Жаңалықтар

АЛАШТЫҢ АЛТЫН ЖҮРЕК АДАМДАРЫ

ашық дереккөзі

АЛАШТЫҢ АЛТЫН ЖҮРЕК АДАМДАРЫ

"Бауыржан" қайырымдылық қоры төртiншi рет Қазақстан Республикасының Президентi әкiмшiлiгi, Қазақстан Республикасының байланыс және ақпарат министрлiгi, Алматы және Астана қалаларының әкiмдiктерi және "Chevron", "Саутс-Ойл" компаниялары, "KAZENERGY" ҚҚ, "Қазақстан Темiр Жолы" АҚ "Алтын Жүрек" сыйлығының кезектi лауреаттарына қайырымды iстерi үшiн алғыс бiлдiрдi. Салтанатты шара Астана қаласының Конгресс-холлында 27 қазан күнi өттi.

Бұл аталмыш шараның мақсаты – ұйым мен жеке тұлғаларға қайырымдылығы мен жомарттығы үшiн жоғары деңгейдегi қоғамдық ризашылығын бiлдiру. Аталмыш сыйға ұсынылған жеке және корпоративтiк тұлғалар қолдау мен көмек қажет ететiн жандарға қолдан келер көмек көрсетiп, жақсылықтарын аямаған. Алайда, бұл қайырымды жандарға жалпы қоғамдық мойындауға ие болып, көптен күткен сыйға жету үшiн қиын да ұзақ жолды өтуiне тура келдi. Алдымен бұл жобаға қатысушылардың өтiнiштерiн ұйымдастырушы алқа мұқият қарап шығып, Сарапшылық кеңестiң назарына ұсынды. Сарапшылық кеңес ұсынған 30 үмiткердiң iшiнен ең үздiк жеңiмпаздарды таңдайтын соңғы шешушi кезең Қоғамдық кеңес мүшелерiне берiлдi. Биылғы жылы "Алтын жүрек" сыйлығының лауреаттары: "Жетiм балаларға көрсеткен қамқорлығы үшiн" аталымы бойынша Әмина қажы Әжiбаева, "Бiлiмдi дамытуға қосқан үлесi үшiн" аталымы бойынша Нұртай Салихұлы Сабилянов, "Мүгедек жандарға көрсеткен қамқорлығы үшiн" аталымы бойынша "Джей Ти Ай Қазақстан" ЖШС, "Спортты дамытып, оны қолдағаны үшiн" аталымы бойынша "Богатырь көмiр" ЖШС, "Ардагерлерге көрсеткен құрметi үшiн" аталымы бойынша Шалабаев Құсман Кәрiмұлы, "Жыл меценаты" аталымы бойынша Пайзахметов Абдукаххар Хашiмұлы, "Ақпараттық қолдаушы" аталымы бойынша қоғамдық саяси "Время" газетi, "Жылдың қайырымды адамы" аталымы бойынша Әбiлов Болат Мұқышұлы, "Жыл ұйымы" аталымы бойынша "ҚазМұнайГаз барлау және өндiру" АҚ, "Өнер және қайырымдылық" аталымы бойынша Төлеушова Сарқыт Шаяхметқызы марапатталды.

Кеш кейiпкерлерiне тазалық пен мейiрiмдiлiктiң белгiсi – қан iспеттi тамшысы бар ерекше металдан жасалған алтын жүрек статуэткасы мен шын ниеттi көрсететiн шыныдан арнайы жасалған диплом тарту етiлдi.

Салтанатты марапаттау рәсiмiне Байланыс және ақпарат министрi Асқар Жұмағалиев, Мәжiлiс депутаттары Төлеген Мұхамеджанов пен Майра Айсина, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Гүлшара Әбдiқалықова, Халық әртiсi Роза Рымбаева, эстрада әншiлерi Қарақат, Тамара Асар, Сәкен Майғазиев, "Бәйтерек" тобы және Айқын қатысты.

Кештiң соңында "Алтын Жүрек" сыйлығына арналған Әнұраны шырқалды.

– Лауреаттардың қай-қайсысы да қоғам қошаметiне лайық жандар. Оларға ұйымдастыру комитетiнiң атынан шын көңiлден алғыс айтқымыз келедi, – дейдi ұйымдастыру алқасының төрайымы Жұлдыз Омарбекова.

Сандуғаш КӘРIБЖАН