Жаңалықтар

БАС ҚАРЖЫГЕР ДӘРIС ОҚЫДЫ

ашық дереккөзі

БАС ҚАРЖЫГЕР ДӘРIС ОҚЫДЫ

Әлi күнге мұнай-газ және қаржы саласын басқаратын бiлiктi мамандар тапшы. Елiмiз осы олқылықтың орнын толтыру үшiн жыл сайын техникалық мамандыққа бөлiнетiн грант санын арттырып келедi. Сондай-ақ, бүгiнгi студент, ертеңгi жас мамандардың бiлiмiн жетiлдiруде белгiлi тұлғалар оқитын дәрiстiң де пайдасы көп.

Бұған дейiн Вашингтон, Оксфорд студенттерiнiң алдында талай мәрте дәрiс оқып, жастармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс iстеп келген Григорий Марченко бұл әдетiнен айныған емес. Ол қаржы жүйесiнiң жiлiгiн шағып, майын iшкен кәсiби маман ретiнде өз тәжiрибесiн келешекте осы салада қызмет еткiсi келетiн жастармен бөлiсудi жөн көрiптi. Елiмiзде техникалық мамандар дайындауда өзiндiк орны бар бiрден-бiр оқу орны Қазақстан-Британ техникалық университетi (ҚБТУ) студенттерi мен оқытушылары алдында "Қазақстан тәжiрибесi: сыртқы қарыздарды қайта құрылымдау" тақырыбында дәрiс оқыған Марченконың айтатыны көп. Әлемдiк қаржы дағдарысы экономикаға керi әсерiн тигiзе бастағанда, қайсыбiр мемлекет болсын шама-шарқынша әрекет етiп бақты. Алайда, "дағдарыс толқынынан қай ел қандай сабақ алды, қайсы мемлекет одан тез арада сытылып шығудың жолын таңдады?" деген сан түрлi сауалдарға аса ыждаһаттылықпен жауап iздеген бас қаржыгер: "Бiздiң елдiң қаржы қыспағынан шығу кезiндегi сыртқы қарыздарды қайта құрылымдау әдiсiне батыс елдерi жоғары баға бердi" дегендi жеткiздi.

Ағылшын тiлiне судай ағыла сөйлеген Марченко студенттердi сiлтiдей ұйытып қана қоймай, олармен емiн-еркiн пiкiр алаңын ұйымдастырды. Ол өз дәрiсiнде: "Елiмiздегi үш банк қайта құрылымдаудан өтiп, бүгiнде өзiнiң миссиясын атқаруға белсене кiрiсiп кеттi. Банктерге мемлекеттiң дер кезiнде көмекке келiп, қолдау бiлдiруiн басқа елдер ерекше қабылдады. Яғни, мемлекет бұл әрекетi арқылы банкротқа ұшырауға шақ қалған банктердi құтқарды. Әрине, сыртқы қарыздарды қайта құрылымдау процесi аса жеңiл бола қойған жоқ. Ол үшiн көптеген кредиторлармен ұзақ уақыт бойы мәмiле жасауға тура келдi де. Бiр айта кетерлiгi, бiз кредиторлардың сенiмiнен шығып, үлкен жеңiске жеттiк. Қолға алған iстiң оң нәтиже беруiне Үкiмет, "Самұрық-Қазына" "Ұлттық әл-ауқат қоры" және банктердiң өздерi де жұмыла кiрiстi" деп өтпелi кезеңдi еңсерген уақытқа тоқтала кеттi.

Осы бiр қысталаң уақытта елiмiздiң сыртқы қарыздары да еселенiп кеткенi баршаға мәлiм. Қазақ үкiметiнiң бүгiнгi сыртқы қарызы туралы мәлiметтi бас қаржыгердiң өз аузынан естiгiсi келген студенттерге аса құштарлықпен жауап берген Марченко: "Мемлекет бүгiнде сыртқа 5 млрд. доллар ғана қарыз. Егер Ұлттық қордың бiраз қаржысы сыртқа инвестиция ретiнде құйылғанын ескерсек, қарызымыз жоқ деп есептеуге болады. Әрине, жекелеген фирмалар мен компаниялардың қарыздары баршылық, бiрақ оған мемлекет жауапты емес" деп кесiп айтты. Ал, қайта құрылымдау шарасы елiмiздiң сырттан қарыз алуына онша зиянын тигiзбептi. "Егер қайта құрылымдау процесi сырттан ақша қарыз алу процесiне 5 пайыздай керi әсер еткен болса, онда қайта құрылымдау табысты өткен соң ол 10 пайызға қайта көтерiлуi тиiс деп ойлаймын. Кредиторларымыздың 95 пайызы бiр кiсiдей қайта құрылымдауға дауыс беруi бiздiң банк секторына деген сенiмдi бiлдiредi", деп толықтырды өз ойын бас қаржыгер.

Отандық банктердiң қаржы дағдарысына төтеп берiп, әрмен қарай өмiр сүруi, оларға Үкiмет тарапынан көрсетiлген көмектiң тиiмдiлiгi, қазiргi кездегi банктердiң бәсекеге қабiлеттi болуы, т.б. мәселелер әңгiме өзегiне арқау болды. Болашақ мамандардың салиқалы сұрақтарына аса байыппен жауап берген бас қаржыгер Григорий Марченко оқу орнында жаңалыққа жаны құштар ұрпақтың бiлiм алып жатқанындығын тiлге тиек еттi. Бiр айта кетерлiгi, бұл Марченконың алғашқы әрi соңғы дәрiсi емес. Ол бұған дейiн де осы аудиторияда жастармен бетпе-бет жүздескен-дi. Екi жаққа да тиiмдi үрдiстiң арқасында ҚБТУ студенттерi Ұлттық банктен тәжiрибеден өтуге үлкен мүмкiндiк алған. Тiптi, өз бiлiмiн iсi арқылы дәлелдеген мамандар Ұлттық банкке жұмысқа орналасып та жүр. Ал, оқу орнында үздiк оқитын студенттер Григорий Марченко атындағы стипендияға ие болып, бiлiмiн әлемдiк деңгейдегi оқу орындарында шыңдау бақытына ие болып келедi.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ