Жаңалықтар

МЫРЗАХМЕТОВТIҢ АБАЙТАНУ МЕКТЕБI

ашық дереккөзі

МЫРЗАХМЕТОВТIҢ АБАЙТАНУ МЕКТЕБI

Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетiнде көрнектi абайтанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлының 80 жасқа толуына орай "Абайтанудың жаңа кезеңi және М.Мырзахметұлы" атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өткiзiлдi. Конференцияның негiзгi мақсаты — Мұхтар Әуезов негiзiн салған абайтану ғылымына жаңа дәуiрде М. Мырзахметұлы қосқан жаңа сипатты, жаңа дәстүрлi ғылыми жаңалықтарды талдау және оны ғылыми ортаға өнеге ету.

Конференцияны университет ректоры Серiк Пiрәлиев қысқаша сөз сөйлеп ашты. Ол Мырзахметұлының абайтануға қосқан орасан зор еңбегiн, университеттен Абайтану орталығын ашқанын, оның ғылыми жұмысын жолға қойғанын, аз уақыттың iшiнде бiрқыдыру еңбектер жарық көргенiн жұртқа жария еттi.

Мырзахметұлының ғылыми еңбектерi жөнiнде негiзгi баяндаманы "Абай танудың ұшар биiгi" атты тақырыппен филология ғылымдарының докторы, профессор Жанғара Дәдебаев жасады. Баяндамашы ғалымның абайтанудағы, әуезовтанудағы, бауыржантанудағы жанкештi еңбегiн жан-жақты талқылап, тыңдарман қауымға оны жаңа қырынан таныта бiлдi. Әсiресе, абайтануды Әуезовтен кейiнгi үзiлiп қалған арқауды қайта жалғастырған және жаңаша сипатта биiк деңгейге көтерген Мырзахметов екенiне нақты дәлелдер келтiрдi.

Семейдегi Абай мұражайынан келген өкiл ғалымға ұжым атынан жазылған құттықтау хатын мiнберден оқып бердi.

"Қазақстан-Заман" газетiнiң директоры, белгiлi журналист Аляз Ахметов өзiн Мырзахметовтiң тiкелей дәрiсiн тыңдамаса да, ғылыми еңбектерiн оқып, тоқып жүрген шәкiртi санайтынын, оның Абай iлiмiн түрiк әлемiне танытудағы сiңiрген еңбегiн зор бағалай келiп, көпшiлiкке Қазақстанда бүгiнгi күнге дейiн "Түрiк дүниесiне қызмет" сыйлығымен марапатталған үшiншi ғалым екенiн жеткiздi.

Университеттiң филология факультетiнiң деканы, филология ғылымдарының докторы Балтабай Әбдiғазыұлы ғалымның педагогика саласындағы еңбегiн сараптап, осы жоғары оқу орнында абайтану мектебiн қалыптастырғанына жұрт назарын баса аударды. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин жуырда Семей қаласында өткен Абайдың 165 жылдық мерекесiне қатысқанын, ондағы ғалымдар Мырзахметовтiң абайтануға қосқан үлесiнiң зор екенiн бағалап, өзiн құрмет тұтатындарын, жалпы оның абайтану, әуезовтану, бауыржантану саласы бойынша әдебиет ғылымын жоғары сатыға көтергенiн айтты.

Университеттiң кафедра меңгерушiсi, тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелдиев әдебиеттiң қоғамдағы ролiн саралай келiп, Мырзахметовтiң абайтанумен қатар батыр, ойшыл, жазушы Бауыржан Момышұлын танытудағы еңбегiне ризашылығын бiлдiрдi.

Содан кейiн сөз алған ғалымдар Советхан Ғаббасов пен Ислам Жеменей мерейтой иесiн ғылымдағы жетiстiктерiмен құттықтай отырып, абайтану саласына әлi де жаңалықтар қосатынына сенiмдерiн бiлдiрдi.

Оқу орнының бас ғимаратындағы холлда Мекемтас Мырзахметов басқарған "Абайтану" ғылыми-зерттеу орталығы дайындаған "Абайтану әлiппесi" аудио оқу құралының Жапонияда ең үздiк технологиямен басылып шыққан нұсқасының тұсау кесерi болды. Аудиокасетаға жазылған бұл оқулық мектеп оқушыларына, студенттерге Абай мұралары мен Абай әлемiн терең түсiнуге жол ашатыны сөзсiз.

Осы холлда ғалым Мекемтас Мырзахметұлының 80 жылдығына арналған "80 жасқа — 80 кiтаппен" деп аталған кiтап көрмесi ашылды. Орталықтың ғылыми қызметкерi Жабал Шойбек ғалымның бұл еңбектерiнiң қалай жазылғанымен көпшiлiктi таныстырды.

Көлбай Адырбекұлы