Жаңалықтар

"БИЗНЕСТIҢ ЖОЛ КАРТАСЫ – 2020" – ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА КӘСIПКЕРЛIКТI ҚОЛДАЙДЫ

ашық дереккөзі

"БИЗНЕСТIҢ ЖОЛ КАРТАСЫ – 2020" – ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА КӘСIПКЕРЛIКТI ҚОЛДАЙДЫ

"Бизнестiң жол картасы – 2020" бағдарламасы аймақтардағы кәсiпкерлiктi, шағын және орта бизнестi дамытуды көздейдi.

Бұл маңызы зор бағдарламаны жүзеге асыруға "Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қоры тiкелей мұрындық болуда. "Бизнестiң жол картасы – 2020" экономиканың басым секторларындағы өндiрiстердi жаңартуға септiгiн тигiзедi. Қордың көмегiмен отандық өнiм өндiрушiлер өз өнiмдерiн экспортқа шығаруда үлкен жеңiлдiктерге ие болса, нәзiк жанды кәсiпкерлерге арналған бағдарлама аясында бизнеспен айналысатын қыз-келiншектер екiншi деңгейдегi банктерден 3 млн. теңгеге дейiн несие алып, өз кәсiбiн кеңейтуге толық мүмкiндiк алуда.

"Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қорының өзге де бастамалары туралы Қордың даму және қаржы институттарын басқару жөнiндегi директоры Бақытжан Сәркеев өз сөзiнде: "Қор бизнестiң, орта және шағын кәсiптiң үлкен қолдаушысы. 2007 жылдан берi жалпы бизнеске 390 млрд. теңге қаржы бөлiндi. Соның арқасында 9000 кәсiпкерлiк субъектiсi жаңа несие алып, бұрынғы несиелерiн қайта қаржыландыра алды" дегендi айтқан-ды. Дағдарысқа қарсы бағдарлама аясында Ұлттық қордан бөлiнген 10 млрд. АҚШ долларының 1 миллиарды, немесе 120 млрд. теңгесi осы орта және шағын бизнеске бөлiнген.

Аталмыш бағдарлама 2 550 кәсiпкерге ықпалын тигiзiп, 4 мыңға жуық жаңа жұмыс орындарын ашуға қуат бердi. Биыл iске кiрiскен "Бизнестiң жол картасы – 2020" бағдарламасы аясындағы қаржыландыру бойынша, бұл ауқым әлi де арта түсерi хақ.

Тұтастай алғанда, "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры шағын және орта бизнестi қолдап, несиелендiрудiң бағытындағы барлық бағдарламаларға 370 миллиард теңге көлемiнде қаражат бөлдi. Оның iшiнде 50,7 миллиард теңге қайтару қаражаты есебiнен берiлдi. Айта кетерлiгi сол, шағын және орта бизнестi одан әрi дамытуға арналған мемлекеттiк инвестицияның кәсiпкерлiк секторының өркендеуiне ықпалы мол. Бұл бағыттағы iрi жобалар 2012-2013 жылдары да ұлғая түспек.

"Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қорының даму институттары кәсiпкерлердi қолдаудың түрлi тиiмдi бағыттарын ұсынуда. Бизнес құрылымдарының өкiлдерiне қазiр қордың несиенi қайта қаржыландыру, кепiлдеме беру, лизингтiк несиелеу қызметiнiң шарттары түсiндiрiлуде. Сонымен қатар қор сервистiк көмек берумен де айналысады.

Дағдарыс салқыны сезiле бастаған тұста "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ жергiлiктi тауардың iшкi рыноктағы айналымын қамтамасыз ететiн шара қабылдады. Елбасы тапсырмасымен қорға қарайтын ұлттық компанияларды отандық өндiрiстi қолдауға мiндеттеп, "қазақстандық үлес" деген ұғымды қалыптастырды. Жалпы, кәсiпкерлiктi дамытуға демеу жасайтын даму институттарының негiзгi талабы – жүйелi жоба, ашықтық және нақты кепiлдеме. Бағдарламаға әлеуеттi қатысушылар екi топқа бөлiнiп отыр. Оның бiрiншiсi – экспорттық өнiм шығаратын кәсiпорындар, олар өз өнiмiнiң 10 пайыздан астамын экспортқа шығаратын болуы тиiс. Екiншi топқа iшкi сұранысқа ие кәсiпорындар кiредi. Бұлар – iшкi рынокқа бағдарланған бәсекеге қабiлеттi кәсiпорындар; аймақтық жүйе құраушы кәсiпорындар, оның iшiнде шағын және орта бизнес кәсiпорындары; индустрияландыру картасына және ұлттық компаниялардың сатып алу жобаларына қатысатын тауарлар, жұмыстар, қызметтер бойынша қазақстандық үлестi арттыруға бағыт ұстаған кәсiпорындар.

Қазiргi күнi "Самұрық-Қазына" Қоры құрамындағы 5 даму институты "Ашық есiк күндерi" немесе бизнес-форум өткiзiп келедi. Әрбiр кәсiпкер форум кезiнде "Самұрық-Қазына" Тобына кiретiн компания өкiлдерiмен кездесiп, несие алу механизмдерi және өзге де ақпараттарды нақтылап сұрап, өз жобаларын ұсынады. Әр облыс орталығында өткiзiлетiн сондай форумға шамамен 200-250 кәсiпкер қатысады. Осы уақытқа дейiн жалпы саны 2000 мыңға жуық кәсiпкер ашық есiк күндерi немесе форумға қатысып, нақты ақпараттар алып, өз iсiн, бизнесiн қалайша жүргiзуi қажеттiгiн айқындады.

Динара ДҮРМӘН