Жаңалықтар

ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ АСЫЛ ПЕРЗЕНТI ЕДI

ашық дереккөзі

ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ АСЫЛ ПЕРЗЕНТI ЕДI

Уәли ханның немересi Шоқанның туғанына биыл 175 жыл толып отыр. Оның балалық шағы Құсмұрын мен Сырымбетте өттi. Сырымбат әжесi Айғанымның салдырған құтты қонысы едi. Шоқанға зеректiк әжесiнiң тәрбиесiнен келдi. Мұсылманша хат танып, ертегi аңыздармен сусындаған.

"Едiге батыр", "Қозы Көрпеш – Баян Сұлу" қиссаларын жыршы, жыраулардан естiп, ауыз әдебиетiне ерте ден қойған. Бала кезiнде балшықтан аң-құстардың мүсiндерiн жасап, ауыл-аймақты таңғалдырғаны бар. Әкесi Шыңғыс оның табиғатынан алғырлығын, сезiмталдығын сол кезден-ақ танып, он екi жасында Омбы қаласындағы Сiбiр кадет корпусына оқуға берген. Кадет ұстаздары алғашқыда көшпендiлерден мұндай ойшыл, зерек бала шығады деп ойламаса керек. Шоқан орыс тiлiн қысқа мерзiмде үйренiп, араб, парсы, француз, немiс, татар, шағатай тiлдерiне де ден қойған. Кадеттiң негiзгi пәндерiн игеруде өз қатарларының алды болды. Графикалық үлгiдегi сурет салуды да игередi. Одан сол кезде-ақ болашақта тамаша әскери зерттеушi ғалым шығатыны көрiнiп тұрды. Оған ұстаздарының, бiрге оқыған досы Г.П.Потаниннiң берген бағасы дәлел.

Потанин "Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов" деген естелiгiнде ол туралы былай деген: "Уәлихановтың өмiрiндегi негiзгi мiндетi қазақ халқына қызмет ету, орыс билеушiлерiнiң алдында оның мүддесiн қорғау және халқының рухани жағынан түлеуiн көздеу болды… Егер Шоқанның қазақ оқырмандары бар болып, еңбектерiн ана тiлiнде жазғанда, қазақтардың Лермонтов пен Гейне сияқты өз жазушысы болған болар едi". Ол кадет корпусын он сегiз жасында армия кавалериясы бойынша корнет болып бiтiрген.

Батыс Сiбiр генерал губернаторы Г.Х.Гасфорд 1855 жылы Орталық Қазақстанға, Жетiсу мен Тарбағатайға әскери инспекциялық сапарға шықпақшы болып, бiрнеше адамнан тұратын жасақ құрады. Сол жасақ құрамына жас болса да Шоқан Уәлихановты қосқан. Өйткенi жергiлiктi халықтың ұлттық ерекшелiгiн, тұрмыс-салтын, тiршiлiгiн, тарихын, мәдениетiн одан жақсы бiлетiн оқыған, көзi ашық жан жоқ едi. Гасфорт осы сапарында Шоқанның нағыз ғалым екенiне көзi жетiп, еңбегiн жоғары бағалайды. Содан бастап оның атағы Батыс Сiбiр әскери ғалымдарының арасында ғана емес, жалпы орыс ғылымының ортасына енген азиялық жаңа есiм болып таныла бастаған. Келер жылы полковник М.М.Хаментовский бастаған экспедиция Ыстықкөл мен Алатау қырғыздарына, одан әрi Қытайдың Құлжа өңiрiне сапарға шықпақшы болады. Хаментовский бұл сапарына Шоқанды арнайы шақырған екен. Орыс ғылымына бұл өлкелер әлi де өз сырларын толық аша қоймаған едi. Қырғыз сапарында Шоқан осы халықтың "Манас" жырының бiр үзiндiсiн жазып алып, орыс тiлiне аударады. Ал оның Құлжа сапарында орыс елiнiң өкiлi ретiнде сауда-саттық мәселесi жөнiнде келiссөздер жүргiзгенi бар. Сол сапардан жазбалары орыс ғылымы үшiн өте құнды, аса маңызды мәлiметтер болып табылды. Бұл жазбалардың бәрi де оның бес томдығына енген. Көне Қытайды тануда әлi де өз құнын жойған жоқ.

Шоқан Уәлихановтың 1858-1859 жылдары Ресей империясы үшiн сол кезге дейiн мүлдем белгiсiз болып келген Шығыс Түркiстандағы Қашқарға жасаған сапары аса қауiптi әрi аса маңызды болды. Шоқанның осы сапарда Орталық Азияның тарихы, географиялық орналасуы, экономикасы, қорғаныс күшi, сондай-ақ этнографиясы жайында жазған қолжазбалары орыс ғылымына Шығыс Түркiстанның iшкi сырын ашып бердi. Ол осы аса бағалы болып табылған ғылыми еңбегi үшiн штабс-ротмистр шенiн алды. Шоқанның сол еңбектерiнiң құндылығын академик Әлкей Марғұлан өз еңбектерiнде тамаша көрсетiп бердi. Оның Ұлы жүз қазақтарын, қырғыздың Бұғы, Сарыбағыш, Солты тайпаларының бейбiт жолмен Ресейге қосылуы жөнiндегi мәселеге қалай араласқанының мәнiн ашып бердi. Ал академик-жазушы Сәбит Мұқанов саяхатшы ғалымның сол қолжазбаларына сүйенiп және Әлкей Марғұланмен кеңесе отырып, "Аққан жұлдыз" романын жазып шықты.

Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың ғылыми еңбектерiн орыс ғалымдары жоғары бағалаған. Оны 1857 жылы императорлық орыс географиялық қоғамына мүше етiп қабылдады. Сол кезде бұл қоғамға кез келгендер емес, ғылымға қомақты еңбек сiңiргендер ғана қабылданады екен. 1859 жылы ол Петерборда жұмыс iстейдi. Орыстың атақты ғалымдарымен танысып, бiрге жұмыс iстейдi. Содан соң Сыртқы iстер министрлiгiнiң Азия бойынша департаментiнде қызмет етедi. Сол қызметте жүрiп, Ресей императорының бұратана елдерге жасап отырған қиянатын көрiп, соларды болдырмау үшiн әрекеттер жасаған. Әсiресе, императордың Ресей үшiн жасаған заң талаптары қазақ халқының ерекшелiктерiмен сәйкес келе бермейтiнiн, соған байланысты заңға өзгерiстер ендiру қажеттiгiн түсiндiрмекшi болып қаншама рет әрекеттер жасаса да император қабылдаудан бас тартты. Бiрақ, император бұратана халықтың арасында да өз халқының мүддесiн батыл қорғайтын Шоқандай озық ойлы жандардың бар екенiн бiлдi. Алайда Шоқан Петербордың дымқыл сызды ауа-райы денсаулығына келмейтiн болған соң 1861 жылдың жазында Құсмұрынға оралған. Ел iшiндегi Шөже, Тоғжан, Орынбай, Ажар, Арыстанбай секiлдi ақын-жыраулардың жырларын тыңдап, Шығыстың классикалық поэзиясымен де сусындайды. Ғалым бiраз денсаулығын түзеп алған соң, Верный қаласына келген. 1864 жылы Алтынемелдегi Көшен-Тоған шатқалына қоныстанған Алатау округiнiң аға сұлтаны Тезек Нұралыұлының ауылына табан тiрейдi. Бiр жылдан соң сол жерде өмiрден озады.

Шоқан мұрасы әлi толық зерттелiп бiткен жоқ. Оның ғылыми еңбектерiнде осы күнге дейiн сыры ашылмаған жайлар бар. Ол "Қазақ хандары мен сұлтандарының шығу тегi", "XVIII ғасыр батырлары туралы тарихи аңыздар", "Абылай" және басқа да еңбектерiнде Қазақ хандығының шаңырағын көтерген Керей мен Жәнiбек сұлтандар екенiн бiле тұра, қазақтың тұңғыш ханы деп Жәнiбектi ғана атауының астарында не жатыр? Оның бұл жазғаны бүгiнгi және келешек ғалымдар үшiн мұқият зерттеудi қажет етедi. Ал "XVIII ғасыр батырлары туралы тарихи аңыздар" еңбегiндегi Абылай хан, Қазыбек би, Бөгенбай, Сырымбет, Жантай, Баян мен Елшiбек батырлар, Малайсары, Жәнiбек, Оразымбет, Байғозы секiлдi ерлердiң, Бұқар мен Тәттiқара жыраулардың жаугершiлiк заманда ақыл-кеңестерiмен, шайқаста ерлiк iстерiмен халқын сақтап қалғанын жазған. Жалпы оның қазақ халқының тарихын, дiни наным-сенiмдерiн, этнографиясын, хандары мен батырларын, өлең жырларын, аңыз әңгiмелерiн жазған ғылыми еңбектерi қазiргi тарихшылары мен әдебиетшiлерiне әлi де үлгi.

Жуырда Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк орталық мұражайы Шоқан Уәлихановтың 175 жылдығана орай "Шоқан iзiмен" атты көрме ұйымдастырды. Көрмеге атақты ғалымның қолжазба еңбектерi, өзi тұтынған тұрмыстық заттарымен қатар өмiрi мен шығармашылығы және ғылыми зерттеулерi туралы деректер беретiн материалдар қойылған. Әсiресе, көрермен қауымды оның шежiресi, өз қолымен сызған картасы, достарына жазған хаттарының көшiрмесi қызықтырды. Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының "Ш.Уәлихановтың таңдамалы еңбектерi" мен Шота Уәлихановтың "Бiздiң Шоқан" кiтаптарының тұсаукесерi болды.

Көлбай Адырбекұлы