ФРАНЦИЯ: МҰСТАФА ШОҚАЙҒА МӘҢГIЛIК ҚҰРМЕТ
ФРАНЦИЯ: МҰСТАФА ШОҚАЙҒА МӘҢГIЛIК ҚҰРМЕТ
Қазақ халқының бiртуар мемлекет қайраткерi Мұстафа Шоқайға арналып оның екiншi отаны Францияда 28 қазан күнi парк ашылды және мүсiн қойылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазан айының 27-28 күндерi Францияға барған сапары кезiнде оның тұсаукесер рәсiмi өткiзiлдi. Тұсаукесердi Қазақстан атынан Мәдениет және ақпарат министрi Мұхтар Құл-Мұхаммед, Франция атынан парк орналасқан Ножан ауданы әкiмiнiң мәдениетке жауапты орынбасары Мадам Томе жасады.
Тұсаукесердiң алдында сөйлеген сөзiнде Қазақстан Мәдениет министрi Мұхтар Құл-Мұхаммед Мұстафа Шоқайды қазақ демократиясының атасы деп сипаттады. Мұстафа Шоқайдың тек қазақ халқы үшiн емес, күллi Орталық Азияның, атап айтқанда Түркiстан халықтарының саяси тәуелсiздiгi үшiн атқарған қызметтерiн атап өткен Мұхтар Құл-Мұхаммед, II Дүниежүзiлiк соғыс кезiнде нацисттердiң оны пайдаланбақ болғандығын сөз еттi. " Бiрақ, – дедi ол, – Мұстафа Шоқай нацистермен бiрге жұмыс iстеуге үзiлдi-кесiлдi қарсы болды. Ақыры Берлин қаласында қайтыс болды. Оның өлiмi де жұмбақ өлiм. Нацистердiң қастандық жасап өлтiргендiгi туралы деректер бар. Шоқай Францияны екiншi отаны ретiнде көрдi. Оның Париж қаласына махаббаты ерекше болды. Сондықтан бүгiнгi iс-шара әдiлдiктiң салтанат құруы болып табылады ". Министрден кейiн сөз сөйлеген Франция – Қазақстан парламенттiк достық тобының төрағасы, депутат Тери Мария: "Осындай iс-шараға қатысып отырғаныма қуаныштымын," дедi. Ол өз сөзiн одан әрi былайша сабақтады: "Осы күнде екi елдiң президенттерi кездесу өткiзiп, екi ел байланыстарын күшейтудiң жолдарын қарастыруда. Қазақстан мен Франция арасында байланыстардың орнауына көп жыл болды. Өзiм Қазақстан – Франция парламенттiк достық тобын басқарып келемiн. Сонымен қатар Францияның Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымындағы өкiлiмiн. Қазақстанның биыл оған төрағалық етуi үлкен жетiстiк. Қазақстанда 20 рет болып қайттым. Биыл Мұстафа Шоқайдың 120 жылдығына орай Францияда екi мәдени шара орын алады. Оның бiрiншiсi – мiне бiз куә болып отырған Мұстафа Шоқай саябағы және мүсiнiнiң ашылуы. Ал екiншiсi болса, бiз Франция парламентi ретiнде тұңғыш рет Қазақстан туралы бiр кiтаптың француз тiлiне аударылып, осында жарық көруiне демеушi болып отырмыз. Ол кiтап – Әбдiуақап Қараның "Мұстафа Шоқай" атты еңбегi. Ол кiтаптың аударма жұмыстары бiтiп қалды. Жыл аяғына дейiн баспадан жарық көретiн болады. Сөйтiп француздар Мұстафа Шоқайды бiлетiн болады. Франция – Қазақстан байланыстары көбiнесе саясат пен саудаға негiзделiп отыр. Осы орайда мәдени байланыстардың көбейгенi дұрыс. Бiз биыл iске асырып отырған Шоқайға мүсiн қою және кiтап шығару екi ел арасындағы мәдени байланыстарды күшейте түспек". Париж қаласы Ножан ауданындағы тұсаукесер рәсiмiнде Қызылорда әкiмiнiң орынбасары Мұрат Мұхаммед, Қызылордадағы "Мұстафа Шоқай қорының" президентi Базарбай Атабай және "Мұстафа Шоқай Француз – Қазақ достық қоғамының" төрағасы Көпжасар Дiнiш сөз сөйледi. Қызылордалық мүсiншi Амангелдi Кененбай сомдаған мүсiнде француз тiлiнде " Мұстафа Шоқай 1890-1941 Тәуелсiздiк күрескерi " деп жазылған. Мүсiннiң төменгi жағында француз тiлiнде " Қазақ халқы тарапынан 28/10/2010 " делiнген. Сонымен туғанына 120 жыл толуына байланысты Мұстафа Шоқайға арналып Францияның астанасы Парижде парк ашылып, оған мүсiн қойылуын тарихи оқиға деп атауға толық негiз бар. Өйткенi, тұңғыш рет Еуропада қазақ халқының тарихи тұлғасына бiр мүсiн орнатылып отыр. Мұның өзi кездейсоқ болып отырған жоқ. Өзiн бостандықтар, теңдiктер және бауырластықтар елi ретiнде көретiн Франция ХХ ғасырдағы мемлекеттердiң асылы ретiнде Шоқай сынды азаматтарға туған отандарының тәуелсiздiгi, халықтарының бостандығы үшiн саяси күрес жүргiзулерiне жағдай жасаған едi. Ал, Мұстафа Шоқай болса, тек саяси ой өрiсiнiң биiктiгiмен ғана емес, сонымен қатар адалдық, отансүйгiштiк және адамгершiлiк сынды қасиеттерiмен де танылды. Мұстафа Шоқай мұраларының Екiншi Дүниежүзiлiк соғыстың аласапыран кезiнде жоғалып кетпей сақталып бүгiнге жетуiне зайыбы Мария апамыздың еңбегiнiң зор екенi белгiлi. Қызылордадан келген қонақтар мен Париждегi Мұстафа Шоқай француз – қазақ достық қоғамының мүшелерiмен бiрге 27 қазан күнi Марияның Шель деген жердегi бейiтiне барып дұға қылдық. Содан кейiн зират басқармасына барып мәлiмет алдық. Оған қарағанда, Мария апамыз 1969 жылы 14 көкекте жерленген. Өзi қайтыс болмастан 4 жыл бұрын, атап айтқанда 1965 жылы сол зираттағы бейiтiн жасатып, 50 жылдық ақшасын төлептi. Еуропа елдерiнде бейiттiң орнын тек жалдауға болады. Түбегейлi сатып бермейдi. Жалға алған ақысы бiткенде, қайта төлемесе, ол бейiттен сүйектi алып тастап басқа бiреуге бередi. Қызылорда әкiмiнiң орынбасары Мұрат Мұхаммед: "2015 жылы уақыты аяқталатын мерзiмiн тағы 50 жыл ұзарту бiздiң парызымыз" деп 770 еуро төлеп, бейiттi 2065 жылға дейiн ұзартты. Сөйтiп, Мария апамыздың сүйегiне жарты ғасыр тағы ешкiм тиiспейтiн болады. Осыдан он жыл бұрын, 2000 жылы Шоқай туралы зерттеулер жүргiзу мақсатында Шоқай 1923-1941 жылдары 18 жыл өмiр сүрген Ножан қалашығына барғанда, оны ешкiмнiң бiлмейтiнiн байқаған едiк. 2000 жылдың мамыр айында Париждегi Шығыс тiлдерi жане өркениеттерi институтындағы Мұстафа Шоқай архивiнен тапқан конверттердегi үш түрлi адрестердегi үйлерiн көру және осы үйлерде Шоқайдың қай жылдары тұрғанын анықтау үшiн Ножанға бардық. Зерттеуiмiзде қалашық тұрғындары жыл сайын қыркүйек айында салық төлейтiнiн байқадық. Сөйтiп қалашықтың салық деректерiнен Шоқайдың Ножанда тұрған үйлерiн және мезгiлдерiн белгiледiк. Сол анықтауымызға қарағанда, Шоқай мына адрестерде тұрған екен : 1. 16 Руе Бауйн дө Перөз (1923-1930) 2. 48 Бис Руе Пармаңтиер (1930 – 1933) 3. 7 Суар дө ла Фонтен (1933-1941) Осы соңғы үйде, Шоқай 1941 жылы дүние салғаннан кейiн зайыбы Мария 1969 жылға дейiн өмiр сүрген. Бiз осы анықтауларды жасағаннан кейiн, зерттеуiмiздi "қазақтың осынау қайраткер азаматының бiр кезде Ножан қаласында тұрғанын бiлетiндер бар ма? " екен деген сұрақтың төңiрегiнде одан әрi жалғастырдық. Алдымен Шоқай тұрған үйлердiң бүгiнгi тұрғындарына сұрау салдық. Өкiнiшке қарай, олар Шоқай туралы ешнәрсе бiлмейтiн болып шықты. Одан сон, Ножан әкiмшiлiгiндегi кейбiр қызметкерлерден сұрадық. Олардын iшiнде де бiлетiнге кездеспедiк. Бұл да заңды едi. Өйткенi, арада 60 жылдай уақыт өтiп кеткен. Бұл жағдай, бiздi Шоқай үшiн Ножанда бiр белгi орнатудын қажет екенi жөнiндегi ойға жетеледi. Бұл пiкiрiмiздi, Алматыға жолымыз түсiп барғанда, белгiлi журналист Саясат Бейiсбайға берген сұхбатымызда айттық. Ол сұхбат "Егемен Қазақстанның" 2001 жылғы 9-қаңтардағы санында басылып шықты. Осыдан кейiн 2001 жылдың 18 қазан күнi Қазақстан Премьер-министрiнiң орынбасары Иманғали Тасмағамбетов, Қазақстанның Франциядағы Төтенше және өкiлеттi елшiсi Ақмарал Арыстанбекова және Ножан әкiмi Жан Мартин ол кiсi 1933-41 жылдары арасында тұрған соңғы үйi орналасқан Суар дө ла Фонтен көшесiнiң бас жағына Шоқайға арнап белгiтас орнатты. Сонымен бұл белгi тас Шоқайды еске алатын Еуропадағы екiншi орын болды. Бұдан бұрын Мұстафа Шоқай тек Берлин қаласындағы бейiт басында ғана еске алынатын. Ендi 2001 жылдан берi Париж қаласындағы осы белгi тас гүл шоқтарын қойып, Шоқайды еске алатын орынға айналып отыр. Қазан айының 28 күнi ашылған саябақ та мiне осы белгiтастың қасында орын алып отыр. Осы жерде Парижде бiр саябаққа Мұстафа Шоқай атының берiлуiнiң айрықша мәнi бар. Өйткенi Мұстафа Шоқай аты осы саябақпен бiрге Париж қаласының қартасына түспек. Демек, жасанды жер серiгi арқылы iстейтiн қазiр Еуропадағы кез келген машинада болатын электрондық жол көрсеткiш, яғни навигатор аппаратында Шоқай аты орын алады деген сөз. Сөйтiп Парижге барған шетелдiк туристер ешкiмнiң көмегiн қажет етпестен Шоқай ескерткiшiн және саябағын таба алатын болады. Бiздiң ойымызша, Мұстафа Шоқай сынды тарихи тұлғаның бiраз уақыт Ножанда өмiр сүруi Ножанға халықаралық бедел және абырой берiп отыр. Тiптi, бұл қала Шоқайдың тiрi кезiнде де ерекше қала атанған едi. Шоқайдын үйiндегi әңгiмелер үнемi Түркiстанның тәуелсiздiгi туралы болатындықтан, оның Пиер Ронодл және Жозеф Кастаня сияқты француз достары Шоқайдын үйiне баратын болғанда, "Түркiстанның уақытша астанасына" баратындарын айтатын. Түркiстан, атап айтқанда Орталық Азия елдерi тәуелсiздiктерiн алған кезде, Ножандағы уақытша астана, өзiнiн мәңгi астанасына көшетiн едi. Мiне, осы себептен Ножан тек Қазақстан үшiн ғана емес, күллi Орталық Азия халықтары үшiн Еуропаның өзге қалаларына қарағанда, ерекше мәнге ие қала деп айтуға әбден негiз бар. Негiзiнен алғанда Мұстафа Шоқай тек қазақ халқы үшiн ғана емес, сонымен қатар француз халқы үшiн де маңызды. Себебi, Мұстафа Шоқай, туған отаны большевиктердiң қол астына өткеннен кейiн, қиын қыстау күндерi өзiн қабылдаған Францияны отаны ретiнде бағалады. Сол кезде, КО-ан көптеген эмигранттар осы Францияда өмiр сүрiп жатқан болатын. 1917 Қазан төңкерiсiнен соң большевиктердiң Ресейде билiктi қолдарына алуынан кейiн, көптеген орыс демократтарымен зиялысы осы Францияға қоныс аударған едi. Бұлардын арасында Ресейде басминистрлiк қызметiн атқарған Александр Керенский, министрлiк қызметте болған П. Милюков сияқты белгiлi мемлекет қайраткерлерi де бар едi. Ресейден қоныс аударған эмигранттардың саны жүз мыңдап саналды. Бұлардың Парижде "Дни" және "Последние Новости" сияқты орыс тiлiнде газеттерi де жарияланып тұрды. II Дүниежүзiлiк соғыс бұрқ еткенде, бүкiл ресейлiк эмигранттар бас сауғалап Франциядан қаша бастады. Барлығы нацистер Францияны жаулап алады деп алаңдаған едi. Лек легiмен АҚШ-қа қарай жосылды олар. Солардың iшiндегi жолдастары, Шоқайды да бiрге АҚШ-қа ала кетпек болды. Бiрақ Шоқай оларға ермедi. "Мен, – дедi ол, – Францияны туған отанымдай көремiн. Өйткенi ол қиын-қыстау күндерiмде менi бауырына басты. Сондықтан, мен де Францияны қиын-қыстау күндерiнде тастап кете алмаймын. Француз халқы қандай қиындық көрсе, мен де соны көруге дайынмын". Сөйтiп Шоқай Францияда қалды. Өйткенi, оның жүрегiнен Франция ерекше орын алған едi. Франция ол үшiн шынында да бостандықтар, теңдiктер және бауырластықтар елi едi. Мұстафа Шоқай 1941 жылы 27 желтоқсанда Берлин қаласында көз жұмды. Оның өлiмi нацистiк деректерде, жұқпалы сүзек ауруынан деп аталса да, оның у берiлiп өлтiрiлгенi жөнiнде күдiктер бар. Егер осындай жағдайда дүние салған болса, онда Шоқайдың тек қазақ халқы, күллi Түркiстан халықтары үшiн ғана емес, сонымен қатар француз халқы үшiн құрбан болған десе де болғандай. Орыс эмигранттарымен АҚШ-қа кетiп қалғанда, аман қалып талай жылдар өмiр сүре берер едi. Сондықтан Шоқай Қазақстан мен Францияның ортақ тарихи тұлғасы. Ол Қазақстан мен Францияның достық байланыстарының символдық тұлғасы. Кейбiр зерттеушiлер, Қазақстанның еш күрес жүргiзбестен, КО-ның өздiгiнен ыдырауымен оп-оңай тәуелсiздiкке қол жеткiзгенiн алға тартады. Тiптi, кейбiреулер қазақтардың тәуелсiздiк, бостандық деген қасиеттi ұғымдарды бiлмейтiнiн, сондықтан тәуелсiздiк үшiн күреспейтiндерiн алға тартуда. Мұның қате түсiнiк екенiн Мұстафа Шоқайдың өмiрi мен күресi нақты ортаға салуда. Мiне, осы тұрғыдан қарағанда, Шоқай қазақтың таяу тарихы үшiн маңызды тұлға болып табылады. Шоқай өзiнiң саяси күресi үшiн тиiмдi ортаны тек Франциядан таба бiлдi. Ол мұнда 20 жылдай өмiр сүрдi. Мұның 18 жылы Ножан қаласында өттi. Сондықтан, тәуелсiз Қазақстаннын тарихында, Франция, әсiресе Париж қаласы ерекше орынға ие. Франция Қазақстанның тәуелсiздiк тарихына ерекше мән берiп отырғандығын Мұстафа Шоқайға мүсiн орнатып, саябақ ашу арқылы көрсетiп отыр. Бұл шара сонымен қатар, биыл Қазақстан Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымы арқылы төрағалық еткен Еуропалық қауымдастыққа қазақ халқының саяси және мәдени деңгейi жоғары ұлы тұлғаларды әрқашан шығара бiлетiн iргелi халық екендiгiн көрсету тұрғысынан да маңызды. Келесi жылы туған елi Қазақстанның тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығын тойлаған тұста, Мұстафа Шоқайға Астанада ескерткiш қойып, әрбiр облыс орталығында бiр көшеге атын беру де өз елiнiң Шоқайға және тәуелсiздiк тарихына деген құрметiнiң белгiсi болмақ. Әбдiуақап Қара ШОҚАЙТАНУШЫ, Ыстамбұлдағы Мимар Синан көркем өнер университетiнiң профессоры