Жаңалықтар

ПIР БЕКЕТ ОҢТҮСТIКТЕ ҰЛЫҚТАЛДЫ

ашық дереккөзі

ПIР БЕКЕТ ОҢТҮСТIКТЕ ҰЛЫҚТАЛДЫ

Адамзат баласын қараңғы қапастан, жабайы жыртқыштықтан, мейiрiмсiздiктен құтқаратын хақ iлiм болатын болса, оның аты – дiн. Дiн болғанда да аса мейiрiмдi, жоқтан бар жасаған, күн мен түндi теңелткен Алла Тағаланың пәрменiмен соңғы пайғамбар Мұхаммед Мұстафаға (с.а.у) уахи етiлген қасиеттi кәлам Құранға негiзделген ислам дiнi. "Әр нәрсенiң шоқтығы бар. Құранның шоқтығы Бақара сүресi", – деген екен ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.а.у). Осы Бақара сүресiнiң 269-шы аятына үңiлiп көрелiкшi. "Алла (Т) хикметтi (терең бiлiмдi) қалаған құлына бередi. Ал кiмге бiлiм берiлсе оған көптеген игiлiк берiлген болады. Бұны ақыл иелерi ғана түсiне алады", – деген аятты оқып отырып, жарықтық Пiр Бекеттiң нұрлы болмысы санаңның бiр түкпiрiнен жаңғырады. Пiр Бекет демекшi, заманымыздың заңғар жазушысы Әбiш аға Кекiлбайұлы "Қиянатқа жол бермес әдiлдiктiң, күрпiлiкке жол бермес адалдықтың, қараулыққа жол бермес шапағаттылықтың, қатыгездiкке жол бермес мейiрiмдiлiктiң, арсыздыққа жол бермес парасаттылықтың асқан үлгiсiн танытқан, елiнiң жел жақтағы панасы, ық жақтағы саясы бола бiлген азамат, жаудан елдi арашалған батыр, дауда әдiлеттi арашалаған пiрәдар, әлсiзге медет, күштiге айбар, зарыққанға жебеу, тарыққанға демеу, асқанға тосқан, сасқанға сая, ұрпаққа ұстаз, ұлысқа ұран, ел иесi, жер киесi",– деп төгiлте мiнездеме берген жарықтық Бекет ата Мырзағұлұлының биыл туғанына 260 жыл толып отыр. "Мәдинада – Мұхаммед, Түркiстанда – Қожа Ахмет, Маңғыстауда – Пiр Бекет" деген қазақ баласы әулиесiн әз тұтып, құрмет көрсетуден кенде емес. Бекет Мырзағұлұлының 260 жылдық мерейтойы елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнде аталып өттi. Осы жылдың мамыр айының соңғы жұлдызында Жетiсай қаласында ел азаматтарының қолдауымен Бекет атаның үшiншi ұлы Тоғайдан тараған ұрпақ, бүгiндерi атаның кәрi шаңырағы саналатын Көбен Аралбайұлының шаңырағында Пiр атаның рухына Құран бағышталды. Тамыз айының оныншы жұлдызында Президентiмiз Нұрсұлтан Әбiшұлының тарихи атамекенi Үшқоңыр ауылының аумағында "Дәулет Бекет" ЖШС-нiң шұбатханасында белгiлi кәсiпкер, атаның Жайлау атты екiншi ұлынан тараған ұрпақ Сыдық Әбуұлы Дәулетовтiң тiкелей қолдауымен ұлан-асыр ас берiлдi. Алматы облысының әкiмi Серiк Әбiкенұлы Үмбетовтiң шынайы жанашырлығымен өткен асқа ұлтымыздың зиялы қауымы түгелге дерлiк жиналды. Қыркүйек айында Елордамыз Астанада ел азаматы Игiлiк Қилыбайұлы бастаған жанашыр жандардың ұйытқы болуымен "Тұран" мейрамханасында ас берiлiп, Құран оқылды. Ерқұл Дәулетбаев бастаған азаматтардың жанашырлығымен өткен Бекет атаның кiндiк қаны тамған өлке Ақмешiттегi астың жоғары деңгейде ұйымдастырылғандығынан ақпарат құралдары арқылы таныспыз. Әулие батыр, абыз Бекет атамыздың мәңгiлiк тыныс тапқан жерi – Маңғыстау даласы қыркүйек айының ортасында Бекет атаның 260 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өттi. Маңғыстаудағы аста белгiлi қаламгер Сауытбек Әбдiрахманов: "Аладғы уақытта Бекет атаның тағылымын дүйiм қазаққа жете таныстыру жағына баса мән беруiмiз керек", – деген келелi ой айтып едi. Осындай құнды пiкiрдiң нақты түрде жүзеге асқандығына жақында қазақтың молынан ұйысқан алтын ордасы Шымкент қаласында Пiр атаның рухына арналған ғылыми-теориялық конференция кезiнде көзiмiздi жеткiзе түстi.

Осынау iзгiлiктi шараны ұйымдастырған қазақтың нағыз зиялы деп айтуға тұрарлық мәрт азаматы Бекет Тұрғараев мақтағаннан гөрi, мақтануға лайық тұлға екен. Бiз көбiнесе қазақтың ауызбiршiлiгiн арттыру мәселесi туралы үлкен мiнберлерден ауыз толтырып айтамыз, көлдей етiп мақала жазамыз. Бәрi дұрыс. Ең бастысы – ниет түзу. Бiрақ, Бекет Тұрғараев көп сөздiлiктен гөрi, нақты iстi толықтай жүзеге асырып, өзгелерге үлгi көрсеттi. Мұндай азаматпен мақтануымыз керек деп отырғандығымыздың сыры осында. Сонымен, сәтiн салған күнi, қазан айынынң 29-30 күндерi Шымкентке елiмiздiң 8 облысы мен көршiлес Өзбекстан, Түрiкменстаннан арнайы шақырылған қонақтар келдi. Аталған рухани iс-шара о бастан тыңғылықты ұйымдастырылған. 29-қазан күнi жан-жақтан келген зиялы қауым өкiлдерi рет-ретiмен Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи, Баба Түктi Шашты Әзiз, Қара Бура, Домалақ ана, Бәйдiбек ата сынды ұлт тарихынан ойып тұрып орын алған тұғырлы тұлғаларға зиярат жасап, рухани тұрғыда кемелдене түстi. Ал республикамыздағы iрi бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары Шымкент қаласындағы Президентiмiз Н.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған бизнестiң әлеуметтiк жауапкершiлiгi аясында бой көтерген жаңа нысандарды аралады. Мәселен, "Қазақ вальсiнiң королi" атанған Шәмшi Қалдаяқовтың ескерткiшi мен саябақ өзiнiң талғампаздығымен қонақтарға жақсы әсер қалдырды. Бар қазақты сыршыл әнiмен тербеткен Шәмшiнiң әсем ескерткiшi ұлтымыздың ұйымшыл ордасы Шымкенттiң қақ төрiнде тұруы – қай жағынан болса да жарасымды. Осы арада облыс әкiмi Асқар Мырзахметовтiң тiкелей ұйытқы болуымен жеке қаражаттарына әлеуметтiк маңызы зор нысандарды тұрғызуға атсалысқан атымтай азаматтарға да алғыс айтқанның еш айыбы жоқ.

Қазанның 30-ы күнi елiмiздiң сен тұр, мен атайын деген зиялы қауымы мен облыс активi Жұмат Шанин атындағы облыстық драма театрына жиналды. "Ел иесi, жер киесi – Пiр Бекет" атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияны кiрiспе сөз сөйлеп ашқан "Жетi жарғы" және Қожаберген жырау" қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы, Қазақстан Республикасының еңбек сiңiрген заңгерi, заң ғылымдарының докторы профессор Бекет Тұрғараев аталған конференцияға бiрнеше академик пен ғылым докторларының және оннан астам Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаттарының қатысып отырғандығын тiлге тиек еттi. Сонымен қатар мұндай үлкен рухани жобаны өткiзуге Оңтүстiк және Солтүстiк Қазақстан облыстарының әкiмдерi Асқар Мырзахметов пен Серiк Бiләлов мырзалардың кеңiнен қолдау көрсеткендiгiн айтып, iс басындағы осы азаматтарға ұйымдастыру алқасының атынан ризашылықтарын жеткiздi. Бүгiнгi ғылыми-теориялық конференцияға Ресейдiң Кемерово облысының губернаторы А.Төлеев бауырымыз да жеделхат жолдап, шынайы тiлектестiгiн бiлдiрген екен. "1993 жылдың 28-мамырында қасиеттi Ордабасыда ХVIII ғасырдағы аса iрi мемлекет қайраткерлерi Төле бидi, Қазыбек бидi, Әйтеке бидi еске алуға арналған салтанатты жиында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбiшұлы: "Бiздi де бұл киелi төрге арманды тiлек, елiм деген перзенттiк жүрек алып келiп отыр. Бiздiң де ойлағанымыз – бiрлiк. Бiздiң де аңсарымыз – елiмiздiң көсегесiнiң көгергенi, дәулеттi де сәулеттi өмiр сүргенi. Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би заманындағы басты мақсат – бар қазақтың бiрлiгi болса, бүгiнгi мақсатта дәл сол", – деп едi. Мемлекетiмiздiң нығайып, көркеюi үшiн ең бастысы ұлтымыздың өзара ауызбiршiлiгiнiң аса қажет екенiн осы жылдар аралығында мықтап сезiндiк. Бекет ата сынды барша ел қадiр тұтып, ардақтайтын ғұламаның асы бауырмал халқымыздың аузын бiрiктiре беруге ықпал ете түсетiнiне сенiмiмiз мол. Бүгiнгi өткелi отырған халықаралық ғылыми-теориялық конференцияға арнайы шақыртуымызды қабыл алған зиялы қауым өкiлдерiне шығармашылық табыс тiлеймiз. Елiмiздi мекен еткен барша ұлттар мен ұлыстарға жылы ұя болып отырған Қазақ елiнiң бақыты баянды болсын. Баршамыздың қолға алған оң iстерiмiзге Жаратқан ие жар болып, Бекет атаның рухы қолдағай деймiн", – деп толғанды Бекет аға Тұрғараев.

Конференцияның жұмысына қатысқан Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Асқар Мырзахметов құттықтау сөз сөйлеп, келелi пiкiрлерiн бiлдiрдi. Бекет ата мерейтойының Оңтүстiкте түйiнделуi кездейсоқтық емес екендiгiн, себебi мұнда сопылық iлiмiнiң негiзiн салған әрi Пiр Бекеттiң рухани ұстазы Қожа Ахмет Яасауидiң мәңгiлiкке тыныстап жатқандығына ерекше тоқталды. Асқар Исабекұлы сондай-ақ, Қожа Ахмет Ясауи мен Пiр Бекет атаға халықтың денi ұлы дiндарлар деп қана ұғып, солай қарайтынына келiспейтiнiн, олардың елдi бiрлiкке, ынтымаққа ұйыстырудағы еңбегiн насихаттау жағының осалдығына тоқталды. Облыс әкiмi ұлы ойшыл, ұстаз, ағартушы, үлкен әулие Қожа Ахмет Ясауидiң ғибраттарын тереңiрек ұғу үшiн киелi Түркiстанда оның хикметтерiн қызыл гранитке қашап жаздыртқанын айтты. Мұндай шаралардың жас ұрпаққа ұлтын жақын тану, Отанын сүюге баға жетпес тәрбие құралы екендiгiне де ерекше ден қойды.

Конференцияда Солтүстiк Қазақстан облысы әкiмiнiң құттықтау хатын облыстық мәдениет басқармасының бастығы Дидар Малаев оқып бердi. Солтүстiк Қазақстан облысы әкiмiнiң құттықтануынан соң Қызылорда облысы әкiмiнiң кеңесшiсi Ержан Уәйiс облыс әкiмi Б.Қуандықовтың құттықтауын жеткiздi.

Осыдан соң ғалымдардың баяндамалары тыңдалды. Профессор Ө.Озғанбаев, өзбекстандық ғалым К.Құдайбергенов, Еуразия университетiнiң оқытушысы, математик Н.Темiрғалиев Бекет ата жөнiндегi зерттеулерiнiң мәнiне тоқталды. Делегаттар Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесiнiң төрағасы, ұлт зиялысы Сейiлбек Шауқамановтың сөзiн ықыласпен тыңдады. Ислам дiнiнiң адамзаттың тарихындағы алатын орнына баса мән берген Сейiлбек ағамыз қазақтың қазақтан басқа досы жоқ екендiгiне көпшiлiктiң назарын аударды. Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ проректоры, профессор Құлбек Ергөбек Бекет ата сынды кемеңгер тұлғаға бағышталған конференцияның үйренер тұстары көп екендiгiн, келешекте Ахмет Ясауиге арналған осындай конференциялар елiмiздiң әр аймағында өтсе деген ұсынысын да жеткiздi. Сонымен қатар, тарихи мұраларға аса сақ болу қажеттiгiне де назар аударды. Конференцияның соңында осы мiнберде оқылған әрi арнайы дайындалған баяндамалардың келешекте жинақ болып құрастырылып, баспаға тапсырылатыны мәлiм болды. Мұндай құнды дүниелердiң басы құралып, оқырмандар қолына тиiп жатса, одан тек ұтарымыз анық.

Конференцияның соңында белгiлi өнер шеберлерi концерттiк бағдарлама ұсынды. Қонақтар Пiр атаның рухына арнап жайылған дастарқанның төрiне шықты. Игi жақсыларға лайықты құрмет көрсетiлдi. "Бекет ата" және Оңтүстiк Қазақстан облысының тарихын, мәдениетiн, экономикасынан сыр шертетiн кiтаптар мен мерекелiк медаль сыйға тартылды. Екi күнге созылған дүркiреген шара қас пен көздiң арасында өте шықты. Алған әсер жеткiлiктi. Түйiндеген ой да баршылық. Елiмiздiң гүлденуi үшiн, ең бiрiншi қазақ халқының өзара ауызбiршiлiкте болу керектiгi туралы талай рет айтылып келедi. Аузымыз бiр болмаса, ата-бабаларымыз осыншама ұлан-асыр жердi аман сақтап қала алар ма едi?! Қашаннан аспандағы айды, жер бетiндегi жақсыны бауырына басқысы келiп тұратын бауырмал халқымыздың ортақ мүдде жолында жұдырықтай жұмыла қалатын ынтымағының ғасырдан ғасырға жалғаса беретiндiгiне, ел мен жердiң қадiрiн тереңiрек сезетiн, тұғырлы Бекет Тұрғараев сынды тұлғалар бар кезде, еш күмәндануға болмайтындығына көзiмiз әбден жеттi. Хадис-шәрiпте: "Ғибадаттардың ең қадiрлiсi – әулиенi сүю", – делiнген. Бұл дегенiмiз аса қамқор Жаратушының сүйiктi құлдарын қадiр тұту арқылы, сол Жаратушыға деген кiршiксiз көңiлiңдi бiлдiр дегенi болар. Бар ғұмырын адам болмысын сәулелендiруге, iзгiлендiруге арнаған Пiр Бекет сынды әулиенi мың өлiп, мың тiрiлген қазаққа берген Жаратқанға сан мың мадақ.

Айтпақшы Бекет аға бiр әңгiмесiнде: "Мен туған Талдыбұлақ ауылы Қазығұрттың етегiнде", – деп едi. "Қазығұрттың басында кеме қалған, ол әулие болмас неге қалған", – деген белгiлi халық әнiне арқау болған Қазығұрт қой ол. Нұх пайғамбардың кемесi басқа жер таппағандай, неге осы Қазығұртқа келiп тоқтады екен… Әулие-әмбиелердiң, кемеңгерлер мен батырлардың аяулы мекенi болған қайран оңтүстiктiң құнарлы топырағына табаның тидi болды, дидарыңа нұр жүгiрiп, маңдайыңды жылы жел аймалайды…

Кенжебек ТҰМАНБАЙҰЛЫ