Жаңалықтар

ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫ ТОҚЫРАЙ ЖАЗДАДЫ

ашық дереккөзі

ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫ ТОҚЫРАЙ ЖАЗДАДЫ

Оған кiнәлi министр ме, әлде әкiм бе?

Шымкентке келiп, Үкiметтiң көшпелi мәжiлiсiн өткiзген бiрiншi вице-премьер Өмiрзақ Шөкеев ғасыр құрылысына баланып кеткен "Батыс Қытай – Батыс Еуропа" халықаралық транзиттiк дәлiзiнiң құрылысына қатысты мәселенi талқылады.

– Бұл жол құрылысын кезiнде бүкiл одақ болып жұмылып салған БАМ-мен салыстыруға болады. БАМ құрылысы 17 жылға созылған. Ал "Батыс Қытай-Батыс Еуропа" жолын бiз 3 жылда пайдалануға беремiз. Өйткенi, құрылысты жүргiзуде жаңа технологиялар қолданылып жатыр, – дедi Өмiрзақ Естайұлы осы жиында.

Жол салу жұмыстары қазiр Ақтөбе, Жамбыл және Қызылорда облыстарында қарқынды жүрiп келедi. Мәжiлiсте Астанадағы Үкiмет үйiнен тiкелей бейнебайланыс арқылы баяндама жасаған Көлiк және коммуникация министрi Әбiлғазы Құсайыновтың айтуынша, жол құрылысы Оңтүстiк Қазақстан облысына келгенде тоқтап қалған.

Өткен мамырда аталған министрлiктiң Оңтүстiк Қазақстан облысы бойынша департаментiнiң директоры Берiк Желдiкбаев:

– "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" жобасы аясында Оңтүстiк Қазақстан облысында республикалық маңызы бар жолдың 454 шақырымы қайта жөнделедi. Бұған 242,2 миллиард теңге жұмсалмақ. Қазiргi кезде жоба аясында жөнделетiн жолдар 7 лотқа бөлiнген. 6 лот бойынша 30 маусымда тендерлiк конверт ашылып, мердiгерлер анықталды. Жаңа жолдың барлығы бiрiншi санатты. Яғни бiр бағытта екi жолақты болып салынады, – деген мәлiмет таратып едi.

Мердiгерлерi маусымда анықталып қойылған құрылыстың осы уақытқа дейiн тұралап тұруына не себеп? Министр мырза бұл жөнiнде мәжiлiсте былай дедi:

– Оңтүстiктегi құрылыстың кешеуiлдеуiнiң басты себебi – жер учаскелерiн сатып алу. Бүгiнi күнi сатып алуға жататын 530 гектар жердiң 127-сi мемлекеттiк меншiкке алынды. Бұл бағыта бiрқатар проблемалар бар. Бiрiншiсi, жер учаскелерi кепiлде тұр. Екiншiсi, жер иелерi белгiлеген бағамен келiспей отыр. Үшiншiсi, жердiң меншiк құқықтарын белгiлейтiн құжаттардың болмауы. Соған байланысты жергiлiктi әкiмдiктер жан-жақты қолдау көрсетуi керек. Жыл соңына дейiн мердiгерлердi анықтау, дайындық жұмыстары пысықталып, жұмыс келесi жылдың наурызынан басталады.

Ал, осыған орай мiнбеге шыққан облыс әкiмi Асқар Мырзахметов:

– Жол құрылысын бастауға жер кедергi болып отыр деген мәселе бұрын көтерiлмеген. Менiң бiлуiмше, құрылыстың басталмауының басты себебi тендер өткiзiлмеген, – дедi.

Сонда кiмге сенемiз? Министрге ме, әлде А.Мырзахметовке ме? Астанадағы Үкiмет отырысына жетекшiлiк жасап отырған Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов бiр түйткiлдiң барын сезген болу керек:

– Жарайды, осы жерден тоқтайық. Шымкентке барыңыз, әкiммен бiрге мәселенi анықтаңыз. Екеуiңiз дүйсенбi күнi барлық құжаттармен бiрге маған келiңiз. Күтемiн, – деп Әбiлғазы Құсайыновқа қысқаша тапсырма бердi.

Осыдан кейiн iле-шала Оңтүстiк Қазақстан облысына жеткен Әбiлғазы Құсайынов облыс әкiмiмен бiрге Ордабасы ауданында болып, жол құрылысы жүретiн жерлердi аралап шықты. Журналистермен баспасөз мәслихатын өткiздi.

– Оңтүстiк Қазақстан облысы бойынша қазiр жол салатын мердiгер компаниялар анықталды. Рас, 213 учаскеде проблема туындап отыр. Айталық, 78 учаскенiң қожайындары банк белгiлеген бағаға келiспей отыр. Ал, қалғандарының жерге меншiк құқығын беретiн құжаттарында кемшiлiк бар. Жалпы, бiз бұл мәселенi ешкiмдi ренжiтпей шешемiз, – деген министр жол құрылысының осы желтоқсанда басталатынын мәлiмдедi. Оның айтуынша, қарашада құрылыс материалдары мен техникаларды түгендеу жұмыстары аяқталуы тиiс. Ал, желтоқсанда жол құрылысы Қызылорда облысының шекарасынан басталады.

– 200 шақырымнан астам жолды салуда ешқандай проблема болмайды. Сондықтан құрылысты қиындықсыз бастай беруге мүмкiндiк бар. Ал, кейбiр учаскелерге қатысты мәселелер жақын арада шешiледi, – дедi министрдi мақұлдаған облыс әкiмi Асқар Мырзахметов. Оның айтуынша, жолға қажеттi материалдар өзiмiзде жеткiлiктi. Құрылысқа облыстан 40-тан астам компаниялар тартылады. Бiр жарым мың техника жұмылдырылмақ. Жұмыс күшiне де зәрулiк жоқ сияқты. Жергiлiктi әкiмдiктер 10 мыңға жуық жұмысшыны дайындап отыр. Айтқандай, министр "Барлық мердiгер компанияларға тек жергiлiктi жұмыс күшiн тарту туралы тапсырма берiлiп жатыр. "Еңбек туралы" Заңға сәйкес оның бәрi қадағаланады" дедi.

Қысқасы, "Батыс Қытай-Батыс Еуропа" халықаралық дәлiзiнiң Оңтүстiк Қазақстан облысы аумағы арқылы өтетiн бөлiгiндегi құрылысқа осылайша қан жүгiре бастады. Жол салуға кесе көлденең тұрған себеп жоқ екен. Егер Мәсiмов мырза министрге "Шымкентке барыңыз, әкiммен бiрге мәселеге қанығыңыз" демегенде құрылыс жұмыстарының әлi қанша уақытқа дейiн созылып жүре берерiн кiм бiлсiн?!

"Батыс Еуропа – Батыс Қытай" трансқұрлықтық жолдың ұзақтығы 8,5 мың шақырымды құрайды. Оның 2787 шақырымы Қазақстан арқылы өтедi. Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл облыстары арқылы өтетiн жол құрылысына қазiр 31 мың адам жұмылдырылған. Жолдың 400 шақырымы биыл iске қосылады. Ал, келесi жылы 1 мың, одан кейiн 1052, барлығы 2452 шақырым жол 2012 жылы пайдалануға берiлмек.

Бақытжан ӘБДIРАШҰЛЫ,

Оңтүстiк Қазақстан облысы