ТӨРТ ТҮЛIК МАЛДЫ ТҮГЕНДЕУ
ТӨРТ ТҮЛIК МАЛДЫ ТҮГЕНДЕУ
Жасыл жайылымдар 3 миллион гектарға ұлғаймақ
Мал шаруашылығынан осы күнде аса қомақты қаржы тауып отырған мемлекеттер бар десек те, өз елiмiзде ата-баба кәсiбiн екi қолға ермек етудi жаңа замандастарымыз менсiне қоймайды. Қазақстан экономикасының бiр кездерi басты тiреуiшiне айналған мал шаруашылығы соңғы жылдары мүлде құлдырағаны құпия емес. Тiптi, "90 жылдардың деңгейiне жете алмай отырған күнiмiз бар" дейдi Ауыл шаруашылығы министрi Ақылбек Күрiшбаев. Осы орайда Парламенттегi "Үкiмет сағатына" келген Ауыл шаруашылығы министрi Ақылбек Күрiшбаев мал басын көбейтудi қолға алғанын айтып, сүйiншi жаңалықтарымен бөлiстi.
Үкiмет сағатында Ауыл шаруашылығы министрлiгi қазақ жайлауын 3 миллион гектарға ұлғайтуды ұсынып отыр. Әлбетте, шекара асып, шет елдiң жерлерiн пайдаланудан аулақпыз дейдi министрлiк. "Жайылымдық жерлердiң жағдайы мәз емес. Бүгiнгi таңда жайылымның 48 миллион гектары тозған, бұл 1991 жылғы көрсеткiштен 2 есе көп және оларды қалпына келтiру жұмыстарымен ешкiм айналыспайды. Дақылдық жайылымдар құру мәселесi ұмыт қалған", – дедi министрлiк басшысы. Осылайша суармалы жерлердi қайта қалпына келтiрiп, таулы аймақтардағы көгалдарды да қосып, қазақ жайлауының құтын кiргiзудi мойнына алып отыр.
– Мал шаруашылығын дамыту үшiн жайылымдық жерлердiң мүмкiншiлiгiн барынша қолдану бойынша кешендi шаралар қабылдау қажет. Оның iшiнде, тозған жайылымдарды суландыру және қалпына келтiру есебiнен 3 млн. гектардан астам жаңа жайылымдық жерлердi шаруашылық айналымына енгiзудi ұсынамыз, – дедi Ақылбек Күрiшбаев. Естен тыс қалған жайылымдарды қолдану арқылы мал шаруашылығының әлеуетiн көтеру ең алғашқы мәселе болып қалуда.
Айтқандай, әлi де "био" азық-түлiк түрлерiн қолданып отырған елiмiзге батысеуропалықтардың көңiлi ауып отырған көрiнедi. Азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуде елiмiздiң бiрқатар белдi мәселелердi шешiп келе жатқаны белгiлi. Сондықтан "биоөнiмге" қол жеткiзудiң ең басты тармағы – мал шаруашылығын дамыту болып табылады. "Бiз үлкен көлемдегi табиғи жайылымдарды шаруашылыққа пайдалану арқылы арзан және ең бастысы, экологиялық таза мал шаруашылығы өнiмiн өндiру көлемiн еселеп арттыра аламыз!" – дедi министр.
Иә, бұл кештегi "сүйiншiнiң" бiрi – "Мал шаруашылығын ұлттық жобаға айналдыру" ұсынысы болды. Ақылбек Күрiшбаев мырза осындай бастаманы қолға алып, импорт және экспортта мал шаруашылығы өнiмдерiне сұраныстың күрт артқанын айтып отыр. Әсiресе, биязы жүндi қойлардың сұранысы өте жоғары. Министрдiң мәлiмдеуiнше, алдағы жылдары қазақ қойының үштен бiрi биязы жүндi болмақшы. "Қой шаруашылығының асыл тұқымдық базасына келер болсақ, мұнда негiзгi басымдылық оның биязы жүндi бағытына берiлетiн болады. Қазiр қойдың жалпы санының 18%-ы – биязы жүндi. 2015 жылға дейiн мұны 30%-ға дейiн жеткiзу көзделген". Оған қалай қол жеткiзуге болады? "Жүннiң өнiмдiлiгiн және сапасын австралиялық қойлардың қанын құю арқылы бұрынғы деңгейге жеткiзу қажет" – дедi министр.
Соңғы жылдары мал шаруашылығына қарағанда экономиканың басқа салаларына баса көңiл бөлiнiп келдi. Десе де, жекелей шаруа қожалықтары бүгiнде жақсы дамыған. Ата кәсiптен асып түсе алмайтынын түсiнген шағын кәсiпкерлер асылтұқымды мал өсiрудi, биязы жүндi, еттi мал өсiрудi алға қойып, жеке шаруа қожалықтарын дамытып отыр. Асыл тұқымды мал шаруашылықтарының саны 37%-ға көбейген. Асыл тұқымды мал санының үлесi 2-3 есеге артты. "Бұрынғы жоспарлы экономика заманында елiмiздiң мал шаруашылығы айтарлықтай деңгейге дейiн көтерiлдi. Кейiн ел экономикасы нарықтық қатынастарға көшкен өтпелi кезеңде мал шаруашылығы қатты құлдырап кеттi. 1990-2000 жылдары аралығында мал басы орта есеппен 56 пайызға азайып, өндiрiлетiн өнiмдердiң мөлшерi 86,5 пайызға кемiдi. Асыл тұқымды мал шаруашылықтардың саны 3 есеге, ал ондағы мал басы 17 есеге азайды. Жұмыс iстеп тұрған 62 құс фабрикасының жартысына жуығы өз жұмыстарын тоқтатты" дедi Ауыл шаруашылығы министрi.
Мысалы, осы уақыт аралығында мал басы орта есеппен 44 пайызға өстi. Мал өнiмдерiн өндiру көлемi де осы деңгейге дейiн көтерiлдi. Тоқтап қалған 14 құс фабрикасы өз жұмысын қайта бастап, 8 жаңа өндiрiс iске қосылды. Осының арқасында құс етiнiң импорт көлемi 70-тен 58 пайызға төмендедi. Асыл тұқымды мал шаруашылығы да бұрынғы қалпына келе бастаған. Үкiмет агроөнеркәсiптiк кешендi дамытудың алдағы 5 жылға жоспарланған салалық бағдарламасын бекiткен. Бағдарлама бойынша ет және сүт өнiмдерiн өндiру, құс шаруашылығы мен биязы жүндi қой шаруашылығын дамыту қарастырылған. 2015 жылға қарай Қазақстан құс етiне деген iшкi қажеттiлiктi 70 пайызға дейiн өтеуi тиiс. Құс етiнiң импорты азайып келедi, бұрындары елiмiзге 140 мың тоннаға дейiн тауық етi әкелiнетiн болса, қазiр АҚШ-тан тасылатын құс етiнiң импорты 89 мың тоннаға төмендеген. Әйтсе де өткен жылы құс етiнiң 58 пайызы сырттан тасылған.
Сондай-ақ, ауыл шаруашылығының осал тұстары да ескерiлiптi. Олар – малдың генетикалық әлеуетiнiң төмендiгi. Iрi қара малдардың табынындағы асыл тұқымды сиырлардың үлесi небары 5,6 пайыз, яғни мал шаруашылығы дамыған елдермен салыстырғанда 10 есе аз. Бүгiнде, малдардың шамамен 85 пайызы – не өндiрiс технологиясы, не өнiм сапасы жоқ жеке қосалқы шаруашылықтарда шоғырланған.
Елдегi малға ауруға қарсы вакцина тегiс салынбағандықтан, топалаң, қарасан, аусыл ауруынан өлiп жатады. "Эпизоотиялық салауаттылықты және мал шаруашылығы өнiмiнiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге бағытталған iс-шаралар жергiлiктi жерлерде толық және сапалы орындалмайды. Ветеринариялық заңнама талаптарына сәйкес әрбiр мал басы жылына 2 рет диагностикалық тексеруден өтуi қажет. Ал бiз қаржы ресурстары шектеулi болғандықтан жылына 1 рет тексеруден өткiземiз және де бұл көрсеткiшке тек соңғы 2 жылда жетiп отырмыз" дедi министр.
Алдағы күндерi Өскеменде отандық ветеринарияға арналған жеке кеңес жиналады. Үкiметтiң бұл кеңесiнде бiрiншi вице-премьер Өмiрзақ Шөкеев төрағалық етпек көрiнедi. Бұдан былай әрбiр елдiмекенде АШМ стансасы құрылуы мүмкiн. Ауыл шаруашылығын дамыту, мал өнiмдерiн көбейту мақсатында елiмiзде 2003-2005 жылдарды "Ауыл жылдары" деп те жариялады. Алайда, айтарлықтай нәтиже болмаған сияқты.
Ақниет ОСПАНБАЙ