Жаңалықтар

БIЛIМГЕРЛЕР БАЙҒАНИНДI БIЛЕ МЕ?

ашық дереккөзі

БIЛIМГЕРЛЕР БАЙҒАНИНДI БIЛЕ МЕ?

Жүсiпбек Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжiнiң халық бөлiмiнде оқитын I курс студенттерiнiң ұйымдастыруымен атақты жыршы-жырау, ақын Нұрпейiс Байғаниннiң 150 жылдық мерей тойына арналған еске алу кешi өттi.

Алғашқы сөз сөйлеп, кештiң шымылдығын түрген дәстүрлi әншi, Жетiсу ән мектебiнiң ұстазы Нұржан Жанпейiсов болды. Байғанин өмiрiне деректi фильм түсiрген "Асу" студиясының бас директоры Қалдыгүл Жаныбаева жастарға өнегелi әңгiме айтты.

Әуелгi өнерiн ортаға салған Нұрсұлтан Елемесов Қашаған ақынның "Тойбастар" жырын нақышына келтiре орындап шықты. Заңғар Айтбаев пен Алты Алашқа мәшһүр әншi Дәнеш Рақышевтiң қызы Данагүл Рақышева ақын өлеңдерiн көркемдеп оқыды.

Жасұлан Сақаевтың орындауында Балуан Шолақтың "Дүние" әнi шырқалса, Бақтияр Ақымжанов халық әнi "Мұхида-Шайбанды" әуелеттi. Халық күйi "Ой толғауды" шертермен ел жүрегiне жеткiзе шерткен Жұмабеков Серiктiң өнерi де бей-жай қалдырмады.

Ақтөбе облысында өткен Нұрпейiс Байғаниннiң 150 жылдығына арналған Республикалық жыршы-жыраулардың сайысында II орын алған Наурызбек жыраудың немере шәкiртi Жеңiс Елемесов жыршылығымен қалың жұртшылықты тәнтi еттi.

Сегiз қырлы, бiр сырлы өнер иесi – Нұрпейiс Байғанин 1860 жылы Орал губерниясы, Темiр уезiнде (қазiргi Ақтөбе облысы, Темiр ауданы) Байғана мен Үмiт атты қарапайым шаруа отбасында дүниеге келедi. Нұрпейiстiң әкесi Байғана жоқшылықты көп көрген, Барсай, Досжан деген байлардың қойын бағып күнелткен. Аязды қыстың бiрiнде қой соңында жүрiп аяғын үсiткен жалшы "Тобан аяқ Байғана" атанып кеттi деседi. Нұрпейiстiң анасы Үмiт өте ажарлы, сымбаты мен ақылы бiрдей жарасымды келген, оның үстiне ел таныған әншi, күйшi болған екен. Өз өнерiне көңiлi толмаған жас талап, белгiлi ақын, жыршыларды iздейдi. Биiк өнерге ұмтылу, құмарту, өзiне ұстаз iздеу сол кездегi болашақ ақын-жыршылар ұстанған үлкен iзгi дәстүр. Ол үлгi-өнегесiн көрген Абыл, Шернияз, Махамбет, Нұрым, Қашаған, Ығлыман, Ақтан, Қазақбай, Сабыр тәрiздi жыраулар қазақ өнерiнiң кескектi ерлерi едi.. Нұрпейiс үйренiп қана қоймай, түрлендiре, әрлендiре жырлайды.

Нұрпейiс Байғаниннiң 150 жылдық мерейтойын ескерусiз қалдырмауды жөн көрген Ж. Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжiнiң тәлiмгерлерiне ақын немересiнiң ризашылығы шексiз.

Ерболат МОМЫНҰЛЫ, Нұрпейiс Байғаниннiң немересi:

– Оқу орда шәкiрттерiне, әсiресе, халық бөлiмiнiң I курс студентi Бақтияр Ақымжановқа атамның атын ел жадында жаңғыртуға атсалысқаны үшiн үлкен алғыс айтқым келедi. Жастар атамның ұлт мұрасына қосқан сүбелi еңбегiн естен шығармағаны қуантады. Өткенiн ұмытпаған ұрпақтың болашағы да жарқын емес пе?

Арман Әубәкiр