздiң қазақша сөздi қайыра қытайға телiмей, не "Алатау қақпасы" немесе "Алашанькоу" деп қолданғаны жөн.
Негiзгi сұрағыңызға келетiн болсам, әрине, бiздiң елдi қай қырынан да ҚХР деген алып империяның қарым-қуатымен салыстыруға болмайды. Мәселен, қытайлар соңғы 20-30 жылда бiздiң Астана секiлдi ондаған қаланы салып тастады. Ал тұтас елдiң iшiнде автобан салынбаған өлке, аудан қалған жоқ деуге болады. Ең алыс түкпiрдегi ауылдардың жолының өзi тұтастай асфальтталып болды десек қателеспеймiз.
Нақтылы Достық стансасы туралы айтарым, оны салуға бiздiң елдiң шамасы қаптап жетiп жатыр. Өйткенi кез келген ел үшiн шекаралық-кедендiк өткел – сол елге келе жатқан шетелдiк жолаушыға ең алғашқы әсер мен түсiнiктi туғызатын, таным мен пайымды пайда қылатын жанды оқулық. Сондықтан дүниежүзiнiң қандай кедей деген елiне барсаңыз да, қақпасын барынша айбаттандырып, абаттандырып қойғанын көресiз. Бiзде осы мәселеге мән беру жағы жеткiлiксiз. Осы арада бiр мысал қыстыра кетейiн, 90-шы жылдардың соңында, Қорғас кеденiнен Қытайға өтiп бара жатып, бiздiң шекара жақтағы жағдайды көрiп қарным ашты. Қайдан тапқанын бiлмеймiн, бiр ескi тақтайға (көлемi де көп болса 2,5м*1,5м шамасында болу керек) көк тудың суретiн қолдан салыпты. Тым болмағанда бояудың өзi ашық көк емес, бозала бiр нәрсе. Ортасындағы қыран мен күннiң, шетiндегi өрнектiң орнында жағал-жағал бiр нәрсе тұр. Оның қасында қаңылтырдан ойып жасаған Елтаңбаның бейнесi. Онда да қолмен айбақ-сайбақ салынған сурет. Бұларға қарап отырып, қасымдағы "өзге жұрттан ұялып, бетiммен жер бастым. Ал арғы бетке өтсек, қызылды-жасылды, әлем-жәлем дүние. Лапылдаған қызыл ту, сiрескен қызыл армия. Сәулеттi ғимараттар, заманауи аппараттар. Темiрдей тәртiп, қатаң бақылау. Қарап тұрып зәрең ұшады. Сол жерде-ақ сенiң басыңа "бұл елдiң заң-тәртiбi қатаң екен-ау, аяғымды байқап басып, аузымды бағып сөйлеп, аман-есен елге оралайын" деген ой келерi даусыз. Бiздiкi қазiр жөнделдi ме, әлде сол күйi тұр ма, бiлмеймiн. Сiз айтып отырған, Достық стансасы да сол бiздiң енжарлығымыздың жарқын мысалы. Болмаса, аталған стансаның қалашығын абаттандыруға бюджеттен жылына қаржы бөлiнбеуi мүмкiн емес.
– Мұнай мен газ секторында бүгiнде Қытайдың ұлттық компаниялары жұмыс жасауда. Олардың үлесi өзгелермен салыстырғанда азшылық дегенiмiзбен, болашақта қандай да бiр қиындықтар туғызбас па екен? Сiз бұл туралы қалай ойлайсыз?
– Жалпы соңғы ширек ғасырдан астам уақыттан бергi қытай экономикасының қарқынды дамуы – екiншi бiр жағынан елдi энергия көзiнiң тапшылығына әкелiп соқтыруда. Бүгiнде ҚХР күнiне 4,5 миллион баррель шамасында мұнай өнiмдерiн тұтынады. Ел экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге төнiп тұрған бұндай қауiп-қатерден шығатын бiрден-бiр жол – шетелдерден энергия көзiн енгiзу. Байыптап қарайтын болсақ, қытайдың энергия көзiн Араб елдерiнен немесе Африканың өзге де елдерiнен, тiптi iргесiндегi Оңтүстiк Азия елдерiнен алу мүмкiндiгi жоқ. Себебi Таяу Шығыс елдерiндегi мұнай-газ нарығын Батыс алпауыттары баяғыда иеленiп алған. Ал Оңтүстiк Азия елдерiнiң көбiсiнде ондай табиғи байлық жоқ, барларының өзi оны ашуға Қытайды шақыра қоймайды. Кеңес Одағы құлағаннан кейiн, өз тәуелсiздiктерiн жариялаған Орта Азия республикаларының мұнай-газ саласындағы нарығы Қытай елi үшiн таптырмайтын мүмкiндiк болып отыр.
Әрине, жаратылысынан қай мәселеде де екi шоқып бiр қарайтын, өте сақ қимылдайтын қытайлар Орта Азиядағы бұндай мол мүмкiндiкке бiрден күмп ете түскен жоқ керiсiнше тәуелсiздiктiң алғашқы жылдарында Орта Азия республикаларына үрке, сескене қарады. Яғни ресми Бейжiңнiң "Орта Азиядағы қазақ, қырғыз, өзбек, түрiкмендер Шынжаңдағы ұйғырлардың этникалық қандастары, ендi бұл мемлекеттер ұйғырларды азат етудiң қамына кiрiсуi мүмкiн" деген де күдiк-күмәнi болғаны жасырын емес. Ресми Бейжiң мен Шынжаңдағы жергiлiктi билiктiң 90-шы жылдардың басында Орта Азия мен Қазақстаннан келiп-кетушiлерге қатаң бақылау қоюы осы сөзiмiздiң айғағы. Аталған республикалардың халқында да, билiгiнде де ондай пиғылдың жоқ екенiне әбден көзi жеткеннен кейiн, әсiресе өзара сенiм мен өзара iс-қимыл заңмен шегеленiп, ШЫҰ өмiрге келгеннен кейiн барып қана, Қытай елi Қазақстанның және өзге де Орта Азия республикаларының мұнай-газ нарығына сенiмдi түрде, үлкен қарқынмен дендеп кiрiп кеттi. Атап айтқанда 2006 жылдан берi Қазақстан мұнайын батыс Қазақстан – батыс Қытай құбыры арқылы тасымалдап келе жатқан болса, 2009 жылы желтоқсанда Түркменстан – Қытай газ құбыры iске қосылды. Қазақстанның "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының 15 пайыз мөлшерiндегi акциясын қытайлар сатып алды.
Жалпы екi ел арасындағы байланыс мұнай мен газ саласында ғана емес, күн өткен сайын өзге де салаларды кеңiнен қамтып келедi. Мәселен, 1995 жылы екi ел арасындағы сауда-саттық көлемi 100 миллион АҚШ долларын ғана құраған болса, 2005 жылы бұл көрсеткiш 5 миллиард доллардан, 2008 жылы 12,2 миллиард доллардан, ал 2009 жылы бұл көрсеткiш 17,5 миллиард доллардан асып жығылды. Қара алтынды саудалау көлемi де жыл сайын ұлғайып отыр, былтырдың өзiнде елiмiз 6 миллион тоннадан астам мұнайды Аспан асты елiне жөнелткен. Мұнан өзге Қытай мемлекеттiк банкi Қазақстан үкiметiмен шикiзаттық емес саладағы түрлi жобаларды жүзеге асыру үшiн 3 миллиард доллар бөлу жөнiнде қосымша келiсiм-шарт әзiрлеуде. Ал келесi жылдан бастап Қазақстан мен Қытай үкiметi арасындағы келiсiмшартқа сәйкес, қазақ бидайы Қытайға экспортталатын болады. Алғашқы кезеңде Қазақстаннан 3 миллион тонна астық тасымалданбақшы. Бұның бәрiн мен неге тiзбелеп отырмын? Осы сандық көрсеткiштерге жай бiр қарап шыққан адамның өзi-ақ, Қазақстан-Қытай қарым-қатынасы өте тез қарқынмен тым тереңдеп кеткенiн аңғарар едi. Демек екi ел арасындағы қатынаста бiзге шегiнерге орын қалмаған. Алайда, мәселенiң мәнi мынада, осы қарым-қатынастарды жүзеге асыру барысында ұлттық қауiпсiздiк жағы қай деңгейде ескерiлуде? Әйтеуiр дос ел екен, көршi екен, әрiптес екен, инвестор екен деп, ол елден келгендердiң бәрiне жатып жастық, иiлiп төсек болып кеткен жоқпыз ба? Өткен жылғы елiмiздегi халық санағында елiмiздегi қытай диаспорасының өкiлдерi төрт мыңға таяу адам деп көрсетiлген. Ал ресми емес деректер азаматтық алғаны бар, ықтиярхат алғаны бар, елiмiздегi жалпы қытайлықтар (ханьзулар) 200 мыңнан астам дейдi. Бұл дерек шындыққа қаншалық жақын? Қазақстанның азаматтығын алған қытайлар (ханьзу) болса, олар қандай негiзде азаматтыққа қабылданды? Олардың виза, тiркелу жұмыстары қандай заңдармен жүзеге асырылуда т.б. толып жатқан жауапсыз сұрақтар жұрттың көңiлiн күптi етуде.
– Қазақстандық бизнесмендердiң Қытай рыногына белсендi түрде шығуына не кедергi?
– Менiң ойымша, ең басты себеп – бiздiң елде Қытай кәсiпорындарының өнiмдерiмен бәсекеге түсетiндей тауарлар өндiре алатын өндiрiс орындарының жоқтығы. Мысал үшiн, бiр орташа костюм-шалбарды қазақстандық кәсiпкер өндiретiн болса, оның бағасы елу мың теңгеден кем болмауы мүмкiн. Себебi, бiзде мата қымбат, жұмыс күшi қымбат, салық көлемi үлкен. Ал қытай кәсiпкерi тура сондай костюм-шалбарды он мың теңгеге базарға шығаруы әбден мүмкiн. Бiздегi барлық өндiрiс түрлерi бойынша да осы уәждi айтуға болады. Қарапайым сөзбен айтқанда, тұтынушы әрине, сапасы бiрдей екi тауардың бағасы арзанырағына жүгiрмей ме?! Екiншiден, бiздiң экономикамыздың денiн шикiзаттық өнiмдер құрайды. Егер бiз ауылшаруашылық өнiмдерiнен өзге елде жоқ, қымбат болса да ерiксiз алатын тауар өндiре алсақ, онда қытайдың ғана емес, әлем нарығына да шыға алар едiк.
ШЫҢЖАҢ ХАЛҚЫ 30 МИЛЛИОНҒА ЖЕТУI МҮМКIН
– Қытай бүгiнде хань ұлтын батыс жақтағы шекарасына қарай қоныстандыру жұмыстарын белсендiре түсуде. Қазақстандық сарапшылар мұның соңы ертеңгi күнi ол аймақта жұмыссыздық пайда болып, берi қарай ағылатын адамдар санын көбейтуге ықпал жасауы мүмкiн дегендi алға тартады. Солай болуы мүмкiн бе?
– Қай өлкесiнiң тұрғынын қай өлкеге көшiредi, бұл түптеп келгенде – Қытайдың iшкi мәселесi. Одан өзiмiзге қауiп iздесек, "қорыққанға қос көрiнедiнiң" керi болып шығады. Егер бiз Сингапур, Тайланд, Малайзия секiлдi елдердiң тағдырынан ащы сабақ ала отырып, елiмiздiң қауiпсiздiгi мен болашақ тағдырына жауапкершiлiкпен қарайтын болсақ, онда ештеңеден қорқып, босқа үрейленудiң ретi жоқ. Ал Қытайдың Шынжаңға адамдарын көбейтiп алып, одан берi қарай жылжиды деген қауiпке келетiн болсақ, бұл жорамалдың қазiрше еш қандай негiзi жоқ деп ойлаймын. Өйткенi ШҰАР, қысқаша Шынжаң, Қытайдың батыс-солтүстiгiнде орналасқан. Жалпы аумағы 1 миллион 700 мың шаршы километр. Яғни тұтас Қытай жерiнiң алтыдан бiр бөлiгi деген сөз. Сондай-ақ бұл өлке солтүстiгiнде Моңғолиямен, батысында Ресей, Қазақстан, Кырғызстан, Тәжiкстанмен, оңтүстiк-батысында – Ауғанстан, Пакистан, Индиямен шектесiп жатыр. Шетелдермен шектесетiн шекарасының жалпы ұзындығы бес мың алты жүз километр. 2005 жылғы санақ бойынша өлкеде 21 миллион тұрғын өмiр сүредi. Оның 60 пайыздан астамы Ислам дiнiн ұстанатын жергiлiктi ұйғыр, қазақ, қырғыз, өзбек, татар т.б. түркi халықтары. Ресми санақ мәлiметi бойынша ұйғырлар сегiз жарым миллион, қытайлар (хань) жетi жарым миллион, қазақтар бiр жарым миллион шамасында көрсетiледi. Демек, жер көлемi жағынан ғана емес, табиғи қазба байлық жағынан да тұтас қытайды аузына қаратып отырған бұл өлке географиялық орналасуы жағынан болсын, ұлттық құрамы жағынан болсын, стратегиялық өте күрделi аймақ болып есептеледi. Өткен жылғы шiлде айының басында Үрiмжiде орын алған оқиғалардан кейiн ресми Бейжiң бұл өлкенiң "орнықтылығы мен тыныштығын одан сайын күшейту мақсатында" қарқынды iс-шараларын бастап кеттi. Бұл жоба бойынша бiрiншi кезекте аталған өлкенiң демографиялық жағдайын өзгерту қарастырылған. Демек, алдағы таяу болашақта Шынжаңның жан саны отыз миллион немесе одан да көп болып жатса, оған таң қалуға болмайды. Қысқасы Қытайдың iргемiздегi Шынжаң өлкесiне адам топтауы бiзге көз алартудан емес, өзiнiң "жаңа өлкесiн" уысынан шығарып алмаудың қамынан туған шара. Ал бұл шара жергiлiктi ұйғырлар тарапынан қалай қабылданады? Өлкенi жаппай қытайландыру саясаты өз жемiсiн ың-шыңсыз бере ме, жоқ па? Өздерiн Шынжаң өлкесiнде 15 миллионнан көппiз деп есептейтiн ұйғырлар осының бәрiне көзiн жұмып, қолын қусырып қарап отыра ма? Бейжiңнiң дiттегенiне жете бередi дегенге қазiрше сенiм аз.
– Жалпы, Қытаймен қарым-қатынастың бiздiң халық үшiн пайдасы мен зияны туралы айтсаңыз… “Әлемдегi барлық мемлекет бiр бағытта, Қытай тек өзiне тиiмдi бағытта дамиды” деген қалыптасқан философиялық пiкiр туралы ойыңыз?..
– Бейбiт, қатар тұра алсақ, тату көршi бола алсақ, сенiмдi, дос елдер болсақ, өзiмiзге-өзiмiз мықты болсақ, онда қай елмен қарым-қатынасты алсақ та пайдадан басқа зиян жоқ. Егер өзiмiздiң хақ-құқымызды қорғай алмасақ, ел қауiпсiздiгiн ойламай, кiлең экономиканы қызықтап кетсек, онда кiммен аралассақ та түптiң-түбiнде зиян тартып шығамыз. Ал ендi, Қытай елiмен, егер бейбiт қатар тұрып, тату көршi, сенiмдi дос ел ретiнде, өз iсiмiзге өзiмiз мықты бола отырып қарым-қатынас жасасақ, бiздiң елдiң дамуы мен гүлденуiне оның пайдасы өте үлкен болады. Себебi, бiрiншiден, ол бiздiң елдiң экономикасы үшiн құйылып тұрған тұрақты, алып инвестиция. Екiншiден, егер бiз бәсекеге қабiлеттi тауар өндiре алатын болсақ, iргемiзде тұрған дайын, үлкен базар. Үшiншiден, елiмiздiң көпвекторлы саясатында да таразыны баса алатын iрi держава.
Ал ендi сұрағыңыздың екiншi бөлiгiне келетiн болсақ, бұл тегiнде, еуроцентристiк көзқарастан туындаған пiкiр. "Әлем елдерi" дегенде бiздiң көз алдымызға көбiнде батыс елдерi келедi. Олар мұсылман әлемi мен Қытай елiнен өзге, азиялық халықтарды негiзiнен еуропаландырып, батыстандырып болды. Оларға илiкпей келе жатқан мұсылман әлемiн соңғы жылдары "террорист", "экстремист" етiп шығарды да, қытайды ылғи да қитұрқы, арамза, ретi келсе "адам жегiш" ретiнде сипаттаумен келедi. Жалпы, бiзге сырттай алып болып көрiнгенiмен, қытай сорлының да батыс елдерiне, олардың әр кезеңдегi отаршылдарына кеткен есесi аз емес. Тiптi адамзат мәдениетiнiң ежелгi ошағы бола тұра, өздерi қалыптастырған сол ежелгi өркениет үлгiлерiнiң өзiне ие бола алмай келедi. Бүгiнге дейiн олардың әдебиетi де, мәдениетi де, өнерi де өз iшiнен шыға алмай жүр. Мәселе, олардiкiнiң мешеу, батыстiкiнiң озық болғандығында емес, тұтас өлшем-безбеннiң батыстiкi болуында жатыр. Сондықтан, Қытай өзiне тиiмдi бағытта дамыса, оның несi айып?! Кiм өзiне зиянды бағытта дамуды қалайды екен?!
"ЖАҺАНДАНУ" ДЕГЕНIМIЗ "БАТЫСТАНУ" ДЕГЕН СӨЗ
– Ғаламдану процесiн тоқтату мүмкiн емес екендiгi белгiлi, осы процесте Қытай ұлты өзiнiң салт-дәстүрi мен ұлттық менталитетiн еуропалық және америкалық ағымнан қалай сақтауда? Әлде оларда да бiздегiдей проблемалар бар ма?
– Бiрден басын ашып айтатын нәрсе, "құрттың атын жаңылтып малта қойыпты" дегендей, жаһандану немесе ғаламдану деген өзi "батыстану" деген сөздiң тонын аударып қолданыла бастаған сөз. Бұрындары, сонау бiр дәуiрлердегi Еуропадағы қайта гүлдену дәуiрiнен кейiн, әсiресе ХIХ және ХХ ғасырларда Батыстың еуроцентристiк көзқарастағы идеологтары батыс мәдениетi мен өркениетiн тұтас жержүзiне мәдениеттiң, өркениеттiң өлшемi, адами құндылықтардың безбенi ретiнде ұсынды. Ол әрине, өз жемiсiн бермей қалған жоқ. Бүгiнде жер шарының қай түкпiрiне бармаңыз, сол елдiң дәстүрлi өнерi мен мәдениетiн көп жағдайда музейлерден экспонат ретiнде ғана кездестiресiз. Тiптi дәстүрлi, ұлттық музыка мен би өнерiнiң өзi де өз елiнде өгейдiң күнiн кешiп отырғанын байқайсыз. Керiсiнше, қай елдiң сахнасының төрi – балет пен опера өнерiнiкi. Бейнелеу өнерi де солай. Ал тұрғын үй, азық-түлiк, жүрiп-тұру, киiм-кешектiң өзi де батысша, бүгiнгi кеппен айтсақ жаһандық үлгiде екенi жасырын емес. Демек, жаһандану үдерiсi ендi басталайын деп тұрған немесе алда келе жатқан науқан емес, адамзат өмiрiне, сана-сезiмiне енiп кеткенiне кем дегенде екi-үш ғасырдың жүзi болды. Алайда соңғы ширек ғасыр шамасындағы Таяу Шығыс пен Қиыр Шығыс елдерiндегi рухани ояну – ұлттың қанына сiңiп, сана-сезiмiн жаулап бара жатқан батыстық құндылықтар мен дүниетанымға кедергi қойып, өздерiнiң төл мәдениетi мен этникалық иммунитетiн көтеруге құлшына кiрiсуге алып келдi. Осылайша ғаламшардың әр тұсында, әсiресе азиялық аймақтарда Батыс өркениетi мен мәдениетiнiң шамалы болса да тынысы тарылып, өрiсi қусырыла бастады. Ендiгi жерде "батыстану" деген ұран өзгелерге керi әсер беретiн болғандықтан, оған басқаша ат қойып, "жаһандану" деген атпен қайта жандана бастады. Ал Азиядағы алып ел бола тұра батыстану үдерiсiнен Қытай мәдениетi мен өркениетi де шет қалған емес. Әсiресе, ХХ ғасырдың басындағы қытай зиялылары елдi құтқарудың бiрден-бiр жолы батыс мәдениетiне жаппай көшу екенiн ұсынды. Әрi сол жолда аянбай тер төктi, тiптi дәстүрлi мәдениетпен ымырасыз "күрес жасады" деуге де болады. Соның нәтижесiнде бүгiнде миллиардтар елiнiң тiлi таза сақталғаны болмаса, ұлттық өнерi мен мәдениетiнен қанық батыстық бояуларды бiрден байқауға болады. Бұл өз кезегiнде хань халқының менталитетiне де бетбұрыс әкелмей қойған жоқ. Ал сөз өнерi ретiнде туып, халыққа эстетикалық ләззат пен тәрбие сыйлайтын әдебиетiн алатын болсақ, тек тiлi ғана қытайша демесең, түр мен мазмұн жағынан ылғи батыстық ағымдар мен батыстық үлгiлерге құлшынумен, елiктеумен келедi. Ұлттық музыкасы мен биi, ұлттық киiмдерi де бiздегi секiлдi мереке-мейрам кезiнде ғана саналы түрде әспеттелiп қалады. Сондықтан жаһандану үдерiсi дегеннiң тонын аударған баяғы "батыстану" екенiн сезiп-бiлiп отырған қытай зиялылары, бүгiнде барынша дәстүрлi мәдениеттерi мен ұлттық құндылықтарын төрге шығаруға құлшынуда. Алайда, қытай деген ерекше көп халық, өте үлкен мемлекет болғандықтан, олар ешқашан "жаһандану" жұтып кетедi деп алаңдамайды. Оның үстiне халқының тең жартысынан астамы тұрып жатқан шет аймақтағы ауыл-қыстақтарына "жаһандану" түгiлi, кәдiмгi өздерiндегi бүгiнгi өркениеттiң де сәулесi жөндi түсiп тұрған жоқ. Олардың денi байырғы дүниетаныммен, ежелгi тiршiлiк қалпымен өмiр сүрiп жатыр. Керек болса, оларды шамалы "батыстандырудың" еш артықтығы болмас едi. Сондықтан қытай ғалымдарының пiкiрi бұл мәселеде қақ жарылады. Бiреулерi ұлттық дәстүрдi алға оздыруды ұсынса, ендi бiр тобының пiкiрi – әлемдiк өркениет көшiне iлесу үшiн жаһандану талаптарына мойынсұнумыз керек дегенге саяды. Бiрақ қалай болғанда да, бiрiншiден, қытай ежелден отырықшы ел болғандықтан, екiншiден, салыстырмалы түрде айтқанда ұлттық дәстүрi жақсы сақталған халық болғандықтан, "жаһандану" үдерiсi оларға зиянымен бiрге қомақты пайдасын да әкеледi деп есептеймiн. Ал бiздiң жағдайымыз мүлде басқаша. Егер бiз ұлттық құндылықтарымызды барынша әспеттеп, рухани менталитетiмiздi күшейтуге ерекше көңiл бөлмесек, бiзге "жаһанданудың" пайдасынан гөрi қауiп-қатерi көп болады.
– Әңгiмеңiзге рахмет!
Әңгiмелескен Есенгүл КӘПҚЫЗЫ