Жаңалықтар

16 қараша – ҚҰРБАН АЙТТЫҢ АЛҒАШҚЫ КҮНI

ашық дереккөзі

16 қараша – ҚҰРБАН АЙТТЫҢ АЛҒАШҚЫ КҮНI

ҰЛЫҚ МЕРЕКЕ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

Құрметтi мұсылман бауырлар, отандастар!

Алланы бiр, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарды хақ деп бiлетiн мұсылман баласы үшiн Жаратушымыз белгiлеп берген екi мейрамның ұлығы Құрбан айт күндерiне де жеттiк. Алла Тағаланың разылығы үшiн мал шалынып, кең дастарқан жайылып, еңбектеген сәбиден еңкейген кәрiге дейiн шат-шадыман қуанышқа бөленетiн бұл ұлық мейрам Қазақстан жұртшылығына да ырыс пен береке әкелсiн!

Бұл күндердiң ұлықтығы сол – мұнда адам баласы өз Жаратушысына барынша жақындай түсуге тамаша мүмкiндiк алады. Асылы, "Құрбан" сөзi де араб тiлiнен аударғанда, "жақын болу", "жақындау" мағынасын бiлдiредi. Олай болса, құрбандық шалуды тек мал сойып, қан шығару емес, Алланың рахым-мейiрiмiне қол жеткiзудiң бiр жолы деп түсiнген абзал.

Құрбан шалу – сонау Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардан жалғасып келе жатқан үрдiс. Бұл ғибадат арқылы Алланың ықыласты құлдары өз сенiмiне берiктiгi мен берiлген нығметтерге шүкiршiлiгiн танытады. Қасиеттi Құран кәрiмде: "Аллаға құрбанның еттерi, қандары әсте жетпейдi. Бiрақ сендердiң тақуалықтарың жетедi" ("Хаж" сүресi, 37-аят), – делiнген. Аятта құлшылық ретiнде сойылған құрбандықтың маңызды бiр шарты шынайылық пен тақуалық екендiгi ашық баяндалған. Олай болса, мәселе Алла жолына аталған малдың етi мен қанында емес, оны шалушының тақуалығында. Сондықтан да құрбан шалынып жатқанда "Аллаһумма минкә уә ләке" (Уа, Алла Тағалам, бұл мал Сенен келдi, Саған барады) деген дұғаның көбiрек айтылуы тегiн емес.

Құрбан айт күндерi шариғат бойынша нисап мөлшерiндегi, яғни 85 г. алтынға тең ақшасы бар, басы азат, ақыл-есi бүтiн, жолсапарда емес мұсылманға кем-кетiксiз бiр жастағы қойды, не ешкiнi яки бiр адамнан жетi адамға дейiн ниет ете отырып екi жастағы сиыр немесе бес жастағы түйенi құрбандыққа шалу уәжiп. Құрбандықтың уәжiптiгi қасиеттi Құранда: "Раббың үшiн (айт намазын) оқы, құрбандық шал" ("Кәусәр" сүресi, 2-аят), – деп бұйырылған. Ал, әз-пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Кiмде-кiм мүмкiндiгi бола тұра құрбандық шалмаса, бiздiң намаз оқитын жерiмiзге жақындамасын!", – деп ескерткен. Бұл хадис құрбан шалу мерзiмiн бейқамдықпен өткiзiп алмауға үндейдi һәм сараңдық танытып, бұйрықты орындаудан бас тартудың күнә екенiн бiлдiредi. Ардақты Алла елшiсiнiң (с.ғ.с.) осы сүннетiне аса байыппен қарап, шын ризашылықпен дұрыс шалынған мал Алла Тағала разылығына қол жеткiздiруi мүмкiн.

Құрбан айт мейрамының жамағат арасындағы бiрлiктi күшейтiп, бауырластықты арттырудағы рөлi аса зор. Айт намазын оқуға мешiтке келген мұсылмандар бiр-бiрiмен көрiсiп, құттықтасуы арқылы достық пен ағайындықты нығайта түседi. Мерекенiң алғашқы күнi ертерек тұрып, ғұсыл алып, таза киiм киiп, хош иiстi әтiр сеуiп, көшеде жолыққан адамға ашық жүзбен сәлемдесу, құрбандық етiмен ауыз ашу үшiн айт намазының алдында ештеңе жемей, оған бара жатқанда тәкбiр айту – хазретi Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың сүннетi.

Сондықтан, бұл күндерi шариғат мұсылмандарға мешiтке жиналып, бiрге айт намазын оқуды, бақилық болған жақын-жұрағаттарына Құран оқуды, бiрiн-бiрi мерекемен құттықтауды, үйлерiнде тәттi тағамдар жасап, келген қонақтарды күтудi, алыс-жақын туған-туысқандарымен жүздесудi, олардың iшiнде қиыншылыққа тап болғандарына қарайласып, көңiлдерiн аулап, сыйлық берудi, сырқаттарға зиярат жасауды, араздасқандарға татуласуды мiндеттейдi.

2010 – Отанымыз үшiн ерекше жыл. Тәуелсiз мемлекеттер достастығына мүше елдер арасында Қазақстан тұңғыш рет құрамына 56 мемлекет енетiн халықаралық аса беделдi – Еуропа Қауiпсiздiгi мен Ынтымақтастығы ұйымына төрағалық етуде. Әлемдiк үлкендi-кiшiлi мемлекеттердiң басшылары мен iрi қайраткерлердiң, сарабдал сарапшылардың бұған қатысты берген бағасы мен пiкiрi мейлiнше жоғары. Құрбан айттан кейiн Астанада осы ұйымға кiретiн мемлекет басшылары мен халықаралық беделдi ұйымдар өкiлдерiнiң келелi басқосуы – саммитi өтпек. Онда әлемдiк күрделi мәселелер қаралып, талқыланады. Осының бәрi жас тәуелсiз Қазақстанның, оның дана басшысы Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың зор абыройы мен беделiнiң арқасы екенiн әлем танып, мойындап отыр. Мұны әрбiр отандасымыз зор мақтаныш етiп, үлкен жетiстiк деп бiледi. Бұл үшiн Алла Тағалаға сансыз мақтауларымыз бен шүкiрлiгiмiз болсын.

Құрметтi мұсылман бауырлар мен отандастар! Ұлық мереке құтты болсын! Айт күнгi iзгi ниеттерiңiз бен шалған құрбандықтарыңызды Алла Тағала қабыл етсiн. Әрбiр отбасына бақыт, береке қонғай! Көп ұлт пен ұлысты Отанымызға бiрлiк пен ынтымақ бергей!

Жаратушы Иемiз сүйiктi Қазақстанымыз бен ел қамында жүрген Елбасымыздың мерейiн үстем етiп, халқымыздың ауызбiрлiгiн арттыра бергей! Әмин!

Шейх Әбсаттар қажы ДЕРБIСӘЛI,

Қазақстан Мұсылмандары дiни басқармасы және

Орта Азия мүфтилер кеңесiнiң төрағасы, Бас мүфти